ХАЛЫҚ – ҰСТАЗ
Жарас СӘРСЕК,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері
Жақсы сөзбен жарасымды ой айту – оңай шаруа емес. Ол сенің жоба-жоспарыңның іргетасы болуы да мүмкін ғой. Сол іргетасты әлдекімдер жауынсыз күнді, айы жарық түнді пайдаланып, әп-сәтте қопарып алып, өз ауласына апарып қонжита қойса, қайтпек керек? Дауласуға дәлел қайсы? Бітпеген дүниені меншігім деп тануға бола ма өзі? Міне, рухани дүниеге байланысты күрмеуі қиын мәселенің бірі осы. Бұл түйінді шешкен пендені өз басым әлі күнге кездестірген жоқпын. «Менің идеямды ұрлап алыпты…» деп күңкілдейміз де қоямыз. Ұрлаттым дегендерінде – әрекет, ұрладым дейтіндерінде – ұят жоқ. Бұл – жер басып жүргендерге қатысты әңгіме.
Ал енді әлдеқашан халықтық мұраға, ұлтымыздың баға жетпес қазынасына айналып кеткен жауһарларымызға меншік иесін іздеу (дұрысы – таңу) – барып тұрған бассыздық. Соңғы кезде ақпарат құралдарында, оның ішінде әлеуметтік желілердегі халық әндеріне қатысты өршіп тұрған дауға кім нүкте қояды? «Дайдидау» әнін дала немесе қала қазағының әні деп дауға май құйғаннан не ұтамыз? Оны ұлы перзенттерімізге меншіктеп беру ұмтылысы – ақиқат жолындағы Алаш баласының ар-ұятына жарасар әрекет пе? Халық өз қалауынша қашап алған Сөз, Ой, Саз мүсіндерімен бізге дейінгілерді қалай тәрбиелеп келсе, бізден кейінгілерді де солай тәрбиелейтін болады. Халықтан өткен ұстаз жоқ. Тіліміздің мәйегі саналатын мақал-мәтелдерімізге де автор іздеуіміз керек пе сонда?
Біз қиылған, құртылған, қолды болған жеке дүниеміз үшін бір-бірімізбен дауласа алатын шығармыз. Дауласып та, жауласып та жүрміз. Ал халық мұрасына қол салғандарға кім пәтуа айтпақ? Бізді қойшы. Халық – Қазына авторы. Қазынаны жырымдағандарға ар соты да, заң соты да қатал болуы тиіс.
ПІКІРЛЕР1