Ұстаз
16.12.2025
44
0

Халқымыздың біртуар тұлғасы, көрнекті ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері Досмұхамед Кішібекұлының туғанына 100 жыл.

1969 жылдың қараша айы болатын. Қазақ политехникалық институтының үлкен мәжіліс залында институт комсомол ұйымының есеп беру-сайлау конференциясы өтіп жатыр. Ол кезде комсомолдың беделі үлкен. Комсомол араласпайтын іс, шешпейтін мәселе жоқ деуге болады. Жүрегіміз таза, басқарушы партияға, идеологиялық ұран-науқандарға Құдайдай сеніп, жастық шақтың жалыны лапылдап тұрған студенттерміз. Зал толы, иін тірескен студенттер мен оқытушылар. Жоғарыдан келген қонақтар, институт басшылары, бәрі қатысуда. Мен автоматика және есептеу техникасы факультетінің соңғы курсында оқып жүргем. Бірнеше жылдан бері комсомол комитеті тексеру комиссиясының төрағасы едім. Жұрт алдында есепті баяндама жасадым. Көпшіліктің мұқият тыңдап, жақсы қабылдағанын аңғарғандай болдым. Үзіліс жариялана салысымен президиумда отырған институт парткомының хатшысы Досмұхамед Кішібеков мені өзіне шақырды. Комсомол жұмысына байланысты көріп, әртүрлі жиындарда сөйлеген сөздерін тыңдап жүрген адамым. Жүрексіне басып қасына бардым. Қолымды алып, жылы жүзбен амандасты да: «Ертең маған келіп жолығып кетші», – деді. Бас изедім. Сол күні кеш бойы, тіпті түнімен сан түрлі ойлар шырмауында болдым: «Неге шақырды? Әлде бір оғаш пікірлерім болды ма? Жоқ сияқты». Бұл кісінің философия ғылымдарының докторы, профессор, философия кафедрасының меңгерушісі екенін білетін едім. Болашақ мамандығым болса инженер, ол жағынан да шақырудың себебін таппадым.
Сонымен, келесі күні ол кісінің каби­не­тіне келдім. Қобалжулымын. Жымия түсіп, қол беріп амандасты, орын нұсқады. Содан кейін оқу, жатақхана жайын сұраудан басталған әңгімеге жүрек тоқтатып, емін-еркін араласып кеткенімді өзім де байқамай қалдым. Ол кезде институтта сабақ тек орыс тілінде жүретін. Басқаны былай қойғанда, екі адамның ауызекі сөйлесуінің өзі осы тілде болатын. Арагідік қазақша сөйлеп қалған кісі өзін оғаш сезінетін. Біздің әңгімеміз ағыл-тегіл қазақша өтіп жатыр. Ол кісі өмір жолымды, аты-жөнімді, мақсат-тілегімді бәрін-бәрін суыртпақтай отырып айтқызды. Үлкен ықыласпен, аса бір таза мейіріммен маған ден қойып отырғанын байқаған сайын шешіле түстім. Кейбір сәттерде, тіпті көңілім де босағандай сезімде едім. Әңгіменің соңына қарай Досмұхамед ағай былай деді: «Сен туралы осыдан екі-үш жыл бұрын сендерге философия пәнінен сабақ берген доцент Әбдіқадыр Ысқақовтан естіген едім. Ол өзің туралы өте жақсы пікір айтқан. Студенттердің бүкілодақтық ғылыми жұмыстарының байқауына философиядан дайындаған баяндамаңмен қатысып, жүлдегер атанғаныңды да білем. Содан бері сыртыңнан байқап, көзден таса қылмай жүрмін. Кешегі жасаған баяндамаң да маған өте ұнады. Ойың жүйелі, тың пікірлерің бар. Ұлттың тарихы, мәдениеті мен әдебиетіне деген ынтаңды да байқадым. Сөз саптауың да айтарлықтай. Қысқасы, сенің философия ғылымына бой ұрып, аспирантураға түсуіңді қалаймын. Философия – барлық ғылым саласы мен мамандықтар үшін жат ғылым емес. Олардың барлығының түп негізі, бағыт сілтеушісі», – деді. Одан әрі ойын жалғастырып: «Сен математиканы да, физиканы да, әдебиет пен тарихты да, дәстүр мен салтты да білетін жігіт екенсің. Бұл өте керемет! Екіншіден, сен техниканы, әсіресе заманауи электронды, автоматты техниканы оқып, игеріп жатқан мамансың. Таза философияны оқығандар шеңберден шыға алмай қалады. Басқа салаға тістері бата бермейді. Әлемде даңқы жер жарған атақты философтардың барлығы дерлік басқа мамандықты игергендер. Техниканың аты озып бара жатқан мына заманда руханият пен техникалық дамудың арақатынасын, қабысуы мен қайшылығын зерттейтін маман жоқ. Ақылымды тыңдасаң, сен осы салада ізденіп, жұмыс істе», – деп нықтап айтты. Міне, осы бағыт менің ғылымдағы жолымды ашты, жаңа ғылыми мектеп дүниеге келді.
Бұл ұсыныс мен үшін мүлде күтпеген, өте тосын жай еді. Күмілжіп қалдым. «Ойлан, уақыт бар. Әрине, философия ғылымын терең игеру үшін өздігіңнен көп еңбектеніп, тер төгуге тура келеді», – деді профессор.
Ақылдаса қоятын да ешкім жоқ. Үш-төрт ай ойландым. Институтты үздік бітіріп, ақыры философия кафедрасына аспирантураға түстім. Кейінірек естіп-білдім, техникалық оқу орнын бітіріп, инженер мамандығын алған мені философия саласынан аспирантураға қабылдатуға рұқсат алудың өзі оңайға түспепті. Институт басшыларынан бастап, министрлікке, одан әрі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне де­йін қағаздан қағаз түсіріп, әр деңгейдегі шенеуніктердің алдына барып жүріп, Досмұхамед ағай өз пікірін әрең өткізіпті. Сол кезеңде мен туралы «Кішібековтің жерлесі екен», енді бірде «әйелінің інісі екен» деген сияқты әртүрлі қауесеттер де еміс-еміс құлаққа шалынып жүрді. Досекеңнің Сыр бойында туғанын, қайын жұрты Орал жақтан екенін, ал менің Тарбағатай тауының бөктерінен келгенімді көп жұрт қайдан білсін. Әңгіме-қауесет айтып жүргендерді де түсінуге болады. «Айдаладағы инженер баланы Досекең неліктен өзіне тартып, шәкірт етіп жүр» деген сұрақ мазалап жүргені белгілі. Ал ол сұрақтың жауабы біреу ғана еді: Досмұхамед ағайға тән үлкен азаматтық, мейірімді жүрек, тек шын ұстаздың ғана бойынан табылатын қырағылық пен қамқорлық.
Сөйтіп, сонау 1970 жылдардың басынан бастап Досекеңе шәкірт болдым. Тағдыр көп жағдайдан, әсіресе білім мен ғылым саласынан ой-пікірімізді, ниет-пиғылымызды ортақ арнаға тоғыстырды. Содан бері 50 жылдан астам уақыт бойы бірге қызмет істеп, қоян-қолтық қатар жүрдік. Ұстаз бен шәкірт арасындағы қатынас аға-бауыр сыйластығына, тіпті достық көңілге ұласты. Демек, Досекеңнің бүкіл ғылыми-педагогтік, қоғамдық қызметі көз алдымда өтті.
Сол жарты ғасырдан астам мезгіл ішінде өз жүрегіме бұлжымастай етіп түйген сырым, ашқан айдай ақиқатым мынау: Досмұхамед Кішібекұлы – өзі туған, кіндік қаны тамған қасиетті қара топырағынан терең нәр алған, ата-баба рухын бойына мейлінше сіңірген, Отанын шынайы сүйген патриот азамат, парасаты биік, шарапаты мол, жүрегі үлкен, жаны дарқан ұлағатты ұстаз, бір сәтке де тыным таппайтын ерен еңбекқор, ғажап ізденімпаз, философия сияқты біліктіліктің, ақыл-ой маржанының, данышпандық талғамның туын көтерген ғылымның ыстығына күйіп, суығына тоңған бірегей айтулы ғалым, қоғамның ілгері басуы жолында, халық мүддесі үшін жан аямай күресетін, ой-пікірін ашық бетке айтатын, өзіндік берік позициясы бар белсенді қайраткер, көпшіліктің құрметтісі, шәкірттерінің пір тұтар үлгісі, аңқылдаған көңілі, бала мінезі бар аяулы дос, немерелерін тым жақсы көретін елпілдеген ата.
Досмұхамед Кішібекұлы (замандастары Досмұхан Кішібекұлы деп атап кеткен) – қасиетті Сыр өңірінің түлегі. Бұл өлке сан ғасырлар бойы қазақ халқының рухани мәдениетін: салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ән-күйін, жыраулық өнерін сақтап, дүниеге паш етіп келе жатқан өңір екені белгілі. Сыр бойы ерте замандардан-ақ сауда жолына айналған, ол арқылы Шығыс пен Батыс елдерін байланыстырған атақты «Жібек жолы» өткен. Сыр бойында Құмкент, Сау­дакент, Сунақ, Сауран, Яссы, Талас, Баласағұн сияқты қалалар мәдениет ошақтарына айналса, Қорқыт Ата, Әбунәсір әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Махмұд Қашғари, Жүсіп Баласағұн, Қадырғали Жалаири секілді ғұлама бабаларымыз дүниеге келіп, әлемге баға жетпес рухани із қалдырған. Оған да себеп болған түрлі мәдениеттердің, ғылымдардың «Жібек жолы» арқылы тоғысуы еді. Сыр елін «жыр елі» деп атайтыны да баршаға мәлім. Жыр айтудың бұл өңірде өзіндік мақамы, орындау мәнері бар. Ел арасында кең тараған Нұрым жырау, Базар жырау, Нұртуған жырау дәстүрлерін де бұлжытпай сақтаған тек осы өңір. Оның дәлелі кешегі Көшеней мен бүгінгі аты әйгілі Париж сахнасында дүниежүзілік этнографиялық олимпиадада жүлдегер атанған Алмас Алматов. Досағаң, міне, осындай өңірде дүниеге келіп, ана сүтімен бірге ұлтымыздың рухани қазынасының бал қаймағын татып, бесікте жатқаннан ұлттық рухты бойына сіңіріп өскен жан. Оның үстіне, ол туып өскен, балалық дәурені өткен Шиелі атырабы да, бір жағынан, тоғыз жолдың торабы, сан ұлт өкілі бас қосқан, базары ертеден дуылдаған, көлі көп, суы мол, үйрек-қазы ұшып-қонған, табиғаттың бар сұлулығы мен ен байлығы асып-тасқан мекен болса, екінші жағынан, әулиелер ордасы атанған, ұлт мақтанышына айналған қайраткер Мұстафа Шоқаев, әйгілі диқан ата Ыбырай Жақаев, ән перісі Нартай Бекежанов, ғылым жұлдыздарының бірі Шаһмардан Есенов сынды тарландар шыққан киелі жер. Осының бәрі болашақ ұстаздың, зерделі ғалымның қалыптасу жолына, жан дүниесі мен ой-өрісіне молынан ықпал жасағаны айдан анық. Кісілік парасат, ізденімпаздық, білім-ғылымға деген құмарлық осы ортадан бастау алғанына шүбә жоқ.
Ізденіс жолына біржола бой ұрған Досекең үш жыл бойғы әскери қызметін (әскери ұшқыш мамандығын игеріп, соғыс майданының аспанында атой салған Ұлы Отан соғысының ардагері) 1946 жылы тамамдасымен Қызылордадағы педагогтік институтқа оқуға түсіп, оны бітірген соң КСРО Ғылым академиясы философия институтының аспиранты атанады. Елуінші жылдардың басында философия ғылымынан қазақ азаматтарының алғашқыларының бірі болып кандидаттық диссертация қорғады. 1972 жылы Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды.
1964 жылы Қазақ политехникалық институтының философия кафедрасына меңгеруші болып қызметке кірісті. Содан бергі алпыс жыл бойы осы қасиетті білім ордасында абыройлы еңбек етті. Ұзақ жылдар бойы Қазақ ұлттық техникалық университетінің қоғамдық пәндер кафедрасын басқарды. Осы оқу орнының шаңырағы астында жұмыс істеген кезең Досекең үшін шынайы өсу, кемелдену жылдарына айналды. Шабыттың шырқауына көтерілді, тынымсыз ғылыми ізденістің ләззатын татты. Ең бастысы, ұлағатты ұстаз, парасатты азамат екенін танытты. Өзінің ғылыми-педагогтік мектебін өмірге келтіріп, бұғанасын қатайтты. Сан мыңдаған болашақ инженерге философия ғылымының нәрін құйып, дүниетанымы мен өмірге көзқарасын қалыптастыруға қомақты үлес қосты. Оның ғылыми жетекшілігімен 18 адам кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғап шықты. Досағаң қабілетті, ғылымға бейімі бар жастарды іздеп табуға, қамқорлық жасауға, бағыт сілтеуге көп көңіл бөледі. Жоғарыда өзімнің ол кісіге қалай ұшырасып, шәкірт болғанымды айттым. Досекеңнің әрбір шәкіртінің өзінің тағдыры, өз жолы бар. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігін, мүмкіндігі мен қабілетін даралап байқап отыру – Досағаңның үлкен ұстаздық шеберлігінің бір қыры. Әріптестеріне, шәкірттеріне талап қоя білуі, олардың ізденіске деген ынтасын арттыруы, қажет кезінде шүйіркелесе білуі – бәрі тек үлкен ұстазға тән өнер екенін тағы да баса айт­қым келеді. Д.Кішібековке «Қазақстан Республикасының халыққа білім беру ісіне еңбек сіңірген қызметкер» атағының берілуі – ұстаз еңбегінің бағалануының бір көрінісі болса керек.
Әсілі, зиялы қауымның көзі баяғыда жеткен бір ақиқат бар. Ол – ұстаздық өнер мен ғылыми ізденістің аражігі жоқ біртұтастығы. Нағыз ұстаз үнемі ізденіс үстінде болады, ұдайы ғылым мен техника жаңалығынан хабардар болып, білімін тереңдетеді, оны қонымды түрде тыңдаушыға жеткізудің жолын қарастырады. Ал жоғары мектепте дәріс беретін оқытушы ғылыммен шұғылданса ғана, өз лабораториясына шәкірттерін тартып, ғылым құпиясына қызықтыра алса ғана ұстаздық үрдістен шыға алады. Сондай-ақ жастармен қоян-қолтық араласып, өмір шындығын «өз көзімен көріп, қолымен ұстап жүрген», өзіндік ойы, басқаға көрсетер өнегесі бар тұлға, яғни ұстаз бола білген адам ғана шын мәніндегі ғалым атанып, ғылым жолында жемісті нәтижелерге жете алады.
Досағаң ұстаздық пен ғылыми ізденісті ұтымды ұштастыра білген, өз іс-әрекетінде жоғарыда айтылған ұстанымды бұлтартпай басшылыққа алған адам. Ол есімі жұртқа мәшһүр, еңбектері Қазақстан аумағында ғана емес, алыс-жақын шетелдерге танымал ғалым, әлеуметтік теориялар және гуманитарлық ғылымдар методологиясы саласы бойынша ірі маман еді. Оның қаламынан туған, жарық көрген еңбектердің ұзын саны 950-ден асады, оның ішінде 72 кітап пен кітапшалар бар. Оның еңбектері қашан да өмір тудырып отырған, зерттеуді, нақты тұжырым жасауды қажет ететін мәселелерді қамтып отырады. Пікірталас тудыратын өткір проблемаларды айналып өту немесе сипай қамшылау Досекеңнің стилінде мүлде жоқ нәрсе. Мәселен, 1973 жылы жарық көрген «Өтпелі қоғамдық қатынастар» (орыс тілінде) деп аталатын монографиясы біздің қазіргі қоғам үшін, кешегі тоталитарлық жүйеден бүгінгі әділетті Қазақстан қоғамын құруға батыл кіріскен кезеңіміз үшін аса құнды еңбек екені даусыз.
Ал 1984 жылы орыс тілінде жарық көрген «Көшпелілер қоғамы: генезисі, дамуы, құлдырауы» деп аталатын монографиясын дайындауға Досағаң 20 жылдай уақытын сарп еткенін мен жақсы білемін. Ол кітапты шығару жолында көрген азабын дұшпанның да басына бермесін. «Көшпелі қоғамды зерттеудің не қажеті бар, ол кімге керек, өткенді аңсау емес пе, ұлтшылдықпен ұштасып жатқан жоқ па, саясатқа қарсы бас көтеру емес пе?» деген сияқты сан күдіктер мен тосқауылдар алдынан шықты. Пәлен жерде қолжазба талқылаудан өтіп, түген жерге оның авторы шақырылып, түрліше сынақ-тергеуге түсті. Көз майын тауысып, алтын уақытын кетіріп жинап-терген небір материалдар, ғылыми саралаудан өтіп қағазға түскен беттер цензураның, партократ шенеуніктердің немесе жүйенің қол шоқпарына айналған «сарай ғалымдарының» қайшысымен қиылып, түсіп қалды. Қайтесің! Ғылым жолы инемен құдық қазғандай. Досағаң жасыған жоқ, буынын босатпады. Монографияның жырымдалып болса да жарық көргеніне тәуба деді. Қазір, шүкір, шығармашылық еркіндігіне қол жетті ғой.
Досағаңның «Тарих философиясы және қазіргі заман» деген монографиясы еліміздің тәуелсіздік жолына түскен кезеңінде үлкен маңызды мәселені арқау етті. Өйткені тарих философиясы ұлттың төл тарихына тура қарап, оны жете тануға көмектеседі. Тарихты тану – өзіңді-өзің тану. Бұл еңбек осы проблемаға қатысты алғашқы ғылыми туынды деуге болады.
Қазақ ежелден ойшыл, тумысынан талантты, философ халық. Қазақтың жырларында, толғауларында, термелерінде, мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерінде қаншама философиялық тұжырымдар жатыр. Д.Кішібековтің «Қазақ менталитетінің табиғаты» атты монографиясы ұлтымыздың осы алтын арқауын саралау­ға арналған еді.
Ұстаздық ұлағаттығының бір қыры, ұстаздық пен ғылымды әдемі ұштастыруы­ның дәйекті көрінісі – тәуелсіз Қазақстан студенттеріне арналған философия пәнінің қазақ тіліндегі оқу құралы мен оқулығын дайындау ісі болды.
1991 жылы «Рауан» баспасынан авторлар тобының дайындауымен шыққан оқу құралының авторының бірі әрі бас редакторы Досекең еді. Ал 1994 жылы Қазақстан Республикасы Білім министр­лігінің шешімімен «Атамұра» баспасы республика тарихында тұңғыш рет «Философия» оқулығын жарыққа шығарды. Оның авторлары Д.Кішібеков және осы мақаланың авторы еді. Республика жоғары оқу орындарына арналған «Философия» типтік бағдарламасын ұстазым екеуміз дайындаған болатынбыз. Содан бергі уақытта біздің екеуіміздің осы оқулығымыз 10 рет қайта басылып шықты. Еліміздің барлық жоғары оқу орындары игілігіне пайдалануда.
Профессор Д.Кішібеков – үлкен ұйымдастырушы, философиялық білімді халық арасына таратуға көп еңбек сіңірген насихатшы. Ол 1967 жылдан бастап 30 жыл бойы республикалық «Білім» қоғамының президиум мүшесі, басқарма төрағасының орынбасары болды. АҚШ, Жапония, Франция, Түркия сияқты елдерде арнаулы дәрістер оқып, Қазақстанның ғылым, білім және мәдениет саласындағы жетістіктерімен таныстыруға атсалысты. Ал түрлі теориялық және практикалық конференцияларда, симпозиумдар мен семинарларда, Қазақстанның барлық облыстарын түгелге дерлік аралап, көпшілік алдында жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздері өз алдына бір төбе. Досағаңның осы насихатшылық еңбегін жоғары бағалап Бүкілодақтық «Білім» қоғамы 1980 жылы академик С.И.Вавилов атындағы медальмен марапаттаған болатын. Ал 1985 жылы үздік педагогтік, ғылыми және қоғамдық еңбегі үшін «Халықтар достығы» орденімен, 2022 жылы «Барыс» орденімен марапатталды.
Тегінде шынайы философ есебінде қалыптасу, философиялық дүниетанымның, ойлау жүйесінің иесі атанып, оған әлеуметтік ортаны сендіріп, мойындату қияметтің ісіндей аса күрделі процесс. Философия мамандығы бойынша университет дипломын алып шығу – бар болғаны философия деген ғажайып әлемнің есігін ашу ғана. Себебі философия – бүкіл адамзаттың даналық ой маржаны, әлем құпиясы туралы толғамы, дүниетанымы, өмірге көзқарасы, тіршілік позициясы. Нағыз философ – ұшан-теңіз білімнің, жүйелі ойдың, түйінді сөздің, асқан көрегендіктің, үлкен дарынның, ерекше қабілеттің иесі. Оның бойынан биік парасат, зор адамгершілік, әділдік пен адалдық берік орын алған.
Көне грек данышпаны Платон идеалды мемлекет құрылымының моделін жасай отырып, мұндай мемлекетті тек философ басқаруы керек деген қорытынды жасауы тегін емес. Ақсақ Темірді біз көбінесе асқан жауыз, қатал елбасы есебінде ғана білеміз, бізге жеткізуі солай болды. Шын мәнінде, ол асқан ақылды, терең білімді адам болған. Нағашысының кітапханасында жинақталған мол мұраны жорықта жүргенде қоржынға салып алып жүріп, қалт еткенде ылғи оқытып, тыңдап отырған. Алла тағаланың 99 есімін түгел білген кісі. Сол әмірші қоғамдағы барлық жіктерді 12 топқа бөліп қарастырған. Ең жоғарғы топқа пайғамбардың нәсілінен тараған ұрпақтар және ел тізгінін ұстаған салауатты әкімдермен бірге ғалымдарды, ойшыл даналарды қосқан. Бұл да кездейсоқ емес. Ғылымның қай саласынан болсын шырқау биікке көтеріліп, үлкен жетістіктерге жеткен ғалымдардың барлығы да философиялық ой топшылауға, терең толғамдарға толы еңбектер қалдырған. Оған А.Эйнштейн, Д.Менделеев, Н.Семенов, Д.Сахаров және т.б. ғұлама ғалымдардың ғылыми-шығармашылық жолы дәлел.
Бұдан жасар тағы бір түйініміз – философтың қоғам алдындағы жауапкершілі­гі­нің аса үлкендігі. Нағыз философ қоғам ту­дырған ауқымды проблемалардан бейтарап қала алмайды. Үн қосады, пікір айтады, керек болса бағыт сілтейді. Өзінің айқын, бүкпесіз позициясын көрсетеді. Мұның бәрі оңай дүние емес.
Осы тұрғыдан алғанда Досмұхамед Кішібекұлы – үлкен философ есебінде нардың жүгін көтерген азамат еді. Ол үнемі ел өміріне үн қосып, өткір мәселелерге пікір айтып, дер кезінде бой көрсетіп, ой түйіндеп отыратын. Кез келген мәселеге дүниетанымдық, методологиялық тұрғыдан баға беріп, объективті жауап іздейді. Философтың саясаткерден айырмашылығы да, міне, осында болса керек.
Мәселен, сонау 1986 жылдың Желтоқсан оқиғасын кезінде еліміздегі бірқатар басшылар Орталықтың әуеніне еріп, «түгі сыртына шыққан ұлтшылдықтың» (махровый национализм) көрінісі деп көпіріп жатқанда, оған тойтарыс беріп, қарсы шыққан алғашқылардың бірі Д.Кішібеков болатын. «Қазақ халқының ұлтшылдығы» деген қисық түсінікке де күйрете соққы берген ол сол үшін Орталық партия комитетінің идеология хатшысы З.Камалиденовпен, Орталық комитет қызметкері В.Ауманмен және А.Устиновпен де қатты сөзге келіп, кейін бірсыпыра уақыт жәбір көріп жүрген еді.
1991 жылдың бас кезіндегі Ирак-Кувейт шиеленісі де көпшіліктің есінде. Халықаралық қауымдастық Ирак тарапынан көрсетіліп жатқан қиян-кесті қиянатты орынды айыптап жатты. Осы сәтті пайдаланып Америка Құрама Штат­тары бас болып бірсыпыра мемлекет Ирак жерін бомбалап от пен күлге айналдырды. Бұрын Иракпен қоян-қолтық қарым-қатынасы бар КСРО үкіметі үнсіз қалды, бәледен басын алып қашқандай болды. Осы оқиғаға байланысты Досекеңнің «Социалистік Қазақстан» (1991, 19 ақпан) және «Лениншіл жас» (1991, 28 ақпан) газеттерінде ашық пікірлері жарық көрді. Сондағы Досекеңнің жан айқайы – Ирак жеріндегі Шығыс елдерінің мәдениеті, тарихи көне ескерткіштері отқа түсіп, күлге айналмаса екен деген жанашырлық. Сан ғасырлық тарихы бар Шығыс мәдениеті Бағдад-Мысыр елінде шоғырланғанын білеміз. Бүкіл әлемге әйгілі «Мың бір түн» ертегілерінің отаны қалайша жойылып кетпек? Егер де Грециядағы Акрополь, Римдегі Форум осындай қатігездіктің құрбаны болып, ескінің көзі аталатын атақты мәдениет ошақтарының орны өшіп қалса, ең әуелі Еуропа елдері бір кісідей қарсы тұрар еді ғой. Міне, Досағаңды қатты күйзелтіп, қолына қалам алдырған мәселелердің түп төркіні осылай еді.
Мына бір жайтқа да тоқтала кетейін. Кеңес үкіметі ыдырап, Компартия мен коммунистік идеологияның өктемдігі келмеске кеткен кезде, көпшіліктің санасында идеологиядан мүлде безіну психологиясы етек алды. Бір идеология шырмауынан құтылдық па дегенде, тағы бір идеология құрсауына түсуден қауіптенушілік те бар еді. Сол кезде тағы да алғашқы болып Қазақ телевидениесі арқылы «Біздің тәуелсіз мемлекетке идео­логия керек пе?» деген мәселені көтеріп, дәлелдемелер келтірген осы Досағаң еді. Ол «Мемлекеттік идеология қандай болу керек?» деген проблемаға үн қосып, өз пікірін айтты. Осының бәрі Досағаңның азаматтық айқын бет-бейнесін, өмірлік берік позициясын көрсетсе керек.
Бүгінде туғанына 100 жыл толып отырған ұлт мақтанышы, біртуар тұлға, ғұлама ғалым Досмұхамед Кішібеков ұстазға жаны жәннатта болсын демекпіз. «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді», артта қалған рухани мол мұраңыз ұлтымыздың өсіп-өркендеуіне қызмет етіп, шәкірттеріңіз бен жас ұрпақты ілгері бастай беретініне сенімдіміз!

 

Ұлықпан СЫДЫҚОВ,
академик,
философия ғылымдарының докторы,
профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір