КІТАП – ЕҢБЕГІНЕ АҚЫ СҰРАМАЙТЫН ҰЛЫ ҰСТАЗ
Ұлттық құрылтай – ұлы мақсатқа ой жұмылдырып, келешектің кешенді жоспарларын таразылайтын кеңес. Жалпы, Құрылтай күн тәртібіне таңдалған мәселелерді ұсақ-түйек деп бағалауға қақымыз жоқ. Сондықтан алқалы жиын барысында тамырынан талданып, мәнісі мен маңызы екшелген барлық мәселені іс жүзіне асыруға бәріміз де үлес қосуымыз керек деген ойдамын.
Қазіргі жаһандану жағдайындағы өркениеттер бәсекесі ешбір ұлтқа оңай тимесі анық. Әлемдік өркениет дегеніңіздің өзін адамзат тарихындағы ұлы жетістіктер деп қарауға болатын шығар. Бірақ әр ұлттың ғасырлар бойы өзімен бірге жасасып келе жатқан салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын қайда қоярсыз?! Біздің қазақ халқының да мыңжылдықтар еншісіндегі талайлы тағдыры, шерлі шежіре, тағылымды тарихы, тағдырлы тілі, Сақтан қалған салты мен Ғұннан қалған ғұрпы ғасырдан-ғасырға қалай жетті? Дәуірлер өркениеті қалай жұтып қоймады? Бұл сұраққа жауап дайын. Ұлтымыздың ұлы құндылықтарын аманат ретінде қастерлеп, бүгінгі ұрпаққа аман жеткізген бір ғана киелі дәнекер бар. Ол – кітап!
Алайда жаһандану жаңалықтары бүгінгі ұрпақтың мойнын да, ынтасын да кітапқа бұрғызбай барады. Үшінші Құрылтайда кітап тағдыры ұлт тағдыры ретінде таразыға тартылып, тарихи жауапкершілікпен талқыланғаны көңіл қуантты.
Атырауда өткен үшінші Ұлттық Құрылтайда Президент адамзаттың озық ойлы, көкірек көзі ояу болуына бірден-бір азық кітап туралы: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр.
Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен Құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет. Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек», – деп көшелі ой, баянды бастамасын ортаға салды.
Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесі көптен бері көтеріліп жүр еді. Десек те осы жолғы Құрылтайда мәселені шешудің негізгі бағдары жасалды деп ойлаймын.
Бұрнағы жылы Түркияның Анкара қаласында болғанымда, сол елдің Ұлттық кітапханасына бас сұқтым. Сол кезде Түркия кітапханасының бай қорымен танысып, олардың оқырманға қызмет ұсыну тәртібіндегі ерекшелікті көріп, «бізде де осындай кітапхана болса ғой» деп армандағанмын. Мемлекет басшысының Құрылтайда Астана, Алматы қалаларынан тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар ашу жөнінде тапсырмасын естігеннен кейін, Анкара төрінде оянған арманым орындалғандай әсерге бөлендім.
Біз, бәлкім, кітап оқып жарысып, кітап арқылы тәрбиеленген буынның соңы шығармыз деп те ойлайтынмын. Олай ойлауыма да негіз бар еді. Телефонға телміріп, керегін алақандай экраннан табатын бүгінгі виртуалды буын үшін кітаптың құны көк тиын болып қалған. Осы бағытқа үлкен бетбұрыс жасалып, серпіліс келді. Бұған дейін де мен өзім қызмет атқаратын АМАНАТ партиясы жанынан KITAP-AMANAT жобасы қолға алынып, біздің партияластар да жаппай қоғамға кітап оқу мәдениетін қалыптастырсақ деген мақсатқа жұмылған. Партия филиалдары жанынан ашылған кітап дүкендеріне келушілер саны күн сайын артып келеді. Қазір нәтиже бар.
Ал кешегі Құрылтайдағы Президент тапсырмасы бойынша, ерекше кітапханалар Астана мен Алматыда ғана емес, барлық облыс орталықтарында ашылса деген ұсынысым бар. Жергілікті атқарушы билік осы мәселеге қатысты өздерінің ұсынысы мен мүмкіндігін екшеп, шалғай ауылдарға дейін кітап жеткізу мәселесін шешу керек деп ойлаймын.
Мектеп кітапханаларын тек мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген кітаптармен ғана емес, қазақ және шетел әдебиетінің жауһарларымен қамтамасыз ету қажет.
Қазір әртүрлі жобалар бар. Мысалы, Қарағандыда Ерлан Әшім деген руханият жанашыры, меценат «Қасым кітапханасы» сериясымен небір кітаптар басып шығарып жатыр. Осындай жобаларды насихаттау, мемлекет тарапынан қолдау керек!
Кітап – ұлттық тәрбиенің бастауы, еңбегіне ақы сұрамайтын ұлы ұстаз! Тұтас ұлтты, ұлттық құндылықтарымызды жаһандану жұтқыншағынан аман алып қалатын бір-ақ жол бар. Ол – кітап оқу.
Төл әдебиетімізді төрге оздырып, өскелең ұрпақты кітап оқуға баулу, қоғамда кітап оқу мәдениетін орнықтыру мәселесі науқаншылдықтың тасасында қалып қоймасын десек, кітапқұмарлықты әр отбасында қалыптастыруымыз керек. Ескі жүйенің де жұртқа тастамайтын игі дәстүрі бар. Мәселен, мектептерде белгілі бір әдеби шығармаларға қатысты кітап апталықтарын, оқырмандар конференциясын ұйымдастыру деген секілді игі шараларды жаңғырту қажет. Сонда ғана біздің қоғам кітапқа мойын бұрады.
Алдағы уақытта кітап оқу, кітап оқыту үрдісі қоғамдық сипат алып, ұрпақ тәрбиесіне оң ықпалын тигізіп жатса, Құрылтайдың құр өткені деп қалай айтар едіңіз? Ендеше, Атырау төріндегі алқалы жиыннан бір игілік тұнжырап қалған тұйық қоғамға жол тартты. Қолдау – біз бен сізден!
Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,
Ұлттық құрылтай мүшесі
«Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет. Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек.
Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың
Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың
үшінші отырысында сөйлеген сөзінен