СӨЗДІҢ ҚАДІРІН БІЛМЕГЕН ӨЗІНІҢ ҚАДІРІН БІЛМЕЙДІ
09.09.2016
5350
1

531fe403-6d26-4fa7-935f-374882dfb4c0_cx17_cy10_cw70_w987_r1_s_r1Бақытжан  САТЕРШИНОВ,
философ

 

Бір ауыз «сөз». Айтуға оңай, әрине, ал түсіндіруге келгенде… Кезінде кең таралған «Бір ауыз сөз қасіретті тыяды, Бір ауыз сөз айықпас дерт жияды» деп басталатын Кәкімбек Салықовтың өлеңі әлі есімізде. Бір әннің ішіне біраз нәрсені сыйдырған, оның үстіне «ұйқасы қолайлы болса, өлең әнге өлшеп айтса, өңделмек». Тілдің негізгі өлшемдік бірлігіне саналатын сөзді қазіргі ғылым, фонетикалық, семантикалық, синтаксистік, лексикалық, грамматикалық, ақпараттық, танымдық, материалдық, логикалық қырынан жіктей береді.

«Сөздің қадірін білмеген өзінің қадірін біл­мей­ді» дейтін дана халқымыз «отыз тістен шық­қан сөздің отыз ру елге тарайтынын» ескертіп, «ұял­мас бетке ғана талмас жақ беретінін» айтып сақ­тандырып отырған.

Иә, тіл ақылдың өлшемі, ойдың, ниеттің, пи­ғылдың материалдық қабығы болғандықтан, «көңіл­дегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қа­шады» деп Абай айтқандай, ауыздан шыққан сөз­ге абай болу керек. «Бір атым насыбайдан қа­­л­а­тын көңілді» бір ауыз сөзбен де қалдыруға бо­лады, адами қарым-қатынасты бұзып алуға бо­лады. Сондықтан бет алды бос сөйлемей, бі­реулерді дәйексіз кінәламай, өсек сөзге жоламай, «сөй­легенше сөзіңе өзің қожа, сөйлеген соң – өзіңе сөзің қожа» дегенді есте ұстаған жөн болады.

Сөзді ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың басты көр­сеткіші деп анықтаудың астарында да бір үл­кен мән жатыр.

Әлеуметтанушылардың пікірінше, Қа­зақ­станда қоғамдық-саяси ақпарат алудың бірінші қай­нар көзі – республикалық электронды БАҚ, яғ­ни радио және теледидар, одан кейінгі орын­дар­ды тиісінше баспасөз, интернет, арнайы ғы­лыми басылымдар мен мақалалар, ауызекі әң­гіме және т.б. алады. Барлық басқа елдердегі сияқ­ты Қа­зақстанның әлеуметтік-саяси өмірі ту­ралы қо­ғам­дық пікір де осылар арқылы қа­лып­таса­ды.

Қазіргі жағдайларда БАҚ қоғамдық пікір қа­­­лыптастыруға ықпал етіп қана қоймай, қа­рым-қатынастың тілі мен қалыбын, әлеуметтік қон­дырғылар мен өзара әрекет стратегияларын (үй­лесу, бәсекелесу, жатсыну) да орнықтырады. Қо­ғамдағы ксенофобияның немесе толерант­ты­лық­тың жалпы деңгейіне әсер етеді. Қоғамға дайын құндылықтық-мағыналық және жүріс-тұ­рыс үлгілерін ұсына отырып, қалың бұқараның са­насын басқару құралына айналады. Ол әлеу­мет­тік шиеленіс пен стрестік психологиялық ауырт­палықты бәсеңдету барысында қоғамды топ­тастырып қана қоймай, бұқараға жау бейнесін сіңіру арқылы, көрермендердің, тыңдар­ман­дар­дың және оқырмандардың сана-сезімін агрес­сия­лық көңіл-күйге дейін жеткізіп, әлеуметтің пси­хологиялық орнықтылығын бұзуы да мүм­кін. Тікелей саяси немесе қаржылық тапсы­рыс­тың негізінде БАҚ «өзіміз және өзгелер» ажы­рату­шылық ұстынына сүйеніп, тенденциялық бұра тартушылық арқылы, нәсілдік, ұлттық, мә­дени және діни қарым-қатынастарда айыптау­шы, қорқытып-үркітуші, кекесінді және кем­сітуші сөздер мен сөз тіркестерін қолдану ар­қы­лы деструктивті ықпал етуі ықтимал.

Сондықтан журналистер мен әсіресе, ин­тер­нет тұтынушылары сөз бостандығынан аза­маттық жауапкершіліктің анағұрлым маңызды еке­нін ескергені дұрыс. Бәріміз де бір сәт жо­ғарыда келтірілген ата-баба даналығына құлақ түріп, өзара қарым-қатынасымызда сөздің қадірін білгеніміз жөн болады.

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 16.11.2023 | 18:38

Керемет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір