ҰЛЫ ДАЛА БОЯУЛАРЫ
Бүгін, яғни 26 тамыз күні сағат 15.00-де Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде белгілі суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Марат Тұрғымбайдың «Ұлы Дала бояулары» атты жеке көрмесі ашылады. Суретшінің туындылары Қазақстан табиғаты мен тарихынан сыр шертеді. Ол таулар мен жазира даланы асқақтата жырлайды, бала кезінен құмартқан көктемнің ашық бояуларын береді.
Экспозиция суретшінің кескіндемелік стилінің ерекшелігі болып саналатын форманың символдығы мен монументтігі, түстер шешімінің декоративтілігі, адамдар образы мен табиғатты бейнелеудегі ерекше композицияларын көрерменнің алдына жайып салады. Суретшінің кескіндемелік ізденістері оның өзіне тән стилін іздеп табу жолындағы ұмтылысын айғақтайды.
Суретшінің көрмедегі жұмыстары сюжеті бойынша да, олардың көркемдік баяндауы бойынша да сан алуан. Автор ауқымды тарихи суреттерінде өткен мен қазіргінің сабақтастығы туралы, өз халқының рухани мұрасын сақтау қажеттігі туралы айтады.
М.Тұрғымбай – кескіндемелік туындылармен қатар, кескіндемелік дәстүрлі және қондырғылы өнердің жарқын, көркем синтезіне деген икемін білдіретін гобелендердің де авторы. Бұл экспозиция суретшінің маңызды жетістіктері туралы оның үлкен шығармашылық әлеуеті айтар ойының кеңдігі мен оларды іске асырудағы батылдығы жайлы мағлұмат береді. Марат Тұрғымбайдың картиналары ұлттық ерекшелігімен дара.