Туған тілін тұмар еткен
24.11.2026
55
0

Халқымызда «тектілік» деген бекзаттық ұғым бар. Қазіргі кезде бұл сөзді ғылыми тілде «ген» деп жүрміз. Қазақтың «Топырағына қарап дән өседі, тегіне қарап жан өседі» деген де қағида бар. Ал біз сөз етіп отырған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті филология факультеті Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Тыныштық Нұрдәулетқызы Ермекованың адами қасиеттері жарық дүние сыйлаған ата-анасынан, қала берді, туып-өскен өлкенің саф ауасы, тыныс-тіршілігінен дарығанын байқау қиынға соқпас еді.

Тыныштық Нұрдәулетқызы перзенттік сезіммен «Әке: Таным мен тағылым» атты естелік кітап шығарды. Ал ананың аялы алақаны мен құшағы бәрінен ыстық. Тыныштықтың анасы Жадыра шешей де өңінен мейірімділік пен адалдық төгіліп тұратын сабырлы жан еді.
Тыныштық Ермекованың өмірінде Қыздар педагогикалық университетінің алатын орны бөлек. Білікті ұстаздары үздік белгімен бітірген Тыныштық Нұрдәулетқызын 1990 жылы институтта алғаш ашылған аспирантураға қабылдайды. Сөйтіп, аспирантураның күндізгі бөлімінде оқып жүрген оған оқытушылық қызметке ауысу туралы ұсыныс жасалады да, сол кезден бастап университеттің қазақ тіл білімі кафедрасында 38 жылға жуық еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде ол оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, жобалық кеңсе үйлестіршісі, институт директоры, «6D20500-филология» Білім бағдарламалары бойынша құрылған диссертациялық кеңес төрағасы лауазымын атқарады. Бүгінде бакалаврлар мен магистранттарға «Қазіргі қазақ тілінің синтаксисі», «Функционалды грамматика», «Қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттар», «Тілдік категориялар және функционалды-семантикалық өріс», «Ахметтану», «Қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттар», «Ғылыми-зерттеу негіздері» және түркі тілдері бойынша дәріс оқиды. Ғалымның қаламынан 7 монография, 12 жылдық, жаңа буын оқулықтары мен жаңартылған білім беруге арналған 14 оқулық және ЖОО-на арналған 60-қа жуық оқу құралы жарық көрген. Атап айтқанда, «Қазіргі қазақ тілінің құрмалас сөйлемдер жүйесі», «Коммуникация үдерісіндегі тілдік бірліктер», «Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы», «Қазіргі қазақ тілінің синтаксисі» атты еңбектері сұранысқа ие.
1995 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы диссертациялық кеңесте профессор Әбжаппар Әблақовтың ғылыми жетекшілігімен «Қазіргі қазақ тіліндегі есім баяндауыштар» деген тақырыпта кандидаттық, 2007 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанындағы диссертациялық кеңесте профессор Рақыш Әмірдің кеңесшілігімен «Компоненттер құрылысының құрмалас сөйлемнің семантика-грамматикалық сипатына қатысы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Т.Ермекова – қазақ тіл білімінің көкейтесті мәселелеріне арналған 200-ге жуық мақаланың авторы. 2008, 2014 жылдары «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанды. Ресей Жаратылыстану ғылым академиясының академигі. Осы академия тағайындаған «Білім беру саласына еңбек сіңірген қайраткер» медалінің иегері. Ол тынымсыз еңбегінің арқасында бүгінгідей дәрежеге жетті. Професссор
Т.Ермекова – 2024 жылдан бері Ұлт­тық құндылықтар академиясының қауымдастырылған мүшесі.
Профессор Т.Н.Ермекова 2012 жылдан бүгінге дейін ҚР БжҒМ тарапынан жарияланған іргелі зерттеулер конкурсында жеңген 10-нан астам ғылыми жобаға қатысып, оның үшеуі­і­не жетекшілік жасаған. Ол шәкірт­терін ғылымға баулу ісінде де белсенді. Ғалымның 7 студенті – студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының республикалық конкурсының жеңімпазы. Профессор Т.Ермекованың жетекшілігімен соңғы бес жылда  2 PhD докторы даярланды.
Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі жұмыс тобының, Республикалық орфография комиссиясы мүшесі ретінде де белсенді қызмет атқарып келеді. Ғалым қазір жасанды интеллектіні қазақ тілінің семантика-грамматикалық, контекстік тұрғыда бейімдеу мәселелерімен айналысып жүр. Ғалым Қазақстан Республикасының білім және ғылым саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін», «А.Байтұрсынұлы», «Жоғары білім саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгілермен марапатталды.
Тіл білімі қазақ деген ұлт бар жерде жылдар ұзаған сайын қажеттілігі арта түсетіні айдай әлемге аян. Бұл орайда профессор Т.Н.Ермекованың жетекшілігімен орындалған AP19678059 «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді оқытудың жүйесі (деңгейлері мен сатылары)» атты ғылыми жоба осы мәселені кешенді қарастыруымен ерекшеленеді. Жоба нәтижесінде ұсынылған «Мемлекеттік тілді оқытудың деңгейлері мен сатылары» ұжымдық монографиясында қазақ тілін меңгертудің әртүрлі білім беру деңгейіндегі сабақтастығы қарастырылады. Аталған еңбектің ғылыми маңызын бірнеше қырынан бағалауға болады.
Біріншіден, тілдік білім беру жүйесіндегі сабақтастық мәселесі білім беру деңгейі арасындағы өзара байланыстың негізінде қарастырылады.Екіншіден, тілдік білім мазмұнын ұйымдастыруда нені оқыту, не үшін оқыту, қалай оқыту және қандай нәтижеге қол жеткізу қажет деген іргелі әдіснамалық мәселелерге назар аударылады. Үшіншіден, мемлекеттік тілді меңгертудің деңгейлік жүйесін қалыптастыруда білім алушылардың жас ерекшеліктері, танымдық мүмкіндіктері және тілдік құзыреттіліктерінің бірізді дамуы ескеріледі. Төртіншіден, оқыту мазмұнын білім беру сатыларына сәйкес саралау арқылы тілдік құзыреттіліктің біртіндеп күрделенуін қамтамасыз ету көзделеді.Монографияда балабақша кезеңіндегі А1 деңгейінен докторантураны аяқтау кезеңіндегі С2 деңгейіне дейінгі тілдік дамудың моделі ұсынылған. Бұл модельді барлық білім алушының нақты қол жеткізген деңгейінің көрсеткіші ретінде емес, мемлекеттік тілді оқыту жүйесіне ұсынылған ғылыми-әдістемелік бағдар ретінде түсіндіру қажет.
Сонымен қатар профессор Т.Н.Ермекованың ғылыми-педагогикалық қызметінің маңызды ерекшелігінің бірі – іргелі ғылыми зерттеулерді оқулық жазу ісімен жүйелі ұштастыруы. Ғалым 2001 жылдан бастап мектеп оқулықтарын әзірлеуге белсенді қатысып келеді. Оның авторлығымен және жетекшілігімен бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру деңгейлеріне арналған қазақ тілі оқулықтары, мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдар, дидактикалық материалдар және оқу-әдістемелік кешендер дайындалған. Әсіресе жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес әзірленген 5–11 сыныптарға арналған «Қазақ тілі» оқу-әдістемелік кешендерінің жетекші авторы ретіндегі қызметі ғалымның теориялық ізденістерінің мектеп тәжірибесіне енгізілуіне ықпал етті. Ғалымның жоғары оқу орындарына арналған «Қазіргі қазақ тілінің синтаксисі», «Қазіргі қазақ тілінің құрмалас сөйлемі», «Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы», «Қазақ тілі» және басқа да оқу еңбектері тіл мамандарын даярлауда пайдаланылып келеді. Профессор Т.Н. Ермекова қалыптастырған авторлық ұжым да ерекше назар аударуға лайық. Ғалым мектеп мұғалімдері, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары және әдіскерлерден тұратын 20-дан астам автордың бірлескен ғылыми-әдістемелік қызметіне жетекшілік еткен.
Профессор Т.Н.Ермекованың зерттеушілік қызметіндегі тағы бір маңызды ерекшелік – ғылыми тақырыптардың қоғамдағы тілдік, білім беру және технологиялық өзгерістермен сабақтастықта дамуы.
Ол қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі жұмыс тобының, Республикалық орфография комиссиясы мүшесі ретінде де белсенді қызмет атқарып келеді. Ғалым қазір жасанды интеллектіні қазақ тілінің семантика-грамматикалық, контекстік тұрғыда бейімдеу мәселелерімен айналысып жүр. Профессор Т.Н.Ермекова Қыздар университеті жанынан «6D20500- филология» білім бағдарламалары бойынша құрылған диссертациялық кеңес төрағасы болумен қатар, республикадағы диссертациялық кеңес жұмысына да белсене қатысады.
Ғалымның ғылыми еңбектері мен кәсіби қызметін талдау негізінде төмендегідей нақты тұжырымдар жасалғанын айта кетуге тиіспіз.
Біріншіден, Т.Н.Ермекованың есім баяндауыштар мен құрмалас сөйлемдерге арналған зерттеулері қазақ тілінің синтаксистік жүйесін тарихи, құрылымдық және функционалды-семантикалық тұрғыдан түсіндіруге үлес қосты. Әсіресе құрмалас сөйлемдердің грамматикалық ұйымдасуы мен семантикалық қатынастарын бірлікте қарастыруы ғылыми тұрғыдан маңызды. Екіншіден, ғалымның коммуникативтік грамматика бағытындағы еңбектері тілдік бірлікті қатысым жағдайы­мен, коммуниканттардың мақсаты мен әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктерімен байланысты талдаудың қажеттігін негіздейді. Бұл тұжырымдар қазақ тіл біліміндегі функционалдық зерттеулердің дамуына ықпал етеді. Үшіншіден, этно-мәдени бағыттағы зерттеулері ұлттық дүниетаным мен тілдік сана арасындағы байланысты зерделеуге, тілдік бірліктердің мәдени-танымдық мазмұнын ашуға мүмкіндік береді. Төртіншіден, мемлекеттік тілді оқытудың деңгейлері мен сатыларына арналған ғылыми ізденістері қазақ тілін меңгертудің үздіксіздігі мен сабақтастығын қамтамасыз ету мәселелерін жүйелі қарастыруға негіз болады. Бұл зерттеулер білім беру мазмұнын жаңарту және тілдік құзыреттілікті кезең-кезеңімен қалыптастыру міндеттері үшін маңызды. Бесіншіден, ғалымның оқулық жазу, авторлық ұжымдарды қалыптастыру, ғылыми жобаларға жетекшілік ету және жас зерттеушілерді даярлау қызметі ғылыми нәтижелердің білім беру тәжірибесіне енгізілуіне және ғылыми дәстүрдің жалғасуына ықпал етіп келеді. Алтыншыдан, қазақ тілін цифрлық ортаға бейімдеу­ге және этно-мәдени бірліктердің жасанды интеллект жүйелерінде берілуін зерттеуге бағытталған жобалар ғалымның ғылыми ізденістерінің жаңа технологиялық мәселелермен сабақтасып отырғанын көрсетеді.
Қорыта айтқанда, профессор Тыныштық Нұрдәулетқызы Ермекованың ғылыми мұрасы – қазақ тілінің табиғатын терең тануға, ұлттық лингвистиканың теориялық негіздерін жетілдіруге, мемлекеттік тілді оқытудың ғылыми-әдістемелік жүйесін дамытуға бағытталған көпқырлы ізденістердің нәтижесі.

Айгүл САТБЕКОВА,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір