Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ. Профессор және Алаштану
19.11.2026
44
0

Қазақ әдебиетіндегі алаштану тақырыбы тақыр жерден басталған жоқ. Керек болса сонау қызыл империяның қылышынан қан тамып, тұтас түркілік идеяны, алаш арыстарының атын, олардың қаламынан қалған қымбат, құнды мұраны айтуға, жазуға, зерттеуге тыйым салынған өткен ғасырдың елуінші, алпысыншы жылдарында да осынау қасиетті тақырыпқа қалам тербеген үлкен-үлкен әдебиеттанушы ғалымдар болды.

Мұхтар Әуезовтен бастап, сол тұста әдебиет тарихына зерттеулер жазған Әлкей Марғұлан, Есмағамбет Ысмайылов, Қайым Мұхамедханов, Бейсенбай Кенжебаев, Рахманқұл Бердібаев, Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғалиев сынды ағаларымыз там-тұмдап болса да алаш тақырыбын жазды, ұмытқан жоқ.
Сұлтанмахмұт Торайғыровты алғаш­қылар­дың бірі болып терең зерттеген әйгілі ғалым, ғылыми мектеп қалыптастырған Бейсекең, профессор Бейсенбай Кенжебаев Сұлтанмахмұтпен қатар өмір сүрген, әдебиетте айқын ізі, құнды мұрасы қалған қаншама тарихи тұлғаларымызды қайта тірілтті, әдебиет тарихына қайта алып келді.
Сол үшін Бейсекең кезінде партиядан шығарылып, жұмыстан қуылды. Сотталып кете жаздады. Осындай тағдыр кешкен әдебиеттанушы ағаларымыз аз болған жоқ. Сондықтан тәуелсіздіктің қарсаңында, яғни 1987 жылдан бастап 2001 жылға дейін алаштану тақырыбына белсене кірісіп, өндіре жазған ғалымдардың алдында жанкешті еңбек жасаған, қудалау көріп, түрме азабын шеккен, жер аударылған, басқа түскен қиыншылықтың ықпалынан өмірден ерте өткен қаншама ағаларымызды ешқашан ұмытпауымыз керек.
Ал енді 1986 жылдан елімізде, жалпы мемлекетімізде басталған қайта құру, жариялылық саясаты жүргізіле бастаған тұста әдебиетіміздегі, оның ішінде әдебиет­тану ғылымындағы алаш тақырыбына бірте-бірте жол ашыла бастады. Әсіресе 1988 жылы Алаш арыстарын ақтау туралы партия орталық комитетінің алғашқы қаулысы жарық көрді де, ең бірінші болып Ахмет Байтұрсынұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабаевтардың мұрасы ресми түрде елге қайтарылды. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз қайта жанды. Сенер-сенбесімізді білмедік. Сол тұста Алаш жұртының қуанышында шек болмады. Бізбен бірге күллі түркі жұрты қуанды. Алаш мұрасы барша түбі бір, тілі бір түркі елінің ортақ құндылығы болғандықтан қазақ елін жүрегі жарыла құттықтап жатты.
Дәл осы жылы алғашқылардың бірі болып академиктер Серік Қирабаев Жүсіпбек Аймауытовты, Шәмшиябану Сәтбаева Шәкәрім Құдайбердіұлын, профессорлар Рымғали Нұрғалиев Ахмет Байтұрсынұлын, Шерияздан Елеукенов Мағжан Жұмабаевты зерттей бастады. Араға бір-екі жыл салып осынау Алаш мұрасының көшбасында тұратын төрт алыптың рухани, әдеби, ғылыми мұрасы жеке-жеке кітап болып жарық көрді.
Бұлар сол тұстағы – жаңа кезеңдегі, яғни тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары іспеттес, жаңа дүниетаным, жаңа көзқарас, жаңа әдеби-танымдық концепция тұрғысынан жазылған жолашар еңбек болғаны сөзсіз. Осының алдында ғана, бір жыл бұрын, 1987 жылдан бастап алаш тақырыбын зерттеуді профессор Темірбек Қожакеев ағамыз бастап еді.
Профессор Темірбек Қожакеев сонау 80-жылдардың аяғынан бастап, өмірінің соңына 2004 жылға дейін осынау қасиетті тақырыпты терең жазып, бір сәтке де қаламын қолынан тастамады. Әсіресе Нәзір Төреқұловтың әдебиетші, сыншы, өнертанушы, мәдениет қайраткері ретіндегі еңбегін Темірбек Қожакеев ағамыз архив деректерін сарыла іздеп, тапжылмай отырып, 20-30 жылдардағы «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа», «Еңбекші қазақ», «Бірлік туы», «Жас азамат», «Ұран» газет­тері мен «Айқап», «Абай», т.б. журналдардың тігінділеріндегі сарғайып кеткен жарияланымдарды жинастырып, зерттеп, салыстыра отырып тарихи ақиқатты қалпына келтірді.
Өзі де сол жылдары, 1986-ның қақаған қысында қазақ жастарының ұлт-азаттық күресіне ұласқан Желтоқсан үшін жұмыстан қуылып, партиядан шығарылып, жазықсыз қудалауда жүрсе де, тынбай ізденіп, жүдеген көңілге медеуді, жүрек емін осынау Алаш арыстарының жазғандарынан, солардың тағдыр соқпағынан, рухани күш-қуатынан тауып еді. ҚазМУ-ден, қызметтен алыстап қалса да күнде таңертеңнен тұрып, күні бойы не Ұлттық кітапханада, не Алматы қаласында орналасқан Ғылым академиясының сирек қолжазбалар қорында, архивінде тапжылмай отырып Алаш арыстарының қаламынан қалған мол мұраның іздеушісі болды.
Профессор Темірбек Қожакеевтің 90-жыл­дардың басында жарық көріп, оқырман қолына тиген «Жыл құстары», «Көк сеңгірлер», «Сара сөздің сардарлары» атты еңбектерінде сол жылдары әлі де тарихи толық бағасын ала алмай келген Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Жүсіпбек Аймауытов, Темірбек Жүргенов, Смағұл Сәдуақасов, Біләл Сүлеев, Қошке (Қошмұхаммед) Кемеңгеров, Телжан Шонанов, Молдағали Жолдыбаев, Иса Тоқтыбаев, Шәймардан Тоқжігітов, Әбілхайыр Досов, Ғаббас Тоғжанов, Ораз Жандосов, Сара Есова, Мәннан Тұрған­баев, Абдолла Асылбеков, Қабылбек Сарымолдаев, Ыдырыс Көшкінов, Әбдрахман Айсарин, Ерғали Алдоңғаров, Несіпбай Манашев, Жұмат Шанин, Нығымет Нұрмақов, Әуеш Қошмағамбетов, Рақымалы Байжарасов сынды арыстарымыздың қазақ әдебиетіне, қазақ мәдениетіне, қазақ журналистикасына, баспасөз ісіне сіңірген орасан зор еңбегі ғылыми-танымдық негізде арналата зерттелді.
Әсіресе Орынбор, Ташкент, Қызылорда, Семей, Алматы, Қарағанды, Қызылжар қалаларында жарық көрген, қазаққа ақпарат жеткізіп тұрған барлық газет-журналдарды ақтарды. Себебі 80-жылдардың соңына шейін осынау Алаш арыстарының ұлтқа сіңірген еңбегі, ұлт-азаттық, тәуелсіздік үшін күресі, ұлттық мұраттар мен ұлттық мүддені бірінші орынға қойған ұлы мақсаттары, қазақ баспасөзіне жан беріп, жандандыру жолындағы орасан жұмысы туралы барлық ақпараттарға тыйым салынды. Жабық болды.
Осы орайда тарихшы, академик Мәмбет Қойгелдиевтің: «80-жылдардың соңына шейін ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси қызметіне арналған бірлі-жарым мақалалар болмаса, бұл тақырыпты арнайы зерттеу объектісі есебінде алған монографиялық деңгейдегі еңбектің жарық көрмеуі соның айғағы» деген пікірі, түйіндеуі Алаш тақырыбының қаншалықты деңгейде жабық болғанын аңғартады.
Алаш қайраткері, үлкен әдебиеттанушы ғалым, тілші, қаламгер, қаншама оқулықтар мен оқу құралдарының авторы Телжан Шонанұлымен бірлесіп қазақ әдебиеті пәнінен оқулық жазған Ахмет Байтұрсынұлындай Алаштың рухани көсемінің 1927 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген үлкен, құнды еңбегіне алғаш зерттеу жүргізіп, қос тарихи тұлғаның адал еңбегін, ұлты үшін, елі үшін жасаған орасан қызметін де індетіп жүріп іздеген, сөйтіп оқырманға алғашқылардың бірі болып жеткізген тағы да алаштанушы ғалым, профессор Темірбек Қожакеев еді.
Ахмет Байтұрсынұлы мен Телжан Шонанұлы қазақ жастарына арнап жазған оқулық-хрестоматиясының ішінде жарияланған Абайдың «Күз», «Қыс», «Аттың сыны», «Жазғытұры» атты атақты өлеңдеріне, Шоқан Уәлихановтың «Ерте замандағы қазақтың қарулары» атты мақаласына, Ыбырай Алтынсариннің, Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллиннің өлеңдеріне, т.б. сол тұстағы есімдері елге кең жайылған ақын-жазушылардың туындыларына да назар аударды, нақты тоқталды. Телжан Шонанұлының «Сәкеннің тілі», «Халық ауыз әдебиеті», «Евгений Онегиннің аудармасы» атты мақалаларына талдау жасап, баға берді.
Бір сөзбен айтқанда, әлі де қалың қазаққа, өз замандастарына ұзақ жыл қара құлыптың астында, жасырын жатқан, беймәлім асыл қазынаның, қымбат көмбенің көзін ашты.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары­ның аяғында, тоқсаныншы жылдарының басында архив ақтарып, сарғайған қағаздарға үңіліп, шұқшиып отырып осынау сүбелі, кесек-кесек дүниелерді бірнеше кітабына арқау етіп, жанкешті еңбек жасаған қайран Темірбек ағаны Алаштануға алғашқылардың бірі болып түрен салған қайраткер, тақырыбын терең қазып, біліп жазған жаңашыл ғалымдардың қатарына жатқызар едім. Әсіресе жоғарыда астын сызып, атап өткенімдей Темағаң Нәзіртану ғылымының көш басында тұрды. Нәзір Төреқұловтың өте бай, аса құнды мұрасына әділ бағасын берді.
Қалай дегенде де Нәзір Төреқұловтың қызмет еткен, тағдыр кешкен жылдарында, сонан соң азамат соғысы кезеңінде жинаған іс-тәжірибесі зая кетпеді. Кейінірек ол үлкен-үлкен жауапты қызметтерге сайланды. Түркістан Компартиясы Орталық комитетінің жауапты хатшысы, Түркістан Атқару комитетінің төрағасы, Шығыс халықтары институты директорының орынбасары және КСРО Орталық Атқару комитеті жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағалығы, түрік халықтарының жазуын латын әліппесіне көшіру жөніндегі Орталық комитеттің төрағасы сынды басшылық қызметтерді атқарды. Осының барлығы Нәзір Төреқұловтың қайраткерлік тұлғасын қалыптастырды, мемлекет ісін терең меңгеруге жол ашты.
Бұған көп жағынан жәрдемдескен тарихи оқиғалар ағымы – саяси ахуал ғана емес еді. Н.Төреқұловтың адам, азамат ретіндегі жеке басы, кісілігі, адамгершілік қасиеті, терең білімпаздығы мен оқымыстылығы, биік парасаты мен ақылы, барлығы оны қоршаған ортасына, әріптестеріне, керек болса жаулары мен дұшпандарына да мойын­датты. Бойға біткен ақсүйектік, қанмен келген тектілік Нәзір Төреқұловты дара феномендік тұлғалық деңгейге көтерді.
Сонау өткен ғасырдың 30-жылдарында Нәзір Төреқұловтай қандасымыздың, қазақ азаматының әлемдік деңгейде терезесін тең ұстап, сол алпауыттардың өз тілінде, өз дәрежесінде Совет Одағы сияқты алып мемлекеттің елшісі ретінде абыроймен қызмет атқаруын, сөйте жүріп түркітектес халықтардың да мұң-мұқтажын шешіп, осы жолда қам жасап өтуін де ерлікке пара-пар еңбек десек, артық емес. Осындай тағылымды тағдыр кешкен перзентіміздің тәуелсіздікке қол жеткен заманымызда арамызға қайта жарқырап оралуына алғашқылардың бірі болып қалам тербеген, қара құлыптың астында жатқан күллі тарихи ақпаратты қайта тірілтіп, оқырманға жеткізген профессор Темірбек Қожакеевтің еңбегі орасан зор еді.
Нәзір Төреқұловтың тарихи тұлғасын еліне қайтарды. Қазақтан шыққан Сауд Арабиясындағы тұңғыш елші екенін тарихи құжаттар арқылы алғаш ұлттық деңгейде көрсетіп, құрметті орнына отырғызды.
Темірбек ағамыз ұстаз, профессор ретін­де де қара шаңырақ, білім мен ғылымның ордасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттерге дәріс оқыған жылдары да осынау Алаш арыстарының артында қалған қымбат мұрасынан көз жазған жоқ. Қызыл империяның қылышы жалаңдап, қатал тыйым салынған тұстарда да өз дәрістерінде қазақ әдебиетінің тарихына қатысты құнды мәліметтерді, сирек ақпаратты тақырып арнасында иінін тауып, астарлап, мегзеу арқылы алдында отырған студенттерге жеткізіп отырды.
Төте, тура, атын атап айтпаса да сол қы­зыл қырғында қыршын кеткен арыстардың туындыларына сілтеме жасап, сатира жанрының нағыз шынайы түрлері, үлгілері сол Ахаңдар, яғни Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы өз оқулықтарында бастап берген мысал өлеңдерден тамыр тартатыны туралы астарлап айтатыны жайында талай шәкірттері естелік жазды, баспасөзде жариялады.
Түйіп айтқанда, әйгілі профессор, ұла­ғат­ты ұстаз, қазақ журналистерінің бірне­ше буынын оқытып, тәрбиелеп, қанат қақ­­тырған қазақтың біртуар перзенті, қайраткер ғалымы Темірбек Қожакеев ағамыз – Алаш­тану ғылымында өз қолтаңбасын қалдырған, ғалым ғана емес, кітабын қолына алған әрбір оқырманға қымбат, құнды қазына ұсы­натын қадірлі тұлға. Қолымызда қалған осынау асыл мұра әлі талай ұрпаққа рухани азық болатынына сенімім кәміл.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір