Бауыржан ЖАҚЫП. ҚАЙТАЛАНБАС НАР ТҰЛҒА
19.11.2026
54
0

Мектепті алтын медаль алып үздік бітірдім. Қолымда 200-ге тарта газет-журналда жарияланған материалдарымның тігінді-папкасы бар. Арманым – журналист болу. Ал ол кезде журналист мамандарды Қазақ­станда екі-ақ жерде даярлайды.

Бірі – Қарағанды мемлекеттік университетінде, екіншісі – ҚазМУ-де. Екеуінің де мекен-жайын газет хабарламасынан қиып алғанмын. Қарағанды қаласы, Мир бульвары деген мекен-жай біздің ауылға біршама жақын. «Алматы қаласы, Киров көшесі 136-үй» деген адрес мен үшін қол жетпестей алыста қол бұлғайды. Қайсысына барамын? Ақыры нар-тәуекел, «құласаң, нардан құла» деп қазақ айтқандай, Алматыға тартатын болдым. ҚазМУ-дің журфагын аты алты алашқа танымал профессор Темірбек Қожакеев басқарады. Мен ауылдан шығарда әкем марқұм Абай аудандық газетінің редакторы Манар Құрманбековтен, аудандық радиоторабының басшысы Сансызбай Тұрдыновтан ұсыныс мінездеме мөрлетіп алды. Семейде аталас туыс, байырғы журналист Боранбай Мауқаев деген ағамыз бар еді. Сол кісімен ақылдасқан екен, «Семей таңы» газетінің сол кездегі редакторы Рысхан Мусин журфактың деканы Темірбек Қожакеевті жақсы біледі екен. Артық болмас деп, сол кісіден де бір ұсыныс хат алып беретін болды. Ақыры жазған-сызғанымды, ұсыныс, құжат­тарымды алып, әкеме ілесіп 1418 рейсімен Семей-Аягөз-Алматы маршруты бойынша ұшаққа отырдым. ЯК-40 ұшағы әп-сәтте көкке шаншылып, арман арқалаған мені түнгі кезде ұшып, таң ата Алматы әуежайы­на бір-ақ жеткізді. Сондағы алғаш рет жаз күнінде тау басында қар жатқанын көріп, таң-тамаша қалдым. Алатау деген – арман тау екен. Менің арманым да осы таудай еңселі ме екен деп, бойымды тіктеп қоямын.
Ең алдымен, құжаттарымды өткіздім. Дәмегүл деген қызыл шырайлы әдемі апай жөн-жосығын көрсетіп, құжаттарымды қабылдап алды. Енді шығармашылық емтихан басталмай тұрып деканның алдына кіріп шықпақшымын. «Деканат» деген жазу жазылған жерге келіп, деканның қабылдауына жазылдым. «Келсін!» деді ар жақтан жіңішке саңқылдаған бір дауыс. Кіріп келсем, шағын ғана бөлмеде сарғыш қоңырқай жаздық желең костюм-шалбар киген, ақ көйлекті, төртбақ келген қасқабас адам отыр. Көзін бағжаң еткізіп маған бастан-аяқ шола, тінте бір қарап шықты. «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем бердім. Бұл маған әжемнің үйреткені. «Жасы үлкен адам көргенде, солай сәлем берсең, қапы қалмайсың, дұрыс болады», – дейтін. «Уағалейкумассалам! Иә, батыр, кім боласың, қайдан келдің, неге келдің, не шаруамен жүрсің?» – деп сұрақты төпеп жатыр.
Мен Семей облысының Абай ауданынан келгенімді, тасқа басылған мақалаларым көп екенін, 3-кластан бастап жазып жүргенімді, журналист болғым келетінін айтып, сосын «Семей таңының» редакторы Рысхан Мусин өзіңізді аса қадірлейді екен, сол кісінің бір жапырақ сәлем хатын әкелдім, сізге», – деп ұсындым.
Оқып шықты. «Дұр-р-ес, батыр. Үздік бітіріпсің. Жазады екенсің. Консультациялардан қалма, шығармашылық емтихандардан кешікпе, қалғанын көрерміз!» – деп салды.
Рахмет айтып, қоштасып шықтым. Түс көргендей болып, басымнан өткен жайтты түгел тәптіштеп әкеме айтып бердім. «Иә, сәт!» деп қояды ақжүрек әкем, балаша қуанып.
Бұл адуынды, азуын айға білеген арыстандай Темірбек Қожакеевті тұңғыш көруім болатын. Маған жылы сыңай танытқандай көрінді.
Кеңес сабақтардан қалмаймын. Шығармашылық емтихан екі турдан тұрады. Алғашқысында еркін тақырыпқа шығарма жаздық. Сол жылы Қазақстанның 60 жылдығы болатын.
«Қазақстан, пай-пай-пай, ардағым-ай,
Сен менің Шолпанымсың жанған ұдай.
Өзіңде өмір сүру қандай бақыт,
Өлмейтін махаббатым, арманым-ай!» – деген Мұқағали өлеңінен басталған шығармамды сәтті жазып шықтым. Жазбаша шығармам 5-ке бағаланыпты. Екінші тур – ауызша. Төрде – декан Қожакеев, профессорлар Амандосов, Барманқұлов, Тұрарбеков, Әбибулла Ахметов тағы басқалар отыр. Сұрақтарға жауап бердім. Ұмытпасам, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан сауалдар келді. Материалдар тігілген папканы екі адам оқып, танысып, оң пікір беріпті. Бірі – сол кездегі «Ара» журналының бас редакторы Сақтапберген Әлжіков, екіншісі – журфактың аға оқытушысы Қабижан Пангерейұлы Құсайынов.
Шығармашылық емтихандардан кейін шығарма жазу керек. Егер сол шығармада «5» алсам, онда алтын медаль иегері ретінде басқа үш емтиханды тапсырмай оқуға түскенім. Солай болды да. Ол кезде аты шыққан Нарынқолдың суырыпсалма айтыс ақыны Райхан Нәкеева, шымкенттік Гүлшаһар Шериева, жамбылдық Жанат Сейітжанова және менің фамилиям, мерзімінен бұрын оқуға түскендер қатарында жарнама қағазға ілінді. Ал қуан! Таяқ тастам жердегі Бас пошта ғимаратына алып-ұшып барып, ауылға жеделхат жібердім. Қазір ойлап қарасам, менің сол алғашқы жолымның ашылуына сол кездегі журналистика факультетінің деканы Темірбек Қожакеевтің жасаған әкелік, ұстаздық қамқорлығы мол болған екен. Оны дер кезінде түсінбейді екенсің. Уақыт өте келе өзі-ақ» саған түсіндіреді екен. «Рақмет сізге, ұстаз» деймін бүгінде басымды иіп!
Сабақ басталып кетті. Аңыз адам Қожакеев туралы небір күлдіргі, ғажап әңгімелерді жоғары курс студенттерінен естіп ішек-сілеміз қата күлеміз әрі деканның темірдей тәртіптің иесі екенін естіп зәре-құтымыз қалмай қорқып, үркіп те қаламыз.


Екінші курстан бастап деканның өзі басқаратын «Кеңес журналистикасының теориясы мен тәжірибесі» атты кафедраға бөліндім. Бірінші курста «Сатира және очерк» атты жалпы пәннен профессорлар Темірбек Қожакеев пен Әбілфайыз Ыдырысов лекция оқып, емтихан қабылдады. Ал екінші курста «Фельетон» арнаулы курсынан Қожакеевтің өзі дәріс оқыды. Ол кісінің лекция оқу мәнері де өзгеше. Қағазға көп қарамайды. Белгілі бір тақырыпты алады да, соның бүге-шігесіне дейін түсіндіріп, нақты сатиралық шығармалардан мысал ала отырып, ішек-сілемізді қатырады. Өзі де кеңкілдеп күледі. Еркін, шешен, синоним сөздерді бірінен кейін бірін төкпелеп шебер сөйлейді. Әсіресе 30-жылдардағы Ілияс Жансүгіровтің, Бейімбет Майлиннің, Асқар Тоқмағамбетовтің сатираларынан үзінді келтіргенде жанып түседі. Кейінгілерден Сейділдә Төлешов, Жүсіп Алтайбаев, Мыңбай Рәшев, Оспанхан Әубәкіров, Үмбетбай Уайдин сықақтарын көп мысалға келтіреді.
Жалпы, біз қазақ сатирасын, қазақ фельетонын Қожакеев кітаптары мен дәрістері арқылы жан-жақты біліп шықтық. Ал сатиралық басылымдардың тарихы туралы да мол мағлұматты ұстаз лекцияларынан танып-білдік. Сабақтары өте көңілді өтетін. Бәріміз бір серпіліп қалатынбыз. Күлкі деген құдіреттің не екенін сол кезде түсінген шығармыз. Сол Темағаң күлдіргендей кезіміз әлі күнге қайталанбапты. Бұл – енді қайталанбас біртуар, дарынды ұстаздың шеберлігін айғақтайтын дәлел.
Темірбек Қожакеев – журфак тарихындағы ең мықты, ең беделді, ең білікті, ең танымал декан болғаны айтылып та, жазылып та жүр. Замандасы академик Зейнолла Қабдоллов «Мықшеге» деп ғажап мақала жазды. Сонда Темекеңнің бүкіл характерін ашып берді. Ол кісі декан болған жылдары журналистика факультеті оқу үлгерімі жағынан да, қоғамдық жұмысқа қатысуы жағынан да, көркемөнерпаздар үйірмесінің жұмысы тұрғысынан да университетте алдыңғы қатарда көрінді. Қоғамдық жұмыс демекші, біз оқып жүргенде белсенді болып көзге түскендердің бәрі кейін де үлкен азамат болды. Мысалы, танымал журналист, марқұм Жұмабек Кенжалин кәсіподақты басқарды, Лениндік стипендиат болды. Комсомол комитетін басқарған Нұржан Мұхаметжанова көп жыл «Қазақстан» телерадиокомитетін басқарды. Темекең декан болған кездегі бес шәкірті – Қуаныш Сұлтанов, Алтынбек Сәрсенбаев, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Сауытбек Абдрахманов, Дархан Мыңбай тәуелсіз елдің министрлері болды. Ербол Шаймерденов Президенттің алғашқы баспасөз хатшысы болды. Одан кейін де Сейітқазы Матаев, Ерлан Бекхожин, Бауыржан Омарұлы, Бейбіт Исабаев сияқты шәкірттері де лауазымды қызметтер атқарып жүр. Жалпы, Қожакеев – Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деген қағидасын жастардың санасына өз ісімен сіңірген декан. Өзі декан кезіндегі атқарған үлкен бір игілікті ісі мемлекеттік тапсырыс бойынша қазақ бөліміне – 50, орыс бөліміне – 75 студент оқуға түсетін. Сонда орыс бөліміне түсетін 75 студенттің көпшілік орнына орыстілді қазақ балаларды қабылдайтын. Ұстаздың бұл көрегендігі тәуелсіздік жылдарында өз жемісін берді. Қазақстандағы орыстілді БАҚ-та тәуелсіздікті нығайтуға қызмет етті.
Екінші бір айта кететін мәселе, Темекең өзі де 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрбаны болды. Оған жазықсыз жала жабылды, айып тағылды. Қызметтен жосықсыз шеттетілді. Сол кезде ұстаз уақытын босқа өткізген жоқ. Ол архивте, Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар қорында жылдап отырып асқан ұқыптылықпен, қажырлылықпен ақтаңдақтар ақиқатын ашты. Қазақтың қалам қайраткерлерінің жабулы қазан күйінде келген еңбектерін, алаш арыстарының мұрасын жарыққа шығарды. Зерттеуге тыйым салынған газет-журналдарды алғаш рет ғылыми айналымға алып шықты. Оның «Сатира негіздері», «Сатира жанрлары», «Фельеотон» еңбектерінің басқа жанрлар туралы «Жас тілшілер серігі», ақтаңдақтар ақиқатын ашқан «Көксеңгірлер», «Жыл құстары» кітаптарының маңызы еш уақытта жойылмақ емес. Бұл – оның сатиратану, журналистикатану, көсемсөзтану салаларында із тастаған өшпейтін құнды да бағалы еңбектері.
1986 жылдан бастап ҚазМУ-ге оқытушы болып келгенде Темірбек ағамен әріптес ретінде қызметтес болдым. Өзінің бір кітабына «Кешегі шәкірт, бүгінгі әріптес Баукеңе!» деп жазып бергені бар.
1994 жылы кандидаттық диссертациямды қорғадым. Кеңестің төрағасы – академик Зейнолла Қабдолов, мүшелері Зәки Ахметов, Мүсілім Базарбаев, Ханғали Сүйіншәлиев, Марат Барманқұлов, Әбдіхамит Нарымбетов, Шериаздан Елеукенов, т.б. көбі дүниеден озып кетті. Сонда Темкең маған бастырмалатып 7-8 сұрақ қойды. Ең көп сұрақ қойған да сол кісі. Барлық сауалдарға жауап бердім. Кеңес мүшелері бірауыздан дауыс беріп, сәтті қорғадым. Соңынан біздің үйдегі дастарқанға барғанда, Темағаң өзі асаба болып, ерекше жайдары, қуанып отырды. Сондағы айтқан сөзі менің құлағымнан әлі кетпейді. «Мен бағана Бауыржанға сұрақ қойып, әбден терлеттім. Ол жаман болсын дегеннен емес. Шын қырандар балапанын ұшуға баулығанда, қанатына салып алып зау биікке көтеріліп, төменге тастап жібереді. Балапан құлдилап енді өлдім-ау дегенде, қанатымен қағып алып, қайта биікке алып шығады да, тағы да құзға қарай, төменге тастап жібереді. Құлап төменге жетіп қалғанда, тағы қағып алып, қайта биікке шығып, қайта тастап жібереді, қайта қағып алады. Сөйтіп, қыран балапанын ұшуға үйретеді. Менің де тәсілім сол. Бұларды ширату, шынықтыру үшін солай қиын сұрақ қойып шыңдаймын», – деген еді жарықтық.
1996 жылы Темкең 70-ке толып, туған жері Меркіде үлкен той жасады. Соған өзі жақсы көретін замандастарын, інілерін, шәкірттерін шақырды. Мен де шақырту алып, Меркіге тарттық. Ортамызда Мыңбай Рәшев, Ғаббас Қабышев, Үмбетбай Уайдин, Кәдірбек Сегізбаев, т.б. қаламгерлер бар. Бізді «Мерке» шипажайының ғимаратына орналастырды. Түн ортасында тысқа шықсам, басында қалпағы, Темірбек аға шипажайдың алдында отыр. «Ой, ағай, жеті түнде, неғып жүрсіз?» – деппін. Сонда: «Келген қонақтар дұрыс орналасты ма, бәрі жақсы ма, соны өз көзіммен көріп кетейін деп келдім», – дейді. Ертесіне Меркінің жайлауында 30-40 үй тігіліп, ат шаптыртып, бәйге беріп үлкен той өтті. Астанадан министр, Темекеңнің шәкірті Алтынбек Сәрсенбаев келіп арнайы құттықтады. Академик Рахманқұл Бердібаев баяндама жасады. Сөз реті келгенде мен де арнау жыр жолдарын оқыдым. Той иесіне ақ шағала «Волга» автокөлігі мінгізілді. Ауданның «Құрметті азаматы» атағы берілді. Ән айтылды, күй шертілді. Бір қызығы, сол 70-ке толғанда өзінің шығармашылығының қысқаша очеркін жазуды маған сеніп тапсырды. Бұл да мен үшін ұмытылмайтын бір құрмет.
Бір сөзбен айтқанда, Темірбек Қожакеев – 400-ден астам ғылыми еңбектердің авторы, Қазақстан Жоғары мектебі ҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағы қазақ сықақшылары қауымдастығының президенті, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының бірнеше мәрте лауреаты болды. 2013 жылдан бастап, журналистика факультетінде «Жас тілшілер» атты дәстүрлі Қожакеев оқулары өткізіліп жүр. Оның атында арнаулы акті залы бар. Туған жері Мерке ауданы орталығында жалпы білім беретін үлкен бір мектепке Т.Қожакеев аты беріліп жатыр. Биыл туғанына 100 жыл толатын оның атына Тараз, Алматы, тіпті Астана қалаларында көше атаулары беріліп жатса, 10000 — нан астам журналистерді тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, ғибратты ғалымның рухы шат болар еді!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір