Мектептегі құқықтық тәрбие
19.11.2026
57
0

Астанада оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және мектептердегі құқықтық тәрбие берудің озық тәжірибелерін тарату мақсатында модельдік сот процесі ұйымдастырылды.
Бұл жолғы іс-шара №97 мектеп-гимназиясында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы және «Болашақ прокурорлар клубы» жобасы аясында «Болашақ прокурорлар мектебі: модельдік сот процесі арқылы құқықтық мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында шеберлік сабағы өтті.

Іс-шараның басты ерекшелігі – №97 мектеп-гимназиясының «Болашақ прокурорлар клубы» мүшелері «Дропперлік: жауапкершілік пен жаза» тақырыбында сот процесін сахналауы. Оқушылар судья, прокурор, қорғаушы және сот процесінің өзге де қатысушыларының рөлдерін сомдау арқылы қаржылық алаяқтыққа қатысудың құқықтық салдарын, заң алдындағы жауапкершілікті және сот төрелігінің негізгі қағидаттарын тәжірибе жүзінде көрсетті.
– Бұл жоба 2025 жылы «Әділет жобасы» деген атаумен бастау алды. Мақсаты – оқушыларға заң мен тәртіпті түсіндіру. Қазіргі таңда мектептерде «Прокурорлар мектебі» ашылып жатыр. Осы арқылы заң бұзушылықтың алдын алу жұмыстары түсіндіріледі. Сол жерде оқушылар шыншылдықты, адалдықты үйренеді. Барлық баптарды түсіндіреміз. Осы жоба арқылы оқушылар барлығын біліп шығатын болады. Бұған балалардың да қызығушылығы зор, – дейді №97 мектеп-гимназиясының директоры Зәмзәгүл Қиянова.
Іс-шараға қатысушыларға мектеп базасында «Болашақ прокурорлар клубы» жұмысын ұйымдастырудың практикалық тәсілдері ұсынылды.

«СОҒЫМ-FEST»
ЖӘРМЕҢКЕСІ

Астанада екі күннен бері өтіп жатқан «Соғым-FEST» жәрмеңкесінде тұрғындарға сиыр, жылқы және қой еті нарықтағыдан тиімді бағамен ұсынылды. Биыл жәрмеңке елорданың үш сауда алаңында өтіп жатыр.

Ұйымдастырушылар «Соғым-FEST» қазақ халқының ежелден келе жатқан соғым дәстүрін жаңаша форматта жалғастырып, отандық фермерлер мен қала тұрғындарын бір алаңға тоғыстырған жоба екенін айтады.
Жәрмеңкеде сиыр етінің бір келісі 3 300 теңгеден, жылқы еті 3 500 теңгеден, ал қой еті 3 700 теңгеден сатылды.
Сонымен қатар сауда алаңына шығарылған барлық ет өнімі алдын ала зертханалық тексеруден өткізіліп, олардың сапасы мен қауіпсіздігіне бақылау жасалды.
«Ет – қарапайым халықтың ең көп тұтынатын негізгі азық-түлігінің бірі. Сондықтан мұндай жәрмеңкелердің ұйымдастырылуы өте орынды.
Мұнда тұрғындар етті өздеріне тиімді бағамен сатып ала алады. Өзім Арқалық жақтан боламын. Жаңа ғана сол өңірден жеткізілген жылқы етін алдым. Бағасы да қолжетімді – келісі 3 500 теңгеден. Жалпы, 25 келі ет сатып алдым. 
Осындай жәрмеңкені ұйымдастырған азаматтарға және қала әкімдігіне алғысымды білдіремін», – дейді тұрғын.
7 қарашада басталған «Соғым-FEST» жәрмеңкесіне келушілер саны 50 мыңнан асты. Қаладағы үш сауда алаңында ұйымдастырылған жәрмеңке тұрғындарға ет өнімдерін нарықтағы бағадан төмен сатып алуға мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бұл жәрмеңке қала тұрғындарына етті делдалсыз, тікелей фермерлерден сатып алуға жағдай жасайды.
Жәрмеңке демалыс күндері сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін үш жерде жұмыс істейді:
«Keruen Joly» сауда орталығы; Алаш тасжолы, 35Б;
«Ет Әлемі» сауда орталығы; Алаш тасжолы, 31/1;
«Jurt» сауда орталығы; Сұлтан Бейбарыс көшесі, 3.
Жәрмеңке жыл соңына дейін жалғасады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір