Гүлден Кайрлиева: Көшбасшылық сөзбен емес, күнделікті іспен дәлелденеді
13.11.2026
62
0

 

Заманауи мектепті қалыптастыру – тек материалдық-техникалық базаны жаңартумен шектелмейтін, білім сапасын арттыруды, педагогтердің кәсіби әлеуетін дамытуды және оқушыларға қолайлы орта қалыптастыруды көздейтін кешенді жұмыс. Бұл ретте мектеп басшысының көзқарасы мен басқарушылық шешімдерінің маңызы зор. Астана қаласы әкімдігінің Кемел Ақышев атындағы мектеп-гимназиясының директоры Гүлден Ерболатқызы Кайрлиева – Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Білім берудегі 1000 көшбасшы» жобасының түлегі, «Үздік жас директор – 2026» байқауының жеңімпазы. Сұхбат барысында мектепті дамыту бағытындағы бастамалар, педагогтердің кәсіби өсуі, оқушыларға жасалып жатқан мүмкіндіктер және заманауи басшының жауапкершілігі туралы әңгімелестік.

– Сіз – «Үздік жас директор – 2026» байқауының жеңімпазысыз. Сонымен қатар «Білім берудегі 1000 көшбасшы» жобасы аясында кадр резервін даярлау бағдарламасынан өттіңіз. Басшылық қызметтегі басты ұстанымыңыз қандай?

– Менің ойымша, кез келген өзгеріс ең алдымен адамның өзінен басталады. Басшы ұжымнан талап ететін дүниені өзі де орындап, жеке үлгісімен көрсете білуі керек. Көшбасшылық – лауазым немесе мәртебе ғана емес, күнделікті еңбектен, қабылданған шешімдерден және сол шешімдер үшін жауапкершілік алудан көрінетін қасиет.

2025 жылы «Білім берудегі 1000 көшбасшы» жобасы аясындағы кадр резервін даярлау бағдарламасынан өттім. Бұл бағдарлама басқарушылық құзыреттерімді жетілдіруге, білім беру саласындағы заманауи үрдістерді тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Қазір сол тәжірибені күнделікті жұмысымда қолдануға тырысамын. Мен үшін басшылықтың басты міндеті – ұжымның әлеуетін ашу, әр қызметкерге өз мүмкіндігін көрсетуге жағдай жасау және ортақ мақсатқа жұмылдыру.

– Мектеп директоры ретінде қызметке кіріскеннен кейін қандай өзгерістерге басымдық бердіңіз?

– Ең алдымен, мектептің білім беру ортасын оқушылар мен педагогтер үшін қолайлы әрі мазмұнды етуге назар аудардық. Мектеп кеңістігі баланың қызығушылығын оятып, ізденуіне, шығармашылықпен айналысуына және өзін еркін сезінуіне ықпал етуі керек.

Осы бағытта кітапхананы жаңа орынға көшіріп, оқушыларға арналған оқу аймағын ұйымдастырдық. Сонымен қатар тірі табиғат элементтері мен өсімдіктер орналасқан Eco Lounge кеңістігін жасадық. Биология кабинетінің зертханалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, тәжірибелік жұмыстар жүргізуге арналған Эко-зертхана ұйымдастырдық. Мектептің сыртқы келбетін де жаңартып, велосипед тұрағын орнаттық.

Бұл бастамалардың барлығы мектепті тек сабақ өтетін орын емес, оқушының танымдық және шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік беретін орта ретінде қалыптастыруға бағытталған.

– Мектепте оқу мәдениетін қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлініп отырғанын байқадық. Бұл бағыттағы жұмыстарыңыз туралы айтып өтсеңіз.

– Оқу мәдениетін қалыптастыру – білім беру үдерісінің маңызды бөлігі. Осы мақсатта мектебімізде «Оқитын мектеп – ойлайтын оқушы» бағыты бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Біз үшін кітап оқу – тек мәтінді меңгеру емес, баланың ойлау қабілетін, дүниетанымын және тіл байлығын дамыту құралы.

Осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін кітапханашының 0,5 штаттық бірлігін оқу мәдениетін қалыптастыруға арналған іс-шараларға бағыттадық. Оқушылар арасында кітап оқу жобалары мен түрлі әдеби кездесулер ұйымдастырылып келеді.

Сонымен қатар педагогтердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру да маңызды. Осы мақсатта «Кемел ұстаз» мұғалімдердің оқу клубын құрдық. Басты мақсатымыз – кітапхананың қызметін дәстүрлі кітап беру ісімен шектемей, оны мектептің оқу мәдениетін қалыптастыратын маңызды орталыққа айналдыру. Мұндай бастамалар ұжымдағы зияткерлік ортаны нығайтып, кәсіби ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

– Мектеп ұжымының кәсіби әлеуетін арттыру үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Білім сапасы ең алдымен мұғалімнің кәсіби деңгейіне байланысты. Сондықтан педагогтердің үздіксіз дамуына жағдай жасау – басым бағыттарымыздың бірі. Осы мақсатта әр мұғалімнің жеке кәсіби даму жоспарын (IDP) әзірлеу тәжірибесін енгіздік. Бұл тәсіл педагогтің кәсіби қажеттіліктерін айқындап, жеке мақсаттарын белгілеп, сол бағытта жүйелі жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жоғары нәтижеге қол жеткізген мұғалімдерді ынталандыруға көңіл бөлеміз. Төрт мұғалім мен директордың екі орынбасары Түркияның Ыстанбұл қаласы мен Үндістанның Дели қаласында тағылымдамадан өтуге жіберілді. Мұндай тәжірибе халықаралық білім беру үрдістерімен танысуға, жаңа әдістерді меңгеруге және оларды мектеп тәжірибесіне енгізуге жол ашады.

Кәсіби бағдар беру жұмысына да назар аудардық. Бұл бағыттағы міндеттерді тиісті маманға жүктеп, жұмысты жүйелеуге күш салдық. Сондай-ақ педагог-ұйымдастырушылардың қызметін оңтайландыру арқылы олардың жұмыс тиімділігін арттыруды көздейміз.

– Оқушылардың қабілетін ашып, білім алу мүмкіндіктерін кеңейту бағытында қандай бастамалар бар?

– Әр баланың қабілеті мен қызығушылығы әртүрлі. Сондықтан мектеп оқушыларға өз мүмкіндігін сынап көруге, жаңа бағыттарды меңгеруге және қабілетін дамытуға жағдай жасауы қажет.

Қазір мектепте ағылшын тілінде білім беретін қосымша үш сынып ашылды. Бұл оқушылардың тілдік құзыретін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Сонымен бірге басқа мектептермен байланыс орнатып, кітап алмасу, байқаулар мен бірлескен іс-шаралар өткізу тәжірибесін дамытып келеміз.

Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында шеберхана жұмысын да қолға алдық. Онда қолда бар материалдарды қайта пайдалану арқылы түрлі бұйымдар мен сыйлық өнімдері жасалады. Алдағы уақытта оқушылардың қолөнер туындыларын мектеп брендімен жергілікті дүкендерге ұсыну бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Оқу жобаларын жүзеге асыруда демеушілердің қолдауы да маңызды. Осындай серіктестіктің арқасында оқушылардың кітап оқуына және шығармашылық бастамаларына қолдау көрсету мүмкіндігі артып келеді.

– Бүгінде білім беру ұйымдары үшін қауіпсіздік мәселесі ерекше маңызға ие. Мектепте бұл бағытта қандай шаралар қабылданды?

– Баланың қауіпсіздігі – мектеп жұмысының басты талаптарының бірі. Оқушы өзін қауіпсіз сезінген жағдайда ғана білім алу үдерісіне толыққанды қатысып, жан-жақты дами алады.

Сондықтан мектепке кіру тәртібін күшейттік. Кіреберісте турникеттер орнатылып, келушілерді тіркеу және оларға арнайы бейдж беру жүйесі енгізілді. Бейнебақылау камералары арқылы мектеп аумағындағы жағдай тұрақты қадағаланады. Сонымен қатар телефон байланысы мен мектептің коммуникациялық жүйелерінің жұмысына бақылау күшейтілді. Қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз ету үшін тиісті біліктілігі бар маман жұмысқа тартылды.

Қауіпсіздік жүйесі техникалық құралдармен ғана шектелмеуі керек. Ол нақты жауапкершілікке, тұрақты бақылауға және барлық қызметкердің ортақ тәртібіне негізделуі тиіс.

– Кәсіби дамуыңызға қандай еңбектер мен тәжірибелер ықпал етеді? «Үздік жас директор – 2026» атануыңыз Сізге қандай жауапкершілік жүктейді?

– Кәсіби даму – үздіксіз ізденісті қажет ететін үдеріс. Бос уақытымда қазақ классиктерінің шығармаларын, Мағжан Жұмабаевтың еңбектерін оқуға тырысамын. Сонымен қатар Стивен Ковидің, Джон Балдонидің көшбасшылық пен басқару тақырыбындағы кітаптары да қызығушылығымды арттырады.

Шетелдік тағылымдамалар барысында алған тәжірибені де мектеп жұмысына бейімдеп қолдануға мән беремін. Әрине, басқа елдің тәжірибесін сол күйінде көшіру мүмкін емес. Оны өз мектебіміздің ерекшелігіне, ұжымның әлеуетіне және оқушылардың қажеттілігіне қарай икемдеу қажет.

«Үздік жас директор – 2026» атану – мен үшін үлкен мәртебе ғана емес, жауапкершілік. Бұл жетістікке бүкіл ұжымның еңбегі арқылы қол жеткіздік деп есептеймін. Қазір әріптестермен тәжірибе бөлісіп, өзге мектептердің жұмысымен де танысып жүрмін. Өйткені басшы да үнемі үйреніп, ізденіп отыруы керек.

– Алдағы уақытта мектепті дамыту бойынша қандай мақсаттар мен жоспарлар бар?

– Қазір жүзеге асырып жатқан бастамалардың барлығын мектептің ұзақ мерзімді даму стратегиясымен байланыстыруды көздеп отырмыз. Кез келген өзгерістің нәтижесі нақты көрсеткіштер арқылы бағалануы керек. Сондықтан білім сапасына, педагогтердің кәсіби өсуіне, оқушылардың оқу мәдениетіне және мектептегі білім беру ортасының тиімділігіне тұрақты талдау жүргізу маңызды.

Басты мақсатым – өздігінен дамуға қабілетті, бастамашыл әрі жауапкершілігі жоғары ұжым қалыптастыру. Әр мұғалім өз жұмысының нәтижесіне жауап беріп қана қоймай, мектептің ортақ дамуына үлес қосуға ұмтылуы керек.

Мен мектептің жетістігі бір адамның еңбегімен өлшенбейді деп санаймын. Ол – ортақ мақсат жолында біріккен ұжымның үйлесімді жұмысының нәтижесі. Сондықтан алдағы уақытта да ұстаздармен, ата-аналармен және оқушылармен бірлесе отырып, мектептің білім беру сапасын арттыруға және жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға күш саламыз.

– Сұхбатыңызға рақмет! Мектептің алдағы даму жолына сәттілік тілейміз!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір