Көп жайды көркем сөзбен кестелеген
11.09.2024
174
0

«Әр жазушы өзін жазады» демекші, жазушының туып-өскен ортасы, туған жері оның тақырыбына айналмай тұрмайды. Сол сияқты Ү.Жәлеке шығармаларының тақырыбы да, негізінен, мұнайшылар өмірін, сондай-ақ мұнайлы өлкенің өткені мен бүгінін көбірек қамтиды. Өйткені жазушының әкесі Маңғыстау мұнайын барлаушы экспедиция құрамында жұмыс істеп, 1961 жылы Өзен алаңындағы №1 ұңғымадан алғашқы фонтанды атқызған бригада мүшесі болды. Жазушы 1964 жылы наурыз айында, мұнай барлаушылар қонысы – Өзенде қарапайым мұнайшы отбасында дүниеге келді. Әкесі Меруасия – белгілі ағаш шебері Қашаубай ұстаның ұлы болса, анасы Риал атақты мерген Абылдың қызы еді.
Сол жылы әкесі «Өзен» мұнай өндіру басқарма басшысының бұйрығымен Сауысқан құмына көшіп барып, жаңа қала Өзен халқын ауызсумен қамту жұмысын басқарды. Елге су жеткізген маман механик М.Қашаубаевтың қызы Үміт­тің өзі де еңбек жолын мұнайшылықтан бастады. Өйткені Үміт мектеп бітірген 80-жылдары Өзен халқының үштен екісі мұнай өндірісінде еңбек ететін. Мұнайшылықтың қиындығын көріп, қыр-сырына жетілгенмен, мектепте жүріп-ақ тырнақалды өлең, мақаласы баспасөзде жарияланып үлгерген Үміт­тің арманы – жазу еді. Әрине, ол мұратқа жету оңай болған жоқ. Біраз жыл Абай атындағы педагогикалық жоғары оқу орнынан алған кәсіби мамандығы бойынша мектепте мұғалім болу бұйырды. Пән мұғалімінен мектеп директорының орынбасарына де­йінгі қызмет­тік сатыдан өт­ті. Бірақ жазудан қол үзген жоқ. Жерлестері оның жазған әрбір жаңа туындысын мерзімді басылым бетінен оқып, шығармашылық әлеуетін бағалап жүретін. Сөйтіп, алғашқы кітабы баспа бетін көрмей тұрып-ақ айналасы оның жазушылығын мойындады. Ке­йін журналистика саласына ауысып, аудандық, облыстық, республикалық баспасөзде қызмет ет­ті. 2007, 2009 жылы «Жағалауда», «Өмір жыры» ат­ты қос жинағы жарық көріп, прозалық жаңа кітапты оқырман жылы қабылдады.
Қаламынан 30 шақты әңгіме, 4 хикаят туындаған Үміт­тің Маңғыстау түбегінің кешелі-бүгінді тарихынан сыр шертетін, бұрын баспасөз бетін көрген және жаңа туындысы туралы айтар болсақ, «Тәңір жазасы», «Жаза», «Бөтен бала» әңгімелеріне кеңестік зобалаңға тап болып, қысымға ұшыраған талайсыз жандардың бастан кешкен қиямет-қайы­мы өзек болады.
Замандастар бейнесі көрініс табатын «Әнші әйелдің әңгімесі», «Жағалауда», «Белгісіз күйші», «Үш тал раушангүл», «Жағажайда», «Бойтұмар», «Босқын бекірелер», «Қарғын», «Қожайын», «Тордағы тоты», «Құлпытас», «Бітеу жара», «Кепілге қойған өмір» т.б. әңгімелерінде автор бүгінгі қоғамдағы түрлі жағдайды сөз ете отырып, оқиғаны шынайы қалпында сурет­теуге талпынған. Біздің өмірімізге берік орнығып, әлеумет­тік қызмет көрсету саласының барлық басқышында бұтақ жайған сыбайлас-жемқорлық салдары, кепілдікпен берілетін несиенің азамат­тар өміріне тигізетін зардабы, қандастар тағдыры, ажырасу мен табысу, махаббат пен менмендік, өнерлі жанның күрделі тағдыры, Каспий теңізінің экологиялық ахуалы мен бекіре балықтың тұқымына төнген қауіп, ұлт мінезіндегі жайбарақат­тық пен қоғамда белең алып отырған жұмыссыздық кесірінен кісіге кіріптар болу, адам бойындағы қызғаншақтық аталатын «дерт­тің» құрбаны болған арудың аянышты өмірі, пенделік реніш пен кешірім т.б тіршілік түйткілі көркем сөзбен кестеленіп оқырманға ой салады.
«Тамыр», «Қауышу», «Қолбала», «Нәпақа», «Несібе» т.б әңгімелері Қазан төңкерісінен бұрынғы заманда, Кеңес үкіметі тұсындағы қоғамдық-саяси жағдайға байланысты Түбек елінде болған әр алуан оқиға желісіне құрылған. Түбек жұртының түрікмен халқымен іргелес қонып, көршілес өмір сүруі, олардың арасында достық-туыстық қарым-қатынастың тамыр жайып, тағдырласқа айналуына себепші болғаны туралы, ашаршылық қысымына ұшыраған қауқарсыз жандардың өлмеші күні, құлқын тамақ үшін перзентін «құрбандыққа шалуға» де­йін баруы, өнерлі жанның өзгеше мінезі, өкінішпен өткен өмірі, тағдыр айдап түбекке келіп, жергілікті жұртпен бітеқайнасып жеті жыл тұрып кеткен ақынның өмірі сипат­талады.
Соңғы кез­де Үміт Жәлекенің тарихи деректі тақырыпқа қалам тербеп жүргені байқалады. Оның тарихи тұлға бейнесін тірілткен «Зардап немесе бір әулет­тің төрт күзі» әңгіме-төрт­тағаны – қазақ-түрікменнің белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Сәду Оңғалбаев өмірінің соңғы кезеңі мен оның ұрпақтары кешкен ғұмырдан алынған шығарма.
Маңғыстауға белгілі тигендік сәулетші-шебер Қара Жүсіп ұрпақтары, ағайынды Оңғалбаевтар – Шерқала тауынан бәстесіп ұшатын Ораз, Маңғыстау Совдепінің тұңғыш басшысы, қоғам қайраткері Нұрсұлтан Оразұлы, оның бауырлары Қонарбай, Дауылбай, Қажы, Лепесті ел ішінде білмейтін адам сирек.
Дауылбайдың – Түрме есімді қызы, Сәду, Сахи, Құрманғали, Сман ат­ты төрт ұлы болған. Сәду Дауылбайұлы Оңғалбаев туралы Қазақ­стан ұлт­тық энциклопедиясында Керкі теміржол бекетінде 1938 жылы дүниеге келіп, Ашхабад қаласында өмір сүрген партия, кеңес қызметкері, саяси қуғын-сүргін құрбаны болғаны, 1920 жылы Маңғыстауда уездік комитет­тің еңбек және әлеумет­тік қамсыздандыру бөлімінде жұмыс істегені туралы мәлімет бар.
Аталмыш еңбекте оның 1921–22 жылдары жергілікті жастармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, Түрікменстан, Қазақ­стан комсомолы ОК-інің бюро мүшесі және үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, 1925–30 жылдар аралығында Керкі округтік партия комитетінің хатшысы, 1932 жылдан Түрікмен КСР-і Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары, 1935 жылдың 16 қыркүйегінен Мәскеуде Одақтық үкімет жанындағы Түрікмен КСР-інің тұрақты өкілі болып қызмет атқарғаны айтылады. 1937 жылы 1 наурызда тұтқынға алынып, «Түрікмен азат­тығы» ұлт­тық ұйымына қатысты, Адай көтерілісін ұйымдастырушының бірі болды» деген нақақ жаламен айыпталған. Әскери сот­тың үкімі бойынша атылды» деген дерек берілген.
Жазушы хикаятқа бергісіз әңгімеде кейіпкер Сәдудің прототипі – тарихи тұлға, ардақты азамат Сәдір Дауылбайұлының өмір дерегін арқау ете отырып, зұлмат заманның сұрқия суретін оқырманның көз алдына жа­йып салған. Шынайы өмірдің көшірмесіндей шымыр туындыны бей-жай оқу мүмкін емес. Сәдірдің жазықсыз қамауға алынып, үштіктің үкімімен атылуы, Ашхабад зілзаласы, сталиндік зұлмат­тың зардабын тартқан Сәдірдің перзент­тері бастан кешкен аянышты өмір – жетім балалар үйіне тап болуы, Сәдірдің ақталуы, ағайынды Ақтан мен Алтынның ұзақ жыл бір-бірінен көз жазып қалуы, табысуы төрт бөлімге бөлініп, шығарма желісін құрайды.
Белгілі журналист-жазушы Есберген Іңірбаевтың 2010 жылы Алматыдағы «Сардар» баспасынан шыққан «Маңғыстау батырлары» кітабында, «Сәдудің Хамза, Нина есімді ұл-қызы болғаны жазылады. «Мәскеудегі ВГИК-ті бітірген өнер адамы Нина отбасымен Ашхабад қаласында өмір сүрген. Ал Хамзаның Өмірзақ дейтін ұлы бар. Ұрпақтары Қазақ­станның Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында, Жамбыл облысында тұрады» деген дерек берілген.
«Енші» әңгімесін – ежелгі тарихты автордың көзімен шолу немесе қазақ ұлтының тереңнен тамыр тартып, көкпен астасқан шежіресін өзінше баяндау үлгісі деуге болады. Қиял-ғажайып жанрына жататын әңгіменің негізінде тарихи шындық та жоқ емес. Белгілі ғылыми еңбектер мен ауызекі аңыз-әпсананы пайдалана отырып жазған. Бұдан бөлек, Үміт­тің қаламынан шыққан «Өткен шақ», «Өмір жыры», «Жолау­шы», «Қарлығаштар» хикаят­тарының негізгі тақырыбы туған жер, өскен ел, өсірген ана, өндіріс ерлері т.с.с. Маңғыстау түбегінің көркем шежіресі дерлік туындылар.
Түрлі тағдыр тарихын қалам ұшымен қағазға таңбалап, көп жайдың сырын ашқан Үміт Жәлекенің әңгімелері «Қауышу» деген атпен Ашур Өздемирдің түрік тіліне аударуымен 2023 жылы Стамбул қаласында жарық көрді.
Қолына қалам ұстағалы өзі дүниеге келген киелі өңірдің төрткіл дүниеге танымал өндірісі, еліміздің экономикасына үлкен үлес қосып, абырой биігінен көрінген еңбек озат­тары, біртуар өнер иелерінің өмірін жазумен келе жатқан Үміт Жәлекенің Н.Ә.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қорының «Қазақ мұнайының ардақтылары» өмірбаян сериясымен біраз кітабы баспа бетін көрді. Атап айтсақ, «Мұнайдан бақыт тапқандар», «Аманжан Өтесінов», «Мұханмеди Жолболдин» ғұмырнамалық кітаптарының авторы. Ә.Спанмен бірігіп жазған «Мұнайдан дария жасаған Халел Өзбекғалиев», «Өзеннің мақтау­лы мұнайшылары» және «Өзенмен өзектес өмір», К.Тұманбайұлымен бірігіп жазған «Ағайынды Базарбаевтар», «Өмірін еңбекпен өрнектеген» кітаптары бар.
Қазақ­стан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі, Жаңа­өзен қаласының Құрмет­ті азаматы Үміт Жәлекеге қаламыңның сиясы құрғамай, бейнеті мол жазушылық еңбектің жемісін көріп, әдебиет әлемінде өз қолтаңбасымен танылған, тынымсыз еңбегіне шығармашылық толағай табыс тілейміз!

Жанбибі ДҮЙСЕНБАЕВА,
филология ғылымдарының
докторы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір