Тұңғыш Тянь-Шань халықаралық форумы
21–23 қазанда Бейжіңде «Қытай – Орталық Азия әдебиетінің І Тянь-Шань форум» өтті. Халықаралық жиынға Қытай мен Орталық Азияның бес елінен белгілі ғалымдар мен әдебиеттанушылар қатысты.

Халықаралық форум Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының мәжіліс залында өтті.Алғашқы пленарлық мәжілісті Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Этникалық әдебиеттер институтының директоры Андэ Мин ашып,оның орынбасары Лю Дасянь бастап жүргізді.
Ұлттар әдебиеті теориясы бөлімінің меңгерушісі И На жүргізген пленарлық мәжілісте Қырғыз мәдениет және өнер ұлттық университетінің профессоры Үміт Құлтаева «Рухани резонанс:Конфуций және Қырғызстан жазушылары»,
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Бас директоры, ф.ғ.д., профессор Дүкен Мәсімханұлы «Мұхтар Әуезов пен Лу Шүн шығармашылығындағы сыни дәстүр мен әдеби жаңашылдық»,Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы Этникалық әдебиеттер институтының ғылыми қызметкері Адыл Жұматұрды «Тао Ян және қытай манастануындағы дереккөздік негіздердің көрінісі»,Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясы Өзбек тілі,әдебиеті және фольклоры институтының директоры Жаббор Ешанқұлов «Бақсы орындаушылық өнері өзбек халық дәстүрлері контексінде» деген тақырыптарда баяндамалар жасады.Түстен кейінгі мәжілісте Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің проректоры Садық Алахан «Манас» эпосының прозалық аудармаларының ерекшеліктері»,Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Бауыржан Жақып «Мұхтар Әуезовтің «Манас» эпосы туралы зерттеулері»,Қарақалпақстан мемлекеттік университетінің профессоры Құбанычбай Оразмамбет «Орталық Азиядағы түркі халықтарының әдебиеті»,Қарақалпақ мемлекеттік университеті қарақалпақ филологиясы мен журналистикасы факультетінің деканы Қонақбай Тұрдыбаев «Ибрайм Юсупов поэзиясындағы қырғыз-қарақалпақ достығы»,Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы Ұлттар әдебиеті институтының кіші ғылыми қызметкері Тұрсынай Тулак «Ұйғыр дастандарының қазіргі трансформациясы және дамуы», Қырғыз ұлттық университетінің профессоры Венера Ахматова «Әдеби антропология:Шыңғыс Айтматов шығармашылығындағы экзистенциализм» атты тақырыптарда мазмұнды баяндамалар жасады.
Жалпы саны 47 ғалым қатысқан форумда профессор Дүкен Мәсімханұлының қытай тілінде жасаған «Мұхтар Әуезов және Лу Шүн: ұлттық дәстүрге сыни көзқарас және әдебиеттегі жаңашылдық» атты баяндамасы жоғары бағаланды.
Конференцияның жабылу рәсімінде ғылыми қорытынды жасаған Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы Этникалық әдебиеттер институты директорының орынбасары, профессор Лю Дасянь қазақстандық ғалым Д.Мәсімханұлының баяндамасын арнайы атап өтті. «Бұл жолғы конференциядағы елеулі жаңалықтардың бірі – қытай жазушысы Лу Шүн мен Қазақ елінің ұлы қаламгері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығын салыстырған баяндама болды.Бұл салыстырудың маңызы – екі жазушының шығармашылығындағы ұқсастықтарды анықтаумен ғана шектелмей, әр халықтың әдеби жаңғыру тәжірибесін өз тарихи-мәдени болмысымен сабақтастыра қарастыруында. Ұлттық мұраны жаңаша бағамдау, қоғамның рухани ізденістерін көркем әдебиет арқылы таныту, дәстүр мен жаңашылдықтың арақатынасын зерделеу сияқты мәселелер қазақ және қытай әдебиеттерін өзара байланыстыра зерттеудің кең мүмкіндігін көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, Мұхтар Әуезов пен Лу Шүн шығармашылығын салыстыру екі елдің әдеби мұрасын тереңірек тануға әрі әдебиеттанудағы ғылыми сұхбатты дамытуға негіз болады», – деді ол.
Бұл пікір Дүкен Мәсімханұлы ұсынған салыстырмалы зерттеудің ғылыми маңызын айғақтап, қазақ-қытай әдеби байланыстарын жаңа қырынан зерделеуге деген қызығушылықты арттыра түсті.
ҚР ҰҒА академигі Б.Жақыптың «Мұхтар Әуезовтің қырғыз эпосы «Манас» туралы зерттеулері» деген тақырыптағы баяндамасы да қатысушылардың назарын айырықша аударды.Әсіресе қазақтың ұлы жазушысының қырғыз халқының «Манас» эпосын 1928 жылдан бастап 1952 жылға дейін зерттеген еңбектерінің мән-маңызының зор екеніне ғылыми қауым дән разы болды.
Форумда профессор Андэ Мин, Ли Вэйцзянь, Адыл Жұматұрды, Жаббор Эшонқұлов, Үміт Құлтаева, Сунь Лэй, Долокен, Мамметайша Маметтурхан, Бахдолет Муназил,Ми Яньцин, т.б. ғалымдар әдеби мұра, эпостану және мәдени байланыстар мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Тао Янның ғылыми еңбегі мен Конфуцийдің рухани мұрасы қарастырылды.
Үш ғылыми секцияда әдебиеттердің өзара ықпалдастығы, эпикалық дәстүр және мәдени мұраны цифрландыру мәселелері талқыланды.
Бұл халықаралық басқосу қазақ әдебиеттануы мен шығыстану ғылымының беделін арттырып, Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-мәдени ынтымақтастықты нығайтуға жол ашты.
Тянь-шань форумы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұратындығы хабарланды.