Жас журналистердің халықаралық ғылыми форумы басталды
07.04.2026
59
0

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде студенттер мен жас ғалымдардың дәстүрлі «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми конференциясы ашылды. «Фараби форумы» аясында ұйымдастырылған бұл шараның басты мақсаты – білім алушыларды ғылыми-зерттеу қызметіне баулу, олардың шығармашылық әлеуетін ұштау және заманауи ғылыми мәселелерді шешуге белсенді қатысуына жол ашу. 

Жиынның ашылу салтанатында журналистика факультетінің деканы м.а. Мәншүк Мұқашева сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде ғылым жолына қадам басқан жастардың тың идеялары мен жаңашыл көзқарастары қоғам дамуына серпін беретінін, сондықтан бұл жиынның жас зерттеушілер үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Конференция барысында студенттер, магистранттар мен докторанттар өздерінің ғылыми жобаларын таныстырып, медиа саласындағы ең өзекті мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда қазіргі медианың даму үрдістері, цифрлық журналистика, ақпараттық қауіпсіздік және әлеуметтік желілердің қоғамға ықпалы секілді тақырыптар кеңінен талқыланды.

Сонымен қатар қатысушылар тәжірибелі ғалымдар мен сала мамандарымен пікір алысып, өз зерттеулерін жетілдіруге мүмкіндік алды. Мұндай еркін пікірталас алаңдары жас ғалымдардың сыни ойлау қабілетін дамытып, ғылыми ізденістерін жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді.

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы алдағы күндері де өз жұмысын жалғастырып, түрлі секциялық отырыстар, шеберлік сабақтары мен дөңгелек үстелдер өткізеді. Жиын қорытындысы бойынша ең үздік ғылыми жұмыстар анықталып, жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болады.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Баспаға ұсынған: Маулит Б. Байсерке А.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір