Салтанат АЙБЕРГЕНОВА. Берекелі кәсіп иесі
05.11.2026
35
0

Ата-анасының қалауымен Бесқаладан атажұртына – Қазақстанға көшіп келіп, өмірдің талай өткелін өткере жүріп, қазіргі кез­де төрт дүркін мәслихат­тың депутаты болған, еңбегімен елін ғана емес, әлем жұртшылығын қайран қалдырған Сыдық Дәулетовтің өмір жолы шынында да әр адамға үлкен ой салады. Мақала кейіпкерінің ғажап ақын, сөз шебері Бауыржан Бабажанұлының көмегімен шығарған «Нар жолы» кітабын оқып отырып, біз де ерекше күйге бөлендік. Кітапта автордың өмірге келген кезі, алғаш рет қызға ғашық болған балалық шағы, ата-анасының мейірімі мен қамқорлығы, еңбекке баулуы туралы өте қызық әрі тартымды баяндалады. Әкесі қызмет­те жүріп түйе баптап, анасы түйенің сүтінен шұбат әзірлеп, оны базарға апарып сатып, отбасын ештеңеден кем қылмай өсірген екен. Ол кезеңді автор кітапта үлкен махаббатпен, сағынышпен еске алады.

Осындай берекесі кіріп отырған жерінен әкесі атажұртына, Қазақстанға қоныс аударуға бел буады. Мұндай ұйғарымға келулеріне елге деген сағынышпен қатар тағы бір себеп – Арал мәселесі еді. Қарақалпақстанның жағдайы мүшкіл болды. Улы тұз бен құм аралас боран борағаннан кейін, Қарақалпақ жерінің топырағынан улы химикат­тың иісі шығып тұрады. Бір күні Сыдықтың жары Шарипа қат­ты ауырып, ауруханаға түседі. Өзі таңдап әперген келінінің жағдайы жанына батқан әке бірден шешім қабылдайды. Баласы Сыдықты шақырып алып: «Балам, келінімнің мына жағдайы маған ұнап тұрған жоқ. Соның бәрі – судан, экологияның нашарлығынан… Ертең Алматыға жүреміз», – дейді оқыстан. Бұл әңгіме кіндік қаны тамған туған жері, өскен ортасы бар Сыдыққа ұнай қоймайды. Әкесінің 86 жасқа шығып отырғанын да ой елегінен өткізеді. Бірақ әке сөзіне қарсы шығуға болмайды, көрген тәрбие сондай. Содан Сыдық жигулиін ретке келтіріп, көліктің артына әкесіне жайлы болсын деп көрпеше, жастық салып, жолға шығады.
Ай бойы екеуі әбден сабылып үй іздейді. Қарақалпақстанда жинаған ақшасы Алматы қаласынан үй алуға жетпейді. Сондықтан қала сыртынан қарастыра бастайды. Әйтсе де көңілдеріне қонымды үй табыла қоймайды. Бұл шекара асып көшіп келген көптеген отбасының басындағы жағдай болатын. Қоя салайын десе, намыс жібермейді. Содан Алланың көмегімен бір баспана кезігеді. Балалары өсіп, өз орындарын тапқан, күйеуі өмірден өткен, өзі Қазақстанды қимаса да Владивостокқа қызына кетуге бел буған орыс кейуананың шағын да болса, іші де, ауласы да мұнтаздай таза үйі көңілдерінен шығып, әкесі: «Аламыз!» – дейді.
Бұлардың көшіп бара жатқанына ел таңданыспен қарайды. Сонымен, бір отбасы аласапыран жылдары қазаққа пана болған қасиет­ті Бесқалаға қош десіп, қазақ даласына, ару Алматыға бет бұрады. Алматыға табан тіреген соң, Сыдық аудандық автомобиль жолдары мекемесінде, әуелгіде дәнекерлеуші, кейін диспетчер болып 130 рубль айлықпен жұмысқа тұрады. Қарақалпақстанда бар малдарын, үйін сатып келіп, енді өз-өздеріне келе бастағанда, 1993 жылы мекеме жабылып, отағасы жұмыссыз қалады. Бүкіл ел іші хаосқа айналған шақ. Не істеу керек? Қолтығынан демейтін ешкім жоқ. Сонымен, жары Шарипамен ақылдаса келіп базар жағалағанды дұрыс деп табады. Бұрыннан тағам түрлерін дәмді әзірлейтін Шарипа екеуі манты әзірлеп, сатуға шығады. Мұндағы алдарына қойған мақсат – адал еңбек ету. Манты таза ет­тен әрі дәмді дайындалғандықтан алушы да көбейеді. Кеш қарая базар жабылған кез­де, екеуі жигулилеріне отырып алып, вокзалға барып манты сатады. Біраз қаржы жинай бастайды. Әкесі мен анасына ақ ішіп отырсын деп сиыр алып береді. Бірақ қарт кісілердің сиырға қарауға мұршалары бола қоймады. Содан, мал аман қалу үшін сиырды көршісіне сыйлайды. Олар сиырды әупірімге келтіріп, әрдайым Сыдыққа рақметін жаудырып жүреді.
Анасы бірде: «Алматы жақсы ғой, бірақ түйесі жоғы жаман екен», – деп әкесі екеуінің түйе бағып, шұбат ішуді аңсап жүргендерін жеткізеді. Бұл сөз құлағына тие салысымен Сыдық ата-анасына түйе әпереді. Бұрын қораға кіргісі келмейтін қариялар енді қорадан шықпайтын болады.
Өмір бір орнында тұра берсін бе?! Отбасының тірегі болған әке, біраз уақыт­тан кейін анасы келместің кемесіне мініп кете барды. Ары қарай тіршіліктің қамын рет­теуге талпынған Сыдық екінші түйені сатып алып, жары Шарипа екеуі түйелерін жетектеп, шалғайға орнығады. Осылайша, екі түйеге қора тұрғызып, жазда киіз үй тігіп, қысқа қарай жертөле қазып, шұбат дайындап, сатып, қос малдың басын бірнеше бас түйеге айналдырады. Тіпті Түрікменстаннан төрт түлік малдың ішінде ең жерсінуі қиын деген түйелерді сатып алып, Алматы облысына әкеліп жерсіндіреді. Бұл – қиындығы мол үлкен шаруа. Оны қалай жөнге салғаны кітапта жан-жақты баяндалған.
Осы рет­те қандай кәсіп болмасын, бәрі ғылымға барып тірелетінін білген Сыдық, енді кандидат­тық диссертация жазуға кіріседі. Ал ғылымды қорғау үшін оның тәжірибесі, жаңалығы болуы шарт. Ол түйені көбейту жолдарын, қайткенде сүті сапалы болып, өнімі қанша пайызға көтерілетінін, өркешінің өсуінің өзі қандай процеспен жүретінін зерт­тей бастайды. Бір қызығы, бір өркешті түйенің сүті көп, құнарлығы аздау, ал қос өркешті түйенің сүті аз, құнарлығы жоғары, еті көп болады екен. Ғылымға бет бұрған Сыдық, міне, осындай көрсеткіштерді күнбе-күн жазып отырады. Өсімі қиын, екі жылда бір төлдейтін түйе малын ғылыми тұрғыда зерделейді. Бұл бағыт табандылық пен ыждақат­тылықты қажет ететіні сөзсіз. Жұмысын бір арнаға келтіріп, қорғаймын деп отырғанда, ғылыми жетекшісі өмірден өтіп, біраз қиыншылыққа тап болғаны бар. Алайда ізденімпаздығын орта жолда қалдырмай, бірнеше жылдан кейін ғылым кандидаты атағына да ие болады. Кітаптың өн бойында кәсіпкердің пайда табудан бұрын, барлық ісінде адалдықты басты орынға қойғаны сезіліп тұрады. 200 бас түйесін ұрлатып алғанда жаудың қайдан келгенін біле тұра, дәлелі болмаған соң әкесінің «өзіңе ие бол, кісіні ұры тұтпа» деген тәрбиесін қаперінде ұстайды. Жары Шарипаның болмысы арқылы өмірлік серігі парасат­ты, пайымды болып жолығуы да ер азамат­тың бақыты екенін көреміз.
Автор кітаптың әр тұсында кімдердің қаморлығын көргенін тілге тиек етіп, оларға өз ризашылығын білдіріп отырады. Түйе шаруашылығын өркендету үшін Н.Н.Логутовтың, С.Ә.Үмбетовтің жер бергенін, алғаш жұмысқа алған Қ.Шарафутдиновтың, қиналып жүргенде көлік сыйлаған Есенғали ағаларының, «Банк ЦентрКредит­» АҚ акционері В.Лидің, тағы да басқа жандардың жақсылығын жасырмай айтады. Бір сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да үлкен сенім артып, көмегін аямағанын баян еткен. Адамның жақсылығын ұмытпау да – адамдық қасиет­тің ең үлкен кредоларының бірі.
Кәсіпкердің кейбір тұста асығы алшысынан түсті, кей жерде есе жіберсе де мойыған жоқ. Өтірік айтпады, істемегенді істедім демеді.
Бірнеше мемлекет­те басылып шығатын, 7.008 миллион оқырманы бар «360 – geo – Reportage» жобасының журналисі Вольфанг Мартиннің кәсіпкерді іздеп келуінің өзі – айрықша оқиға. Көктем кезінде келген журналист пен түсірілім тобы Сарықұмға түйемен үш күн бірге жүріп барғаны да таңдандырмай қоймайды. Өйткені жайлауға көшу шынайы түрде өткен екен.
Өмірде қайғы мен қуаныш қатар жүреді емес пе?! Ойламаған жерден баласы Талғат­ты жер қойнына тапсыру Сыдық пен Шарипаға қат­ты соққы болып тиеді. Қазақ: «Атамдатсаң да, ботамдатпа» деп бекер айтпаған ғой. Кітапты оқып отырып, көзімізге жас келді. Сыдық бұл қайғыны да басты тік көтеріп еңсеруге тиіс екенін, Талғатының ізінен қалған Әмірхан үшін еңбек ету керегін ұғады. Содан бастап Алматы қаласында заманауи «Sudyk» мейрамханасын ашуға кіріседі. Бұл мейрамхананың безендірілуі, интерьері, логотипі, мәзірі – бәрі-бәрі түйеге деген құрмет­ті айшықтайды. Қазіргі кез­де өзіміз де сол мейрамханадан талай дәм татып жүрміз. Мейрамхананың әр бұрышы қазақы нақыштармен, түйе төліне тән белгілермен безендірілген. Әсіресе анасының жасауымен келген жүз жылдық тарихы бар алаша мен бір қабырғаны толықтай алып тұрған түйенің жасына қарай аталатын атаулары маған ерекше ұнады.
Әл-Фараби университетінде өткен ІV Халықаралық конференцияда Сыдық Дәулетов бір өркешті түйе мен қос өркешті түйелер туралы айтып, шетелден келген айтулы ғалымдарға жарты сағат­та үй тігіп алуға болатынын көрсетіп, киіз үйдің әрбір деталіне тоқталып, қалың көрерменді таңғалдырған екен. Елена Чиани айтқандай, «Сыдық мырза мейлінше ұлт­тық дәстүрді насихат­тап, қазақтың даладай дархан мінезін көрсетіп» келеді.
Кәсіпкер өз шаруашылығын дамытып қана қоймай, халқынан да көмегін аяған емес. Ақши ауылында балабақша, дүкен, құрғақ сүт жасайтын зауыт ашып, он екі отбасына үй салып берді. Балаларға арналған бал шұбат, жеміс шырыны қосылған коктейль, спортшыларға пайдалы, адам ағзасына зияны жоқ «Батыр» деген байытылған шұбат өнімін шығарады. Сондай-ақ кәсіпкер тұрғызған «Аруана шипажайының» орны ерекше. Мұнда түрлі науқастар ем қабылдап, дертіне шипа тауып жүр, тіпті аутизммен ауырған бала да емделгені бар.
Ұлт­тық кәсіпті өрге шығарып, түйе төлінен береке тауып жүрген Сыдық Дәулетов тарихы терең мекен Күрті өңірінде туризм саласын қолға алып, түйенің терісін өңдейтін фабрика салуды жоспарлап отыр. Тақыр жерден басталған кәсіп үлкен межеге жетектеп келе жатыр. Елін сүйген азамат­тың мына әңгімесі шын мәнінде адалдықты танытса керек. Шетелден кәсіпкер жапондар келіп, Сыдық Дәулетовтен қомақты қаржыға бірнеше бас түйесін сатып алмақшы болады. Бәрі келісіліп, енді малды жіберер кез­де, олардың түйе етін ит пен мысыққа қорек ретінде пайдаланайын деп жатқанын естігенде ол күрт өзгеріп, ақысын көтеріп төлейміз десе де, түйені сатуда бас тартады.
2025 жылы 20 қыркүйекте кәсіпкердің бастауымен көз сүйсіндірген түйе керуенінің куәгері болдық. Бұл шараны өТкізу оңайға соқпағаны, жетекке көнбейтін түйелерді бір ізбен жүруге үйрету, ұлт­тық киім тігу, бәрі де үлкен еңбекті қажет еткені мәлім. Осы мерекеде Гиннесс рекордтар жобасының өкілі Ричард Стэнинг те мұндай үлкен түйе керуенін тұңғыш рет көріп тұрғанын жеткізді. 2025 жылдың 29 қазан күні қазақтың түйе керуені Гиннесс рекордтар жинағына еніп, тарихымыз тағы бір айрықша оқиғамен толықты.
Ірі кәсіпті шыр көбелек айналдырып, өнімдері Қытай, Германия, Франция, т.б. оннан астам мемлекет­те сатылып жатқан, аудандық мәслихат­тың төрт мерзім депутаты болған Сыдық Дәулетовтің ұлт дамуына қосып жатқан үлесі орасан. Нардың жүгін арқалап, ел мерейін үстем етіп келе жатқан кәсіп иесіне табыс пен береке тілейміз!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір