Жастар жұмыссыздығы: дипломнан кейінгі өмір және еңбек нарығындағы кедергілер

Білім алу – болашаққа жасалған инвестиция. Алайда жоғары оқу орнын тәмамдаған әрбір жас маман бірден жұмысқа орналасып, кәсіби жолын бастап кете ала ма? Бүгінде дипломы болғанымен, тұрақты жұмыс таба алмай жүрген жастар аз емес. Жұмыс берушілердің тәжірибе талап етуі, мамандық бойынша бос орындардың тапшылығы және еңбек нарығындағы бәсекелестік – жас мамандардың алдынан шығатын негізгі кедергілер.
Жастар жұмыссыздығы: ресми статистика не дейді?
Қазақстанда жастар санатына 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтар жатады. Бұл норма «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңда белгіленген. Дегенмен Ұлттық статистика бюросы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін 15–34 жас аралығындағы азаматтар бойынша есептейді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың III тоқсанында Қазақстандағы 15–34 жас аралығындағы жастардың жұмыссыздық деңгейі 3%-ды құрады. Ал жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,6% болды.
Сонымен қатар 2025 жылдың III тоқсанында жұмыс істемейтін, білім алмайтын және кәсіби даярлықтан өтпейтін NEET санатындағы жастардың үлесі 5,8%-ды құрады.
Бұл көрсеткіштер еңбек нарығындағы жағдайды сипаттағанымен, мәселенің барлық қырын ашпайды. Өйткені жұмыссыздық деңгейі жұмыс іздеп жүрген және жұмысқа кірісуге дайын адамдарды есепке алады. Ал оқымайтын, жұмыс істемейтін жастардың бір бөлігі статистикада NEET санаты арқылы бөлек қарастырылады.

Диплом бар, тәжірибе жоқ: жас маманға не кедергі?
Жастардың жұмысқа орналасуындағы негізгі мәселелердің бірі – еңбек тәжірибесінің жетіспеуі. Жоғары оқу орнын аяқтаған түлек жұмыс іздеген кезде жұмыс берушілердің тәжірибе талап ететініне жиі кездеседі.
Бұл жерде қарама-қайшылық туындайды: жас маман тәжірибе жинау үшін жұмысқа орналасуы керек, ал жұмысқа орналасу үшін одан тәжірибе талап етіледі.
Екінші мәселе – білім беру бағдарламалары мен еңбек нарығындағы сұраныстың сәйкес келмеуі. Кейбір мамандықтар бойынша түлектер саны көп болғанымен, жұмыс орындарының саны шектеулі болуы мүмкін. Ал жұмыс берушілерге қажетті практикалық дағдылары бар мамандар қажет.
Үшінші фактор – жалақы мәселесі. Еңбек жолын енді бастаған жастар үшін тұрақты табыс табу маңызды. Алайда кейбір бастапқы қызметтердегі жалақы мен жұмыс көлемі жас мамандардың күткен талаптарына сәйкес келмеуі мүмкін.
Төртінші мәселе – аймақтардағы жұмыс мүмкіндіктерінің әркелкілігі. Ірі қалаларда жұмыс орындары көбірек болғанымен, бәсекелестік те жоғары. Ал кейбір өңірлерде жастардың өз мамандығына сәйкес жұмыс табуы қиындайды.
Журналистика саласындағы жас мамандардың жағдайы
Жастар жұмыссыздығы мәселесі журналистика саласын да айналып өтпейді. Қазіргі медианарық бұрынғыдан әлдеқайда өзгерген. Ақпарат құралдарына қойылатын талап күшейіп, журналист мамандығының аясы кеңейді.
Бүгінде журналист тек мақала жазып қана қоймай, ақпаратты тексеру, сұхбат алу, фото және видео түсіру, монтаж жасау, әлеуметтік желілерге контент дайындау сияқты бірнеше дағдыны меңгеруі қажет.
Әсіресе еңбек жолын енді бастаған жас журналистер үшін редакцияға орналасу оңай емес. Кейбір жұмыс берушілер кәсіби тәжірибені, портфолионы және цифрлық дағдыларды талап етеді.
Осы орайда журналистика факультеттерінде теориялық біліммен қатар тәжірибелік сабақтардың маңызы артады. Студенттердің редакцияларда тәжірибеден өтуі, нақты журналистік материалдар дайындауы және кәсіби мамандармен байланыс орнатуы олардың еңбек нарығына бейімделуіне көмектеседі.
Алматыдағы жастар жұмыссыздығы
Жастар жұмыссыздығының аймақтық ерекшеліктерін Алматы қаласының мысалынан да көруге болады.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының 2025 жылғы III тоқсан қорытындысы бойынша жариялаған мәліметінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4%-ды немесе 18,7 мың адамды құраған. Ал NEET санатындағы жастар саны 39,2 мың адамға жеткен.
Қалада жастарды жұмыспен қамту бағытында түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, 2025 жылы Алматыда 24,4 мың жас жұмысқа орналастырылған. Олардың бір бөлігі қалалық Мансап орталығы, «Жасыл ел» бағдарламасы және қысқа мерзімді оқыту курстары арқылы жұмысқа орналасқан.
Дегенмен жұмысқа орналастырылған жастар саны мен тұрақты жұмысқа орналасқан жастар санын бір көрсеткіш ретінде қарастыруға болмайды. Бұл жерде жұмыстың ұзақтығы, жалақысы және мамандыққа сәйкестігі де маңызды.
Мәселені шешуде журналистиканың рөлі қандай?
Жастар жұмыссыздығы – тек экономикалық мәселе емес, қоғамның әлеуметтік дамуына әсер ететін маңызды тақырып. Сондықтан бұл мәселені бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты көтеру қажет.
Журналистер ресми статистиканы жариялаумен ғана шектелмей, жұмыс іздеп жүрген жастардың мәселесін зерттеуі керек. Жас мамандармен сұхбат жүргізу, жұмыс берушілердің пікірін алу, еңбек нарығындағы сұранысты талдау және мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін тексеру – осы тақырыпты ашудың маңызды тәсілдері.
Мысалы, журналист мынадай сұрақтарға жауап іздей алады: Неліктен жұмыс берушілер тәжірибесіз түлектерді жұмысқа қабылдауға құлықсыз? Жоғары оқу орындарында берілетін білім еңбек нарығының талабына сай ма? Жастарға арналған жұмыспен қамту бағдарламалары қаншалықты нәтижелі?
Мұндай сұрақтар мәселенің тек сыртқы көрінісін емес, оның нақты себептерін анықтауға мүмкіндік береді.
Қорытынды
Жастар арасындағы жұмыссыздықты тек статистикалық көрсеткіштер арқылы бағалау жеткіліксіз. Себебі әрбір санның артында мамандығы бойынша жұмыс іздеп жүрген, кәсіби дамуға ұмтылған және қоғамнан өз орнын табуға тырысқан жас азамат тұр.
Жастарды жұмыспен қамту үшін білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы байланысты күшейту, тәжірибеден өту мүмкіндіктерін арттыру және жас мамандарға қойылатын талаптарды қайта қарастыру маңызды.
Ал журналистің міндеті – осы мәселелерді қоғам назарынан тыс қалдырмау. Өйткені журналистика – тек ақпарат тарату құралы емес, қоғамдық мәселелерді көтеріп, жауап іздейтін маңызды сала.
Жастардың жұмыссыздығы туралы айту – олардың бүгінгі жағдайын ғана емес, елдің ертеңгі еңбек әлеуетін талқылау.
Бекарыс СЕЙДУАЛЫ,
ҚазХҚ және ӘТУ 1 курс