ЖҮСІПБЕК ФЕНОМЕНІ ЖӘНЕ ЖАСТАР
29.09.2026
127
0

Ұлттың рухани жадында уақыт өткен сайын көмескіленбейтін, керісінше әр буын сайын жаңаша қырынан танылатын тұлғалар болады. Сондай дара болмыстың бірі – Жүсіпбек Аймауытов. Алаш арысының мол  мұрасы –  өткен тарих ғана емес, бүгінгі жасқа бағыт беретін ой мектебі, ағартушылық жол және азаматтық сана-сезім.

№225 ЖББМ  қабырғасында өткен «Жүсіпбек феномені және жастар» атты танымдық-тағылымдық іс-шара  да осы мақсат үдесінен шыға отырып ұйымдастырылды. Іс-шараға «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының басшысы Меруерт Мәулетқызы қатысып, жазушының шығармашылығы мен азаматтық болмысын кеңінен сөз етті.

Жастарға оның қаламгер ғана емес, ел тағдырына алаңдаған ағартушы, ұстаз, психолог, қоғам қайраткері ретіндегі қыры таныстырылды. Әсіресе «Ақбілек» пен «Қартқожа» романдарындағы адам тағдыры, заман шындығы, білімге ұмтылыс, ұлттық сана мен ішкі рух мәселелері талқыланды. Ақбілектің тағдыры арқылы  сын сағатта сынбаған рухты, Қартқожаның жолы арқылы  білім мен ізденіс арқылы қалыптасқан азаматтық болмысты ашып көрсетіп, жастарды әңгімеге тарта отырып кездесудің негізгі өзегіне апарды. Ал кездесудің негізгі өзегі жастардың ел алдындағы жауапкершілігі, азаматтық ұстанымы және өз болашағына саналы қарауы. Жүсіпбек мұрасы жас ұрпаққа бір нәрсені анық аңғартты, ол елге қызмет ету биік сөзден емес, білімнен, еңбектен, адалдықтан және өз ісіне жауап бере білуден басталады.

Жастар да білгендерін ортаға салып, білмегендерін сұрап, сұрақтарын қойып, кездесу мазмұнын аша түсті. Жанданған кері байланысқа қарап  Жүсіпбекті тану  шығармасын оқу ғана емес, оның азаматтық биігіне қарап, өз орныңды таразылау екенін ұғына түскені сезілді.

Мектеп басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Еркежан Маратқызы мен Алфия Хадиева Жүсіпбек Аймауытов тұлғасын ұлықтау тек ақпарат үшін ғана емес, тұлғаны қалыптастыратын күш, рух  екенін айта келіп, ұлы тұлғаның мұрасы жастар үшін дәл осындай ойға бастайтын рухани бағдар болатынын жеткізді.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір