ЖАСТАРҒА ГРАНТТАР ТАБЫСТАЛДЫ
03.11.2026
31
0

«Жасампаз ұрпақ тәрбиесі жолындағы мақсатты іс-шаралардың тағы бір маңызды бағыты – жастарға өз идеяларын жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау. Осы орайда Қарағанды облысында өз жобаларын дамытып, өңірдің қоғамдық өміріне үлес қосуға ниетті жастарды қолдау үшін жыл сайын берілетін «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттары табысталды», – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Мемлекеттік қолдау жастардың бизнес, волонтерлік, мәдениет, ғылым және технология салалары бойынша өзіндік идеялары арқылы жасаған жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл жолғы грант иегерлерінің қатарында жаяу туризмді дамыту, балалардың волонтерлік денсаулық клубын құру және отбасылық сүт шаруашылығын өркендетуге бағытталған бастамалардың авторлары бар.

Атап айтар болсақ, грант иегерлерінің бірі – Әйгерім Аймақованың «Туған өлкені жаяу аралайық» жобасында жаяу туризмді дамыту, сондай-ақ өңір мен елдің тарихи және мәдени мұрасын насихаттау мақсатындағы іс-шаралар көзделген. Спорттық туризммен 15 жылдан астам уақыт бойы айналысып келе жатқан жоба авторының айтуынша, өзі ұсынған жобаның идеясы еліміздің, әрбір өңірдің тарихи және көрікті жерлерімен танысуды барынша жандандырып, көпшілікке қолжетімді ету ниетінен туындаған.
– Біз әсем жерлерге, мұражайларға жиі барамыз. Белсенді демалысты ұнататын, тарихқа қызығатын адамдармен осыны бөліскім келді. Сондай-ақ балалардың бойына тарихқа деген сүйіспеншілікті қалыптастырғым келеді. Мектептегі сабақ – бір бөлек, ал өзің барып, көріп, сол тарихты сезіну дегеніңіз – мүлде басқа әсер, – дейді Әйгерім Аймақова.
Жүлдегер жоба аясында табиғи көрікті жерлерге, тарихи орындар мен мұражайларға экскурсиялар және белсенді бағыттар ұйымдастыру жоспарланған. Бұл тұрғыдағы іс-шараларға әртүрлі жастағы адамдар қатыса алады. Бағдарлама дайын, ал жоба авторы оны жақын арада жүзеге асыруға кіріспек.

Волонтерлік бағыттағы грантты Балқаш қаласының тұрғыны, «Қимылда!» жобасының авторы Данагүл Кәрібайқызы иеленді. Көп жылдан бері балаларға би үйретіп келе жатқан хореограф маман осы жоба арқылы жеткіншектерге арналған әлеуметтік волонтерлік денсаулық клубын құруды көздейді. Грант иегерінің айтуынша, жоба оқушылардың көбірек қимылдауына, бір-бірімен араласып, өзара пікір алмасуына және бос уақытын денсаулыққа пайдалы өткізуіне ықпал етеді.


– Қазір балалар гаджет алдында көп уақыт өткізеді. Сондықтан би арқылы олардың денсаулығын жақсартқым келеді. Бос уақытында олар сабаққа келіп, қимылдап, бір-бірімен араласа алады. Өзім Балқашта ұзақ жыл би пәнінен сабақ бердім. Уақыт өте келе жеке студиямды ашу туралы ой пайда болды, – дейді Данагүл Кәрібайқызы.
Тағы бір грант иегері – Абай ауданының Агроқалашық кентінде отбасылық шаруашылықты дамытып отырған Баяман Төлегенов. Сүт өнімдерін өндірумен айналысатын кәсіпкер гранттық жобаны іске асыру нәтижесінде өнім түрлерін көбейтіп, өндіріс көлемін арттыруды жоспарлап отыр.
Кәсіпкердің айтуынша, алынған грант шаруашылықты дамытуға, соның ішінде малға қажетті жем-шөп сатып алуға қосымша қаражат бағыттауға мүмкіндік береді.
– Грант – өз ісін ашуға да, өндірісті кеңейтуге де мемлекет тарапынан көрсетілетін өте жақсы қолдау. Бізде тұрақты шығындардың бірі – мал азығы, жем-шөп сатып алу. Енді мал басына қажетті азық көлемін еркін сатып ала аламын. Болашақта үлкен ферма ашып, шаруашылықты 200–300 басқа дейін кеңейткім келеді, – дейді Баяман Төлегенов.
Кәсіпкер жобада әлеуметтік бағытқа да ерекше мән берген. Отбасы ай сайын мүмкіндігі шектеулі балалар мен аз қамтылған отбасыларға шамамен 30 литр сүт тегін беріп тұрмақ.
Иә, атына заты сай тәуелсіздік ұрпақтары мемлекет қолдауымен өз жобаларын дамыту арқылы өңірдің қоғамдық өмірін көріктендіруге үлес қосып, бір кетікке кірпіш болып қаланбақ.

Өз тілшімізден

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір