Бауыржан ҚҰРМАНҚҰЛОВ. ҰЛТТЫҚ БОЯУЫ ҚАНЫҚ ШЫҒАРМА
24.09.2026
32
0

Жақында «Тұлпардың соңы» атты прозалық жинақпен танысудың сәті түсті. 236 беттік бұл кітап Шымкент қаласындағы «Жебе» баспасынан шыққан екен. Авторы – филология ғылымдарының докторы, профессор Жұманазар Асан.

Қазір аты алты алашқа мәшҺүр Мөңке биді, оған қоса «Едіге батыр» эпосын зерттеп, Серік Қирабаев, Сейіт Қасқабасовтардың сынынан өтіп, ғылым докторы дәрежесін алған Жұманазар Асан, көркем шығармалар жазумен ерте айналысқан. Оның тырнақалды туындысы «Тақырда» 1988 жылы «Жалын» журналында жарияланып, автордың әңгіме жазуға икемі барын танытса, сол жылы «Қазақ әдебиетінде» жарық көрген «Қазына» атты әңгімесі редакцияда қатар отырған Иран Ғайып пен Сайымжан Еркебайдың ілтипатына бөленді. Ғылым мен педагогтік жұмысты қатар алып жүру көп уақытын алғанымен, ғалым көркем шығармалар жазуды да осы күнге дейін естен шығармай келеді. Мұның басты себебі, ғалымның пікірінше, өзі көркем туынды жазып көрмеген адамның, бұл жөнінде студенттерге дәріс оқуы – өз отбасын құрмаған, бала тәрбиелеп көрмеген кәрі қыздың бала тәрбиесі жөнінде дәріс оқуымен бірдей. (Бұны аты әлемге әйгілі сатирик, түрік жазушысы Әзиз Несин «Анау емене?» әңгімесінде жан-жақты ашып, орынды келеке еткен).
Ж.Асанның жаңа кітабы «Тұлпардың соңы» атты шағын повесть пен жиырма төрт әңгімеден тұрады. Автор бұл әңгімелерін «Тәуелсіздікке дейінгі әңгімелер» және «Тәуелсіздік алғаннан кейінгі әңгімелер» деп екі бөлімге бөлген. Алғашқысында он бес, соңғысында тоғыз әңгіме бар. Сыни еңбектерді оқи жүріп бір анық байқағанымыз – сыншыларымыз кең құлашты шығармалар хақында пікір айтқанды тәуір көретін сияқты, ал әңгімелер көбіне назарға іліне бермейді. Шындығында әңгіме жазу анау айтқандай оңай шаруа емес. Бұл жөнінде Нобель сыйлығының иегері, атақты суреткер Уильям Фолкнерден асырып айтқан ешкім жоқ. Әдебиеттегі алғашқы қадамын 1926 жылы «Солдат сыйы» атты роман жазудан бастаған Фолкнер: «Әңгіме жазғаннан роман жазу әлдеқайда жеңіл» деген пікір ұсынады. С.Греньмен сұхбатында: «Маған, – дейді Фолкнер, – әрбір романшы – өлең жазуда сәтсіздікке ұшыраушы, қолынан келмейтініне көзі жеткен. Содан соң қиындығы жағынан екінші орында тұратын әңгіме жанрын байқап көріп, мұнда да сәтсіздікке ұшырап, роман жазуға кіріскен сияқты болып көрінеді».
Жиырмасыншы ғасырдың аса үздік саңлақтарының бірі атанған Фолкнер бұл пікірін сұхбатының кейінгі тұсында тарата түсіндіреді: «Можно быть более небрежным, в роман можно вставить больше всякого вздора и вам это простят. В рассказе, который по сути своей близок к стихотворению, каждое слово должно быть предельно точным. В романе можно быть небрежным, в рассказе – нельзя». Бұған құлақ аспасқа болмайды, себебі әңгіме жазуды ұлы өнер санап, барлық сыр-сипатын толық игерген адам айтып отыр. Өткен ғасырдағы атақты жазушы А.П.Чеховтың әңгіме жанрына ерекше ден қоюы тегіннен тегін емес. Өзіміздің классик жазушыларымыздың бірі Мұхтар Мағауинның роман, дилогиядан соң да әңгімеге айналып соға беру себебі де осы жағдаймен іліктес.
Жұманазардың бұл кітабының алғашқы беті Кеңес үкіметі тұсында жазылған «Шал мен жігіт» әңгімесімен ашылыпты. Бұл әңгіме 1994 жылы «Жұлдыз» журналының №10-12 нөміріне, яғни сол жылғы соңғы санына басылыпты. Қиын уақыт, «өтпелі кезең». Қаражат жоқ. «Жұлдыздың» үш нөмірі қосақталып бірге шыққан. Оның өзі бұрынғыдай 300-350 бет емес, 200 бет. Редакцияға түскен көркем шығармалар сарыла кезек күтіп тұрған уақыт. Мұның үстіне журнал редакциясына әр сөзіңе кіді қарап, қабақ шытатын Мұхтар Мағауин басшылық жасап отыр. Ілігу қиын. Әйтсе де, Жұманазардың бұл әңгімесі осы санда басылған Шериаздан Елеукеновтің «Мағжан шығармаларындағы психологизм», Мағауиннің «Ұлттың күретамыры», Сейтхан Әбілқасымұлының «Оспан батыр» романы сияқты тар кезеңде ұлттың рухын көтеретін таңдаулы шығармалардың арасына сыналай еніпті.
Әңгіменің негізгі жүлгесі – жасы сексен тоғызға қарап тұрған қария мен он сегіздегі жігіт арасындағы диалог арқылы берілген ұрпақ сабақтастығы, ескі мен жаңаның арасындағы байланыс, ұлттық дәстүр, өткен тарих.
Кез келген көркем туындыда диалог маңызды рөл атқаратыны көпке мәлім. Біз де осы мәселеге кіді қарап, әуелі жазушының диалог жасау шеберлігін тексерейік. Кеңес үкіметі тұсында мектеп бітірушілерден жасақталған шопандар бригадасының бес мүшесі Мұғалжар тауы ішінде киіз үйдің сүйегіне деп екіге бөлініп, бірімен-бірі жарысып тал кесіп жатады. Біреуінің үстінен түскен қария қолдарындағы өтпейтін араны тісей отырып, Қыдыр атты жігітті әңгімеге тартады. Арадағы қысқа-қысқа диалогтар оқушысын жалықтырып жібермейді, ынтықтыра түседі.
«– Тез бен морларың бар ғой, – деді шал.
– Бар.
– Үскі ше?
– Ол не нәрсе? – Қыдыр түсінбеді.
– Керегені көктеу үшін тесік керек емес пе? Тесетін құрал.
– Ә, оны станокпен тестіріп аламыз.
– Е, оларың жақсы екен, әйтпесе көп жұмыс, – кәрия сәл ойланып алды.
– Жонып та беретін шығар?
– Иә, жонып береді.
Шал тісеп болып, енді қайрауға кірісті. Мамайлар жақтан қураған бұтақтардың тасыр-тұсыр етіп сынған дыбысы, әлдене десіп дабырлап сөйлегендері құлаққа шалынады. «Ендігі олар біраз кесіп тастады. Ұят болды-ау».
Шал асығатын емес, «қайрамай-ақ қой» деу тағы ыңғайсыз.
– Керегені он бес көкті қыласыңдыр ма, жоқ әлде жиырма екі көкті ме?
– Ол жағын білмедім. – Қыдыр ішінен: «Шынында да неше көкті етер екенбіз?» деп ойлады.
– Қандай малдың терісімен көктейсіңдер?
Жігіт тағы да білмеймін деуге арланды.
– Сиырдың терісімен…
– Түйенің көнімен көктеу керек, сонда көк созылмайды.
– Ата, сіз бұрын үй басып көріп пе едіңіз?
– Жас кезімде бір рет Жаңбыршы үйшіге жәрдем еткенмін. Шалқардан осы тауға келіп, дабыл үй тігіп алып, үш күн жатып тал шаптық. Онда машина жоқ, зәңгілеп түйеге артатынбыз.»
«–Неше жасыңызда отау шықтыңыз?
– Мен бе? Он алты жасымда.
Жігіт сықылықтап күліп жіберді.
– Он алты деген… Шіп-шикі бала емессіз бе?
– Қайдағы бала? Ол заманда он үш, он төртке келген соң-ақ ересек адамға есептелесің. Сені ешкім де бала екен демейді. Әлгі Мұсаны он екі жасында әкесі Оқас Қоңыратқа астыққа бара жатқандарға қосып жіберді. Сол жылы қыс ерте түсіп, кірешілер сонда қыстап, көктемде келді. Жалғыз баласы.
– Ішетін астығы болмаған да?
– Жоғ-ә, бар болатын. Мұсаның әкелген тарысын «Баламның аман-есен келгендегі шашуы», – деп жұртқа таратып берді.
– Қызық екен.
– Не? – Ненің қызық болғанын шал ұқпады.
– Жәй, әншейін. – Жігіт төмен қарады.»
Зер салсақ, осы жолдар ғалым-жазушының диалог құрудағы шеберлігін анық аңдатып-ақ тұр емес пе?
Біз бұдан үш түрлі ерекшелікті байқаймыз. Автор диалогты кейбіреулерше сөзді көбейтіп, көлем қуу үшін пайдаланбайды, керісінше, шығармадағы көпсөзділіктен құтылу үшін қолданады. Екіншіден, әркім «өз тілінде» сөйлейді, қария қарияша сөйлеп тұр, жігіт жігітше сөйлеп тұр. Жасандылық жоқ. Үшіншіден, баласының бір қыс жүріп зорға әкелген тарысын, «баламның аман-есен келгендегі шашуы» деп әкесінің көрші-көлемге таратып беруі – бұрынғылардың таным-түсінігінің озық қыры. Кейінгіге үлгі. Соны автор көпке созбай, бір-екі сөйлеммен қазіргі оқырманды елең еткізе беріп отыр.
Біз шама-шарқымызша автордың диалог құрудағы шеберлігін көрсеттік.
Жазушының тағы бір қыры – әңгіме жазуда фольклорды пайдалануы. Ғасырлар бойы өлмей, халықпен бірге жасасып келе жатқан фольклордың бір саласы халық ауыз әдебиеті туындыларын пайдалану – классик жазушылардың шығармаларынан берік орын алған әдіс. Мысалы, Шыңғыс Айтматовтың мәңгүрт туралы аңызды пайдалануы көпке мәлім. Ал оның екі рет Мемлекеттік сыйлық алып берген «Ақ кемесі» мен «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетінің» сюжеті тұтасымен аңызға құрылған. Жұманазар да осы әдісті өз әңгімелерінде шебер пайдаланады. Мысалы, «Шашты Әзиздің ұрпағы» атты әңгімесінде ауылдық жерде тұратын, қазақы тәрбие жөнімен өскен өзі жас, өзі әдемі мұғалім келіншек тұрмыс құрғаннан кейін төрт жылға шейін бала көтермейді. Бір шаранаға зар болады. Осылай зарығып жүргенінде облыстық білім жетілдіру институтындағы өзінен жиырма жасы үлкен бөлім бастығы жігіттің аңыз-әңгімелерде айтылатын Шашты Әзиздің тікелей ұрпағы екенін біледі. Содан бір дауа болса керек деп ойлайды. Жігітпен танысып, бірнеше рет кездескен соң, ретін тауып оған өзінің жағдайын айтады. Жазушының фольклорды қалай пайдаланғанын нақты көрсету үшін үзінді берейік.
«– Мен тұрмысқа шыққалы төрт жыл өтті, – деді ол әңгіменің бір орайы келгенде. – Бала жоқ.
– Бала жоқ….
– Иә. Көтермей-ақ қойдым. Көрінбеген дәрігерім қалмады. Себебін нақты айтқан біреуі жоқ. Әйел затының бала көтермегені қандай қасірет. Жалғыз нәрестем, тіпті, ұл да емес, титтей қызым болса – екі дүниеде арманым болмас еді.
– Олай деп түңілме. Әлі жассың. Көрешегің алда.
– Бәлігер, емшілерді де тауыстым. Бәрінен күдер үздім. – Сырғаның екі көзі жасқа толып шыға келді. – Солай. Менде бала жоқ. Ал сіз болсаңыз Бабатүкті Шашты Әзиздің ұрпағысыз. Үш ұлыңыз бар.
Еркек аузын ашқан күйі аңтарылып қалды. Әйел мұның ештеңе ұқпай отырғанын сезе қойды.
– «Алпамысты», «Қобыланды батырды» оқыған жоқсыз ба? Баласы жоқтарға көмектесетін ше…
«Менің атым Шашты Әзиз,
Қыламын десең ықылас,
Жарылқады Жаратқан,
Ей, бишара, көзіңді аш!
Ұлыңның аты – Алпамыс,
Қызыңның аты – Қарлығаш»
Енді есіңізге түсті ме?
– Е-е-е…– деді еркек серпіліп. – Енді ұқтым. Түсіндім, түсіндім!
Саусақтарынан ұстады. Суық екен. Әйел жан-жағына қаранып, қызарып кетті де:
– Көлденең жұрттан ұят-ты, – деп қолын тартып алды. Оқыстан телефон шылдырлады. Ұялы телефонның бетіне үңілген Сырға:
– Ты-с-с! Біздің кісі, – деді. – Іздеп жатыр. Түрін үрей биледі. Қысқа тіл қатысты. Арғы беттегі дауыс қатқылдау шықты. – Кетуім керек, – деді шұғыл көтерілген Сырға».
Ақырында жігіт әдемі келіншекке ғашық болады. Бала көтергісі келсе де келіншек арам жүріске бара алмай қиналады. Соңында өзіне ғашық Шашты Әзиздің ұрпағының шын ықыласына бөленген әйел некелі күйеуінен екіқабат болады. Жалғыз осы туындыда ғана емес, автор «Аруақ қонған түн», «Ескі әңгіме», «Ер Едіге» әңгімелері мен «Тұлпардың соңы» повесінде фольклорлық сарындарды пайдаланады. Қазақ фольклоры – нешеме ғасырлар бойы өшпей халықпен бірге жасасып келе жатқан асыл дүниелер. Оны ретімен ұтырын тауып пайдаланған, бойына сіңірген көркем шығарманың да ғұмыры ұзақ болмақ. Жазушы Ж.Асан мұны жақсы білетін сияқты.
Жұманазардың соңғы уақытта жазған туындыларында бір өзгешелік бар, ол өзгешелік, біздіңше, жапон классиктерінен келген дүниеге ұқсайды. Бұл заңды да, шығармашылықпен жұмыс істейтін адам өмір бойы ізденіс үстінде болатыны белгілі. Ізденіс тоқтаған күні тоқырау басталады. Жапон классиктеріне назар салайық, Рюноске Акутагаваның «О-Томидың тазалығы» әңгімесінде: «Мэйдзидің жиырма үшінші жылы, жиырма алтыншы наурызда О-Томи күйеуі және үш баласымен Уэно алаңы арқылы өтіп бара жатты. Бұл күні Такэннодайда Бүкіл Жапондық Үшінші көрме ашылмақ-тын, оның үстіне, Курамон қақпасының қасындағы шиенің гүлдеген кезі, сондықтан да алаңда халық қарақұрым еді», – деп басталатын көрініс бар. Аңдасаңыз, мұнда Жапониядағы Уэно алаңы тұр, әңгіменің басты кейіпкері Томи күйеуі және үш баласымен сол алаң арқылы басқа күні емес, Мэйдзидің жиырма үшінші жылы (1890), жиырма алтыншы наурызда өтіп бара жатыр және сол күні Бүкіл Жапондық Үшінші көрме ашылмақ. Ал сенбей көріңіз! Немесе Харку Муракамидың «Лексингтондағы елестер» әңгімесінің бастауын қараңыз: «Бұл ойдан шығарылған оқиға емес. Шын мәнінде бірнеше жыл бұрын болған жәйт. Мен бар болғаны кейбір жағдайларға байланысты адам аттарын ғана өзгерттім, ал қалғанының бәрі таза шындық». Әңгіме жазудың шебері, өзіміздің Мұхтар Мағауинның «Түйеші Қамбар», «Бір нәзік сәуле», «Әбдіғапар сері» «Қара қағаз келген Салық ағам» әңгімелері де тап осындай үлгіде жазылған. Оқырман үшін өте сенімді үлгі. Мұны ерте сезінген әңгіме жазудың шеберлерінің тағы бірі Василий Шукшин өткен ғасырда-ақ: «Қазір бір әдемі сөз айтайын. Шебер шығармашы болғың келсе, қаламұшыңды шындыққа батырып ал. Басқа ештеңемен де адамдарды таң қалдыра алмайсың», – деген болатын. Айтайық дегеніміз, Жұманазардың «Тұлпардың соңы» атты повесі осындай үлгіде жазылған. Повесть кейіпкерлері Бақтыберген де оның баласы Медеубай да, Бүркітбай бай да – тарихта болған адамдар. Тұлпар туған Күрең ат та солай. Бәйге Күреңнің тарихын айтушы Сембай қарттың көзі әлі тірі. Осы Ақтөбе қаласында тұрады.
Автор повесть экспозициясында: «Есіме түсті. Біз сәби кезімізде Бүркітбайдың өзі болмағанымен немересі Шыңдағұлды орыс әйелінен туған ұлымен қоса көріп ек, үлкен ағам Мәліктікінде бір жеті аялдаған. Орыс бозбаланың фотоаппараты бар, ауық-ауық сыртылдатып суретке түсірген. Кішкентаймын, кішкентай болсам да ішім сезеді, бізге әлдебір жақындығы бар. Кейін білдім Бүркітбайдан Қалдықожа, Қалдықожадан Мәлік көкемнің шешесі Қазына туыпты. Қалдықожаның ұлы Шыңдағұл қуғын-сүргіннен қайтқан, аудан орталығындағы НКВД-ның бақылауында. Сонда Бүркітбай бай, оның ұлы болыс Қалдықожа біздің нағашымыз боп шығады. Қарабас Медеубайды да көргеміз. Қолына су құйдық, ет асадық. Жүзі айбарлы, қаршыға кеуделі адам еді». Осылайша аса сенімді басталады. Бірақ бұған қарап повесте айтылатын жәйттің бәрі шындықтың натурал түрдегі көшірмесі екен деп қалуға болмайды, аттың сынының бәрін Сембай айтпаған, «атпен сөйлесетін» әйгілі сыншы адай Едіге мен қисық Сүйінбай өмірде болмаған, Мұздыбайдың алтын шақшасы мен оны іздеп келетін әдемі келіншек те ойдан қосылған. Бір нәрсе анық, ойдан қосу жоқ жерде, көркем шығарма да болмайды. Екінші жағынан, жоғарыда айтқанымыздай, шындығы жоқ шығарма көркем туынды болып жарытпайтыны тағы белгілі.
Бақтыберген сыншының тұлпармен тұңғыш кездесуі туындыда былайша беріледі: «Бақтыберген атсейіс жол жүріп келе жатып құдықтан қозы суарып жатқан балаға кезігеді. Астындағы күрең тайын қазықбау шалып бұтаға байлай салыпты, шеткерірек. Әлі жабағы жүні түсіп үлгермеген арық тайдың алды-арты тең текше түрі, қақпан белі, ұзын тұмсығы мен құлағы, күнге қарап сілейіп тұрысы ұнап, қасына тақап келеді. Ат үстінен барлайды: кеудесі кең, тізесі жалпақ, буындары жуан, шашалы, кірпік-қасы қою, арты талтақ, төсі шалқақ, жал-құйрығы сұйық, бұйра жүн, үңгір қабақ, ешкі құлақ, торай көзді, бұзау тұмсық, дөгелек тұяқ екен. Әр қасында қайратты, жылтыр, ұзындығы жарты тұтам жеті қылшығы барына таңырқады. Бетіндегі бітімі өзгеше шошақ сүйек жүп-жұқа терінің астынан томпиып көзге шалынды. Түсе қалып, алдына бір, артына бір шықты. Мін таба алмай аң-таң қалды. Хас тұлпардың өзі! «Моһ! Моһ!» деп мойнын сипады, кекілін ашып, маңдайын көрді, сипалап тұрып ептеп қолтығына қол жүгіртті, құймышағын ұстады, құйрығын көтеріп, көтеншегін қарады. Танауының желбіршегін ашып, ішкі кеңсірікке қарай біткен алты тесікті көргенде қайран қалды. Сосын тісін тексермек болды. Күнге қарсы тұрған қарынсау тайдың аузын ашып, үстіңгі күрек тісінің мөрін қарай бергенде әлдене жарық ете түсті. Көз қарықтырған сызат, жасын сәуле тұлабойын осып өтті. Денесі тітіреп кетті. Жанарын жұма қойды. Іле буын-буыны босап, қалтырады. Біразға шейін демін ала алмай қалды. Аллаға сыйынып, дәтін әзер бекітті. Айран-асыр. «Қайдан пайда болған? Көктен түскен бе? Баяғы Көтібар батырдың атышулы Күреңі шыққан жерден емеспе екен?». Жүрегі тулады. Жүрісі өзгеріп, аяғын әлтек-тәлтек басып, атын жетектеп қойшыға қарай бет түзеді». Осы үзіндінің аса сенімді, эстетикалық әсері жоғары болуына жазушының балалық шағында жылқылы ауылда өскені, талай атсейістердің қасында болып, бәйге атына мініп, жарыстарға түскені де ықпал еткен.
Ж.Асанның Бақтыбергені мен Медеубайы, Едігесі мен Бүркітбайы повесті бір оқыған адамның есінде тұрақтап қаларына біз бек сенімдіміз. «Реалистік образ, – дейді, әдебиет теориясының білгірі академик Зейнолла Қабдолов, – әдебиеттегі адам бейнесінің ең сымбатты, шынайы түрі. Мұның сымбаттылығы да, шынайылығы да шыншылдығында; бұл – кәдімгі өмірде болған, бар және бола беретін, бірақ қайталанбайтын, әрқашан бұрын-соңды белгісіз тың қырынан көрініп, ылғи жаңарып отыратын тип. …Реалистік образдың эстетикалық-тәрбиелік мәні де, қоғамдық-өзгертушілік күші де айрықша үлкен», – дейді. Жұманазардың көзімен көрген кейіпкерлері тұрыпты, ойдан қосқан Қисық Сүйінбайы мен адай Едігесі де академик пікірінің үдесінен шығып тұр. Сөзіміз құрғақ болмас үшін тағы да дәлел келтіруге тура келеді.
«Күн бата жиналған адайлар асықпай шай-суларын ішіп, бағыланның еті ортаға келгенде астағы ең маңызды іс – екі күннен кейінгі аламанның жайын кеңесті. Әуелі әркім өз көрген-білгенін айтты. Соңында қорытынды сөз Едігеге берілді. Сыншы әдеттегісінше көп сөйлемеді. Бұл жолы тіпті қысқа қайырды: «Осы тұрғанда біздің екі көк бәйгеден бірінші келіп тұр» деді де қойды.
– Ас иесі әлімдерде екі тұлпар бар дейді ғой. Бірі – Бәйге Күрең, екіншісі – Аққұйрық, – деді төрдегі жасы үлкен ақсақал.
Қарасай бәкісімен тесіп, дайындап қойған саңылаудан қанша үңілсе де түстеп айыра алмады, сірә, бүгін келсе керек.
– Екі көктен оза алмайды. Оза алмайтын себебі, Күрең аттың құймышағының ұшына қамшы қатты тиіп, қан қатыпты. Сол арам қан денесі қызған кезде біртіндеп ериді, жетпіс бес шақырымның төрттен үш бөлігін өтем дегенше-ақ бойына түгел тарап, уы аттың пардасын бірте-бірте баяулатады. Қалай екенін білмеймін, мүмкін, кәрілікке қарай аяқ басқандықтан шығар Аққұйрықтың ішегіндегі қалтарыста сыртқа шықпай қатқан бір құмалақ қалыпты. Ол да бойы қызғанда еріп, уы бойына тарайды, – деді Едіге.
– Сонда бас бәйгені айқай-шусыз біз иеленеміз ғой, – деді ат иесі жас мырза масаттанып.
– Оны Алла біледі, – деді Едіге баяу сөйлеп. – Бәрі бір Алланың билігінде.
– Жаңа ғана бәйгеден келіп тұр деп едіңіз ғой.
– Иә, бізден озатын атты көрмей тұрмын. Көлденең бірдеңеге тап болмаса: жалғыз қазыққа ұрынбаса, кесе жатқан тайғақ тасты басып, шашасынан кетпесе, үстіндегі бала алыс қашықтыққа шыдай алмай талықсып ат басына ие бола алмай қалмаса, алдарынан шыққан әлдебір көтермеші бойы балқып келе жатқан жүйрікке кесе соғып мерт қылмаса… Айтса, қатер көп қой, шырағым. «Бап шаппайды, бақ шабады» дегенді естуің бар шығар.
– Әй, қарағым-ай, айтпас сөзді айттырдың-ау, жақсы сөз – жарым ырыс еді ғой, – деді ақсақалды қария мырзаға қарап қынжылып.
Мырза өзінің ойланбай қойған сұрағын жуып-шайғысы келіп:
– Ал жаңағы әлімнің Күреңінің құйрығындағы қатқан қан енді өмір бойы қала ма солай? – деп, сөзді басқаға аударуға тырысты.
– Иә, соны айтыңызшы. – Аузы жеңіл біреу қосарлана кетті.
– Оны кетіру қиын емес. Жаңа сойған семіз қозының құйрығын шыжғырып, сонымен екі жас жігіт алма-кезек сыласа сыртқа шығады.
– Аққұйрықтағы қатқан құмалақ ше? – деді мырза.
– Оған таң ата бір көздей шемішкінің майын ішкізсе, кешке дейін түсіп қалар.
– Тағы қандай күлік бар бізбен бәсекелесердей?
…Бұдан соңғы сөздердің онша маңызы болмайтынын аңдаған Қарасай түн ортасын күтіп жатпады, жұрттан бұрынырақ қимылдап, үйдегілер бата қылып, сыртқа шыққанынша мысықша басып, ұзай бере естігенін тез жеткізуге асығып ұша жөнелді. Мұнысы жөн болыпты, әлденеден секем алған Едіге сыртқа шыққан бойды үйді айналып, іргені қараған еді».
Біздіңше, осы шағын үзіндінің өзі-ақ Едігенің оқырмандар есінде қалуына жарап жатыр. Үзіндіден жазушының образ жасаудағы жинақтау мен даралау әдісін жетік меңгергені анық байқалып тұр.
Повестің аяқталуы да өзгеше:
«– Мұздыбайжан, алтын шақшаңды бері тасташы, – деді Сәкең, осымен хикаят тамам деген сыңай танытып.
– Сәке, Күрең тұлпардың бұдан соңғы тағдырын айтпадың ғой, – деді әлденеден хабары бар Аманғали.
– И-и-и-й, бұрынғыдан қалған сөз бар-ды, «Дүниенің басы – сайран, аяғы – ойран» деген.
Бұл жалған кімге опа берген. Ат түгілі, күні кеше, көз алдымызда, совет тұсындағы бұланталайда қатарынан озған талай жүйрік атып-асылып, Ібір-Сібірге айдалып, асыл сүйектері ит пен құсқа жем болып, шашылып далада қалды емес пе?»
Бұл енді оқырманды ойға қалдыратын аяқтау.
Қысқаша қайырғанда, жасандылықтан ада, ұлттық бояуы қанық «Тұлпардың соңы» повесінде қазақ даласының батыс өңіріндегі атбегіліктің қалтарыс-бүкпесі адам тағдырымен байланыстырыла көркем әрі шыншыл суреттелген.
Айттық, Жұманазар Асанның бұл кітаптағы бар туындысы жиырма төрт әңгіме мен бір шағын повесть деп. Аз ба, көп пе? Әдебиеттануда повесть жанры қандай болуы керектігінің даулы болғаны сияқты, көркем шығарманың бағасы немен өлшенуі керектігінде де дау көп. Жазушы еңбегін бағалау жөнінде де бірізділік жоқ сияқты. Том-том шығармалар жазып, үлкенді-кішілі сыйлыққа ие болып жатқандар бар. Таласымыз жоқ. Алсын, алуы орынды. Қаншама еңбек, таусылған көз майы, төгілген маңдай тер…
Осы мәселеге екінші қырынан қарасақ, Абайдың өлеңдері бір томға да жетпейді. Кеңес Одағының Мемлекеттік сыйлығын алған Ш.Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» атты кітапшасының қалыңдығы пышақ сыртына жетер-жетпес. Жер жүзіне даңқы кеткен жапон классигі Акутагава әдебиет табалдырығынан аттап, «Мұрын» деген шағын әңгімесін жариялағанда жапонның біздің Мұхтар Әуезов сияқты классигі, тек жазушы емес, жапон ұлттық мәдениетінің символы Нацумэ Сосэки: «Бала бұдан соң ештеңе жазбаса да жапон әдебиетінің тарихында қалды» деген екен. «Енді тездетіп роман жазуы керек» демеген. Осыған қарағанда жиырма төрт әңгіме мен бір повесть аз дүние емес сияқты. Мұның бәрін талдасақ, көпсөзділікке ұрынамыз, біз жазушы шығармасынан жеткілікті деңгейде үзінді бере отырып, шама-шарқымызша автордың өзіндік қолтаңбасын жеткізуге тырыстық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір