Светқали НҰРЖАН. «ҚАРА ЕМЕС, ХАН СЫЙЛАҒАН БЕГЛЕРБЕГІМ!» Хиуа хандығында Беглербек болған қазақ Жұмағамбет Жаншораұлы туралы аз сөз
24.09.2026
27
0

Кез келген санасы сау адам бүгінін бағамдағысы, ертеңін бағдарлағысы келетіні заңдылық. Ал бұл талап өткенін бажайлап алмай тұрып дұрыс нәтиже бермейтіні тағы ырас. Ығылман шайыр Шөрекұлының (1876-1932): «Ел қамын жеген ерлердің сөз білген жанда хақы бар» деген уәлі сөзінің ауызға жиі оралатыны да содан. Иә, шынында, біздің бүгінгі тірлігіміз бен барлығымыз кешегі ерлігіміз бен нарлығымызға тікелей тәуелді.

Басынан бақ аунап, қасынан құт қашып, тұсынан қызыр көшкен кезеңде империялардың жемтігіне айналған қазақ ұлтының кешегі өмірі қандай қансоқталарға тап болғанын ұмытуға еш хақымыз жоқ. Ол кезде елім деп, атқа міну, өлім деп отқа кірумен тең болатын! Алайда «өмірім – халқымдікі, өлімім – өзімдікі» деген сертті ту қылған ерендер қай заманда да болған. Олар бүгінгі «диванбатырлар» сықылды жылы үйінде, қатынының ық жағында жатып көсемсіп «батырлық» айтып, көсеусіп кәпірлік жасамайтын. «Кәпірлік» деп қатты айтып отырғанымды сөкпеңіз, бұл – ел мен елдің арасын ызғыштырып, шайтан-оттың шаласын ылақтырушылардың тым көбейіп бара жатқанын білгесін де ауыздан шыққан жан-күйгі сөз. Әйтпесе, қазақ ұлын кәпірлікке қиятындай кісәпірлігіміз жоқ.
Ал бұрынғы ерендер, ең алдымен, отқа өздері түсетін, күймей шықса, соңынан елін ертетін. Өйткені елімен бірге өртенген ердің тозақта жан­байтынына имандары кәміл-тін. Ол кездің заңы бойынша: «Елі қанбай, ері су ішпейтін». Сондай ердің бірі Хиуа хандығында беглербек (бектердің бегі) қызыметін атқарған Жұмағамбет Жаншораұлы болатын. Ол – адай руының тәзіке тайпасының өтей-төлек тармағынан шыққан адам. Бұл кісі түрлі тарихи ахуалдардың ауытқуы себепті Хиуа шегінде өмір сүріп жатқан мыңдаған Маңғыстау қазақтарының ресми басшысы болған. «Алып кетті», «шауып кеттісі» көп, бір жағынан, ханға арқа сүйеген хиуалық қалтамандар анталаған, бір жағынан, ханның жалаң қылышы атанып жалаңдаған түрікмен аламандарының ел талаған, бір жағынан, ноқтаға басы сыймайтын асау тайпа адайлардың аласұра бұлқынған заманында діңі әлсізді күштіге қорлатпай, мүжәлсізді тістіге талатпай қамқор болу ісі азаматтан ерлікпен қоса білікті, сол екеуінің қаруы билікті, үшеуінің усул-көзі иманды талап етер еді. Осы төрт қабырғасы бүтін ер ғана елін қабырғалы халыққа айналдыра алары сөзсіз-тін әрі жат жерде, бөтеннің қол астында жүріп ел іргесін бүтін ұстау қандай қиямет шаруа екенін ойлай беріңіз.
Беглербек демекші, бізге жеткен деректер бойынша, Жұмағамбеттен бұрын адай елінен шығып үшбу хандықта осы қызметті атқарған жан Ғафур Қалбин (1827-1880) еді. Бұл туралы Әбіш Кекілбайұлы және басқа да тарихшы-танымшылар жазған. Осы жолдар иесінің 1870 жылғы «адай көтерілісі» хақындағы «Тарғыл тағы» дастанында бұл тағайындау былай суреттелеген:
…Тар жерде Қалнияздай
көкжендет жоқ,
Тез жақты тілмен көсеп
сөнгенді от боп.
Ертесін
Досан батыр түменбасы,
Ғафур би шықты ханнан
Беглербек боп!
Көздері үйренісіп ерсі сәнге,
Қонды енді тұмақ пенен қоңсы сәлде.
Баяғы Дәулеткерей Бек өлетін
Би Иса әмір болды Борсы-шәрге!..
Ал Ғафурдан кейін адай тайпасынан бұл мәртебелі атақты иеленген Жұмағамбет туралы тұңғыш толымды мақала жазып, тарихына сәуле түсірген жан – талайдан бері мұрағат ақтарып, еліміздің алағайлы заман, бұлағайлы кезеңдеріне барлау жасап жүрген Нұржігіт Нұрболатұлы. Одан бұрын бұл тақырыпқа барғандар О.Жалилов, Б.Опаев сынды ортаазиялық тарихшылар.
Омонбек Жалилов қазақтан шыққан бірнеше беглербектің есімдерін келтіреді. Бізге олардың ішіндегі етене танысы Ресей отаршылдарына қарсы екіталай шайқастардың қаһарманы Ер Есет Көтібарұлының (1803–1889) серігі Әзберген Мұңайтпасұлы (1813–1880). Ол әлімнің қыр шектісінен шыққан әйгілі батыр, айтулы би. Кейін 1859 жылғы Петербург делегациясының құрамында Есет батыр, ұлы күйші Дәулеткерей Шығайұлы (1820–1887), Русия географиялық қоғамының толық мүшесі, сол қоғамның күміс медалінің иегері ғұлама қазақ ғалымы Мұхаммед-Салық Бабажановтармен (1832–1871) бірге II Александр патшаның қабылдауында болған адам. Жалилов тізімінде Әзберген батырмен аты қатар аталған біздің кейіпкеріміз Жұмағамбет Жаншораұлы осынау әйдіңгір тұлғалардың заңды жалғасы-тын. Нұржігіт еңбегінде Жұмағамбет пен оның інісі Жұмағұлдың қазақтардың есесін ешкімге жібермеу, ақысын бөтенге жегізбеу істеріндегі бірнеше кәделі әрекеттерін мұрағат деректері арқылы баяндайды. Біз бұл жерде оларға тоқталмаймыз.
Жалпы, тарих ғылымы сүйенетін қайнар-көздің бірі – ауыз әдебиеті мұралары, ақын-жыраулар шығармалары. Ұлттың көзі, құлағы, тілі, жүрегі, жады, санасы, ары, намысы болып саналатын ақын-жыраулар ел санасында ізі қалған жандарды ешқашан ұмытпайды. Құсни сөздің құдІретімен уақыт тұңғиығынан қалқытып бетке шығарып, ұрпақ жадына таңбалап кетіп отырады. Мұның он сан мысалдары бар.
Мысалы, Он екі ата байұлының таз руынан шыққан, еліне ұран болған Ақпан батыр Аманбекұлы атты батыр өткен. Бейіті Маңғыстаудың Жабайұшқан тауының етегіндегі «Ақпан» құмында. Сол кісінің есімі өз руластарының жадынан сүртіліп үлгерген. Бірақ тазбен «емшектес» саналатын адайдың ұлы ақын-жыраулары Қашаған Күржіманұлы, Түмен Балтабасұлы, Сүгір Бегендікұлы шығармаларында оның ерлік даңқы сол күйінде сақталып қалған. Ал аталмыш шығармаларда баяндалған ердің ерен істері қазір архив құжаттарымен сәйкесіп, дәлелденіп жатқанына таңғалмасқа әддің жоқ!
Асылы, бағзы мұраларды, ол мейлі тарихи топонимдер болсын, архитектуралық көнеліктер болсын, бағзы өнер мұралары болсын, ежелгі архетиптік наным-сенімдер болсын, осыларды шашаусыз сақтау жөнінде осынау бірде кең, бірде тар түбекті жайлаған тарпаң тайпаға Жаратқанның тарапынан айырықша миссия берілген бе деп ойлайсың. Адайлардың жады қазақ ұлтының рухани мұрағаты дерсің, бейне! Жә, бұл сөз орайында айтылып қалып жатқан, бүгінгі тақырыбымызға жанама мәлімет ретіндегі нәрсе. Кележақ зерделі ұрғын бұл құбылысқа бөлекше шұқшиятынына күмәнім жоқ…
Бірнеше ұрпағы түбектен тыс жерде ғұмыр кешсе де Жұмағамбет беглербектің есімі, атқарған істері маңғыстаулықтардың жадынан еш өшпепті. Оған кәріқұлақ қарттар себеп десек те, ең әуелі, әлгі ақын-жыраулардың сіңірген еңбектері өлшеусіз. Мысалы, Беглербектің Хиуа ханынан алған Әмудария бойы Бадай тоғайындағы «Жұмағамбет қорығында» қос құрдас – би Мәтжан Тілеумағамбетұлы мен Қашаған жырау Күржіманұлы бас қосқан жиын жөнінде қарттардан естіп өстік. Тіпті сол жерде айтылған әңгімелердің өзін жадымыздың шаңын сәл сіліксек, тауып аларымыз хақ. Ал биыл 150 жылдығы тойланғалы жатқан халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылұлы (187601966) «Маңғыстау биі» атанған беглербек туралы не дер-дүр?
…Жұмағамбет, Жұмағұл
Хандармен болған табақтас,
Билермен болған сабақтас,
Асыл ердің данасы,
Халқының болған панасы.
Туар ма, шіркін, қазақта
Бұлардай адам баласы!
Осынау жыр үзігінен аталмыш тұлғаларға деген шенсіз құрметті танымайсың ба?!
Ал Құлбайұлы Ыбырайым ахун (1886-1982):
…Тәзікенің ішінде
Хиуаны тоқтатты
Жұмағамбет беглербек.
Хиуаның хан-төре
Келмеді оған деңгелдеп.
Дерек таппай өзіне,
Қалғандай суды шеңгелдеп.
Бір жігітке дәреже
Бұдан артық не керек?! –
деп, Сәтекең ағасының ұлағатын одан ары тастиықтайды.
Сонау «толғау айтып тоғыз ханды түзеткен» ұлы Сыпыра Софыбасыұлының соңғы сарқытындай Сүгір жырау Бегендікұлы (1894-1974) өзінің «Мүштарих» сөзінде:
Тәзіке деген ауылымның
Таппадым түгел тақтасын.
Таппауымның себебі,
Ана Тайсойған, Бүйрек – екі құм,
Мына жағы – құм Нарын,
Жайықтан ары жатқасын.
Алалап айту және ұят
Алқаға түсіп шапқасын, –
деген өкініш білдірсе, соңынан «Аталық тарих» жырында:
Тәзіке – Тайсойғанда бір тайпа елім,
Бұлардың білмей барам би мен бегін.
Жер алған Харазымнан Жұмағамбет,
Қара емес, хан сыйлаған беглербегім.
Ағайын ары бірге, айыптама,
Сөзімде болып жатса кемшін жерім, – деп, біздің кейіпкеріміздің атқарған ресми өкілетті қызметін де, ел үшін қылған қайрат, төккен терін де мөрлеп айтқан…
Осы жерде тәзікелердің Маңғыстау­да жерленуі хақында аз сөз айта кетсек артық болмас. Ырас, қараойда олардың белгілі бір ата-қауымы жоқ. «Ойда тәзікелер жоқ қой» деген сықылды ұшқарылау пікірлердің айтылып қалатыны да содан болса керек. Алайда шындық басқаша сөйлейді.
ДАТ (даланың ауызекі тарих­намасы) бойынша, Нарын адайлары­ның басшыларының бірі мәмбетқұл руынан шыққан би, «адайдың жеруігі» атанған Әтембек Сауғабайұлы мен тәзіке Досығараұлы Кемпір батырлар арасында алжасты әрекеттер болады. Орысқа арқа сүйеген Әтембектің зарпынан ығысқан тәзіке, жаман адай­ларды бастаған Кемпір батыр ауылда­рын алып Маңғыстауға құлап кеткені жөніндегі әңгімелер ел аузында сақтал­ған. Ел мен ел шарпысса, ер мен ер шенессе, арасында қыпық болып ақын-жыраулар жүретіні белгілі ғой. Нұрым жырау Шыршығұлұлының әйгілі «Әтембекке айтқаны» тол­ғауы да осынау оқиғаға қатысты дүние­ге келген туынды. Сол Кемпір батыр­лардың ұрпақтары, қорымдары қайда деген сұрақтарға жауап жоқ. Ал Жұмағамбеттің Маңғыстауда талай болғаны, Ақкетіктегі жиындарға қатыс­қандары жөнінде әңгімелер баршылық. Мысалы осы жайттарға куәлік беру­шілердің бірі тәзіке Шүңгілдің қызы Оразхан атты кәріқұлақ кейуана (90 жастан асып, 90-жылдары дүниеден өткен) байырғы маңғыстаулық болатын. Тағы бір дерек, Әбіш Кекілбайұлының төл қонысы, менің туған жерім Қаңға-Бабадағы «Мақтым-Баба» қорымында тәзіке Құлшық мырзаның бейіті жатыр. Айналасындағы сипаттас қойтас-құлпытас­тар да «мен – тәзікемін» деп жат­қандай. Енді сол Құлшық ұрпақтары табылып жатса, талай көмбенің беті ашылып қалуы мүмкін-ау деп ойлаймын…
Жә, әңгімеміздің сорабы, негізінен, Хиуа бағыты еді ғой. Тарихтан белгілі, Хиуаның қазаққа бағынған да, бағындырған да кездері болған. Арада не түрлі қым-қиғаш оқиғалар өткен. Олардың дені ел жадында, ақын-жыраулар шығармаларында сақталып, мұрағаттарда хатталып қалған. Ол хандықтың басымызға небір зобалаң орнатқанын да, нағыз топалаң тигенде, пана болғанын да білеміз.
1870 жылдың жедісінде Иса Тіленбайұлының (1829-1909) Ресейдің жасанған әскерлеріне қылар ғамал таппай жөңкіп көшіп, еңкіп босып бара жатып айтқан:
Біз кеттік қапылыста қырға қарай,
Хиуа, Бесқала мен Сырға қарай.
Қалың ел – Маңғыстауым,
қош бола тұр,
Бақыттың маңдайымда
тұрмағаны-ай, –
деп күңіренетіні осы сөздеріміздің бір дәлелі. Осы бір құтсыз кезең жайлы жазылған жоғарыда тілге тиек қылған дастанымызда сол Хиуаны былай суреттеппіз:
…Хиуа!
Сол баяғы Хиуасың,
Сен неге бүгін мұнша бұйығасың?..
Ерітіп таңдайыңда отырсың ба
Базардың жүзімі мен миуасын?..
Хиуа!
Сол баяғы шаһарсың сен,
Кейде бал, ал кей кезде зәһарсың сен!
Кей кезде қыздан жұмбақ
моп-момақан,
Кей кезде зәрін шашқан қаһарсың сен!
Сен кейде дәруіш боп сенделесің,
Сен кейде ғалым болып тербенесің.
Өзіңе шырқ айналып келе берем,
Өзіңдей бір шаһарды бермегесін.
Қазақтың теспей сорған ту даласын
Жетемін жәрмеңке боп шулағасын.
Толтырам сенен қоныш-
қоржынымды,
Ту далам сендей шаһар тумағасын!
Сықылды ең бір жақын тумаласым,
Күлесің,
мұңаясың,
қуланасың.
Шақырып аласың да күмбезіңе,
Сен кейде үзеңгіме у жағасың!..
Бәз бірде сұлу қыз боп қасың қағып,
Бәз бірде жендет болып тасырланып,
Өткенсің талай менің қойынымнан,
Кеткенсің мойынымнан
басымды алып!..
Иә, Хиуа байбақты Сырым бастаған небір тарланбоздарымызға қылған залымдығын біздің кейіпкеріміз Жұмағамбетке де жасаған. Бір емес, екі мәрте үзеңгісіне у жаққан. Сәкәрат-ул маут сағаты соқпағасын, екеуінен де аман қалыпты, жарықтық…
Құдайға мың шүкір, жат жерде жүріп ел билеген Жұмағамбеттен қайыр-сақауат, зайыр-шапағат көргендердің де, беглербектің өзінің де ұрпақтары бүгінде әулиелі түбектің төрінде жасап жатыр. Олар да қазақ көрген барлық зобалаңды бастан кешкен. Мейірімді Жасаған ие бабасының ел-жұрты үшін риясыз төккен тері мен қылуасыз еткен еңбегінің қиуазына осы бақты, қарқәлләзи шақты сыйлады. Ұрпаққа осыны түсінер сана бергей деген тілекпен бүгінгі аз әңгіменің тынғысын қойдық. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір