«Тілім менің – мәртебем, мәңгі жаса!»
07.09.2026
140
1

 

5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні. Бұл – еліміздегі барша тілге құрмет көрсетіліп, ана тіліміздің мәртебесі мен мерейі айрықша ұлықталатын тағылымы терең айтулы күн. Тіл – ұлттың рухани өзегі, халықтың тарихи жады, мәдениеті мен ұлттық болмысының айнасы. Ол – атадан балаға жеткен асыл аманат, ұрпақтар арасын жалғаған алтын көпір.

Тілге құрмет – елге құрмет. Өйткені халықтың сан ғасырлық тарихы, салт-дәстүрі, дүниетанымы мен ұлттық құндылықтары тіл арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетеді. Ана тілін сақтау – өткенді сақтау болса, оны дамыту – болашаққа жол ашу. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – баршамызға ортақ міндет әрі азаматтық жауапкершілік.

Осы айтулы күнге орай «Тілім менің – мәртебем, мәңгі жаса!» атты тағылымды мәдени шара ұйымдастырылды. Ана тілінің қадір-қасиетін дәріптеп, оның қоғамдағы маңызын кеңінен насихаттауды мақсат еткен мазмұнды кешке қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, ұстаздар мен жас ұрпақ өкілдері қатысты.

Кештің басты ерекшелігі – шараға арнайы шақырылған азаматтардың ана тілі туралы өз ойларын ортаға салып, тіл мәселесіне әр қырынан тоқталуы болды. Әрбір пікірден туған тілге деген құрмет, ұлттық құндылықтарға деген жанашырлық пен ел болашағына деген алаңдаушылық анық байқалды.

Қазақстандық экономист, саясаттанушы, қоғам қайраткері әрі публицист, Халықаралық «Адам» институтының президенті және «Мінбер» ақпарат агенттігінің президенті Жанұзақ Меңдешұлы Әкім өз сөзінде тілдің қоғамдағы орнына тоқталып, ана тілін құрметтеу әр адамның өзінен, отбасынан және күнделікті қарым-қатынасынан басталуы керектігін атап өтті. Тілді дамыту үшін оны тек мерекелік шараларда ғана емес, өмірдің барлық саласында кеңінен қолдану қажеттігіне назар аударды.

Қазақстандық философ, публицист және қоғам қайраткері Әбдірашид Бәкірұлы тілдің ұлттық сана мен қоғамдық ойды қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Ол тілдің тағдырын ұлттың тағдырынан бөле қарауға болмайтынын айтып, ана тілін сақтау мен дамыту – келешек ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік екенін жеткізді. Оның ойлары тіл мәселесінің тек тіл мамандарына ғана емес, бүкіл қоғамға ортақ екенін аңғартты.

«Қазақ әлем» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Мұхтархан Мамырбекұлы Абаған қазақ тілінің ұлттық бірегейлікті айқындайтын маңызды құндылық екенін атап өтті. Ол тіл мен ұлттық мәдениеттің ажырамас байланысына тоқталып, жас ұрпақтың бойына ана тіліне деген сүйіспеншілік пен ұлттық рухты қалыптастырудың маңыздылығын сөз етті.

Кеш барысында ел қорғаған азаматтардың да айтқан ойлары ерекше әсер қалдырды. Алматы қаласындағы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің «Жауынгер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, мемлекеттік үшінші дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы Байдаулет Құрманқожаұлы Даркенбаев Отанды сүю, елге қызмет ету мен ұлттық құндылықтарды қастерлеудің өзара сабақтастығына тоқталды. Ардагер өз сөзінде жас ұрпақты ел тарихын білуге, туған тілін құрметтеуге және ел болашағына бейжай қарамауға үндеді.

Ауған соғысының ардагері, «За отвагу» медалінің иегері Жұмат Құдайбергенұлы Құнанбай да ана тілінің адам өміріндегі рухани маңызына тоқталып, туған ел мен туған тіл ұғымдарының бір-бірімен тығыз байланысты екенін жеткізді. Ардагердің өмір жолынан туындаған тағылымды ойлары жастарға үлкен ой салды.

Педагогика ғылымдарының магистрі, заңгер, тарихшы, идеолог, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері, отставкадағы полковник Мұхамбетжан Тоқтағұлұлы Әбдібеков тіл мен тарихтың сабақтастығына ерекше назар аударды. Ұлттың өткені мен рухани мұрасы тіл арқылы сақталатынын айта отырып, жас буынды білімге ұмтылуға, тарихи сананы қалыптастыруға және ұлттық құндылықтарды қадірлеуге шақырды.

Кеш барысында айтылған әрбір пікірдің мазмұны әртүрлі болғанымен, барлығы бір ортақ ойға тоғысты. Ол – ана тілін құрметтеу, оның қолданыс аясын кеңейту және қазақ тілін келешек ұрпаққа аманаттау. Бұл ойдың жастар арасында айтылуы да шараның маңызын арттыра түсті.

Тағылымды кездесудің мазмұнын өнерлі жастардың шығармашылығы одан әрі аша түсті. Шараға Ахмет Жұбанов атындағы өнер мектебінің жас өнерпаздары арнайы қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Жас таланттардың орындауындағы әндер мен музыкалық шығармалар кештің көркін келтіріп, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. Өнер арқылы ана тілдің әсемдігі мен ұлттық мәдениеттің байлығы тағы бір мәрте көрініс тапты.

Кешке №128 мектептің оқушылары да белсене қатысты. Жас жеткіншектер өздерінің өнерлерін көрсетіп, ана тіліне деген құрметтерін сахна төрінде танытты. Олардың белсенділігі мен шығармашылық ізденісі шараның тәрбиелік мәнін арттыра түсті.

Жалпы, шара барысында үлкендердің өнегелі сөзі мен жастардың жалынды өнері өзара үйлесім тауып, ерекше рухани орта қалыптасты. Бір сахнада қоғам қайраткерлері мен ардагерлердің тағылымды ойлары, өнерлі жастардың шығармашылығы тоғысып, ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі қалыптасты.

Кештің тағы бір маңызды бөлігі – шараға арнайы келген қонақтарға құрмет көрсету, олардың еңбегін бағалау және алғыс білдіру рәсімі болды. Тағылымды басқосуды қорытындылаған Мұхтар Әуезов кітапханасының жетекшісі Қадырбекова Балнұр Асқарқызы кеш қонақтарына ризашылығын білдіріп, тілдің ұлт өміріндегі маңызына тоқталды. Ол осындай рухани-танымдық кездесулердің қоғам үшін, әсіресе жас ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтіп, арнайы келген азаматтарға алғысын жеткізді.

Шара аясында қонақтарға арнайы сыйлықтар мен марапаттар табысталып, олардың ел руханиятын, ұлттық құндылықтарды және ана тілін дәріптеуге қосып жүрген үлестеріне құрмет көрсетілді. Бұл сәт кештің мазмұнын одан әрі толықтырып, қонақтарға деген ыстық ықыластың белгісіне айналды.

Марапаттау рәсімі барысында залда ерекше жылы көңіл күй қалыптасты. Үлкенге құрмет көрсетіп, еңбегін бағалау – халқымыздың ежелден келе жатқан жақсы дәстүрлерінің бірі. Ал тілге арналған осындай шарада елге еңбегі сіңген азаматтарға құрмет білдіру – ұрпаққа өнеге боларлық тағылымды сәт.

Бүгінгі таңда ана тілінің болашағы – жас ұрпақтың қолында. Сондықтан мектеп оқушылары мен өнерлі жастардың осындай шараларға белсене қатысуы – көңіл қуантатын жағдай. Өйткені тілге деген сүйіспеншілік баланың жүрегіне жас кезінен сіңірілсе, ол оның өмірлік құндылығына айналады.

«Тілім менің – мәртебем, мәңгі жаса!» атты кеш те осы мақсаттың үдесінен шыққан, мазмұны мен тәрбиелік мәні жоғары басқосу болды. Кеш барысында айтылған тағылымды ойлар мен жүрекжарды тілектер, жастардың өнері мен үлкендердің өнегесі бір арнаға тоғысып, ана тілінің қадірін тағы бір мәрте сезіндірді.

Тіл – халықтың рухани паспорты. Ол жоғалса, ұлттың өзіндік болмысына да сызат түседі. Сондықтан қазақ тілін құрметтеу – тек тіл мамандарының немесе ұстаздардың міндеті емес, елін сүйген әр азаматтың ортақ парызы.

Ана тіліміздің абыройын асқақтату үшін әрқайсымыз өз үлесімізді қоса аламыз. Қазақ тілінде сөйлеу, сауатты жазу, оны құрметтеу, жас ұрпаққа үйрету – тілге жасалған ең үлкен қызмет.

Тіліміз тұғырлы, мәртебеміз биік болсын! Ана тіліміз ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ғасырлар бойы жасай берсін!

Тілім менің – мәртебем,
Тілім менің – мақтанышым.
Тілім барда – мен бармын,
Тілім барда – елім бар!

Ғали МАХАББАТ,
«Мұхтар Әуезов атындағы
кітапхананың қызметкері»

 

 

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 08.09.2026 | 08:31

Тілге құрмет — тілді дамытудың басты тетігі!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір