«Туған жер – тұнған тарих, ұлттық рух – ұрпаққа аманат»
07.09.2026
100
0

«Туған жердің бір уыс топырағы – алтыннан да қымбат,

Өз еліңнің тарихын білу – әр азаматқа парыз міндет.

Атамекен қадірін ұққан жас ұрпақ –

Ертеңгі елдің тірегі, болашақтың алтын діңгегі.»

Көнеден жеткен қасиетті қара сөз бен ұлттық рухтың қайнар көзі – кітапхана мен білім ордаларының тоғысқан сәті әрқашан ерекше мәнге ие. Туған жерге деген сүйіспеншілік пен патриотизмді қалыптастыру – қоғамның басты міндеттерінің бірі. Өйткені әрбір тұлғаның саналы ғұмыры туған өлкесінің тарихын танудан, атамекеннің қасиетін ұғынудан басталады. Осындай ұлы құндылықтарды дәріптеген нағыз рух пен парасат мерекесі 2026 жылы 5 қыркүйек күні Алматы төрінде ұйымдастырылды. Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты М.Әуезов атындағы кітапхана мен Алматы қаласы Алмалы аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен Махатма Ганди атындағы саябақта «Туған жер – тұнған тарих, ұлттық рух – ұрпаққа аманат» атты балаларға арналған ауқымды мерекелік іс-шара өте жоғары деңгейде өтті.

Ұшқыр ой мен ұлағатты ұстанымды ту еткен бұл басқосудың мақсаты айқын: өскелең ұрпақтың бойына туған жерге деген сүйіспеншілікті ұялату, ұлттық мұра – күй өнері мен ата дәстүрін дәріптеу, туған өлкенің шежірелі тарихын терең санаға сіңіру. Кешке Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернаты мен Мұхтар Әуезов атындағы №128 жалпы білім беретін мектептің 5–6 сынып оқушылары, ұстаздар, ата-аналар және қала тұрғындары қатысып, саябақ іші жас жұрттың думаны мен шаттығына бөленді.

Мерекенің шымылдығы өнерпаз Рауан Мәлікұлының қасиетті қара домбырамен төкпе күй орындауынан басталып, көкіректегі қазақы қаймақты оятты. Салтанатты жиында сөз алған Мұхтар Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханасының басшысы Балнұр Асқарқызы Қадырбекова жас буынды жаңа оқу жылымен құттықтай отырып, кітап оқу мен туған жердің тарихын білудің парасат биігіне бастайтын темірқазық екенін атап өтті. Ал Алматы қаласы Алмалы аудандық әкімдігінің өкілі Әсет Жармұхаммедұлы Доскей мен Алмалы аудандық полиция қызметкерлерінің өкілі Алмат Нұрақынұлы Жазаев жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, туған еліне адал қызмет етудің және қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаудың маңызына тоқталды.

«Туған жердің әр тасы шежіре ғой, Өткеніңді білмесең, не білесің?» дегендей, іс-шараның көрігін қыздырған басты бөлімдердің бірі – арнайы жабдықталған «Туған жер – тұнған тарих, ұлттық рух – ұрпаққа аманат» атты кітап көрмесі болды. Кеш аясында ұйымдастырылған бұл көрме өлкетану тарихына, туған өлке мен еліміздің шежіресіне, сондай-ақ қазақтың ұлттық құндылықтары мен әдеби мұраларына арналған құнды басылымдарды молынан қамтыды. Көрме сөрелеріне қойылған тарихи-танымдық әдебиеттер мен балаларға арналған танымдық кітаптар оқушылардың ерекше қызығушылығын оятып, олардың туған жер туралы көзқарастарын кеңейтуге, кітап оқуға деген құштарлығын арттыруға зор септігін тигізді. Кітапхана мамандары кешке қатысушыларға көрмедегі әрбір туынды туралы мазмұнды ақпарат беріп, өлке тарихын қастерлеудің маңызын жан-жақты түсіндірді.

Көрмеден соң кештің мазмұндық және мәдени бөлімі сан алуан танымдық алаңдарға ұласты. Жиналған оқушылар музыка ырғағымен бірлескен сергіту сәтін жасап, бой сергітсе, «Зерделі ұрпақ» викториналық сайысында Қазақстанның тарихы, географиясы және туған өлкенің өлкетануы төңірегіндегі сұрақтарға жауап беріп, өздерінің ұшқыр ойлы екендіктерін байқатты. Концерттік бағдарлама барысында жас өнерпаздар Құрманғазының «Адай», «Балбырауын» және Тәттімбеттің «Ерке сылқым» күйлерін шебер орындап, «Ақсиса» сынды жүрекке жетер әсем әндерді шырқады. Саябақ ішінде ұйымдастырылған «Ертегілер әлемі» жұмбақ сайысы мен еркін алаңдағы балалардың туған жерге арналған сурет салу байқауы қазақы танымның кеңдігін көрсетті. Сондай-ақ қатысушылар шахмат, дойбы, асық және тоғызқұмалақ сынды зияткерлік ойындармен қатар, «Асқан тартыс» пен «Асық ату» ұлттық спорттық ойындарында өзара ептілік пен мергендік сынасты.

Іс-шара соңында белсенділік танытып, ерекше көзге түскен оқушыларға Мұхтар Әуезов атындағы кітапхананың атынан арнайы танымдық кітаптар мен сыйлықтар салтанатты түрде табысталды.

Жалпы, 5 қыркүйек күні өте жоғары деңгейде өткен бұл ауқымды рухани кеш балалар мен қала тұрғындарының жүрегіне отансүйгіштік сезімін ұялатып, туған жерге деген шексіз махаббатты ерекше дәріптей білді. Ұйымдастырушылар, мектеп ұжымдары мен қала тұрғындары өзара алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсумен шара өз мәресіне жетті.

Туған жерге деген сүйіспеншілік – тек сезім ғана емес, ол – туған еліңнің тарихын терең танып, оның ертеңгі болашағы үшін аянбай еңбек етудің жарқын көрінісі. Атамекеннің әрбір шөбі мен тасы қасиетті шежіреге толы екенін ұғынған жас ұрпақ қана ертеңгі күні елінің тұғырын биікке көтере алады. Себебі патриотизм мен отансүйгіштік балалардың жүрегіне осындай тағылымды шаралар арқылы қалыптасып, саналы азамат болуға жол ашады.

Бүгінгі таңда өскелең буынды рухани-адамгершілік бағытта тәрбиелеу ісінде кітапханалардың атқарар рөлі айрықша. Әрбір баланың бойында туған жерге деген құрметті ояту, кітап оқу арқылы таным көкжиегін кеңейту – ұлт болашағына құйылған ең үлкен инвестиция. Осындай игі бастамалар жастардың бойында туған еліне, өскен өлкесіне деген шексіз мақтаныш сезімін қалыптастырып қана қоймай, оларды елдің ертеңі үшін жауапкершілікті сезінуге баулиды.

Атамекеннің қадірін ұғынып өскен жас жеткіншек – ертеңгі күні еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосар нағыз патриот. Ұлттық мұрамызды көздің қарашығындай сақтап, қасиетті қара шаңырақтың рухын асқақтату – әрбір саналы азаматтың басты парызы. Жүрегі от лапылдаған жастардың бойындағы отансүйгіштік қасиет осындай кемел кештер мен өнегелі басқосулар арқылы шыңдала түсетіні сөзсіз.

Туған жерге деген махаббатымыз бен отансүйгіштігіміз әрқашан жүрегімізде жанып тұрсын! Туған еліміздің тұғыры биік, мәртебеміз асқақ болып, егемен елдің іргесі берік, ұрпағымыз саналы, болашағымыз жарқын бола берсін!

Балғын денем балқыған,

Шат көңілім шалқыған, туған жер.

Анашымның ақ сүті-ау,

Топырағынан аңқыған, туған жер.

Ойын қуып аунаған,

Жүрегімді баураған – Туған жер!

«Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана қызметкері»

Ибадулла Мақпал

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір