Ақаш КӨКСЕГЕН. Қара сөздің хас шебері
Қабдеш Жұмаділовтің есімі қалың оқырманға кеңінен белгілі. Қаламынан он роман, жиырма бір повесть, жетпістен астам әңгіме туған тарлан талант. Сонымен қатар қоғамдық құбылыстарға да дер кезінде үн қосып, қалам тербеген қабырғалы қаламгер. Жазушының жазғандарының қай-қайсысын оқысаңыз да ойланбай, толғанбай қала алмайтыныңыз шындық. Себебі оның қаламынан туған көркем тіл, көрікті ой сізді еріксіз баурап алады. Басы артық бір сөз жоқ. Барлығы нанымды, көңілге қонымды. Әр сөз, әр сөйлем өзінің орнында. Шашау шыққаны, орнын таппай одағай тұрғаны жоқ. Иә, Қабдеш Жұмаділов – қара сөздің теңдесі жоқ шебері.

Жазушының көркем сөз бен терең ойға қанық болуына қаршадайынан қаймағы бұзылмаған қазақы ортада, салт-дәстүр берік сақталған отбасыда ержеткені де әсер етті десек, артық айтпаймыз. Өйткені ол өскен орта көсемдіктің, шешендіктің бағын асырып, бәсекесін арттырған орта болатын. Ол өмірге келген әулет сол елге қызмет еткен ел ішіндегі ерекше тағылымды әулет болды. Арғы ата-бабалары – әйгілі Бұқа батырдан бастап, Бәйімбет, Баймұрат батырлар алмағайып, қиын-қыстау кезеңдерде елін, жерін жоңғар басқыншыларынан корғаған. Одан бергі аталары – Сымайыл зәңгі мен Күдері билер де елдің сөзін ұстаған, жоғын жоқтап, мұңына құлақ асқан, жоқ-жітікке қол ұшын созып, демеу болған марқасқалар. Өз әкесі Жұмаділ де – бабаларынан үлгі, өнеге алған, әділеттің жолын ұстанған ақ сүйек қаракөктің тұқымы. Әрі қай-қайсысы да – қара сөзге ұсталығымен, шешендігімен дараланған жандар.
Иә, табиғатынан құймақұлақ, зейінді бала Қабдеш естігенін, көрген-білгенін көңіліне түйіп өсті. Адамның жас күнінде естігені, көргені мен білгені, көңілге тоқығаны тот баспас асылдай кейін келе өзіне қызмет етеді екен. Қабдеш ағаның да қара сөзге келгенде ешкімге дес бермейтін ғажайып қасиеті сол бала, бозбала күнінен өскен ортаның ықпалы арқылы орнығып, қалыптасқан қасиет пе дейсің. Қабаңмен сапарлас болып бірге жүрген кездегі тағы бір байқағаным ол кісінің еске сақтау қабілетінің былайғы жұрттан ерекше екені. Иә, Қабаң көзбен көріп, құлақпен естігенін ешқашан ұмытпайтын адам екен. Кейбір жазармандар секілді көрген-білгенін қойын дәптеріне қондырып, диктафонға жазып алмаса да сол қалпында санасына сақтай алатынына куә болғаным бар. Бұл енді былайғы адамдарда көп кездесе бермейтін, таңғалдырмай қоймайтын табиғат сыйы дер едім.
Өз басым жаратылысы бөлек жайсаң жанның есімін ертерек естіген едім. Ол кезде біздің үй Тарбағатайдың күнгейіндегі Еміл өзенінің бойында отыратын. Бір күні орыс елінің адамы саналатын Анар әжем аяқ астынан Тыныбай үкірдайдың ауылына қонаққа баратын болды. Сол жылғы қоңыр күздің жаймашуақ күндерінің бірінде сәскеге таман өзіміз «Көк байтал» атап кеткен қолда бар жалғыз мініс көлігі көк биені әкем өрісте жүрген жерінен алып келіп, ерттеді де, әжемді Үкірдайдың ауылына қарай жолға салды. Ол ауыл біздің үйден онша алыс емес, төбесі көрініп тұратын үш-төрт шақырым жерде ғана еді. Содан түс ауа әжем қайтып оралды. Сол бір қоңыр күздің шуақты күніндей әжемнің жүзі жарқын, көңілі көтеріңкі көрінді. Алдынан шығып, ат ағашқа атын байлап, айылын босаттым да соңынан мен де үйге кірдім. Әжем үйге енісімен қуанышын әке-шешеме айтып, бөлісіп жатыр екен. Мен кірген соң бір сәт тына қалды. «Келер көктемде осы ел советке қарай қотарыла көшетін көрінеді» деген әжемнің самбырлаған сөзін ап-анық естіп қалдым. Қастарында біраз отырып едім, ешқайсысы тіс жарып ештеңе айтпады. Әңгіменің тақырыбын мүлде басқа жаққа бұрып, өзара әлде нені әңгімелесіп отырды. Демек, мен естуге тиіс емес әңгіме. Біраздан соң мен қулыққа басып, ұйқым келіп тұр деп жатып қалдым.
Мен әбден ұйықтады-ау деген мөлшерде олардың әңгімесі бесін шай ішіп отырып қайта жалғасты.
– Үкірдайдың ауылына барғандағы үлкен жаңалықты жаңа айттым ғой. Келесі көктемде ел советке қарай қотарыла көшетін көрінеді. Мен оны өзім жақсы танитын, бұрын Шәуешекте тұрған, ана жылы совет гражданы ретінде ата жұртына көшіп кеткен Хасен деген қарияның өз аузынан естідім. Оның айтуынша, бұл істі бастаушы ана бір жылдары совет пен қытайдың дос кезінде Алматыға оқуға барған, кейін ел арасы бұзылған тұста қытай қайта шақырып алып, Үрімжіде бірнеше жыл сүргінде болған атақты Күдері бидің немересі Қабдеш деген азамат көрінеді. «Сол азамат елдің қазіргі ауыр жағдайын жеткізіп, Мәскеуге дүркін-дүркін хат жазып, шекараны ашып, мұндағы халықты қабылдауды сұрапты. Совет өкіметі оның сөзінің растығына көз жеткізіп, жұрттың аужайын түйіп қайтуға бұрын осы жақта болған өзі сияқты бірнеше жансызды жіберіпті. Қабдеш баламыз қылғұрт қытайдың тарапынан қатаң бақылауда деседі. Сондықтан азаматтың атын атауға абай болу керек. Немерем қанша дегенмен бала ғой, бірде болмаса, бірде байқамай айтып қоюы мүмкін, – деді әжем сақтықпен. «Бәрі түсінікті болды» дедім мен.
Содан кейін межелі көктемді елмен бірге мен де асыға күттім. Сөйтіп, келер көктемде Тарбағатайдың күнгейіндегі қалың ел айтқанындай-ақ қотарыла көшті. Кейіннен білдік қой, көкектің 10-ы мен мамырдың 1-не дейінгі аралықта екі елдің арасындағы 5 заставадан өткен атты-арбалы, жаяу-жалпылы көш күндіз-түні толассыз ағылған. Сол көштің соңын ала біздің үй де шекарадан өтті-ау. Себебі жарықтық менің әкем – Көксеген ел дегенде, едігедей жанын үзетін ерекше адам еді. Көке десе болды көлиіп түсіп, қоң етін кесіп беруге дайын тұратын ол, ежелгі әдетімен алдымен шекарадан ауылдастарының ішіндегі үлкен адамдары бар, жағдайы ауыр отбасыларын көшірісіп, өзіміз елдің ең соңынан қозғалған едік. Әлі есімде, елдің ең соңынан қозғалған біз де темір торы жиналған шекарадан өткен кезде әлгі тор қайта құрылып, шекара да жабылған-ды. Сондағы қуанғаным мен мұңайғаным ойымнан кетпейді. Қуанғаным – бала күнімнен аңсаған атамекенге табанымыз тиді. Мұайғаным – ең алғаш осы көштің қуанынышын біздің шаңыраққа жеткізген аяулы әжем Анардың бізден бөлініп, жат жердің топырағын жамылып, артта қалғаны. Ел өтерден екі ай бұрын ғой деймін өзінің көрген түсін өзі жорып: «Сендер елге аман-есен өтесіңдер, маған осы жерден топырақ бұйратын тәрізді», – дегені бар еді. Көріпкелдік қасиетімен де таңдандырып жүретін әжемнің осы айтқаны айнымай келген.
Шекарадан өткеннен кейін біз Шыңғыстаудың күнгейіндегі Шұбартау жеріне табан тіредік. Біз келген жер – ақын Абайдың «Жазды күн шілде болғанда» дейтін әйгілі өлеңі жазылған Байқошқар өлкесінің бойындағы Байқошқар ауылы. Ол кезде ұлы Абай жазған «Жаз» атты өлеңнен бейхабармыз. «Қаражартас» деген Байқошқар өзенінің бойындағы табиғаты тамаша бұйраттың күнгейіне түсіп, әкемнің арғы беттен көшерде тастамай ала келген, ата-бабасынан жалғаса қараша үйін тігіп отырдық. Сонда отырғанымызда осыдан бір жыл бұрын Емілдегі қонысымызда атын әжемнен естіген Хасен деген қария іздеп келді. Әке-шешеммен жөн сұраса бере, осыдан бір жыл бұрын кеңес өкіметінің астыртын тапсырмасымен арғы бетке барғанын, онда Тыныбай Үкірдайдың ауылында өткен жиында сол елдің жұртқа сөзі өтетін беделді адамдарымен кездескенін есіне алды. Әжемді сонда көріпті. Орыс елі десе аңсары ауып, көп жайға қаныққан әжемнің арманына жете алмай дүниеден өткенін естіп, қария әке-шешеме көңіл айтып, аруағына Құран бағыштады. Содан соң «Осы елдің көшуіне ерекше күш салған, Сымайыл зәңгінің, Күдері бидің ұрпағы Жұмаділдің баласы Қабдырашидтен хабарларыңыз бар ма, бері өте алды ма?» – деп сұрады. Саясаттан хабары жоқ қарапайым шаруа адамдары ол жағын қайдан білсін. Менің әке-шешем ештеңе айта алмады. Сонда «Есіл ер қытайдың қақпанына түспей елмен бірге өте алса, жарар еді», – деп қария терең күрсінген. Мен Сымайыл зәңгінің, Күдері бидің немересі «Қабдырашит деген кім?» деп ойландым.
Қабдырашидтің – Қабдеш Жұмаділов екенін кейіннен білдік қой. Осы бір жайсаң жанды жақсы ағамен кейінде талай мәрте дәмдес, тұздас, сапарлас та болдым. Ол кісінің қаламынан туған таңғажайып талай шығармаларды сүйсіне оқыдым. Рас, әуелгіде, студент кезімде оқта-текте көшеде кездесіп, амандасып жүргенім болмаса, жақын араласа қоймағанмын. Тек 1990 жылы өткен Республика парламентінің сайлауы қарсаңында ғана алғаш рет жақынырақ жүздесудің сәті түсті. Өйткені ол кісі сол кездегі Семей облысы бойынша парламентке депутаттыққа ұсынылған үш кандидаттың бірі ретінде Шұбартау халқымен кезесуге келген-ді. Соның алдында ғана мен Семей облысынан ұсынылған тағы бір кандидат Әкежан Қажыгелдиннің жұрт сенген өкілі болған едім. Алайда ауылыңа рулық жағынан да, рухани жағынан да жақын ағаң келіп жатқанда алдынан қалай шықпайсың. Қабаңды қасындағы қосыны, жора-жолдастарымен бірге қарсы алып, шаңырағыма шақырдым да қадірменді қонақ ретінде хал-қадерімізше төредей күттік. Құрметімізге риза болған болар, Қабаң ас үстінде алғысын білдіре келіп, менің ҚазМу-дің журналистер даярлайтын факультетінде білім алғанымды есіне алды. Жұмыс, жағдайымды сұрап, шығармашылық жайын да қағаберіс қалдырған жоқ. Мен ептеп өлең, әңгіме жазатынымды айттым. «Оның жақсы. Шығармашылықпен айналысатын адам ескі жыр-дастандарды, қазақтың қара өлеңін көп оқу керек, – деген Қабаң, – ескінің есті сөздеріне көбірек зер салып, тасбұлақтың суындай қайнардан мейірің қана сусындауың қажет», – деген ақылын айтты. «Ақын, жазушы боламын деген адамға алтынға бергісіз асыл сөздің мәйегі сонда жатыр», – деп бағыт-бағдар берді. Cірә, «Жақсыдан – шарапат» деген халқымыздың жақсы сөзі осындайда айтылған болар.
Одан кейін де ағамен телефон арқылы әр кездері хабарласып тұрдық. Қабаң ел мен жердің жағдайын, бала-шағаның амандығын тәтпіштеп сұрайтын. Ағалық ақыл-кеңесін айтатын. Тоқсаныншы жылдардың соңына қарай аудандар ірілендіріліп, Шұбартау ауданы тарап, Аягөз ауданына қосылған тұста ағамен телефон арқылы тағы да тілдескен едім. Себебі сол қарсаңда Аягөз ауданында әкім болған Айбек Мүталлапханұлы Кәрімовтің арнайы қабылдауында болып, осы уақытқа дейін атқарған қызметіме шақырылған едім. Ел мен жерге бауыр басып қалғандықтан ба, қабылдауда бір шешімге келе алмай, бірден келісім бере алмай қайтқанмын. Қабдеш ағадан осы жайында ақыл сұрағанымда бірден: «Аягөз дегенің – тоғыз жолдың торабы ғой, шырағым. Сенің ол жерге баруың керек. Себебі аягөздік ағайындар Абайдың ұстазы, әйгілі ақын-жырау Дулат Бабатайұлының қай жерде жерленгенін білмей жатыр. Біреу «анда», біреу «мында» дегенді айтады. Әзірге ешкім тап басып айта алмай отыр. Ал енді өмірі сол өңірде өткен Дулат бабамыз аспанға ұшып кетті деймісің? Сол Аягөз жерінің бір пұшпағында жатқаны анық. Тек жыр дүлдүлінің жатқан жерін тауып, нақтылау қажет. Аягөзге бар да осы іске атсалысатын бол. Аягөз – әрі сенің Алматыда оқитын балаларыңның жол азабын тартпай келіп-кетуіне де қолайлы, өздеріңнің де жүріп-тұруларыңа ыңғайлы жер. Айбек ініміз енді шақырса, тартынып қалушы болма», – деді ағамыз бастырмалата кеңес беріп.
Сол күні Семей облыстық мәдениет басқармасының бастығы Мәуемғазы Омарханұлы Масалимов ағамыз да телефон соғып, менің Аягөзге баруымның қажеттігін айтты. Ол аудан әкімі Айбек Кәрімовтің: «Бір жыл ішінде мәдениет бөлімінің төрт бірдей басшысын ауыстырдым. Біреуінің жұмысы көңілімнен шықпады» деген сөзін есіне алып: «Оған сенің кандидатураңды ұсынған мен едім. Неге бірден келісім бермедің? Аягөз деген сенің шалғайда жатқан Шұбартауың емес қой. Темір жолдың бойында, тоғыз жолдың торабында жатқан жер. Былай барсаң – Алматы, былай жүрсең – Семей, шығысыңда – Үржар мен Мақаншы, батысыңда – өзің өскен Шұбартау. Осыдан артық қандай қолайлы қоныс керек саған? Сөзді қой да Аягөзге баратын бол, бауырым. Жұмысты жаңа істеп жүрген жоқсың. Ақсаған шаруаны көтеру сенің қолыңнан келеді. Қорынба, оны жолға қоюға өзім көмектесемін. Сен одан да бүгінгі күннің проблемасы болып тұрған Дулат Бабатайұлы бабаңның жатқан жерін табуға атсалыс. Бұл туралы миниср Еркеғали ағаңа айттым. Өзіңде телефоны бар шығар. Жоқ болса, берейін. Дереу Ерағаңмен хабарлас», – деп Мәкең де қадап айттты.
Іле Ерағаңмен сөйлестім. Ол кісі де Аягөзге барып жұмыс істегенім дұрыс екенін жеткізді. «Мәулемғазы ғана емес, осында біз де – нақтырақ айтқанда, Қабдеш, Мұхтар ағаларың мен Несіпбек бауырың болып осылай ұйғарып отырмыз», – деді. Расында да мені бала күнімнен бері білетін Мұхтар Мағауин ағам да, Несіпбек бауырым да Аягөзге баруымды құптап отыр екен. Сонымен дәм тартып, Аягөзге келіп, жұмыс жасай бастадым.
Ол бір өтпелі кезең аталған қиын кез еді ғой. Елдің іргесі сөгіліп, ауылдың ажары кетіп, адамдар не істерін білмей дағдарып тұрған шақ болатын. Тіпті басқа – басқа, бір кездері шаруасы дүрілдеген кеңшардың орталығы болған – Мыңбұлақ ауылындағы мәдениет үйі өртеніп, шаңырағы ортасына түскен екен. Оған көршілес Ақшәулі ауылындағы мәдениет үйі де кетеуі кетіп, әбден бүлініпті. Орындықтардан жұрдай мәдениет үйінің еденіндегі тақтайларға дейін түгі қалмай қолды болыпты. Төбесіндегі шатырлар шұрық тесік. Андыздап аспан көрінеді. Себебі төбені жапқан тақтайлар да тоналған. Сыртқы кіреберіс бөлмесінің қабырғасы шалқайып құлаудың аз-ақ алдында тұр. Мәдениет үйі мен қатар салынған спорт залдың ортасын қосып тұрған, бұрын көркемөнерпаздар киім ауыстыру үшін салынған бөлме мен кітапхана ғимаратының да қабырғасы жартысына дейін жоқ.
Одан бергі үлкен күре жолдың бойындағы Нарын ауылдық мәдениет үйі де өртеніпті. Тарбағатай ауылындағы жаңадан салынып, пайдалануға әне-міне берілгелі тұрған қос қабатты жаңа типтегі мәдениет үйі орнымен тып-типыл. Ақшидегі жаңадан салына бастаған Мәдениет үйінде де сондай көрініс. Ондағылар тіпті кітапхананың қайда болғанын да білмейді. Сол сияқты Б.Майлин атындағы, «Ақшатау» ауылдық округіндегі мәдениет ошақтары оқыралаған сиырдың, шыбындаған жылқының көлеңкелейтін орнына айналған. Ал Қарағаш ауылдық округінде бұрыннан бәлендей мәдениет ошағы болмапты. Тарлаулы мен Қопа ауылдық округіндегі ғимараттар да талан-таражға түскен. Қысқасы, жау шапқандай жағдай. Себебі аталған мәдениет орындарындағы қызметкерлер бұл ауданда әлдеқашан оңтайландырудың өткір қайшысына ілігіп, қысқарып қалыпты. Иесіздіктің салдары әлгіндегідей.
Ол кезде көлік дегенің қат. Ауылдардың арасына қатынайтын қоғамдық көліктер атымен жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бір ауылдан екінші ауылға жетуің күш. Машина ма, трактор ма, кез ыкелген көлікке отырып жетуге тырысасың. Осындай жағдайда әр ауылға барып, мәдениет ошақтарының жағдайымен танысу қиынның қиыны болғанын айтып жатудың өзі артық. Дегенмен табандылық танытып, әр ауылға барып, жағдайды көзбен көруге тырыстық. Ауыл әкімдерінің, өнерді құрметтейтін жанашыр жандардың көмегімен мәдениет ошақтарының есік-терезелерін уақытша бітеп, көз қырын салатын қаржы алмайтын қарауылдар қойып, жақсы күндерге жеткенде халыққа қызмет ететін мәдени орындарын сақтап қалуға қолдан келгенше тырыстық. Осындай жұмыстармен жүргенде көне көздерден Дулат Бабатайұлы бабамыздың жатқан жерін анықтау мақсатында сұрау сала жүруді де әсте естен шығармадық.
Сол жылдары ауылдарды айтпағанда, аудандағы жалғыз мәдениет ошағы саналатын бұрынғы темір жолдың иелігіндегі, қазіргі «Қозы көрпеш – Баян сұлу» мәдениет үйінің де халі мүшкіл жағдайда еді. Иә, аудан орталығындағы осы жар дегендегі жалғыз мәдениет ошағының өзі жаңбыр жауса, жабындысы әбден тозғандықтан төбесінен сорғалаған су бірінші қабаттағы фоэсінің еденін көлге айналдыратын. Несін жасырайын, сол кездері жаңбыр жауған сайын төбесі қашан ортасына опырылып түсер екен деп алаңдайтынмын. Біртіндеп уақыт өтіп, қоңыр күз келді. Одан соң қыр астынан қылышын сүйретіп қыс та жетті. Жылу жүйесі бұдан бұрынғы жылдарда жарылып қалғандықтан атымен жоқ. Үлкен зал мен фоэнің қиюы қашып, әбден ескірген есік-терезесінен ішке саулап кірген суықпен қоса иненің жасуындай жерден саңылау табатын борасыннан бұрыш-бұрышты қар мен қырау басатын. Мәдениет бөліміндегі бірді-екілі қызметкер мен кейіннен жаңадан жұмысқа алынған өнерпаз жас буынның күшімен төбені де, есік-терезелерді де ақысыз-пұлсыз өз қолымызбен ептеп-септеп, жамап-жасқап, жылылаған болдық. Сөйтіп жүріп, суық залда бір емес, бірненше рет өзіміз алғаш ұйымдастырған «Баян сұлу» ән-би ансамблінің, «Аягөз» ұлттық аспаптар оркестірінің концерттік бағдарламасын жұртшылық назарына ұсындық. Сондағы өнерпаздардың алатын жалақысы да мардымсыз, 0,25 пайыздық ставка ғана болатын.
Қыс өтіп, жадырап жаз келісімен біздің өнерпаз ұжым жылу жүйесін қалпына келтіруді қолға алды. Батареялардың сау-тамтығы қалмағандықтан ойдан-қырдан оған қажетті жабдықтарды іздестірдік. Бұл ретте Балқаш, Саяқ сияқты өңірлерге дейін барып, геологиялық барлау жұмысымен айналысатын орындардың азаматтарымен тіл табысып, қолданыстан шыққан трубаларды КаМАЗ жүк көліктеріне тиеп әкелуге тура келді. Соларды қолдана отырып, жылу жүйесін толықтай қалпына келтірдік. Жарылған жылу пештерін қайта жөндеуден өткізіп, қатарға қостық. Осындай жұмыстармен жүріп те Дулат Бабатайұлы бабамыздың мәңгілік тыныс тапқан жерін табу жөніндегі жоғарыдағы ағаларымыздың тапсырмаларын бір сәтте естен шығарған жоқпыз. Бой жылынып, көңіл жайланғаннан кейін бабамыздың жатқан жерін табу жұмысына шындап кірістік. Ақыры сәтін салып алтын жіптің ұшығын тапқандай болдық.
Сонымен қанша жыл бойы белгісіз болып келген Дулат Бабатайұлы бабамыздың жатқан жерін айтқан кім дейсіздер ғой. Ол кісі ме, ол кісі – аспаннан түспеген, басқа бір жақтан келмеген, Аягөздің байырғы тұрғыны Ғабдылахмет Шакеров ақсақал. Жұма сайын мешітте жұрттың ортасынан табылатын, Айт мерекесінде қоңыр дауысымен күңіренте құтпа оқитын, аузында Алласы, қолында Құраны бар, жұрт ерекше сыйлап-құрметтейтін қадірменді қария. Мен ол кісіні бұған дейін де бір емес, бірнеше рет аудан әкімі Айбек Мүталлапханұлы Кәрімовтің алдынан көргенім бар. Ауданның басшысы сөзін ілтипатпен тыңдап, әңгімелесетінін, көнекөз қария екенін білетінмін. Аягөз өңірінің тарихын жақсы білетін, аса білімдар ақсақал. Енді Дулат Бабатайұлы бабамыздың жатқан жерін бір білсе, осы көшелі қария білер деген оймен оның үйіне арнайы іздеп келдік. Бұйымтайымды естіген соң қарияның жүзі жайдарланып сала берді.
– Дулатты да сұрайтын, іздейтін жан баласы болады екен-ау, – деп қарт ерекше қуанды. – Ешкім сұрамаса, өздігіңнен бірдеңені себепсіз айтпайсың ғой, – деді ол содан соң.
Иә, қария дұрыс айтады. Біреу арнайы сұрамаса, абыз қарттың көкірегіндегі алтын сандықтың кілті қалай ашылсын. Сонымен Дулат Бабатайұлы бабамыздың жатқан жерін бір білсе, осы кісі білер деген үмітпен арнайы іздеп келген бізге көкірегі даңғыл қария төгіліп қоя берді.
– «Тегімді менің сұрасаң,
Қалың найман нуынан.
Жырымды менің сұрасаң,
Сары алтынның буынан.
Сырымды менің сұрасаң,
Тұманың тұнық суынан.
Кеудеме қайғы толған соң,
Тұнық жырмен жуынам.
Сорғалаған нөсердей,
Жырын тыңда Дулаттың», –
деп жырлаған бабаларың ғой ол.
Дулаттың «Қайғылыны уаттым» деген осынау толғауын тоқтаусыз төкпелеген ол Дулат бабасының бұдан басқа да жұрт біле бермейтін жырларының бірнешеуін бірінен кейін бірін аса бір көтеріңкі көңіл күймен орындап шықты. Содан соң сәл тыныстап:
– Бабаларың бәз-баяғы ата қонысы «Лебайдың қызыл ағашы» деген жерде жатыр, – деп біз көптен күткен жаңалықты бөлісті. – Оны маған осыдан оншақты жыл бұрын Дулат бабаларыңа туыс болып келетін Асқар деген кісінің қызы Шәрбан апаларың айтқан. Бұл күнде 95 жастағы Шәрбан апаларың жүріс-тұрыстан қалып, қарттық жеңген жағдайда. Дегенмен қаланың осы «мияса комбинат» аталатын бөлігіндегі ауылда тұрады. Ол кісімен де ауызба-ауыз сөйлесіп жағдайды нақтылай түсулеріңе болады, – деді.
Ертесінде біз Шәрбан апаның үйін іздеп бардық. Ол кісіні біздің алдымызда бірер күн бұрын Таңсықта тұратын балалары алып кетіпті де, кездесудің орайы келмеді. Десе де Ғабдылахмет ақсақалдан барлық жағдайға қанығып алған соң Алматыдағы ағаларға сүйінші сұрап телефон соқтық. Ерағаң шет елге іссапармен кетіп бара жатыр екен. Ал осы мәселені ешқашан назарынан тыс қалдырмай, әр сөйлескен сайын елеңдеп отыратын Қабдеш ағамыз сол күні-ақ пойызға билет алып, жолға шығатынын айтты. Мұхтар Мағауин ағамыз осы жолы келе алмайтынын жеткізіп: «Қабаң барса, ол кісіден асатын жұмыс жоқ қой», – деді бірден. Ертесінде Қабаңды вокзалда қарсы алдық. Үйге келген соң Қабаң дастарқан үстінде Ғабдылахмет ақсақалдың хал-жағдайын сұрады. «Жағдайы жақсы, әзірге бақуатты, тың», – дегенімізде, Қабаң: «Үйінде телефоны бар ма?» – деп сұрады. Мен телефоны төсегінің жанында, дәл қасында екенін айтып едім, алдындағы асты, қолындағы басты қоя тұрып бірден қарияға хабарласты. Аудан әкімі Айбек Мүталлапханұлы көлік жіберіп, қарияны дереу алғызды.
Сол күні жазушы мен қария емен-жарқын отырып, ұзақ әңгіме-дүкен құрды. Ертесінде көненің көзі абыз қария Ғабдылахмет пен Қабдеш аға бастаған жүргізушілерді қосқанда, жиыны оншақты адам жол талғамайтын көліктерге мініп Ақшатау өңіріндегі «Лебайдың қызыл ағашы» деген жердегі Дулат Бабатайұлы бабалары мәңгілік тыныс тапқан жерді бетке алып жолға шықты. Олар мінген көліктер Аягөз – Қарауыл тас жолымен зырлатып барып, Ақшатаудан өткен соң қос қапталдағы қоңыр таудың ортасындағы дала жолымен батыс солтүстікке қарай тартты. Мезгіл ат көзінен көк келіп, дала жасыл түске еніп жасанған мамыр айының соңғы күндерінің бірі болғандықтан жолаушылардың көңілдері көтеріңкі. Қалың бұйрат тау ішіне сұғына кіргеннен кейін-ақ ақ қайың, қызыл қайың тұтаса өскен жықпыл-жықпыл сай-саладан көз ала алмай келеді. Алуан түрлі алқызыл гүлдер жайқалып, қалың шөбі белуардан келердей қау болып өскен өңірдегі адам аяғы баспаған ескі жол қаншалықты көмескілене түскенімен көкірегі даңғыл қария бағыт-бағдарынан айрылмай межелі жерге адаспай алып келді.
– «Лебайдың қызыл ағашы» деген осы ара, – деді қария бағанадан бергі тал-қайыңды бұйрат белдерді артқа қалдырып, көлденең жатқан көк өзектен өткен тұста. Жүргінші топ бұдан соң солға бұрылған жолмен тағы да алға біраз жүріп барып, қарсы беттегі қоңыр тауға тірелетін қарағанды өзектің оң жақ қабағына тоқтады. Содан соң: – Ал, айналайындар, бабаларыңның жатқан жері осы, – деді абыз қария қарағанды өзектің біз тоқтаған тұсындағы төмпешікті иегімен нұсқап.
Әлгі жердің қарағанының биіктігі соншалық, арасына өзге түлік түгілі, өркеші баладай атан түйе кірсе де көрінбей қалатындай екен. Сол арада сәл тұрған соң мен төмпешікке жақындап, биік қарағандарды біртіндеп қайырып, алға жылжып қарасам, әлгі төмпешік біз ойлағандай қабір емес, едәуір аумақты зираттың бір жақ қабырғасы сияқты көрінді. Алға тағы біраз жылжыдым, дәл солай. Менің соңымнан өзге жас жігіттер де ерді. Ақыры үсті-басымызды бұтаға ілдіріп, алты қырлы ескі зираттың үстімен бір емес, бірнеше айналып шықтық. Соңғы жолы тобымызға Қабаң да қосылып, мазардың солтүстік батыс жақ төріне сол маңайдағы беткейден біз әкеліп қолына ұстатқан ат басындай ақ тасты қойып, қаншама жыл көзден де, көңілден де таса болған бабаның мәңгілік мекені табылғанына ерекше қуанып, маңайын қалың жыныс қарағаннан тазалауды тапсырды. Себебі алдағы жылы Дулат Бабатайұлы бабамыздың туғанына 200 жыл толатын.
Ертеңінде жазушы Шыңғыстаудың теріскей бөктеріндегі Құндызды, Жүрекадыр жеріндегі әйгілі жырау Ақтамберді Сарыұлының басына тәуап етуге барды. Ол – кезінде «Күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз» деген не бәрі екі ғана өлең жолына көшпенді жұрттың көкірегіндегі күллі арманын сыйдырған ғажайып жыраудың тоқсаннан асқан шағында мәңгілік тыным тапқан жері. Ақтамберді зираты төрт құлақты шағын ғана зират екен. Оның маңындағы басқа қорым-бейіттердің тастары шашылып, жер болып, тегістеліп кетіпті. Жырауға тұрғызылған белгі де тым қораш көрінді. Оның үстіне, бір кезде осы өңірге орнаған совхоз үйлерінің бір шеті жырау жатқан қырқаға тым жақын салынғандықтан әлгі қорымдар мен зират өрістен қайтқан мал аяғының астында қалыпты. О баста айналасын қоршап, өліні құрметеу ешкімнің ойына келмеген сияқты. Жазушы осы жайларға жаны күйзеліп, қатты қынжылды. Содан болар бірге жүрген ел ағаларына «Басшылықтағы азаматтарға жеткізіңіздер» деп біраз ескертпелер жасады.
Бұдан соң жазушы Жүрекадырдың шығысындағы жазық далада қыш кірпіштен тұрғызылған Кенжеғұл бидің күмбез кесенесіне барып зиярат етті. Бұл осы сапарда бірге жүрген Абай, Шұбартау аудандарында басшылық қызметте болған, Мақаншы ауданындағы Арқалды кеңшарын ұзақ жыл басқарған Қайыртай Қажығұлов пен Аягөз ауданында кеңшар басшысы болған Рамазан Нашановтың аталары екен. Ал Кенжеғұл болса – Қу дауысты Құттыбайдың немересі. Оны Қабаң кезінде таратудай-ақ таратып жазған-ды. Ұрпағының айтуынша, көкейдегісін бет-беделіне қарамастан тура айтатын, тілі ащы, шешен кісі болыпты. Бұрын бұл жер сыбанның жері болған деседі. Ақтамберді жыраудың Жүрекадырда жатуының себебі де сондықтан.
Жазушы сапарының келесі күнін Ащысу, Жыландыдағы Барақ төре мен Әріп ақынның кесенелерін аралауға арнады. Одан соң Еңірекей, Үш биік, Арқат тауларының маңын аралап, осындағы Жаңкөбек сыбандар жайлаған қыстау-қоныстардың орнын көрді. Оның сыртындағы Апатай бұлағының басындағы Ақтайлақтың балалары: Әкімбай, Кеңесбай, Жараспай, Сабырбайларға, олардан туған Жарқынбай, Түгелбай, Жұмахан, Өзбахандарға қойылған бейне бір пантион іспетті қалың қорым, зираттарды аралап, аруақтарға Құран бағыштады. Одан әрі екі-үш кезең астындағы Шәкер әулиенің басына да тәу етті. Зираттың іші-сырты ақтыққа толы екен. Ғабдылахмет ақсақал атасына Құран оқып болған соң сол арадағы ағаш басынан жаңарақта байланған бір жібек лентаны шешіп алып жазушыға ұсынды:
– Жақсы ниетпен жүр екенсің. Иншалла әулиенің аруағы қолдайтын шығар. Мынаны сақтап қой, – деді құрмет білдіріп.
Расында да Қабаң осы сапарында көптен бері көкейінде жүрген тағы бір жаңа романның сұлбасын сомдап, айқындай түсуді алдына мақсат еткен-ді. Ол ойын жазушы жасының жеткеніне, жер таяна жүргеніне қарамастан осы сапар кезінде жанында жүрген абыз қарт Ғабдылахмет ақсақалға жасырмай айтқан. Ежелгі Аягөз жерінің бұрынғы және кейінгі аумағын аралап шығып, оның бар болмыс, фонарамасын көз алдынан өткерген күндерде сол ойына, алдына қойған мақсатына жетіп, жан дүниесі жадырай түскен.
Ол аса байыппен көз тастап жүрген осы маңнан бір кездері Семейден шығып, Аягөзге келетін күре жол өткен екен. Көптен бері жан баласы жүрмей, қоғалана өскен қалың шөп басқан жол тағаны мен бір кездері тартылған телеграф бағаналарының тас тұғырлары сол өткен күндердің белгісіндей әлі де бәз-баяғы қалпында тұр. Ақтамберді мен Ақтайлақтың ізі қалған, кейін Абай мен Шоқан жүрген, Потанин мен Янушкеевич секілді қазақ жерінде болған саяхатшылар басқан, Дулат пен Түбек, Әріп пен Әсет таптаған даңғыл ғой бұл. Сол жолмен жүрген жазушы бір кездері ары-бері өткен жолаушыларға ат дайындап тұратын Арқат пен Еңірекей бекеттерінің орнында да болды. Өткен күндердің ізін көргендей қалың ойда жүрді.
Келесі күні жазушы Аягөз жеріндегі Биесимас, Қайрақты, Қызылтас жайлауларын аралады. Өйткені Байқара мен Ақтайлақ бидің зираттары осы өңірде болатын. Нақтырақ айтқанда, «Қайрақты» мен «Балтақара» өзендерінің түйілісінде. Барақтың әкесі Солтабай төре мен қарадан шығып, «хан Қисық» атанған, қазақ халқы үшін аса бір күрделі кезеңде Көкпекті дуанына аға сұлтан болған Қисық Тезекұлының кесенесі де ол жерден онша алыс емес, осы өңірде.
Жазушы аудан әкімі Айбек Кәрімовтің тікелей басшылығымен Байқара мен Ақтайлақ билердің басына бұған дейін бұл өңірде болмаған өзгеше жобамен, ақ кірпіштен әдемілеп тұрғызылып жатқан күмбездерді аралап көрді. Әр қайсысы сегіз қанат қазақ үйдің аумағындай күмбездердің сыртын орай айналдырыла тұрғызылып жатқан жаңа кесенелер жазушыға ұнады. Сонда осы кесенелердің жобасынан бастап барлық жұмысына батыл араласып, басшылық жасап отырған Айбек Кәрімовтей аудан басшының ісіне дән риза болған еді.
Одан ары Солтабай төренің бейітіне зиярат жасады да, хан Қисықтың жатқан жерін бетке алды. Оған барар жолда оңтүстік шығыс жақтағы Тарбағатайдың сілемінен басталатын бұйрат белдерден ағып шығатын Еспенің жайылма суынан өтуге тура келді. «Машиналар батып қалуы мүмкін» десті жүргізушілер. Сол сәт жазушы төбесі көрініп тұрған баба зиратына бармай кеткенді жөн көрмей, аяқ киімін шешіп, балағын түре бастады. Қабаңа қарап бәріміз де солай істедік. Сол сәт мен, ел арғы беттен ата жұртқа өткен тұстағы тас-талқан болып тасып жатқан Қара кітат өзенінен Қабаңды арқалап өткен Қажытай Ілиясов ағамыздың ерлігін есіме алып:
«Аға, мен сізді арқалап өтейін», – дедім. Мезгіл май айы болса да су әлі суық еді. Жолаушылап жүргенде ауырып қалармын деді ме, ағамыз келісті. Осылайша, мен жайылмадан жазушыны арқалап өттім. Қабаң Қажытай Ілиясов ағамыз айтқандай, шын мәнінде, зілдей ауыр адам екен. Жол ортада құлатып алмай аман-есен өткеннен кейін: «Аға, әлі де жазарыңыз көп сияқты», – деп жарасты әзіл айттым. Ол кісі: «Ә,ә, солай ма», – деп дағдылы әдетімен құлжа басын көтере қозғап, күліп қойды.
Сол күндерде басынан өнегелі өмір, қилы күндер өткерген ағалардың арасында не әңгіме болмады дейсіз. Оларды сірә жазып та, айтып та тауыса алармысың. Шетінен шежіре, ділмар, шешен жандар бірінің сөзін бірі жалғап, талай әңгіменің басын қайырған. Әсіресе көпті көрген көненің көзі Ғабдылахмет Шәкерұлы ақсақал мен жазушы Қабдеш Жұмаділовтің әңгімелері айызды қандырды!..
Сапардың келесі күні өзгелер қалып, жазушы екеуміз тағы да жолға шықтық. Жазушы бұл жолы бұрынғы Таскескен ауданына қарасты таңбалы тастары бар Тарбағатайдың күнгей бетін аралады. Ол таңбалы тастарды аралаған кезде кейбір тастардың тұсына тоқтап, зер сала қарап:
– Мынау – еркек тас, ал мынау – ұрғашы тас екен, – деген еді.
Тіпті «кемпір тас», «келіншек тас» дегенді де сол жолы жазушының аузынан естідім. Нанасыз ба, ол әрбір тастың тұсынан өтіп бара жатып, оның сыртқы пошымына қарап-ақ әлгі тастарды бір-бірінен ажыратады. Оның айтысына қарағанда, айналаңдағы табиғат, жан-жануар, күллі дүние – бәрі-бәрі жұп құрайтын көрінеді.
Таскескеннен қайтар жолда жазушы жұрт аузында «Тоқсан екі» деген атпен аталып кеткен жерге аялдап:
– Адам баласының мәңгілік еместігі белгілі ғой, бауырым. Есіңде болсын, мен дүниеден өткенде халқым мені осы бір тоғыз жолдың торабына қойсын, – деген еді көзінде ой тұнып. Бұл сөзді сол сапарда ой түйіп алғаш рет маған айтты ма, әлде менен бұрын да өзгелерге айтты ма, ол жағын білмедім. Халық жазушысы – жақсы аға қазір сол өзі қалаған қасиетті мекенде мәңгілікке тыныстап жатыр.
Топырағың торқа, жатқан жерің жайлы, жаның жәннатта болсын, қара сөздің теңдесі жоқ шебері!