МЫҢ БОЯУЛЫ ҚЫЛҚАЛАМ ШЕБЕРІ
13.08.2026
47
0

Бағзы мен жаңаны үйлестіре отырып, қазақтың көне де көркем болмысына жан бітірген Алпысбай Қазғұловтың әр картинасы өзіндік өрнегімен көз тартады. Суретшінің туындыларына қараған са­йын шынайы өнердің тылсым күшке тұнып тұратынына илана түсесің. Әсем әрі әсерлі көріністер жан баласын баурап қана қоймай, саф өнердің тұңғиығына шым батырады.

     

Дала төсін дүбірге толтырған қазанат­тар мен қыран құстар, данагөй ақсақал мен ақ жаулықты әже, өрлікті кескініне сіңірген ерлер мен бүрмелі көйлек киген арулар бейнесі суретшінің қаламынан төгіліп, кенеп бетінде терең сырға тұнып тұр. Дала мәдениетінен тамырланған салқар көш, асау үйрету мен аңшылық, көкпар, өзге де қазақтың асыл ғұрпынан көрініс берер туындылар асқан суреткерлікпен жазылған.
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері (2013), «Парасат» (2018) және үшінші дәрежелі «Барыс» (2025) ордендерінің кавалері, Түркі әлемі Көркемсурет академиясының академигі, Алматы қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Суретшілер одағының Басқарма мүшесі Алпысбай Қазғұлов ә дегеннен өзіндік дара қолтаңбасымен танылды. 1978 жылдан бері республикалық және халықаралық деңгейдегі бейнелеу өнері кәсіби шеберлерінің көрмелеріне қатысып келеді. Суретшілердің симпозиумдарына бірнеше рет қатысты. Сондай-ақ шет елдердегі, оның ішінде Ресей, Жапония, Нидерланды, Бельгия, Кытай, Түркия, Ұлыбританиядағы көрмелерге қатысқан. Қазақстанның әртүрлі мәдениет орталықтарында жеке көрмелері өтті. Жұмыстары астаналық қазіргі заманғы өнер музейі, Президент мәдениет орталығы, Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы Ұлт­тық музейі, отандық һәм шетелдік жеке коллекционерлердің көркемдік топтамасына енген. 2003 жылы Прагада әлемдік өнерге қосқан үлкен үлесі үшін Еуропалық өнер одағының Масарик атындағы құрметті сыйлығымен марапатталды. Қазақстанның жас суретшілері үшін онға жуық пленэр ұйым­дастырып, өткізгені де өнер иесінің өнерге деген шынайы жанашырлығын әйгілесе керек.
Биыл елу жылға жуықтаған шығармашылық ғұмырында сегіз мыңнан астам туындысын жазған суретші қазақ бейнелеу өнерін әлем жұртшылығына да кеңінен танытып келеді. Еуропа мен Азия елдеріне қазақ көркем өнерін паш ете жүріп, дүниежүзі жауһарларымен өз коллекциясын байытуды да әдетке айналдырған. Оның жеке қорында 2 мыңнан астам Қазақстан және басқа елдер суретшілерінің туындылары сақтаулы. Суретші өз коллекциясынан таңдаулы 50 картинаны Қазақстанның өнер музейлеріне сыйға тартқан.
Қылқалам шебері туындыларында тарих пен ұлттық ерекшелікті, адам жан дүниесі мен халықтық қасиетті біртұтас әлемге айналдырып, әр образды бояу тілімен сөйлетеді. Көз арқылы көңілге қонған көріністер байырғы бабалардың жүріп өткен жолын, үнін жаңғыртатындай.
Алпысбай Қазғұловтың шығармашылығы 2007 жылы «Апрель» баспасынан Түркияда қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылып шыққан «Алпысбай Қазғұлов. Кескіндеме» және 2019 жылы «Индиго Принт» баспасы жарыққа шығарған «Алпысбай Казгулов. Живопись» кітап-альбомдарында толық қамтылған.
Әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматов: «Алпысбай Қазғұловтың буырқанған бояуларға толы туындыларын осыдан он жылдан астам уақыт бұрын, нақтырақ айтқанда, 1996 жылы наурыз айында алғаш рет Брюссель қаласында көрдім. Қазіргі заманның көрінісін дөп басқан картиналардан қазақтың дархан даласына, туған еліне, Жер-анаға деген деген сүйіспеншілік сезілетін Алпысбайдың картиналары мені бірден баурап алды. Сол күні автордың жеке көрмесінде онымен танысудың да сәті түсті.
Суретшінің қылқаламынан туған дүниелерде жалғандық жоқ. Шығармалары бүгінгі заманның тілімен үн қатса да, баба дәстүрінен алыстап кетпеген. Қылқаламына тәуелді туындылар модернистік формада болғанымен, тақырыбы бойынша әлем шешімін таппаған мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді: біз не үшін өмір сүреміз? Сүйіс­пеншілікті қалай түсінеміз? Адам табиғаттан жаралған ба, әлде жаратқан ба? Жан бар ма, әлде бұл жалған ба?.. Адамзат баласының ақылын алаңдатқан сауалдар. Тек өнер ғана осындай таусылмайтын мәңгілік тақырыптарға терең бойлай алады. Алайда шынайы шабыттан туған үлкен өнер ғана осы тектес сауалдарға жауап таба алады», – деп суретші қолтаңбасын дөп суреттеген.
Алпысбай Қазғұлов шығармаларында сан түрлі иірімдерді алуан бояумен құбылта бейнелейді. Қылқаламының ұшынан өнерді өмірге әкелген таланттың тұтас шығармашылығы қазақ бейнелеу өнерінің көкжиегін кеңейтті.
Хас шебердің картиналарына қанық боу мен түстердің көркем үйлесімділігі тән.
«Түркістандағы Наурыз» картинасынан көрермен ілкі сәтте ырғақ энергиясын сезінетіні – ерекше тапқырлық. Сол ырғақ қуаты сюжетке тылсым бір күш беретіндей әсер қалдырады. Картинадағы осы қозғалыс кеңістікті беруде керемет үйлесімдікке жол ашып тұр. Осындай деталь арқылы ішкі иірімдерді бүге-шігесіне дейін живописьте көрсету көп суретшілердің қолынан келе бермейтіні тағы рас.


Картинадағы образдар суретші картинасында әдемі монолит ретінде көрінеді. Сондықтан да суретшінің бұл динамикалық шешімі картинаны тұтас бір қозғалысқа түсіргенін байқамау мүмкін емес. Осы қозғалыстың топтық образы Түркістанға келген көктемді шартты рефлекс ретінде қабылдайтын субъектілер ретінде көрінеді. Дәл осы жерде де суретші адами категорияларды тайға таңба салғандай дөп басқан. Суретші қазақ халқының бойындағы тектілік қасиеттерді қапысыз көрсетуімен адами категорияларды терең білетінін танытады.
Живопистегі осындай қозғалыс алгоритмін кеңістік пен түсті жүрек түкпірінде алабөтен сезіне алатын суреткер ғана жасай алады. Кез келген образ арқылы кесек дүние жазу осындай қасиеттерге байланысты екені даусыз.
Суретшінің «Аптап. Бұлақ басында» картинасы қас-қағымда әлемнің мың құбылған сәттерін қарапайым түрде әсерлі етіп көрсетумен құнды. Өмірдегі құбылыстарды өз түсінігімен жаза білетін суреткердің бұл картинасы импрессионизм бағытына тән әсермен жазылған деп айтсақ әсте қателеспейміз.
Аталмыш картина техникалық орындалуы мен сюжеті жағынан классикалық канонға бағынбай жазылуымен де көрушіні баурап алатыны сөзсіз. Суретші күнделікті өмірден алған әсерін кенепке ерекше техникалық тәсілде еркін орындаған.


Табиғаттың қас-қағым сәтін живопись тілінде ғажап сөйлете білген суретші бейнелеу өнеріндегі жарықты зерттеумен көптен айналысып келе жатқанын байқау қиын емес. Картинадан суретшінің шығыс философиясына қызығушылығының белгілері бірден көзге шалынады.
Шығармадан кеңістікке деген жаңаша көзқарасты, сонымен қатар композициялық шешімдер мен техникалық жаңа әдістерді де анық көруге болады.
«Көкпар» картинасы живописецтің лирикалық ағынан жарылуының нәтижесінде туған туынды екені оның өн бойынан көрініп тұр. Тіпті ат үстінде көкпар тартып бара жатқан жігіттердің осы делебені қоздырар ұлттық ойыннан алатын ләззатын суретші өте нәзік импульспен бере алған.


Айтары жоқ, өнер туындысының біздің санамызда мәңгі сақталып қалатыны да, одан соншалықты өнер рахатына бөленетініміз де – сол импульстің әсері. Сол импульсті көрерменге де сездіре алған суретшінің бұл картинасы осынысымен құнды. Тылсым табиғаттың көзге көрінбейтін әлемі мен адам көңіл ауанының сан батпан қатпарларына терең үңіле білетін және оны өзіне бағындыра білетін суреткер ғана натура қозғалысын сезімге ұштастыра алады.
Картинадағы қызғылт бояудың қоюлығы да әлгі импульсті көрерменге ерекше сездіре түседі. Суретші осы арқылы динамика мен түстің гармониясына жете білген. Бұл өз кезегінде кеңістіктегі керемет сюжетті одан сайын айшықтандырады.
«Аламан» туындысы этнографиялық мазмұн мен бай дәстүрге ие аламан бәйгінің психологиялық тұстарын ашуға арналған. Оны суретші ұлттық нақыштың контекстінде өзіндік түс ерекшеліктерімен үйлестіре білгені де көрушінің эстетикалық талғамын жоғарылата түсері сөзсіз.
Көмбеге жүйрік аттардың қайсысы жетері белгісіз кездегі шабандоздардың әрі-сәрі көңіл күйінен хабар беретін картинада сюжеттің шиеленісуі мен кульминациясы бір линияда ұштасып жатыр.


Картина көрушіге психологиялық ерекше әсер етеді. Туынды көрерменді барлық параметрлер бойынша ынтықтырып қоятынымен де табындырады. Қай жүйріктің маңдайы жарқырап, озып келерін суретшімен бірге қиялыңмен де, ойыңмен де табуға кірісе бастайсың. Картинаның құдіретілігі сол болар, аламан бәйгінің көмбесінде өз жүйрігін көруге асығып тұрған көмбешінің күйін кешіп кетесің.
Ұзақ шабыстан көмбеге жүйрігің шаршап, соңғы күшін сарқып келсе, қайтемін деп тағы бір алаңдап аласың. Ондайда рух беріп, қиқулап, көмбеден көтеріңкі күймен өтуіне көмектесуге дайындаласың. Иә, картина сені осындай әрі-сәрі күйге алма кезек түсіретінімен баурап алады.
Ұлттық ерекшеліктер табиғатын жете түсінетін суретші бұл картинада қоңыр түсті көбірек қолданғаны да сәтті шыққан. Қоңыр тірлік пен қоңыр мінезді өмірінің өзегіне айналдырған қазақ халқының ұлттық ойынын жазу процесінде суретшінің түс таңдаудағы бұл қадамы да картинаға келісті иірім беріп тұрғаны – дәлелдеуді керек етпейтін фактор.
«Асуда» хас шебердің қылқаламына ғана тән өзіндік мәнермен берілген сезім мен сыр өнер туындысын байыта, кеңейте түскен. Сондықтан да болса керек, суретші шығармасында терең білім, тағылымды өмірлік тәжірибемен қатар, қылқалам иесінің жан тебіреністері мен көркем әлемі де сайрап жатыр. Кәсіби шеберлігін былай қойғанда, суретші көңіл күйдің әсем көріністерін ғаламат бір әуездікпен әсем үйлестірген. Көңіл түкпірінде жасырынған тіл жеткізе алмас көркем ой мен ұшқыр қиялды буырқанған бояуға сыйдыруды меңгерген суретші туындысының ең басты құндылығы осы шынайылығында екеніне кәміл келісесің.


Көрікті пейзажда табиғат бар сұлулығымен көрінеді. Картинада түстерді ерекше қолдану арқылы суретші салиқалылық пен парасаттылық образын аша білген. Асудың көркін келтіре түскен барлық элементтер сондықтан да кіршіксіз орындалған. Картинада қазақтың табиғат бояуы терең ашылған. Жалпы, бейнелеу өнерінде жасырын тұратын сюжеттің астарынан әдемі образдар өру – қиынның қиыны. Ал мына картинада суретші сюжет образдарының ішкі алай-дүлей толғаныстарын түстердің композициясын шебер пайдалана отырып, әдемі орындап шыққан.
Бір анық: суретші картина сюжетінің шешімін өте дәл таба білген. Ең бастысы, сол шешімді өзіндік тың сюжет арқылы өте жоғары деңгейде орындап шыққаны картинаның толыққандылығынан айқын байқалады. Картинадағы кеңістік сюжеттің болмысына сай келеді. Суретші кеңістік таңдауда да тапқырлық танытқан. Туындының ең басты құндылығы осында жатыр.
«Шомылу» туындысы көрерменді бірден нәзік сезімге бөлейді. Суретші су мен жарықтың қас-қағым сәтін ерекше дәлдікпен бейнелеп, адамдардың қозғалысы мен табиғат тіршілігін түстер мен композиция арқылы біртұтас сезімге айналдыра алған. Әр көріністің өзіндік ырғақ энергиясы бар, ал бұл энергия картинаның сюжеттік дамуын табиғи динамикамен жеткізеді.


Туындыда образдар бір-біріне ұқсамай, әрқайсысының ішкі әлемі, қуанышы мен толғанысы көрерменге анық сезіледі. Суретші әр образды техникалық тұрғыдан дәл, түстерді үйлестіріп орындап, композиция арқылы картинаны монументалды әрі динамикалық етіп жеткізген.
Картинада табиғаттың сұлулығы мен адамның ішкі көңіл күйі үйлесімді түрде біріктірілген. Көрермен кеңістіктегі әр элементтің өз ритмі мен қозғалысын, жарық пен көлеңкенің ойын сезініп, шығарманың эмоционалды толқынысын қабылдайды. Ал суретшінің түсті шешімдері, композициялық тәсілдері мен кеңістікті пайдалану шеберлігі туындыны ерекше әсерлі етеді.
Осылайша, «Шомылу» картинаны көрген адамға табиғаттың сергектігін, адамның қуаныш сезімін және кеңістік пен уақыттың біртұтас үйлесімін сездіреді. Бұл туынды – суретшінің көркем ойлау қабілеті мен жоғары техникалық шеберлігінің дәлелі.
Қазақтың дүниетанымын, көш­пелі­лер табиғаты мен ұлттық салт-дәстүрді заман кейпімен үндестіре зерлеп жүрген бүгінгі бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі Алпысбай Қазғұловтың «Ұлы дала әуендері» картиналар топтамасы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық деп санаймыз.

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір