Ел келешегін көксеген елші
Егемендік алған алғашқы жылдары алыс-жақын шетелдермен байланыс жасау кезінде сала мамандарының жетіспегені белгілі. Сол жылдары жас та болса топ жарып, ел мен елді жақындастыру жолында өлшеусіз еңбек еткен, қайраткерлер аз емес. Солардың бірі саналы ғұмырын еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуына арнаған, шет жерде еліміздің атынан сөз сөйлеп, жас мемлекетіміздің мүддесін қалтқысыз жүзеге асырған Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің ардагері, Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Тілеухан Самарханұлы Қабдырахманов бүгінде 80 жаста. Мерейтой иесімен болған сұхбатымызды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
– Тілеухан Самарханұлы, өмір жолыңыз бен қызметіңіз туралы «Қазақ әдебиеті» газетінің оқырмандарына айтып берсеңіз?
– Мен 1945 жылдың 29 сәуірінде қазіргі Абай облысы, Жаңасемей ауданы, Тереңқұдық ауылында өмірге келдім. Әкем Самархан – Ұлы Отан соғысының мүгедегі, 1944 жылы ауылға жаралы болып оралады. Елге оралған соң әкемді «Тереңқұдық» колхозын басқаруға сайлайды. Осы сәтте айта кететін үлкен оқиға, биыл еліміз, бүкіл дүниежүзінің қауымдастығы екінші дүниежүзілік соғыстың 80 жылдығын атап өтуге дайындалуда. Алапат соғыс Қазақстанның қай отбасында болсын, талай жайсаңдардан айырды. Мұндай құрбандардың ішінде біздің отбасынан әкем Самарханның екі інісі бар еді. Әкемнен кейінгі інісі Аязхан 1941 жылы 14 қыркүйекте Мурманск облысында қаза тауып, Кандалакша деген қаланың түбінде жерленген. Келесі інісі Өзіхан 1942 жылы мамыр айында Харьков қаласының түбіндегі шайқаста хабарсыз кетті.
Әкем 1948 жылы жүрек ауруынан дүниеден өтті, ол кезде мен үш жасқа толмаған баламын, әкем көз алдыма келмейді, есімді жимаған кезім болса керек. Әкемнің шешесі, менің шешем төрт баламен – бәріміз әкемнің кенже інісі Оразханның қарауында қалған едік.
Біздің ауылда мектеп болмады, сондықтан мен бізден төрт шақырымдай жерде жеті кластық мектебі бар Әбетей ауылында әкемнің қарындасы Кәмәлхан тәтемнің қолында тұрып, бастауыш класты 1956 жылы бітірдім. Осы жылы бұл ауылда жеті кластық мектеп қысқартылып, тек төрт кластық бастауыш мектепке айналды. Бағымызға орай Семей қаласында №1 қазақ мектеп-интернаты ашылған болатын. Осы білім ошағына келіп, оқуға кірістім. 1963 жылы өз құрбы-құрдастарыммен бірге мектеп-интернаттың 11 класын алтын медальмен аяқтап, әрі қарай білім алу үшін Кеңес Одағындағы орталық жоғары оқу орындарының бірінен білім алуды армандадым. Арман алдамайды екен. Отан алдындағы азаматтық борышымды ел қатарлы атқарып, ауылыма оралдым. 1967 жылы Мәскеу қаласындағы Патрис Лумумба атындағы Халықтар достығы университетінің «Экономика және халық шаруашылығын жоспарлау» мамандығы бойынша «Экономика және құқық» факультетіне оқуға түстім. 1971 жылы университеттің төртінші курсын тамамдаған соң біржылдық (стажировка) тәжірибеден өтуге Алжир Халық Демократиялық Республикасына жұбайыммен бірге аттандым.
1972 жылы тұңғышымыз Алина сол елде дүниеге келді. Жылдың соңында елге оралып, 1973 жылы дипломымды қорғап, туған елім Қазақстанға жұмысқа жолдама алдым. Негізгі мамандығым «Экономика және халық шаруашылығын жоспарлау» болған соң, Республикамыздың Мемлекеттік жоспарлау комитетіне (Госплан) қызметке қабылдандым. Бұл мекемеде бастапқы қызмет сатыларынан өтіп, 1990 жыл Комитет төрағасының бірінші орынбасары – Республиканың министрі болып тағайындалдым. 1980 жылдардың аяғында Кеңес Одағында халық шаруашылығы қиын жағдайда еді. Экономика жөнді дамымай, халықтың күнделікті өмірі төмендеп тұрған кез. Үкімет тұрғысынан мемлекетті басқару істеріне жаңа өзгерістер енгізіп, экономиканы нарықтық жаққа беттеу керек болды. Мен осы істің қалың ортасында болдым. Өйткені Мәскеуде республиканың экономика және финанс жүйесі басшыларын жиі жинап, әртүрлі құжаттар дайындалды.
1990 жылы Кеңес Одағының басшылығында нарықтық экономикаға көшу жан-жақты талқыланып, жылдың аяғына дейін дайындықты пысықтап, бітіру жоспарланды. Нарықтық экономикаға көшу мәселесі екі программада жазылып, 1990 жылы қыркүйек айының басында Кеңес Одағы коммунистік партиясының басшысы М.С.Горбачевте Кремльде қаралып талқыланған болатын.
Негізгі арқау Шаталин Явлинскийдің тобы дайындаған «500 күн» деген программа еді. Осы жиынға Қазақстаннан сол кездегі Премьер-министрі Ұзақбай Қарамановпен бірге Республиканың министрі мен қатысқан едім. 1991 жылы КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Халық шаруашылығы академиясын экономикалық басқару әдістері бойынша жетекші маман мамандығы бойынша бітірдім.
– Елдегі егемендіктің іргесін қалап, Тәуелсіздіктің бастауында тұрдыңыз. Дипломатияны таңдауыңыздың себебі не?
– Қазақстан Республикасының бірінші үкіметінің мүшесі кезімде атқарылған істер аз емес, оның бәрі – елімізді нарықтық экономикаға көшіру мәселелері. Бұл атқарылған істерді айтсақ, көп уақыт алады.
Менің қызметімнің келесі кезеңі дипломатиялық жұмысыма байланысты. 1993 жылдың басында мені Франция еліне елші қылып жіберуге Президенттің Жарлығы шықты. Менен біраз журналист қызметімнің бағыты неге өзгерді деген сұрақтарды жиі қояды. Айтайын, негізінде, менің университетте алған білімім шетелдік экономикалық қарым-қатынастарды қамтитын еді. Оның үстіне шет тілінің де маманы ретінде университетте бейімдеді. Жаңа айтып кеткендей, мен бір жыл Алжирде істедім және 1991 жылы Франция республикасында нарықтық экономикаға көшу мәселелері бойынша курстан өтіп, тағы бір диплом алған едім. Осының бәрі менің Франция Республикасына Төтенше және өкілетті елші болып тағайындалуыма әсер еткен болуы керек.
– Алғашқы мәмілегерлік жолыңыз 1993 жылдың наурызында Қазақстан Республикасының Француз Республикасындағы тұңғыш Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалудан басталды. Бұл тағайындау Тілеухан Қабдрахманов үшін кездейсоқтық емес пе?
– Тәуелсіз Қазақстанның бастапқы қалыптасу кезеңінде елде әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету маңызды міндетке айналғаны белгілі. Осы маңызды міндеттердің аясында елімізге шетелдік инвестицияларды тарту шаралары жүргізілді. 1993 жылдың наурызында Қазақстан Республикасының Француз Республикасындағы тұңғыш Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалдым. Өзіме жүктелген міндеттің аса жауаптылығын әрі көрсетілген сенімнің жоғарылығын сезіндім. Осы лауазымға тағайындау кезінде менің алған білімім, экономика саласындағы тәжірибем, француз тілін жетік білуім де ескерілген шығар. Бұл тағайындау мен үшін кездейсоқтық емес деп ойлаймын.
– Дипломатиялық қызметіңіздегі маңызды белесіңіз жайлы және 1995 жылы ЮНЕСКО аясында өткізілген қазақтың ұлы ақыны Абайдың 150 жылдығына қосқан үлесіңіз туралы айтсаңыз?
– Мен 1993 жылы Франциядағы елшілік қызметіммен қоса, ЮНЕСКО ұйымына тұрақты өкіл, былайша айтқанда, елші болып тағайындалдым. Осы жылдың күзінде ЮНЕСКО-ның Париждегі ғимаратының төріне Қазақстан Республикасының жалауын басқа мүше елдердің туларының қасына апарып қадап едім. Бұл маңызды ұйымда еліміз үшін атқарылған істер аз емес.
1995 жылы ЮНЕСКО аясында қазақтың ұлы ақыны Абайдың 150 жылдығы атап өтілді. Осынау айтулы датаның әлемдік деңгейде тойлануы еліміздің мәртебесін көтерген аса ірі рухани шаралардың бірі болғаны рас. Мұның бәрі өздігінен іске аса қоймайтынын ескерсек, осы сынды халықаралық дәрежедегі айтулы шараның дер кезінде әрі жоғары деңгейде өткізілуіне бүкіл ел болып үлес қосқанымыз анық.
– Елшілік қызметіңізде Азияның алпауыты, ғылым мен техниканың ақ сауыты Жапонияның алатын орны ерекше екен. Елші ретіндегі қызметіңіздің осы кезеңі мемлекетіміз үшін өте жемісті болған сияқты.
– 1997 жылғы қаңтарда Қазақстанның Жапониядағы Тұңғыш елшісі болып тағайындалдым. Сол жылдары Қазақстан халықаралық қаржы қоры арқылы нарықтық экономикаға көшу әрекеттерін атқарып жатты. Бұл программаны іске асыруда Жапония елі Қазақстанға демеуші болып, қаржыландыруға қосымша қаражат бөлді. Одан басқа Жапония елімізге екі жақты қарым-қатынас шеңберінде бірнеше дүркін жеңіл несиелер берді. Оның бірі – Семейге көпір, Астанаға – әуежай, тағы бірнеше жобалар еді.
«Елдестірмек – елшіден» демекші, маған еліміздің Жапониядағы Тұңғыш елшілігінің жұмысын бастап, қалыптастырып, жолға қою және сол елдің министрліктерімен, түрлі ұйымдарымен, әсіресе экономикалық салада ынтымақтастықты ұйымдастыру тапсырылды. Өзінің дербес ұлттық валютасын енгізу кезінде еліміз нарықтық экономикаға енді ғана қадам жасаған еді. Осындай бюджет тапшылығы жағдайында Жапония Халықаралық валюта қоры тарапынан Қазақстанның жетекші қаржылық демеушісіне айналды. Жапониядағы елшілік қызметім 2003 жылдың тамызына дейін жалғасты.
– Әлемдік саясаттың небір дүлдүлдерімен етене араласып, мемлекет үшін ел үшін аяусыз қызмет еттіңіз. Өмір жолыңыз – жастар үшін тағылым алар өнегелі мектеп. Кіндік кескен туған жеріңізге де шарапатыңыз тиген болар?
– Әр жылдары Қазақстанның Өзбекстандағы, Литвадағы, Латвиядағы, Эстония мен Финляндиядағы елшілік қызметін атқардым. Тәуелсіздік алған сәттен бастап, Қазақстан өзге елдермен тұрақты қарым-қатынас орната бастады. Отыз жыл ішінде біздің еліміз өзін бейбітшілік пен келісімнің жақтаушысы ретінде көрсете білді. Қай елде қызмет істесем де жылт еткен жақсы жаңалықтарын елімізге жеткізіп, халық игілігіне жұмсауға тырыстым. Жапон елінде жүргенімде ядролық қарудан зардап шеккен жерлестеріміздің жапон елінде диагностикадан өтуіне, ем-дом, дәрі-дәрмек алуына, Семейдегі медицина институты оқытушыларының Нагасакидегі жоғары оқу орындарымен байланыс жасап тәжірибе жинақтауы үшін іс-шараларды жүзеге асыруға атсалыстым.
– Отбасыңыз бен ошақ қасыңыз туралы, қолыңыз боста шұғылданатын сүйікті ісіңіз жөнінде ой бөліссеңіз?
– Мектеп-интернатта менімен Нағима деген қыз бір класта оқып күміс медальмен аяқтады. Сол Нағима Бейсекешқызы менің жан серігім, жұбайым, балаларымның анасы атанды. Қолым бос сәттерде кітап оқимын. Спортпен шұғылданамын. Жас кезімде жеңіл атлетикамен айналысып мектеп оқушылары арасында жүгіруден қала чемпионы болғаным бар. Қазір көбінесе жаяу жүремін, қыста шаңғы теуіп, серуендеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Жүніс ОМАР