Ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік
28.08.2026
58
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституция – Қазақстанның алдағы ондаған жылдарға арналған басты заңы. Дәл осы Ата заң халқымызды әлемдік өркениеттің жаңа белестеріне бастайды».

Мемлекеттің даму бағыты, қоғамның басты құндылықтары мен ортақ жауапкершілік айқын көрініс тап­қан еліміздің жаңа Конституцияның кіріспесінде адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланған. Бұл мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты нығайтуға, азаматтардың белсенді қоғамдық ұстанымын қалыптастыруға негіз болады.
Адам және оның қадір-қасиеті мемлекеттің басты құндылығы екенін айқындайтын осынау маңызды қадам – елдегі бірлік пен ынтымақ, этнос­аралық және конфессияаралық өзара түсіністік пен сенімге түпқазық болар негіз. Бұл қоғамдағы тұрақтылық пен өзара құрметті сақтаудың басты кепілі, яғни еліміздің тұрақты дамуының негізі. Сондықтан жаңа Ата заңымызда қоғамдық келісім мен бірлік мемлекеттілігіміздің берік негізі, мемлекеттік саясаттың басты бағыты ретінде айқындалды.
Жалпы, қай кезеңде болмасын төрткүл дүниенің әр түкпірінде туындап жататын түрлі қақтығыстар мен тұрақсыздықтардың негізінде көп жағдайда ұлтаралық араздық, діни қарама-қайшылықтар мен өзара түсіністіктің жоқтығын ескерсек, еліміздегі конфессияаралық келісімнің маңызы зор екенін түсінуге болады. Осы орайда еліміздің дін саласындағы саясаты – конфессияаралық келісімнің, діни ахуалдың тұрақтылығының кепілі. Көпконфессиялы қоғамда барлық діндердің теңдігін қамтамасыз ету үшін әділеттілік қағидаты мен дін­аралық татулық санасын қалыптастыру – мемлекет үшін де, қоғам үшін де өте маңызды. Өйткені діннің зор адамгершілік әлеуеті, діни төзімділік қоғам өмірінде біріктіруші рөл атқара алады және атқаруға тиіс. Сондықтан мемлекеттің дін саласындағы саясаты елдегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін барлық діндердің арасында өзара түсіністік, сенім мен құрметке негізделген қарым-қатынастың сақталуын көздейді. Осы тұрғыда жаңа Конституция нормаларына сәйкес, мемлекет барлық этностар мен діни бірлестіктердің құқықтарын тең дәрежеде қорғауға кепілдік береді. Сонымен қатар қоғамдағы татулық пен өзара құрмет қағидат­тарын сақтау мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді. Осы ретте әуелден үлкенге құрмет, кішіге ізет қағидатын басшылыққа алған, әділдік, мейірімділік, қайырымдылық ұстанымдарына адал қазақ қоғамы үшін жаңа Конституцияның негізгі бағдар ретіндегі маңызы еселеп арта түспек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір