БІЛІМ КӨКЖИЕГІ: БІР МАҚСАТ, ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК
Ақтөбе облысында білім сапасын жүйелі арттыру, педагогтердің кәсіби әлеуетін күшейту және білім беру ұйымдарына әдістемелік қолдау көрсету бағытында бірқатар маңызды жобалар қолға алынуда.

Солардың бірі – 2025–2028 жылдарға арналған облыстық «5Б» жобасы. Жоба білім беру үдерісін бақылау, бағалау, болжау, педагогтердің біліктілігін көтеру, білім мен тәрбие сапасын арттыру бағыттарын қамтиды.
2025–2026 оқу жылында жоба аясында Ақтөбе қаласы, Алға, Ойыл және Ырғыз аудандарындағы 35 білім беру ұйымы қамтылып, 11 734 оқушы мен 1 492 педагогке қолдау көрсетілді. Сонымен қатар 903 сабаққа мониторинг жүргізіліп, 281 педагог шығармашылық топ жұмысына тартылды.
2026–2027 оқу жылында жоба Ақтөбе қаласы, Қобда, Әйтеке би және Мәртөк аудандарында жалғасып, әдістемелік қолдау ауқымы кеңейтіледі.
Басты мақсат – әр білім беру ұйымының әлеуетін арттырып, педагогке нақты әдістемелік қолдау көрсету арқылы сапалы білімге қол жеткізу.
Сонымен қатар жас педагогтерді кәсіби қолдау да қарқынды жүріп жатыр. Осы мақсатта 2025–2027 жылдарға арналған «Жас талап» облыстық жастар жобасы жалғасуда. Жобаның негізгі мақсаты – жас педагогтердің кәсіби ортаға бейімделуіне жағдай жасау, үздік педагогикалық және инновациялық тәжірибелермен бөлісу, өзара қолдау мен тәжірибе алмасу мәдениетін қалыптастыру. Бүгінде облыста 2 373 жас маман еңбек етеді. Жоба аясында облыс көлемінде 8 шара өткізіліп, 114 педагог қамтылды.
«Жас талап» жас мамандарға бейімделу, тәлімгерлік, кәсіби даму, тәжірибе алмасу және нәтижеге бағытталған жұмыс бойынша қолдау көрсетеді.
Жоба нәтижесінде жас педагогтердің әдістемелік және педагогикалық құзыреттілігін арттыруға, заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолдануына, шығармашылық ізденісін дамытуға және кәсіби даму бағытын айқындауына басымдық беріледі.
Жас педагогке көрсетілген қолдау – сапалы білімге салынған инвестиция.
Облыста білім сапасын арттыру және қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру мүмкіндіктерін теңестіру бағытында «Ауыл мектебі: тең мүмкіндік» жаңа пилоттық жобасы қолға алынды.
2026–2027 оқу жылында басталатын жобаның мақсаты – облыс мектептеріне «Білім-инновация» лицейлерінің тиімді тәжірибесін енгізу, ауыл мектептеріндегі білім сапасын жаңа деңгейге көтеру.
Жоба аясында педагогтердің біліктілігін арттыру, ЖМБ пәндері бойынша оқытудың тиімді моделін апробациялау, педагогтердің кәсіби деңгейін көтеру, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту және пән кабинеттерін жабдықтау көзделген.
Жаңа жоба 12 аудандағы 40 мектепті қамтиды. Оған 2 080 педагог пен 21 508 оқушы қатысады.
«Ауыл мектебі: тең мүмкіндік» – ауыл баласына сапалы білім алуға, ал ауыл мұғаліміне кәсіби дамуға жаңа мүмкіндік беретін маңызды бастама.
Басты мақсат – баланың қай жерде білім алатынына қарамастан, сапалы білім мен дамуға тең мүмкіндік қалыптастыру.
Өңірде осы бағыттағы жүйелі жұмыстар жаңа жобалармен толықтырылды. 2026 – 2028 жылдары «Қарқын: кәсіби арна» облыстық жобасы жүзеге асырылады. Мектеп басшыларының басқарушылық және әдістемелік құзыреттілігін арттыруды, менторлық жүйе мен мектепішілік қолдауды жетілдіру арқылы тұрақты кәсіби даму ортасын түзуді басты мақсат тұтқан
жоба Ақтөбе облысының барлық білім беру ұйымдарын қамтиды. Оның аясында 446 білім беру ұйымы мен 20 097 педагогке кәсіби және әдістемелік қолдау көрсету көзделген.
Негізгі басымдықтар қатарында басшылардың кәсіби қажеттіліктері мен даму бағыттарын айқындау, мектепті жоспарлау жүйесін жетілдіру, білім сапасын арттыру, педагогтердің нақты сұраныстарына жедел әдістемелік қолдау көрсету, сондай-ақ үздік мектептер қауымдастығын қалыптастырып, тиімді тәжірибелерді тарату бар.
Жоба диагностика – жобалау – сүйемелдеу – менторлық – кәсіби даму – тәжірибе тарату – қорытынды кезеңдері бойынша жүзеге асырылады.
Кәсіби қолдау – сапалы білімнің негізі. Күшті басшы, кәсіби педагог және тиімді әдістемелік орта – табысты мектептің басты тірегі.
Ақтөбе облысының білім беру ұйымдарында құқықтық тәрбие мектепке дейінгі жастан бастап қалыптастырылады. Балаларға өз құқықтары мен міндеттері түсінікті тілде түсіндіріліп, ережелерді сақтауға, айналасындағыларды құрметтеуге және өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға үйретіледі.
«Қуаныш» балабақшасында «Заң және тәртіп» бағыты аясында «Менің құқығым – менің міндетім» атты квест-ойын өтті.
Тәрбиеленушілер ойын арқылы баланың негізгі құқықтарымен танысып, оларға қатысты міндеттерді талқылады. Балалар сұрақтарға жауап беріп, түрлі тапсырмаларды орындап, тәртіп ережелері, қауіпсіздік, ересектер мен құрдастарын құрметтеу тақырыптарындағы жағдаяттарды талқылады.
Ойын түріндегі формат балаларға жаңа білім алып қана қоймай, оны тәжірибе жүзінде бекітуге мүмкіндік берді. Тәрбиеленушілер талқылауларға белсенді қатысып, өз ойларын білдірді.
Мұндай іс-шаралар балалардың құқықтарын, өз әрекеттері үшін жауапкершілікті және ережелерді сақтаудың маңызын ерте жастан түсінуіне ықпал етеді.
Облыс мектептерінде тәрбиелік мәні зор шаралар да тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Мектептер мен балабақшаларда Отбасы күні қарсаңында отбасылық құндылықтарды нығайтуға, ата-ана мен бала арасындағы өзара байланысты дамытуға бағытталған кездесулер, спорттық жарыстар, шығармашылық және экологиялық акциялар ұйымдастырылды.
Осындай іс-шаралардың бірі №81 орта мектепте өткен «Отбасы және таза Қазақстан» атты отбасылық экологиялық акция болды.
Іс-шара барысында ата-аналар мен балалар мектеп аумағын абаттандыруға, ағаш отырғызуға және спорттық эстафеталарға бірге қатысты. Бірлескен жұмыс барысында отбасы қолдауының, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың және туған жерді аялаудың маңыздылығы атап өтілді.
Акцияның спорттық бөліміне бес отбасылық команда қатысты. Олардың құрамында 50 әке, 50 ана және 6-10 жас аралығындағы 50 бала болды. Қатысушылар түрлі эстафеталарда бақтарын сынап, шапшаңдық, ептілік, ұйымшылдық және командалық қолдау көрсетті.
Мектеп аумағын көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлінді. 50 бірінші сынып оқушысы ата-аналарымен бірге 50 терек көшетін отырғызды.
Акция «Адал азамат – Таза Қазақстан – Тәртіпті отбасы» ұранымен өтті. Балалар үшін мұндай іс-шаралар ата-аналарымен бірге уақыт өткізудің ғана емес, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың маңызын іс жүзінде түсінудің мүмкіндігі болды.
Айтулы мерекеге орай Ақтөбе облысының әкімі Асхат
Шахаров: «Адамның дүниеге көзқарасы мен азаматтық болмысы, ең алдымен, отбасы тәрбиесінен бастау алады. Қара шаңырақтағы ата-ананың мейірімі мен өнегесі әр перзенттің өмірлік ұстанымын қалыптастырып, алға қойған асқақ мақсаттарына ұмтылуына жол ашады.
Мен балалық шағымды, әкенің ақылын, үйдегі қарапайым тіршілікті, отбасыммен бірге өткізген қымбат сәттерді жиі еске аламын. Ауылда өстік. Үйдегі тіршілікке ерте араластым. Әкем – механизатор, анам – дәрігер. Малға жем-шөп салу менің мойнымда болды. Өзімнен сегіз жас кіші қарындасыма қарайласып, сабағына көмектесетінмін. Сол кезде мұның бәрін міндет деп қабылдадым. Қазір түсінсем, ата-анамның бізге берген үлкен тәрбиесі осындай күнделікті тірліктен қалыптасыпты.
Бүгінде мен де екі ұл, екі қыздың әкесімін. Өз балаларымның бойынан ата-анамнан алған тәрбиені көргім келеді. Оларға айтқанымнан гөрі, өз ісіммен үлгі болуға тырысамын.
Ата-анам маған еңбекқорлықты, жауапкершілікті, адамға көмектесуді үйретті. Ең бастысы жақсы адам болуды, қарапайымдылықты көрсетті.
Мен үшін отбасы бір шаңырақта бірге өмір сүру ғана емес, ол бір-біріне тірек болу, қуанышты бірге бөлісу, қиындықта қасынан табылу және балаға өзін әрдайым қажет әрі жақсы көретін адам екенін сезіндіру. Сондықтан отбасы адам өміріндегі ең маңызды құндылықтардың бірі. Баланың бақытты балалық шағы, ең алдымен, отбасындағы жылулық пен өзара түсіністіктен басталады. Әрбір бала ата-анасының қамқорлығын сезініп, өз үйінде өзін қауіпсіз әрі еркін сезінуі керек. Мемлекетте оған барлық жағдай бар.
Баршаңызды Отбасы күнімен құттықтаймын!
Әр шаңырақта береке орнасын, өзара сыйластық пен бала күлкісі үзілмесін! Ел аман, жұрт тыныш болсын!» – деп жүрекжарды тілегін жеткізді.
Жаңа оқу жылының басталуына орай Ақтөбе облысының білім беру ұйымдарында алғашқы ата-аналар жиналыстары өтіп, көпшілікке серпін сыйлады.
Педагогтер мен ата-аналардың кездесулері оқу процесін ұйымдастыру, оқушылардың жаңа оқу жылына бейімделуі, ішкі тәртіп ережелерін сақтау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған. Жиналыс барысында ата-аналар оқу процесінің ерекшеліктері, білім беру ұйымдарының жұмыс тәртібі, отбасы мен мектеп арасындағы өзара байланыс туралы ақпарат алып, педагогтер мен мектеп әкімшілігіне өздерін қызықтырған сұрақтарын қоя алады. Балалардың қауіпсіздігі, құқық бұзушылықтың алдын алу және білім алушылар үшін қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Ата-аналар жиналысы – педагогтер мен ата-аналар арасындағы ашық диалог орнатуға, өзара ынтымақтастықты нығайтуға және алдағы оқу жылындағы негізгі міндеттерді бірлесіп айқындауға мүмкіндік беретін маңызды алаң.
Осы орайда Ақтөбе облысында білім беру сапасын арттырумен қатар, мектеп, педагог және ата-ана арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған жаңа бастамалар барын жатқанын айту парыз. 2026 – 2029 жылдары «Ата-ана және педагог: ынтымақтастықтың жаңа моделі» облыстық әдістемелік жобасы жүзеге асырылады.
Жобаның басты мақсаты – ерекше білім беру қажеттілігі бар білім алушыларды қолдау үшін педагогтер мен ата-аналардың тиімді серіктестігін қалыптастыру, өзара сенімге, теңдікке және нәтижеге негізделген қарым-қатынас орнату.
Жоба аясында педагогтердің құзыреттілігін арттыру, командалық жұмысты дамыту, ата-аналардың белсенділігін күшейту, практикалық қолдау көрсету және тиімді басқару жүйесін қалыптастыру көзделген.
Жұмыс талдау, әдістемелік оқыту, ата-аналарға арналған кейстер, практикалық сүйемелдеу, ата-аналар серіктестігін дамыту және қорытындылау кезеңдері арқылы жүзеге асырылады.
Күтілетін нәтиже – тиімді коммуникация, үштік серіктестік, белсенді ата-ана, нақты іс-қимыл алгоритмі және үздік тәжірибелерді тарату.
Бала жетістігінің негізі – педагог пен ата-ананың өзара сенімі мен бірлескен әрекеті. Бір мақсат, бір жауапкершілік, бір нәтиже!
Облыстың білім саласындағы жарқын жаңалықтар жөнінде алдағы уақытта да тарқата жазатын боламыз.
Дайындаған М.Райымбекова