Аида БАЛАЕВА, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі. Маңғыстаудың бірегей жерасты мешіттері – Бүкіләлемдік мұралар тізімінде
04.08.2026
41
0

Бұл күн – еліміз үшін шын мәнінде тарихи күн. Пусан қаласында өтіп жатқан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-сессиясында «Маңғыстаудың жерасты мешіттері және олармен байланысты нысандар» атты мұра кешенін Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу туралы шешім қабылданды.

Бұл маңызды нәтижеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы мен тікелей қолдауының арқасында қол жетіп отыр. 2024 жылы Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Маңғыстаудың бірегей жерасты мешіттерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу жөніндегі жұмысты бастауды тапсырған болатын. Бүгін сол тапсырма толығымен орындалды.
Бұл шешімнің мәні, тарихи-мәдени мұраға ұқыпты қарау қағидаты Қазақстанның жаңа Конституциясында бекітілген кезеңде айрықша арта түседі. Ұлттық тарихи сананы, рухани қасиетті орындарды сақтау және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету – мемлекеттік саясат­тың аса маңызды бағыттарының бірі.
Сериялық нысанның құрамына Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан үпе сынды бес киелі кешен енді. Бұл кешендер жартастарға қашалып салынған мешіттерді, тарихи қорымдарды, ел ардақтаған сопылық ілім өкілдерінің жерленген орындарын, зиярат ету жолдарын, қасиетті құдықтарды және рухани мәні зор өзге де нысандарды біріктіреді.
Ғасырлар бойы бұл орындар тек зиярат ету орталығы ғана емес, рухани білім мен тәлім-тәрбиенің, ағартушылық пен өнегенің ордасы болды. Мұнда сопылық дәстүр мен көшпелі халықтар мәдениетінің сан ғасырлық сабақтастығы, халқымыздың тарихи санасы мен ата қонысқа деген ерекше құрметі көрініс тапқан. Бүгінде бұл мекендерде рухани дәстүрлер мен киелі орындарды сақтаушы шырақшылар институты өз жалғасын тауып келеді.
Осы шешімнің артында үлкен жауапкершілік пен бірнеше жылға созылған ауқымды еңбек тұр. Ғылыми тұрғыдан негізделген номинациялық құжаттама әзірленіп, кешенді зерттеулер жүргізілді. Нысандар мен олардың қорғау аймақтарының шекаралары белгіленіп, қорғау және басқару тетіктері жасалды.
ИКОМОС-тың бағалау миссиясының жұмысына қажетті жан-жақты қолдау көрсетілді. Осы ортақ жетістікке үлес қосқан барша азаматқа шынайы алғысымды білдіремін. Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Әбдірахмановтың, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының Бас хатшысы Жанар Шайменованың еңбегін ерекше атап өткім келеді.
Ғылыми және сараптамалық жұмысқа қосқан үлестері үшін Дмитрий Воякинге, Денис Сорокинге, Наргиз Айтуғановаға және Ләззат Бейсембаеваға ризашылығымды білдіремін. Сіздердің білімдеріңіз, кәсіби шеберліктеріңіз бен терең зерттеулеріңіз нысандардың тарихи, рухани және мәдени құндылығын жан-жақты ашып көрсетуге мүмкіндік берді.
Өңірлік деңгейде атқарылған жұмыс үшін Маңғыстау облысының әкімдігі басшылығына, Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры Балтабай Балапанға алғысымды білдіремін. Сондай-ақ Нұрлан Құлбайға айрықша ризашылығымды жеткізгім келеді. Оның Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығын басқарған кезеңінде Маңғыстаудың жерасты мешіттерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу бағытындағы жұмыстар бастау алған болатын.
Нысанның ЮНЕСКО тізіміне енгізілуі зор мәртебе ғана емес, үлкен жауапкершілік. Ендігі міндет киелі кешендердің тұтастығы мен сақталуын қамтамасыз ету, 2027–2032 жылдарға арналған интеграцияланған басқару жоспарын іске асыру, ғылыми зерттеулерді жалғастыру, бақылау жүйесін жетілдіру және бұл орындардың қасиетті болмысын бұзбай, жауапты мәдени туризмді дамыту.
Біз алдағы уақытта да Қазақстанның басқа да ұлттық мұраларын ЮНЕСКО-ның тиісті тізімдері мен бағдарламаларына енгізу бағытындағы жұмысты жалғастырамыз. Келесі міндеттердің қатарында Жаркент мешіті, Алматы қаласындағы Вознесенский кафедралды соборы, Қаратау петроглифтері, сондай-ақ Абай мұрасы, оның ішінде «Қара сөздері» бар.
Барша қазақстандықты осы тарихи оқиғамен шын жүректен құттықтаймын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір