Гүлжанар ШӨКЕЕВА, Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары. БІРЛІКТІ БЕКЕМДЕЙТІН ҚҰНДЫЛЫҚТАР
28.08.2026
31
0

– Гүлжанар Болатқызы, Қазақ­стан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми жиындардың бірінде еліміздегі қалаларға қатысты сәулет өнері жаңа сипатта әрі ұлттық бағытта даму керегі жөнінде орамды ой айтқаны мәлім. Осы мәселеге қатысты өз көзқарасыңызды білдірсеңіз?

– Мемлекет басшысы ұлттық болмысты сақтау, тарихи сананы жаңғырту және елдік құндылықтарды қоғамдық өмірдің барлық саласына терең сіңіру мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Мәселен, 2025 жылы Президент мәдениет және өнер қайраткерлерімен кездескенде, ұлттық бірегейлік тек мәдениет пен әдебиетте ғана емес, қалалардың келбетінен, қоғамдық кеңістіктерден, сәулет өнерінен де көрініс табуы тиіс екенін бірнеше мәрте атап өтті.
«Халық руханиятының тағы бір маңызды қыры – сәулет өнері. Қалалар мен елді мекендер келбеті – ұлт мәдениетінің айнасы. Ұлттық архитектура, түптеп келгенде, ұлттық санаға, яғни қоғамдық санаға игі ықпалын тигізеді. Елімізде сәулет өнерін жетік меңгерген, оны ұлттық нақышқа бейімдей алатын мамандардың тұтас буыны өсіп келеді. Мұндай дарын иелеріне мейлінше қолдау көрсету қажет. Осы орайда жас сәулетшілердің арнайы байқауын ұйымдастырып, ұлттық сыйлық тағайындауға болады», – деген еді мемлекет басшысы.
Тап осы мәселеге тереңірек үңілсек, қалалар мен ауылдардың кескін-келбеті ұлттық бірегейлікке сәйкес болуы, шын мәнінде, бұлТәуелсіздіктің талабы! Сондықтан Президент жас сәулетшілер арасында арнайы байқау ұйымдастыруды ұсынды. Егер расын айтар болсақ, ұлттық идеологияға сай, архитектурасы бойынша ұлттық бояуы айқын бірегей мәдени-тарихи нысандар біздің елде әлі некен-саяқ. Ашығын айтқанда, ұлттық идеология тұрғысынан өте маңызды осы мәселеге әлі күнге дейін жеткілікті назар аударылмай келеді. Мысалы, Орал қаласында «Хайтек» стиліндегі архитектуралық урбанистік шешімдердің тым көп қолданылуы, қазақы ұлттық ою-өрнек, түр-түс, шығыстық нақыш атаулының тым сиректігі, бірыңғай сұр түсті «қораптардың» көбейіп кетуі көңілге кірбің түсіретін жайттар. Елімізге туристер назарын аудару және жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбие­леу үшін құрылыс-архитектура саласында бірегей тарихи-мәдени нысандардың бой көтергені аса маңызды. Сәулет өнері де ұлттық мәдени сананы қалыптастырады, сондықтан архитекторлар мен урбанистер осыны үнемі ескерсе дейміз. Президент этностильдік ерекшелігі айқын сәулетті ғимараттарды көбейту керегін ұлттық идеология тұрғысынан талап етіп отырғаны айдан анық.
Шын мәнінде, сәулет жай ғана құрылыс емес. Сәулет – халықтың дүниетанымы, тарихи жады, эстетикалық талғамы мен рухани құндылықтарының тасқа қашалған шежіресі. Әлемнің дамыған мемлекеттері өздерінің ұлт­тық ерекшелігін, ең алдымен, қалаларының көрініс-көркі арқылы паш етеді. Қай елге барсаңыз да, сол халықтың мінезі мен мәдениетін ғимараттарынан, алаңдарынан, көшелері ескерткіш-мүсіндерінен аңғаруға болады. Демек, ұлттық айдентика мәселесі бүгінгі күні тек сәулетшілер мен дизайнерлердің ғана емес, мемлекеттік идеологияның да күретамыр бағытына айналуы шарт. Ұлттық айдентика дегеніміз – халықтың тарихи тамыры мен мәдени кодын заманауи ортада танытатын көркемдік және мазмұндық белгілер жүйесі. Ол сәулеттен, қала дизайнынан, ескерткіштерден, қоғамдық кеңістіктерден, тіпті көшелерді безендіру мәдениетінен де көрініс табады. Былтыр ҚР Президенті Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құныдылықтары мен бағыттары» атты құжатқа үңілейік.
«Елдің тарихи-мәдени ерекшеліктерін айқындайтын ұлттық нышандардың тізімін жасау – әлем жұртшылығына ортақ тәжірибе. Ұлттық нышандар елдің өзіне тән ерекшелігін тануға, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтуға және тарихи-мәдени мұрамызды сақтауға ықпал етеді» делінген құжатта.
«Ұлттық нышандар жалпыұлттық айдентиканың, атап айтқанда, мемлекеттік құрылымдардың, әкімшілік-аумақтық бірліктердің, білім беру, мәдениет және спорт мекемелерінің, азаматтық қоғам институттарының базалық элементтеріне айналуға тиіс» деген қағидат, сөз жоқ, біздің назарымыздан тыс қалмауы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, ғасырлар бойы Ақ Жайық атырабының рухани, мәдени және экономикалық орталығы болған Орал қаласының келбеті де жаңа көзқарасты қажет етеді. Қаламызда бір жылда бірнеше жаңа нысандар бой көтеріп, жыл өткен са­йын байырғы Орал жаңарып-жаңғыра түсуде. Міне, осы жаңарып-жаңғыру үрдісі ұлттық сипатпен сабақтасуы – Отанымыздың Тәуелсіздігінің талабы.
Біз көбіне-көп қаланың дамуын тек жаңа тұрғын үйлердің салынуымен немесе инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуымен бағалаймыз. Бірақ кез келген қаланың шынайы да тартымды келбет-көркін оның ұлттық дүниетанымға негізделген рухы қалыптастырады. Мінеки, ұлттық сәулет өнері осындай іргелі көзқарастан бастау алады. Егер біз Оралды ұлттық нақыштағы заманауи қала ретінде қалыптастырғымыз келсе, онда сәулеттік саясатқа деген талапты күшейтуіміз қажет. Бұл мәселе тек эстетикаға ғана қатысты емес. Бұл – ұлттық-мемлекеттік идеология мәселесі. Себебі, сәулет адамдардың тарихи жадына, туған жерге деген сүйіспеншілігіне, ұлттық мақтаныш сезіміне тікелей әсер етеді. Ұлттық өрнекпен көмкерілген қоғамдық кеңістіктер, қазақы дүниетанымнан бастау алған сәулеттік шешімдер, өңір тарихын сөйлететін архитектуралық элементтер тұрғындардың туған қаласына деген құрметін арттырады.
Бүгінгі таңда Орал қаласында салынатын әлеуметтік нысандарға, мәдениет ошақтарына, саябақтарға, алаңдарға және жаңа тұрғын аудандарға ұлт­тық сәулет нақыштарын үйлесімді енгізудің нақты талаптарын қалыптастыру қажет деп санаймын. Бұл ретте ұлттық нақышты тек ою-өрнекпен шектеуге болмайды. Ұлттық сәулет дегеніміз – кеңістік мәдениеті, табиғатпен үйлесім, тарихи сабақтастық жә-
не қазақтың дүниетанымына негізделген сәулеттік философия.
Оралдың болашақ көрінісі оның өткен тарихымен үндескенде ғана толыққанды болады. Сондықтан қаланы дамыту жөніндегі әрбір шешімде ұлттық мазмұн мен қазақы рухани құндылықтар басымдыққа ие болуы тиіс. Бұл – ұрпақ алдындағы жауапкершілік әрі елдік сананы нығайтудың маңызды тетігі.

– Сіз тілге тиек етіп отырған мұрат-мақсаттар мен жоба-жоспарлар жүзеге асуы үшін бұл күндері нақты қандай іс-шаралар қолға алынуда?

– Бүгінде еліміз бойынша бірнеше қала әкімдіктерінің жанынан урбанистік орталықтар құрылды. Бұл жаңа ұлттық урбанистика мектебін қалыптастырудың бастамасы деп сенейік. Қайткен күнде де бұл өте маңызды қадам. Ұлттық сәулет өнерін жандандыру арқылы Президент халқымыздың өзіндік ерекшелігін, ұлттық руханиятын паш ететін жаңа жобалық шешімдер ұсына алатын сәулетшілердің ұлттық негіздегі жаңа да жас буынын қалыптастыру жөнінде мәселе көтерді. Еліміздің үлкенді-кішілі қалаларын қазақы руханиятқа негіздей отырып, кешенді түрде абаттандыру, көркейтіп-көгалдандыру ұлттық сананы берік қалыптастырады, ұлттық бірегейлік пен ұлтжандылықты нығайтады.
Құрылыс нарығында бірыңғай футуристік жобаларды ғана ұдайы назарда ұстаймыз деп, шын мәнінде, ұлттық сана, төлтаным мәдениетке тірек-таяныш болатын ұлттық танымды жоғалтып алуымыз мүмкін. Сондықтан Мемлекет басшысы маңызды мәселе – ұлттық бірегейлікті, халықтың өзіндік ерекшелігін сәулет арқылы насихаттауға болатынын алға тартып, нақты бағыт-бағдар нұсқады. Ашығын айтқанда, айшықты ұлттық сәулет өнері – ұлттық рухты асқақтатын өте маңызды факторлардың бірі!
Ресей Федерациясының «Алтын сақинасына» енетін қалалар келбетінен (Мәскеу, Новгород, Псков, Суздаль, Ярославль, Сергиев Пасад, Владимир, Кострома), Орталық Азиядағы Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан шаһарларының шығыстық шырайынан және Еуропа мемлекеттеріндегі ғажайып сәулет туындыларынан осы елдердің мәдениеті мен тарихын паш ететін нағыз ұлттық архитектураның өзіндік үлгілері айқын аңғарылады. Тілге тиек болған осы мысалдардың қай-қайсысында ашық аспан аясындағы музейдің озық үлгілері ретінде қарастыруға әбден болады.


Өзбекстан Республикасы да – өзіндік ерекшелікке жомарт ел. Әлемдегі ең әдемі музей ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген, шығыстық мәнердегі ою-өрнектермен безендірілген, өзбек халқының мәдени коды болып есептелінетін мәдени, ғылыми, тарихи, діни кешен – Ислам өркениетінің орталығы сәулет өнерінің тарихи сананы қалыптастыруға және елдің туристік тартымдылығын арттыруға игі әсерінің жарқын мысалы.
Жалпыұлттық бірегейлікке жаһандық трендтер нұқсан келтірсе, әр халық түп-тамырынан ажырап, ұлт тұтастығына сызат түсіп, идеологиялық тұрғыда мемлекеттіліктің тұрақтылығы әлсіреуі әбден мүмкін. Әлемде ондай мысалдар жеткілікті. Сондықтан бүгінгі таңда қасбеттерді безендіру мәнеріне түзетулер енгізіп, ұлттық нақыш (этноколорит), ою-өрнектер енгізетін уақыт келді деп санаймыз. Этномәнер, ою-өрнек – бұл рәміздер, ал рәміздер – бұл идеология. Сондықтан ұлттық сәулет мәселесі өте маңызды.
Тарихи шаһарлардың сәулеттік келбетін ұлттық нақышпен дамыту – елдің мәдени болмысын айқындайтын маңызды бағыттардың бірі. Бұл тұрғыда Түркістан қаласы соңғы жылдары, шын мәнінде, түркі дүниесінің рухани әрі мәдени орталығына айналып келеді. 2026 жылғы 15 мамырда Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбындағы бейресми саммиті өтті. Саммит қарсаңында қалада ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, қоғамдық кеңістіктер ұлттық танымда, ұлттық талап-талғамда безен­дірілді. Қаланың кіреберісіне қазақ халқының тарихи мұрасын бейнелейтін Тайқазанның сәулеттік композициясы орнатылып, ұлттық нақыштағы киіз үйлер тігілді. Бұл киіз үйлерде түркі халықтарының салт-дәстүрі мен қол­өнерін танытатын мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылып, қонақтарға ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталды. Саммит барысында Түркістан мәртебесі тағы бір мәрте айқын көрінді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі өркениеті орталығын құру бастамасын жариялап, оның іргетасын қалау рәсіміне ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары қатысты. Бұл орталық түркі халықтарының ортақ тарихи және мәдени мұрасын ғылыми тұрғыдан зерт­теп, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қызмет етеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы хәкім Қожа Ахмет Ясауи мұрасын жүйелі зерделеу мақсатында Ясауи ғылыми орталығын құру жөнінде тапсырма берді.
Орынды жерінде айта кетейік, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиевтің бастамасымен бауырлас қазақ халқына тарту ретінде айтулы шаһарда жаңа мешіт бой көтерді. Зәулім ғибадатхана екі ел арасындағы достық пен рухани байланыстың жарқын өнегесіне айналды. Мешіт сәулетінде дәстүрлі ислам архитектурасы заманауи инженерлік шешімдермен үйлесім тапқан. Биіктігі 61 метрге жететін мұнаралары бар ғимараттың сыртқы көрінісі мен ішкі безендірілуінде ұлттық ою-өрнектер мен ислам каллиграфиясының көркем үлгілері кеңінен қолданылған. Бүгінде бұл мешіт Түркістанның сәулеттік салтанатын айшықтап, қаланың керемет жаңа рухани әрі мәдени нысандарының біріне айналды. Мұндай жобалар бауырлас елдердің рухани байланысын нығайтып, Түркістанның халықаралық беделін арттыра түседі. Ұлттық сәулет элементтерін, тарихи символдарды және дәстүрлі мәдениетті қаланың заманауи дамуымен ұштастыру Түркістанның басты ерекшелігіне айналып келеді. Сондықтан шаһарларда ұлттық бағытта дамыту тек көркемдік шешім емес, тарихи жадыны сақтап, ұлттық бірегейлікті нығайтатын маңызды мемлекеттік саясаттың бір бағыты болып саналады.
Әр қаламыздың келбеті егемендігімізді, ұлттық тұтастығымызды, елдігіміз бен рухани ерекшелігімізді айшықтап тұрса, бұл ұлттың мәдени келбетін қалыптастырудағы үлкен жетістік болар еді. Ұлттық руханиятқа негізделген сәулет, қоғамдық кеңістіктер мен мәдени нысандар креативті индустрияның дамуына серпін беріп, туризмді, қолөнерді, дизайнды және шығармашылық кәсіптерді өркендетуге жол ашады. Өзіндік бет-бейнесі бар шаһарлар елдің бәсекеге қабілетті брендін қалыптастырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды заманауи сипатта дәріптейтін креативті экономиканың маңызды тірегіне айналады. Сөз соңында айтарым, цифрлық технология мен жасанды интеллект жүйесі сәулет-құрылыс саласында ұлттық нақыштар мен ұлттық безендіруді жетілдіруге және осы істің көкжиегін кеңейтуге көп септігін тигізері шүбәсіз.

Сұхбаттасқан
Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір