ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІ мен ПАРЛАМЕНТІНЕ және ЖАҢА ҮКІМЕТІНЕ АШЫҚ ХАТ
12.02.2024
101
0

Республика Президенті мен Парламентінің және жаңа Үкіметінің назарын ұлттық руханияттың үш көкейкесті мәселесіне аударғымыз келеді, мұнсыз ұлттық руханият құрып кетуі мүмкін:

1. Бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлы ақын-жазушылардың интеллектуалдық меншігін тартып алғаны белгілі. «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алып, басып шығару және тарату» деген желеумен алғашында – 50 жылға, содан кейін (ұялған болуы керек) 5 жылға дейін бізді интеллектуалдық меншік құқынан айыр­ды. Бұл бізден басқа бірде-бір өркениетті елдерде бұрын-соңды болмаған масқара нәрсе еді!
Меншікті тартып алу заңмен жазаланатынын сіздер жақсы білуге тиіссіздер. Мұндай келеңсіздік бізде бұрын болған: (Ресейдегі социалистік Қазан төңкерісі 1920 жылдары қазақ байларының мүлкін күшпен тәркілеген-ді). Одан не шықты?! Не шыққанын енді көріп отырмыз.
Рыноктық экономика елдерінде меншікті қандай жолмен болса да тартып алуға заңмен тыйым салынған! Жазушылардың интеллектуалдық меншігі де – дәл сондай меншік! Бұл туралы бұрынғы Мәдениет министрі Д.Абаевқа да айтылған. Егер қазақ жазушылары халықаралық сотқа жүгінсе, бұл ұят һәм күлкілі оқиға болғалы тұр.
2. Қазақстанда әлі күнге дейін қаламақы мәселесі шешілген жоқ. Өркениетті елдерде адам баласы еңбегіне ақы алуы керек! Отыз жылдан асты, Тәуелсіз ел атанғалы қазақ ақын-жазушылары еңбегіне қаламақы алмай келеді! Совет жазушылары Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де қаламақы алған еді ғой. Бізде қазір ашық аспан, бейбіт заман емес пе?!
3. Қазір көркем әдебиеттің озық үлгілерін Таңдамалы (Избранные) ретінде қайта басып шығару үрдісі бүтіндей құрыды! Қайта басуға Мұхамедиұлының жоғарыда айтылған «заңы» тыйым салып қойған! Әдебиеттің халық сынынан өткен інжу-маржандарымен таныса алмаған ұлт өркениет көшіне қалай ілеседі?! «Ұлы мемлекет болу үшін оның ұлы әдебиеті болуы керек!» – деген Ғабеңнің (Ғ.Мүсірепов) сөзі ұмытылып барады! 

P.S. «Тілің мен мәдениетіңді қорғай алмасаң, шекараңды ашып таста, себебі сенде қорғайтын мемлекет те қалған жоқ!» – деген Оңтүстік Африканың адам құқын қорғау жолындағы жалынды күрескері Нельсон Манделаның сөзі осындайда еске түседі.Мемлекеттің елін де, жерін де қызғыштай қоритын оның қалам қайраткерлері, әдебиеті мен өнері деген сөз – бұл! Олардың құқы қорғалмаса, мемлекеттен де түк қалмайды. Мәдениет министрлерінің мәртебесі Үкіметтегі барлық министрден биік болуға тиіс!
Министрлер мен әкімдерді ұлттық руханяттан жұрдай совоктардан** іріктеу әлі күнге дейін тоқтар емес. Қытайда ірі шенеуніктерді таңдарда қытай тілі мен тарихынан шығарма жаздырады, сол екі-үш беттік шығармада кімнің кім екені көрініп тұрады. Бізді ұлттық дүниетанымнан түк хабары жоқ, одан сауатты диктант та жаза алмайтын совоктар басқарады!
*«Совок» — порицательное название Советского Союза, советского человека и советской действительности в целом.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ ПЕН-клубының мүшесі
2024 ж. 06.02.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір