Диагноздан арылудың басты негізі – сауатты маман
Инклюзивті қоғамның құрылымын дамыту уақыт сұранысы болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін балалар көбейіп барады. Балалар тиісті реабилитация қабылдау үшін жарты жыл уақыт күтеді. Сөйтіп, уақыт жоғалтады. Кезегі келген кезде толық оңалтудан өтуге мәжбүр. Балалар сапалы қызмет алу керек. Мемлекет тарапынан арнайы психолог мамандарының даярлануына назар аударылуы керек», – деп осы бағыттағы жұмыстардың жандануына күш салып келеді. Осы орайда ерекше диагнозбен өмірге келген балаларды оңалту турасындағы маманның тұжырымын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Айна КЕРЕЙ

Қазіргі таңда психологиялық дамуында тежелуі бар, тіл шығуының кешігуі бар және аутизм белгілері бар балалар өте көп. Мен педагог-психолог, логопед-дефектолог маман ретінде балалардың психологиялық дамуының тежелуі мен кешігуіне көп мән беремін. Аутизм белгілері (РАС-расстройство аутистического спектра) бар ерекше балалардың ата-аналары да айрықша төзімділік танытқаны жөн. Аутизм белгілері бар балалармен жұмыс жасау барысында ең алдымен педагог-психолог мамандығымды алдыңғы орынға қоямын, содан кейін барып дефектолог, ең соңында логопед ретінде жұмыс жасаймын.
Неге логопедтік міндетті ең соңғы орынға қоямын? Себебі логопедтің міндеті—дыбыс қою. Ал аутизм белгілері бар балалардың ең басты проблемасы дыбыстарды дұрыс айтпауында емес, қабылдауында, түсінігінде, түйсігінде, зейінінде ақаулардың көптеп кездесетіндігінде. Қарым-қатынас жасауда қиналады, кейбір балалар сөйлемейді, сөйлеуі кеш дамиды, ал сөйлейтіндері өз ойын жеткізуге немесе өзгелерді түсінуге қиналуы мүмкін. Әлеуметтік қарым-қатынаста да көп қиындықтары бар, көзге тіке қарамауы, есіміне бірден жауап бермеуі, басқа балалармен ойнауға қызықпауы немесе эмоцияларды түсінуде қиналуы ықтимал.
Күн тәртібі өзгерсе, мазасызданып, ашуға бой алдырулары да көп кездеседі.
Ал сезімталдық ерекшеліктері ол бөлек бір әлем десе де болады. Кейбір балалар қатты дыбысқа, жарыққа, иіске немесе жанасуға өте сезімтал болады. Кейбір аспергер диагнозы бар балалар үлкендердің ойы жете бермейтін құрастыруларды қиналмай жасап бере алады. 4-5 жасында күрделі кітаптарды зуылдатып оқиды. Бірнеше тілде еркін сөйлейді. Бірақ социум жоқ. Өзімен-өзі ойнайды, балалармен араласпайды. Басына төніп тұрған қауіпті сезбейді. Мысалы, көшеде машинаның жарығына жүгіру, ыстық затты ұстау т.б. жағдайлар орын алып жатады. Кейбір аутизм белгілері бар балалар басын жарып алса да күліп отыра береді, яғни сенсорлық қабылдаудың дұрыс болмауынан ауырсынуды сезбейді. Керісінше бәсең дыбысты ерекше қатты естіп құлағын жауып шыңғыратындары бар. Тойғанын, тонғанын білмейтіндері бар. Сол себептен баланы ең алдымен психологиялық тұрғыдан зерттеп, зерделеп барып жұмыс жасауды ең басты міндет деп қараған дұрыс. Сонымен қатар аутизм белгілері бар балалармен жұмыс бастамас бұрын невролог мамандардың кеңесі, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) шешімдерін мұқият қарап, танысып, сабақ жоспарын жасауда ескерген өте маңызды. Егер алдыма келген балада, жоғарыда айтылған психологиялық өзгерістердің қандай да бір белгілері болса және бала менің алдыма келерден бұрын неврологтың қабылдауында болмаған болса, онда міндетті түрде неврологтың қабылдауында болуына кеңес беріледі, талап етіледі. Жүйелі түрде жұмыс жасалса, диагнозы бар баланы қоғамға бейімдеп, ел қатарлы өмір сүруге жақындатуға әбден болады. Менің тәжірибемде – ПМПК-да аутизм белгілері бар деген диагнозбен келген балалардың өте жақсы нәтижеге жеткендері көп.
Қандай диагноз болса да баланы қатарға қосуға болады. Кейде ондай оң нәтижеге бөгет жасайтын ең алдымен ата-ана болатынын да айта кеткен жөн. Баланы консультацияға әкелген кезде диагностика жасап отырып, бірден байқауға болады. Ата-анаға жайлап айта бастасаң, шап ете қалады. Кейбір ата-аналар өзін және баласын кемсіту деп санап, үстіңнен арыз жазатынын айтып күш-қуатын басқа жаққа жұмсайды. Әрине, бәрі емес, дегенмен ондай жағдай кездесіп тұрады. Ал сол кезде «Ертерек баланы неврологқа көрсетейін. ПМПК-ға бағыт алып, толық диагнозын анықтатайын» деп әрекет жасаса ғой, шіркін. Бірден дұрыс бағытта жұмыс істеудің орнына, «Менің балам ондай емес» деп қабылдай алмай жатады. Әрине, ата-анада қабылдау дұрыс болмаса, балада қайдан болсын! Содан, қабылдауы дұрыс емес ата-ана «Балаңыз норма ғой, ештеңе етпейді, бір курста жазып беремін» дейтін сауатсыз маман іздейді. Ол 2-3 курспен аяққа тұрғызатын шаруа емес. Маған 2-3 жыл келген балалар бар, қатарға қостым.
Кей ата-аналардың сауатсыз маман мен әлеуметтік желінің дарақы қолдауын іздеп жүріп уақыттан ұтылатыны расымен қынжылтады. Уақыт өткен сайын баланың аутизм белгілеріне корректировка жасау күрделене түседі. Оған уақыт өткізбей, ертерек көмектесе алатын маман және шексіз махаббатпен қабылдай алатын ата-ана ғана қажет. Тағдырдың берген сынағын қабылдай отырып, ертерек қолға алсаңыз, бәрін де өзгертуге болады. Өйткені аутизм — ауру емес. Олар – бізге өмір сүрудің мәнін үйрете отырып, өзінің өзгеруіне бізден көмек күткен ерекше тағдыр иелері. Бізге уақытты үнемдеудің, дұрыс шешім қабылдаудың маңыздылығын еске салатын періштелер!