БІЛІМ КЕЛЕШЕГІ: АДАЛ АЗАМАТ, КӘСІБИ МАМАН
Ұлы Абай «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген. Өскелең ұрпақты оқып, білуге баулып, білім-ғылымға талпынысын ұштау қаншалықты маңызды болса, оларды үлкен өмірге бастар жол – мектеп қабырғасында кәсіби бағдар беру де соншалықты маңызды.

Білім тәрбиемен ұштасқанда ғана нәтижелі болады. Білім мен тәрбие – кез келген қоғамның қос тұғыры. Осы тұрғыда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы тамыз конференциясында атап өткендей, «Отбасы – мектеп – мемлекет» үштігі үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жетуге болады. Ал бұл үштіктің өзегінде еңбекқорлық идеясы болуға тиіс. Жас ұрпаққа еңбексіз ешқандай игілік болмайтынын үнемі түсіндіріп айту керек. Қоғамда масылдыққа жол бермеу қажет. Себебі, бұл жол тек тығырыққа тірейді».
Білім мен тәлім-тәрбиенің киелі ордасы – мектептерімізде жеткіншек ұрпақтың жан-жақты дамуы, жақсы мен жаманды ажырата білер адал да шыншыл, еңбекқор болып өсуі, яғни еліміздің өркендеуіне қызмет етер отаншыл азаматтың қалыптасуы жолында ертеңді ойлаған істерге ерекше мән берілуде. Осы тұрғыда Қарағанды қаласындағы №4 жалпы білім беретін мектепте атқарылып жатқан жұмыстар атап өтерлік. Білім ошағында оқушыларға білім берумен қатар, әр жеткіншекке бейімділігіне қарай кәсіби бағдар беру жақсы жолға қойылған. Атап айтсақ, солардың бірі – құрылыс бағытындағы бейіндік сынып. Мұнда оқушылар тек қабырға сырлау, жөндеу секілді құрылыс жұмысының бастапқы негіздерін үйреніп қана қоймай, болашақ мамандықтың нақты мән-маңызын түсініп, танып-білуге мүмкіндік алады. Мектеп қабырғасынан, яғни ерте кәсіби бағдар беру саналы таңдау мәдениетін қалыптастырудың маңызды тетігі ретінде қарастырылады: оқушы мамандықтың қыр-сырын неғұрлым ерте түсінсе, колледжді немесе жоғары оқу орнын тамамдаған соң алған мамандығы бойынша еңбек ету ықтималдығы соғұрлым жоғары болады.
Мектеп директоры Мағрипа Хасенованың айтуынша, кәсіби бағдар беруде құрылыс бағытын таңдау уақыт талабынан әрі өңірдің экономикалық сұранысынан туындаған. Құрылыс индустриясы бүгінде аймақ экономикасының тірек салаларының бірі саналады. «Бұл бағытты таңдаудағы басты себеп – мамандықтың нақты нәтижеге бағытталуы, жоғары жауапкершілікті талап етуі және шығармашылық көзқарасты дәл есеппен ұштастыруы. Құрылыс саласының келешегі зор, ол елдің дамуына тікелей ықпал етеді», – дейді Мағрипа Хасенова.
7–10-сынып оқушылары қамтылған бейіндік сынып бағдарламасы жас ерекшеліктеріне сай кезең-кезеңмен құрылған. Оқушылар алдымен теориялық дайындықтан өтеді, кейін міндетті түрде тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылады. Қарағанды техникалық-құрылыс колледжімен бірлесіп жүргізілетін оқу үдерісі барысында оқытушылар кірпіш қалау, дәнекерлеу ісі, плитка төсеу, графикалық дизайн негіздері, ағаш өңдеу және сантехника бағыттары бойынша сабақ өткізеді. Мұндай формат оқушыларға мамандық негіздерімен ғана танысып қоймай, нақты жұмыс түрлерін орындап, өз қабілетін іс жүзінде сынап көруге мүмкіндік береді. Осы ретте мектеп басшысы жеткіншектерге кәсіптік-техникалық оқу орнымен бірлесіп жүргізілетін бейіндік сыныптарда оқып, кәсіби бағдар алғандығы жөнінде арнайы сертификат немесе жолдама берілмейтінін атап өтті. «Өйткені бағдарламаның негізгі мақсаты – оқушылардың құрылыс және техникалық мамандықтарға қызығушылығын ояту, еңбекке баулу және алған білімдерін күнделікті өмірде қолдануға үйрету. Сабақ барысында олар әртүрлі жұмыс түрлерімен танысып, өз мүмкіндіктерін байқап көреді. Бұл болашақ кәсіби таңдаудың берік негізін қалыптастырады», – дейді директор.

Жалпы, Қарағанды облысында мектеп оқушыларына арналған бейіндік даярлық жүйесі жүйелі түрде дамып келеді. Биылғы оқу жылының басынан индустриалды өңірдің 83 мектебінде жұмыс істеп келе жатқан 126 бейіндік сынып екі мыңға жуық оқушыны қамтып отыр. Бұл сыныптарда оқушылар IT, аграрлық сектор, тау-кен және металлургия, теміржол ісі, инженерия, қызмет көрсету саласы, құрылыс, дәнекерлеу ісі, тігін және шаштараз өнері, сондай-ақ медициналық және педагогикалық бағыттар бойынша мамандық негіздерін оқып-үйренеді. Айта кетерлігі, мектептердегі бейіндік сыныптар білім ошағы орналасқан елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып ашылады. Өйткені оқушылар өздері тұратын өңірдегі бейіндік мекемелерге барып, өндірістік нысандардың жұмысымен танысады, салалық байқаулар мен тақырыптық кездесулерге қатысады. Сондай-ақ кәсіпорындарға танымдық экскурсиялар ұйымдастырылып, мамандармен жұмыс үдерісі барысында тікелей жүздесуге мүмкіндік алады. Осылайша, бұл жүйені жолға қоюдағы басты мақсат – жастардың жұмысшы және техникалық мамандықтарға деген қызығушылығын арттырып, болашақ мамандығын ертерек, мектеп қабырғасында жүріп-ақ таңдауына лайықты негіз боларлық шешім қабылдауына ықпал ету.
Дәрия БЕКЕТҚЫЗЫ.
Қарағанды қаласы