Серік НЕГИМОВ. Ел суреттері мен дала көріністері
04.08.2026
33
0

Жазушы Зейнел Жекейұлының «Тұлпар тағдыр» атты жинағына топтастырылған он алты әңгімесі – ел өмірінің айнасындай, тәуелсіздік дәуірінің дауысындай, Ұлы даламыздың, ұлы бабаларымыздың киелі көркем қасиеттерінің айғағындай, ұлт тілінің жайнаған қазынасының бір мысқалындай, көркемдік дүниетанымының келісті бір сәулелі бөлшегіндей деуге болады.

«Бір уыс топырақ» дейтін отан­шылдық, әлеуметтік, тұрмыс­тық сипаты өзгеше әңгімесінде ата-бабасының жұртында, көркем жаратылыстың құшағында аң-құсын, өсімдігін қызғыштай қорып отырған орманшы Қасым өмірі терең сезіммен суреттеледі. Атамекенінің қожасындай Қасымбектің өзі де тағдырына риза. Табиғатпен шүйіркелесіп сөйлеседі, сырласады, жұпар иісті топырағын ардақтайды.
Тіпті аудан орталығында оқып жүрген балауса Сандуғаш үйге келгенде бауыры Сабырды ертіп, «керемет бір оркестр ойнағандай мың құбылған әуенге», сыңғырлаған күйге толы тоғайын іңкәрлікпен аралап, құмарын қандыратын-ды. Осы бір сұлу көрініске сүйсінген әкесі: «Осы қызымның қылығы өзгеше, елдің қыздары шулы, дулы жерге асық, бұл болса тау-тасты кезіп, тоғай аралауға құмар… Кейбір құстарды үнінен таниды. Бұл да бір ерекше қасиет шығар. Туған жердің тау-тасын, орманын, тағы аңдарын жүрегіңмен жақсы көріп іздеу, сағыну адам жаратылысынан болар», – дейді. Көңілі, пейілі таза, жаны жібектей, аққудың көгілдіріндей Сандуғаш: «Әке, тау-тастың сәні болған аңдары, тоғайда құйқылжыта ән салған құстары болмаса, табиғат та жетімсіреп қалатын шығар?» – деп телегей сезіммен тебіренеді.
Сөйтіп, дастарқан басында Сандуғаш аудан орталығындағы қызықты жаңалықтарымен бөлісіп отырғанда, тосыннан анасы Қарлығаш: «Жау ала ма осы қарағайды. Тұрсаң да көз алдыңда самсаған қарағай, жатсаң да қарағай, бұл қу ағаш түсімізге де кіретін болды енді… Ағаш күзеткеннен мүйіз шықса, шығар еді ғой шаш орнына қалың мүйіз», – деп кейіс білдірген.
Бұл тікенек сөздің де себебі бар-ау! Тоқырау дейміз бе, жаһанданудың зардабы дейміз бе, урбанизацияның тегеуіріні дейміз бе? 1928 жылы «Жаңа ауыл болайық, жаңаруға қарауыл болайық!» деген Сәбит Дөнентаевтың елұранындай сөзінің күлі көкке ұшқандай ма.
Сонда келіншегінің райынан қайтармақшы болған Қасымбек: «Ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда, табиғат жарықтық мынау, бар байлығын аузыңа тосқан. Ата-бабамыздың қалың қорымын қалай ғана тастап кетеміз?! Топырақ осы жерден бұйырсын деп жүр емеспіз бе?! Көшпеймін, әке-шешемнің жанына жантаямын» деген.
Тұрмыс-тіршілік қайшылық­тары­­ның шырмауынан шығудың жолын іздеген Қасымбек қызы Сандуғаштың қандай мамандық таңдайтынын сұрады да, үлкен шаһарға барып, дана ұстаздардан тәлім ал деп кеңес берді. Әкенің айтқаны қабыл болып, Сандуғаш Санкт-Петербургтегі атақты академик Павлов атындағы Медицина университетіне оқуға қабылданады. Қасымбектің көңілі шалқып, төбесі көкке жеткендей болады. Сандуғаштың айы оңынан туып, жолы оңғарылып, ілім-білім жолына түскен соң, Қасымбек пен Қарлығаш ел көрейік, көңіл көтерейік деп, Қарағайлыдағы ағайыны Жұмағұлдың шаңырағына ат басын тіреп, шаттанған кейіппен ауласына енгенде «шаштары қаракүл қозысының терісіндей бұп-бұйра, қазанның қаспағындай екі бала ойнап жүр екен. «Астапыралла!» – деп, Қарлығаш шоршып түсті. «…Е-е, е-ей, басқа салған соң көнесің де, өз қолыңды өзің кесесің бе?» – деп үйден етегіне сүріне Балқия шықты.
Сөйтсе қызы Күләй нигериялық Джон дейтін жігітке тұрмысқа шыққан. Джонның ебедейсіздігі, тұрпайылығы да күлкілі қылықтары жеткілікті әңгімеленеді. Ара-арасында Сандуғаштың байсалдылығы, зеректігі айтылған мезетте Балқия: «Үлкен қалада не көп, дүниенің әр қиырынан жиналған жастар көп. Африкалықтар да өріп жүрген шығар. Мына Джон сияқты біреумен тәйт деп тайып отырмасын», – деді сандырақтап.
Ай, қазағым-ай, неткен көрегенсің! «Заман азбас, ел азар, Ел неден азар, сөзден азар, Қарашасы жаман хан азар, Имансыз болса, көр азар» дейтін мыңжылдық тәжірибелерден туындаған халық сөзінде мін бар ма.
Есті, көргенді, бекзат Сандуғаш 3-курсты тәмамдасымен, орыс жігіті Петямен көңіл қосыпты. Мал құлағы саңырау. Әке-шешені тірідей өлтірді деген осы. Дүние теріс айналды. Тұнығың ылайланды. Өңі өрт сөндіргендей әкесін көргенде Сәния:
– Орысқа күйеуге шығып жатқан жалғыз Сандуғаш емес, – деді жұбатпақшы болып.
Түңілген Қасымбек:
– Жетіскен екенбіз. Аралас некеден туғандар ұлты үшін күйе ме, ұлтының намысын қорғай ма? Жоқ, мәңгүрт болып өседі, мәңгүрт болып өледі.
Қасымбек қаншалықты қайсарлық, көнбістік, сабырлық таныт­қанымен, уайым-қайғы «ішін иттей кеміріп» тірі өлік кейпіне түсті.
Тағдырдың қыл бұрауы мойнына оралған Сандуғаш «өлмелі енесі, кәрі кемпір баба Дусяға жағамын деп, жұмыссыз еркекті бағамын деп, бауыр еті баласы Маратын бағамын» деп, қатерлі дертке душар болып, жалғанмен қоштасыпты.
Халі мүшкіл, қайғысы тау қос мұңлық сорлайды, қан қақсайды, зар илейді. Жаралы жылдар салмағы, зары, табы ұлғая береді. Бірде Қасымбек түс көреді: «Қызым-ау, Сандуғашым-ау, сағындым ғой» деп ұмтыла беріп еді, ол шегіншектей бастады… «Балапаным-ау, жарығым-ау, бауыр етім-ау жылағаның не?» дегені сол, Сандуғашы жалт бұрылып сағымға сіңді. Сағымға оранып алыстап барады, алыстап барады…
Бұл жұма күнінде көрген түс еді. Шелпек пісіртті. Артынша қос жұдырық басындай қымбат матадан қалта тіктіріп, Сандуғаштың кіндік қаны тамған көне қыстаудың топырағын алып, Санкт-Петербургке аттанды.
Әуежай ішінде кеденнен өтпекші болғанда:
– Қол сөмкеңізді ашып көрсетіңіз, ішінде не бар – деді қызметкер. Шүберек қалтадағы топырақты көріп тамсанды.
– Сонда сіз осы топырақты салу үшін со-но-о-у Санкт-Петербурге бара жатырсыз ба?! Мына ісіңіз менің миыма сіңе алмай тұр. Қы­зыңыз жер құшағында екен. Бұл топырақтың не ерекшелігі бар сон­да!
– Қарағым, қызым, бұл туған жердің топырағы, оның иісі де, қасиеті де бөлек. Бұл – киелі топырақ».
Трагедиялық, әлеуметтік, психологиялық сарындарға құрылған сол бір жаһандану дәуірінің айнасындай бұл әңгіменің философиялық түйіні – туған жеріңнің баға жетпес асылы – бір уыс топырағы. «Ескі қыстау – елдің құты» дейді халық.
Данышпан Абай:
Ендігіге не сұрау бұл жалғанда,
Ақыл-ой, ар-намыс жоқ еш адамда.
Өлген мола, туған жер жібермейді,
Әйтпесе тұрмас едім осы маңда, – дегені иненің көзінен түйе өткенше тозбайтын қағида.
Ел өміріндегі, келешек тұрмыс-кәсібіндегі көріністерді сыншылдықпен саралау, сипаттау, тану, тағылымдық-танымдық ғибрат өрбіту, яғни жазушы ақиқатты айна-қатесіз көру қасиетіне ие болғанда ғана оның шығармасы өмір айнасы ретінде, қаламгердің өзі ой мен сөз зергері санатында қабылданады. Жазушы Зейнел Жекейұлының «Тапталған тарих» әңгімесі бақ-берекесі тайған кеңестік кезеңнің көріксіз жәйттерін орта мектепті үздік бітіріп, тарихшы-оқымысты болуды армандаған жас оғылан Жарқынның тағдыры арқылы көрсетеді. «Атадан қалған ақ таяқ, Бабадан қалған бақ таяқ» деп, бөлімше бригадирі антұрған Санақ ошағанша жабысып, Жарқынды қой бағуға көндіреді. «Құт-қазаның ошақтан түспейді, бүлк-бүлк етіп қайнайды да жатады» деп азғырады, «Бір атаның баласымыз» деп іш-бауырыңды елжіретеді. Жазушы Зейнел Жекейұлының суреттеуінше, Санақтың сықпыты мынадай: «Құшық баста селдір шаш. Жасына жетпей таңдайланған маңдай. Ыржиып күлгенде екі езуі екі құлағына жететін жайын ауыз». Өзі де, сөзі де, іс-әрекеті де, пейілі де сөлекет.
Жарқынның сыныптасы Самалға деген ілтипаты ғажап еді. «Балғын да пәк жүректер лүпілін ұстаздар да сезетін… Үнсіз ұғынатын, бір-бірін жүректерімен аймалайтын. Ол сөздерден де жоғары, қымбат та құпия бір ғажайып, тұңғиық әлем еді арада». Шіркін-ай, қымбат күндер-ай, сырласқан сәттер-ай! «Мәңгілік бір болуға талпынған егіз жүректің тілегі қабыл болар күн де туар» деп ниет ететін-ді.
Амал нешік, Самалы астанада. Ол бір хатында «Әке-шешемнің ризашылығын алып соңыңнан жетемін» деген сөзіңді талшық етіп келемін» деп жазған-ды. Самал өз жөнімен. Жарқын тәрбиелі, ибалы Сәулемен көңілі жарасты. Бір күні ойда-жақта «МТЗ» тракторын «есіртіп айдап», «қиралаңдатып заулатып» алба-жұлба киінген ұсқынсыз, әумесер Құрымбек жетіп келді де: «Совхоз орталығында партия жиналысы, шешімдер қабылданады», – деді. Дөкейлерің жиналып, дүрілдетеді. «Нем бар еді, осы партияда?» – деп іштей өкінді Жарқын. Мал төлдеп жатыр. «Партия», «коммунизм» деп бөседі.
Не керек, совхоздың клубында озат малшылар, механизаторлар, совхоз директоры мен парторг, аудандық партия комитетінің хатшысы Иван Иваныч және қазақшаға жүйрік Саша бар, жиналыс орысша. Көбік сөздер: «Партия – айымыз, күніміз», «Алдымызда – коммунизм!»
Жарқынның жауыр сөздерден құлағы сарсыды… Совхоз директоры Құрамыс былтыр жүз саулыққа 115 қозы ерттің, биыл 125 қозы ертем деп уәде берші деп, Жарқын Мықтыбаевқа сөз берді.
– Оны қошқардан сұрау керек. Уәде беретін мен қошқар емеспін, – деп міз бақпады қайсар мінезді Жарқын.
«Саулықтар күлге аунап қоздай ма?!» дегенге клуб іші азан-қазан шуға, тарқылдаған, кеңкілдеген, қышқырған күлкілерге толып кетті.
Клубтың сыртында Айғаным кейуана немересі Арланмен қыдырып жүрген. Қыран-топан күлкіні естіген Арлан концертке кіргісі келеді. Әжесі айтады:
– Қайдағы концерт, үлкен жиналыс. Қазір бәрі әртіс. Әртісі де әртіс, әртіс емесі де әртіс болған заман.
Ол түс көріпті. Түсінде бір өңкей тентек топ қоршап алыпты да, ең зоры «причем тут кошкар?!» деп ақырып буындырыпты. Шошып ояныпты. Өңінде де, түсінде де қыр соңынан қалмапты.
«Әке аманаты» әңгімесі – жер тағдыры турасындағы қасіретнама. Бұл жүйелі толғау алты жасар есті жеткіншек Секентайдың көрген-білгені, сезіп-түйсінгені арқылы баяндалады. Әкесі Ақылбай – ауданның озат шопаны, өскен өлкесінің жанашыры, күрескері, киелі топырағының шырақшысы. Жер-Ананың қыртысын қопарғандарға өкпесі қара қазандай. Жерді қорлап-қопарып астан-кестесін шығарушылар мал өрісін қасақана тарылтып, ауылдың іргесін, зират-бейіттерге дейін жыртуға бет қойды. «Сойдақ-сойдақ азулары арбиған соқасы» тіркелген шынжыр табан аждаһа байқаған қойшы: «Қара жердің жүрегін жаралап, қан-жоса ғып, сүйегін зақымдап не еткенің? Ол – бүкіл қазақтың байтағы, келімсектердің арқалап әкелген жері емес!» –дейді совхоз директорына. «Әй, ит, мүрдені қазған қояншық!» деп «оқымысты қойшы» құрығымен трактордың әйнегін сындырған. Заң алдында жауап бересің деп оны милиция ұстап әкетеді. Жазушы Зейнел Жекейұлы ел суреттерін, көріністерін, жас кейіпкердің, бір келімсектің маңдайы жарылғанына әкесінің басына қара бұлт үйірілгенін, оның бейнетқор құмырсқалардың жосылтып-заулап күнкөріс қамымен жүргенін көріп, намыстың оты оянып, әулие-әнбиелерге сыйынып, етек-жеңін, есін жинағанын, жердің иісінен құдіретті, қасиетті ешнәрсе жоқ екенін, ұлы бабалар қасіретін, мұң-наласын болмысымен қабылдағанын табиғи жарасыммен суреттейді.
Секентай орта мектепті тамамдайды, Алатаудың баурайындағы айтулы университеттің студенті атанады. Көңілі тасып, желденіп ауылға келеді. Әкесімен шүйіркелеседі. Сондағы әкесінің ғибраты мынадай: «…Мына қасиетті қазақ жерінің бір түйір тасы мен қисайған қурайын қорғап қан төкті ата-бабамыз… Жеріңді қорға, сол жердің үстінде ұрпағын өсіріп жатқан берекелі еліңді қорға. Еліңнің көзіне сүйел болып түспе, сүйеу болып түс… Қорға сол Тәңір сыйлаған байлықты. Ата-бабаңның сүйегін таптатпа. Сүйегін таптатқаның – рухыңды таптатқаның. Рухы тапталған халық – ел болудан қалады».
Жердің жарасы – елдің жарасы. Ұлт рухы асқақтайды – жерің мен суың аман болса, халыққа жағып ұлың өссе, қанатын жазып қызың өссе. Әңгіменің тағылымы да осында.
Қаламгердің «Қыз кеткен» әңгімесінің оқиғасы сұңқар текті Жамал мен жалын жүректі, сері мінезді Сұлтанның ғашықтығына арналып, лирикалық, романтикалық, гуманистік, психологиялық, философиялық сарындармен, поэзиялық бейнелеулермен келісті өрілген. Қыз атаулының перизаты Жамалға ынтызар іші тарлардың құрған қисынсыз құпия жоспары да жүректерін махаббат оты маздатқан қос ғашықтың мәңгілік жарасымына қылау түсірмеген, бөгет бола алмаған.
Тұрмыс-тіршіліктің, тағдырдың қайшылықты іс-әрекеттерін әділдікпен безбендеп, дұрыс шешім шығаратын Жамалдың әкесі Игілік абыз ашу-ыза үстінде үш ұлын дереу шақырып:
– Сойыл-шоқпарларыңды орын-орнына қойыңдар. Орынсыз қопаңдамаңдар… Сүйекке таңба түсірмейік. Жомарт қарияның өте зерделі, білекті, ақ жүрек бір ұлы бар деп естуші едім. Бір-бірін дұрыс тапқан.
Біздің ауылдың есерсоқтары бозбалалардың жүйріктерінің жал-құйрығын күзеп, мазақ етіпті. Бұл – азаматты қорлау. Оларда да намыс бар. Ел ішін ала-шапқын қылмаңдар. Жамалым өмірлік серігім деп соңына ерді. Бір жастықта қартайсын деп тілеуқор болыңдар, – деп даналық танытты.
«Тұлпардың ізі – періштенің ізі» деп қасиет, кие тұтқан дала қазағы. Ұлы даланың салтанаты, сауығы, ел қорғау жолындағы қаһармандық-ерлік жорықтары, ұлт рухының рәмізі – алтынжалды тұлпарлар ғой. Баһадүрлеріміз ер-тоқымның астынан көк тұлпардың тұтас жалын шығарып, сес көрсетіп, қаһарына мініп, қайратына сеніп жауға шапқан ғой. Иә, жазушының «Тұлпар тағдыр» дейтін лирикалық сипаттағы әңгімесінде сүліктей жаратылған, желдей ескен, жебеден де ұшқыр, сезімтал, артықша есті, текті Ардакүреңнің тағдыры суреттеледі. Шіркін, жалған-ай! Қасиетті тұлпардың да қасіреті шаш етектен… Аталмыш әңгімеде этнографиялық мәліметтер де бар. «Қазақ жылқы мінезді», қазақ құрық пен желіні аттамайды, түркімендер ұйқыдан оянысымен әкесіне, сонсоң тұлпарына сәлемдеседі екен.
Мейірім, қайырым тақырыбына арналған «Арай» әңгімесі де оқырманның көңілін тебірентеді. Жаяу жүргінші жолының бір тармағында мүгедектерге ыңғайлы тұсында таяғының басына сопақша қалбыр байлап отырған бір қарияға Арай сабақтан кейін, аталап амандасып, азын-аулақ тиын-тебенін беріп кетеді екен. «Жоқ дейін десем – бар, Бар дейін десем – жоқ» дегендей, тұрлаусыз, болжаусыз дүниеден түңілген жарымжан қария Арайдың анасы Ғазизаға былай депті: «Арайың жүрегінен нұр төгілген періште… Бұл бала ерекше жан. Тіл-көзден сақтасын. Ғұмырлы болсын!»
Жазушы З.Жекейұлы бір әңгіме­сінде соғыстың зардаптарын («Ызғырық»), екінші әңгімесінде ел күйзелген тоқырау аталған жылдардағы алыпсатарлықты («Төпли хикаясы»), үшінші бір әңгімесінде қожанасырлықты («Ораза») шынайы суреткерлік шеберлікпен жеткізеді.
Баланың мінез-құлқын, қылығын, ой-қиялын сөйлеу дағды-машығын табиғи жарасымымен майын тамызып сипаттауға да ұста («Мұсылман болудың машақаты»).
«Зират басында», «Елжан» дейтін әңгімелерінде ата мен немере арасындағы диалогтар соншалықты нанымды, шебер өрілген. Ұлттық тәрбие, тағылым, ізгілік жарқын түрде сәулеленген. Ал «Қара қыз», «Шайтан» дейтін новеллаларының сатиралық, юморлық сипаты күшті.
«Шайтан» новелласында «үрей билеп үрпиген ауыл», «жұмбақ бір пәлеге», «беймәлім құбыжыққа» душар болады. Дөң басында қып-қызыл оттай жанады, біресе жоғары шығып, біресе төмен түсіп орғып-секіреді, мылтықпен атса «Алла!» деп шоршып түседі дейтін қауесеттер қаулайды. Енді біреулер Құран оқытсақ, тұзақ құрсақ, басын жарсақ қайтеді дегендей амал-тәсілдер ойластырады. Ел сөйтіп дүрлігіп жүрсе, «шайтан болып елестеген Жәмилә қолындағы шайқалақтап, бір көтеріліп, бір түскен фонар жарығы еді. Бұл жарық – «ауылда совхоз басшылары бар» деген белгі болатын. Ал «шайтанның» секектей «билей жүретіні» Жәмилә байғұстың бір аяғы екіншісінен әлдеқайда қысқа еді».
Жазушы Зейнел Жекейұлының әңгіме айтқыш өнерінде тосын тапқырлық жеткілікті. Жинақтай айтқанда, жазушы Зейнел Жекейұлы әңгімелерінің оқиға желісі, құрылымы, композициясы, баяндау шеберлігі, диалог құру, кейіпкерлерді сөйлету, көркемдік шарттылықтарды иінімен қолдану, логикалық қисынға жүгіну – суреткерлік шеберліктің үдесінен табылады.
Тақырыптық ауқымы да сан алуан. Ұлттық тіл, сана, зерде, тәрбие, ар білімі, адамдардың қарым-қатынас мәдениеті, отаншылдық, отбасылық құндылықтары, даналық қағидаттары қуатты сезім толқындарымен, жан тебіреністерімен, бейнелі оралымдармен, жанды, нақты мысалдармен кестеленеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір