ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҮНІН ҰЛЫҚТАҒАН КҮЙШІ
04.08.2026
23
0

                         Күй күмбірінің жаңғырығы
Еліміздегі домбыра өнерінің классик­тері – Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл, Мәмен, Дина және басқа да ұлы күйшілердің мұрасын сақтап, кеңінен насихаттауға, ұлттық домбырашылық-орындаушылық дәстүрдің кәсіби деңгейде қалыптасып, дамуына, жаңа белеске көтерілуіне және өзіндік көркемдік бағытта өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті күйшілердің бірі – Шәміл Әбілтаев.


Шәміл Әбілтаевтың күмбірлеген күйлері қалың жұртшылықтың ғана емес, ақын, жазушы, ғалым, философ, композиторлар секілді шығармашылық иелерінің де шабытын оятып, талай көркем туындының дүниеге келуіне арқау болды. Ал оның домбырадан үн шығарудағы қайталанбас шеберлігі, терең мазмұнды орындау мәнері, салмақты да сырлы қағыстары өзінен кейінгі бірнеше буын домбырашылар үшін үлкен мектепке айналып, олардың кәсіби тұрғыдан қалыптасуына, төл қолтаңбасын табуына жол ашты. Сондықтан халық арасында «Шәміл күйшінің саусағы мен шертісінің сиқыры бар» деген қанатты сөздің сақталуы – оның орындаушылық өнерінің құдіреті мен дара болмысының ел жадында мәңгілік орныққанының айқын айғағы.
Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ишанбай Қарақұлов, Ілияс Омаров, Ақселеу Сейдімбек, сондай-ақ Нұрғиса Тілендиев, Тымат Мерғалиев, Таласбек Әсемқұлов сынды өнер мен руханияттың көрнекті өкілдерінің Шәміл Әбілтаевтың орындаушылық өнеріне жоғары баға беруі де кездейсоқтық емес. Олар Шәмілдің орындауынан күйдің әуезін ғана емес, оның тұтас тарихын, халықтың рухани жадын, ғасырлар сүзгісінен өткен көркемдік танымын таныды. Белгілі күйтанушы А.Мұхамбетова Шәміл Әбілтаевтың орындаушылық ерекшелігіне жоғары баға бере отырып: «Ш.Әбілтаевтың орындаушылық мәнеріне тән басты ерекшелік ретінде оның күйді өзіндік көркемдік тұрғыдан пайымдап жеткізіп, терең интерпретациялай білуімен, сондай-ақ шығарманың әрбір иірімі мен орындаушылық штрихын зергерлік дәлдікпен, жоғары талғаммен бедерлей алуымен дараланады», – деп жазады. Бұл пікір күйшінің орындаушылық шеберлігінің мәнін дәл ашып көрсетеді. Шынында да, Шәміл Әбілтаев күйді жай ғана орындаушы емес, оның көркемдік болмысын терең танып, әр шығарманың ішкі мазмұнын, философиялық астарын тыңдарманға жеткізе білген дара интерпретатор болды. Оның орындауындағы әр қағыс, әрбір дыбыс, әрбір иірім шығарманың табиғатына сай мән-мағынаға ие болып, күйдің көркемдік қуатын барынша айқындай түсті. Сондықтан күйшілік дәстүрде көптеген шығармалардың «Шәмілдің нұсқасы» деген атаумен орнығуы – орындаушыға көрсетілген халықтық бағаның ең жоғары көріністерінің бірі. Абылдың «Абыл», Дәулеткерейдің «Жігер», Құрманғазының «Төремұрат», Мәменнің «17 жыл», Динаның «Байжұма» секілді күйлері Шәміл Әбілтаевтың орындауында тек орындалып қана қойған жоқ, қайта жаңаша тыныстап, тың көркемдік болмысқа ие болды. Сондықтан «Шәмілдің нұсқасы» деген ұғым белгілі бір орындаушылық үлгіні ғана емес, күйдің көркемдік-эстетикалық деңгейін жаңа белеске көтерген дара интерпретациялық мектепті білдіретін рухани құбылысқа айналды.
                                                                                                                                             Күймен таңбаланған ғұмыр
Домбыраны төрт жасынан қолына алған Шәміл Әбілтай Бисенғалиұлы 1948 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Индер ауданындағы Толыбай құмында дүниеге келген. Шыққан тегі – Кіші жүздің Он екі ата Байұлына кіретін Сұлтансиық руының Танасы. Болашақ күйші туғанынан-ақ күйшілік дәстүр үзілмеген, өнердің қадірі жоғары бағаланған ортада өсіп, ұлттық руханияттың нәрін бесіктен бойына сіңірді. Әкесі Бисенғали домбыраны серік етіп, халық күйлерін нақышына келтіре орындайтын өнерлі жан болса, анасы Әзірханым бесік жырын әуелетіп, халық әндерін келістіре айтатын әуезді дауыстың иесі еді. Сөйтіп, бір шаңырақта домбыраның күмбірі мен ананың әлдиі қатар өріліп, болашақ күйшінің рухани әлемінің қалыптасуына берік негіз қалады. Әкесінен үйренген күйшілік тәлім кейін елге танымал Көшәлі, Қамеш, Серкебай сияқты дәулескер күйшілердің орындаушылық дәстүрімен толығып, оның шығармашылық болмысының қалыптасуына әсер етті. Осы тұрғыдан алғанда, Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» атты еңбегіндегі мына пікірі ерекше назар аудартады: «Шәмілдің өзі айтады, ес білгелі домбыра тартып келе жатырмын деп. «Өскен ошағы дастарқаны жиылмайтын қонақжай, сауықшыл еді» деп. Көне көздер болса алысты шолып, Шәмілдің домбырашылығын күй атасы Құрманғазымен сабақтастырады». Домбыра үні мен халық әні қатар өрілген отбасылық тәрбие, ауылдың өнерпаз ортасы, дәстүрлі күйшілік мектептің ықпалы оның болашақ шығармашылық тұлғасының негізін қалады. Сондықтан жастайынан қолынан домбырасы түспеген Шәмілдің ауыл арасында «кішкентай Құрманғазы» атануы оның орындаушылық дарынының ел ішінде ерте мойындалғанын айғақтайды. Бұл теңеу сыртқы ұқсастықты емес, Құрманғазы мектебіне тән тегеурінді орындаушылықты, қуатты қағыс пен еркін күйшілік болмыстың сабақтастығын меңзейді.
Музыкалық білімін жүйелі түрде жетілдірген Шәміл Әбілтаев 1966 жылы Гурьев музыкалық училищесін тамамдап, кейін Алматы мемлекеттік консерваториясында білім алды. Консерватория қабырғасында қазақтың дәстүрлі күй өнерінің көрнекті өкілдері Қали Жантілеуов пен Құбыш Мұхитовтан тәлім алып, олардың орындау­шылық дәстүрін терең меңгерді. Демек, Шәміл Әбілтаев Құрманғазының орындау­шылық дәстүрін Құрманғазы күйлерінің төл жеткізушісі Қали Жантілеуовтен, ал Дәулеткерейдің сыршыл күйшілік мектебін төре әулетінің өкілі Құбыш Мұхитовтан игерді. Осы екі ұлы күйшілік мектептің сабақтастығы оның күйшілік тұлғасының қалыптасуына негіз болып, орындаушылық мәдениетінің кемелденуіне зор ықпал етті.
Жас күйшінің таланты көп ұзамай республикалық деңгейден асып, халықаралық сахнада да мойындалды. 1974 жылы Воронеж қаласында өткен халық орындаушыларының бүкілодақтық байқауына қатысып, лауреат атануы – оның орындаушылық шеберлігіне берілген алғашқы ірі бағалардың бірі болды.
Консерваторияны аяқтағаннан кейін Шәміл Әбілтаевтың кәсіби шығармашылық жолы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында басталды. Сол кездегі директор әрі көркемдік жетекші Мәмбет Бестібаевтың шақыруымен күйші-лектор қызметіне қабылданған ол тек орындаушы ретінде ғана емес, күй өнерін насихаттау­шы, ұлттық музыкалық мұраны дәріптеуші ретінде де кеңінен танылды. Филармония сахнасында ол қазақтың дәстүрлі күй өнерін жаңа көркемдік деңгейде танытты.
Шәміл Әбілтаев 1975-жылдардан бастап еркін шығармашылықпен айналысып, ұлттық тарих пен руханиятқа негізделген көптеген күйлер мен әндерді дүниеге әкелді.
Композитордың күй қорында «Заман-ай», «Домалақ ана», «Шақшақ Жәнібек», «Бекет ата», «Ұлытау», «Мойын­құм», «Ақсу», «Атырауым», «Ататүрік», «Шыңғысхан», «Ордабасы», «Нұр толғау», «Құнанбай қажы», «Ормандағы ой», «Ағынды менің Ақсуым», «Орда күйі», «Жырау», «Жорға» «Фраби толғауы», «Сәбит толғауы», «Өрікгүл», «Жұбайлар», «Шымыр», «Айжарық» сияқты тарихи-философиялық мазмұндағы туындылар ерекше орын алады. Бұл шығармаларда ел тарихы, ұлт тағдыры, киелі тұлғалар мен қасиетті мекендердің рухы музыкалық тіл арқылы бейнеленіп, автордың азаматтық ұстанымы мен тарихи танымы көрініс тапқан.
Күйшілікпен қатар Шәміл Әбілтаев ән жанрында да өнімді еңбек етті. Оның «Күй ата», «Жібек жолы», «Қара өлең», «Аңсау», «Дос жүрегі», «Бір ауыз сөз», «Өрікгүл», «Шұбар ат», «Димекең» және басқа да әндері халық арасында кеңінен тарады. Әсіресе небәрі жиырма екі жасында жұбайына арнап шығарған «Өрікгүл» әні мен күйі нәзік лиризмге толы туынды ретінде ерекшеленеді.
Шәміл Әбілтаевтың өнер жолында ақын-жазушылармен рухани-шығармашылық үндестік ерекше орын алады. Соның жарқын үлгісі – ақын Кәкімбек Салықовпен бірлесіп дүниеге келген «Күй ата» әні. Шайтанкөлге сапары кезінде басталған таныстық кейін шығармашылық байланысқа ұласып, Құрманғазы өңірінің перзенті Шәмілге арнап Кәкімбек Салықов «Күй ата» өлеңін жазады. Кейін ақын мен сазгердің шығармашылық бірлігінен «Бір ауыз сөз», «Ұларым» секілді әндер де дүниеге келді.
Бұл шығармаларды алғашында автордың өзі орындап насихаттаса, кейін кәсіби әншілердің репертуарына енді. Қазақстанның халық артисі Мақпал Жүнісова орындаған «Бір ауыз сөз» әні кеңінен танылып, халық жүрегінен орын алды. Сондай-ақ «Шұбар ат» әнін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Досымжан Таңатаров орындап, дүйім жұртшылыққа жеткізді.
Шәміл Әбілтаевтың әншілік қыры да арнайы зерттеуді қажет еткендіктен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген Аманжол Дауылбаев Шәміл Әбілтаевтың әндерін зерттеп, архивтік аудиожазбаларда оның шығармаларын
тауып, ғылыми айналымға енгізді. «Күй ата», «Ордабасы», «Бір ауыз сөз» сияқты әндерін зерделеп, әндердегі интонациялық дәлдік, дауыс динамикасының табиғилығы, мәтіннің мағыналық бояуын ашуға деген ұмтылыс айқындайды.
Шәміл Әбілтаевтың әндерінің ішінде 1979 жылы Дінмұхамед Қонаевқа арнап жазылған «Ағатай – асқақ ән» шығармасының орны ерекше. Осы туындысы арқылы ол Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында болып, өнеріне жоғары баға алды. Бұл кездесу оның шығармашылық жолындағы маңызды белестердің біріне айналып, кейіннен кәсіби қызметінің жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етті. Содан кейін 1988 жылы ол Қазақ радиосының музыкалық редакциясының бас редакторы қызметіне тағайындалды. Осы саладағы жұмыс барысында Қазақ телевизиясындағы «Домбыра дастан» және «Үкілі домбыра» бағдарламаларын жүргізіп, дәстүрлі күй өнерін кеңінен насихаттады.
Шәміл Әбілтаев шығармашылығының халықаралық деңгейде де мойындалуы оның өнерінің өміршеңдігін айғақтайды. 1994 жылы Түркияның Измир қаласында өткен түркі халықтарының Дүниежүзілік құрылтайында оған «Түркі озаны» (жыршы) атағы берілуі – қазақтың дәстүрлі музыкалық мәдениетін түркі дүниесіне танытудағы еңбегіне берілген жоғары баға еді.
Композитордың шығармалары ке­йін арнайы жинақтарға топтастырылды. Алғашқыда «Ұлытау» атты күй жинағы мен «Ордабасы» күйтабағы жарық көрсе, 2023 жылы ҚР Мәдениет қайраткері М.Әбуғазы құрастырған «Қазағым» жинағында оның тоғыз күйі мен тоғыз әні жарияланды. Бұл басылым Шәміл Әбілтаевтың композиторлық мұрасын жүйелеп, ғылыми айналымға енгізудегі маңызды қадамдардың бірі болды.
Шәміл Әбілтаев шығармашылық жолында халықтың тарихи жадын, елдік рухын және ұлттық санасын күй тілі арқылы бейнелеудің өзіндік көркемдік тәсілін қалыптастырды. Оның соңғы шыққан күйлері тарихи ақиқат­ты, ұлттық болмысты және азаттық рухын астарлап жеткізетін рухани кеңістікке айналды. Сондай туындыларының қатарында «Тұран», «Алтын Орда» және «Қазағым» күйлерін жатқызуға болады. Олар жеке тарихи шығармалар ғана емес, өзара идеялық, композициялық және көркемдік тұрғыдан тұтасқан күй-триптихті құрайды.
                                                                                                                                              Ұлы Дала шежіресі: күй-триптих
Қазақ күйшілері – халық тарихын күй тілімен сөйлеткен бірегей тұлғалар. Олар өз заманының қоғамдық-саяси оқиғаларын, ел басынан өткен зобалаң кезеңдерді, тарихи тұлғалардың ерлігі мен халықтың мұң-мұқтажын күй арқылы бейнелеп, кейі­нгі ұрпаққа жеткізді. Осы тұрғыдан алғанда, тарихи тақырыптағы күйлер қазақ халқының музыкалық шежіресі қызметін атқарады.
Қазақ күй өнерінде әр дәуірдің тарихи оқиғалары көркемдік тұрғыдан көрініс тапқан. Мәселен, моңғол шапқыншылығы кезеңімен байланысты «Ақсақ құлан» күйі дүниеге келсе, қазақ пен ноғай жұртының айырылысуын «Ноғайлының зары» бейнелейді. Жоңғар шапқыншылығы тұсындағы ел қасіреті «Ел айрылған», «Ақтабан шұбырынды» күйлерінде көрініс тапса, қазақ хандығы дәуіріндегі елдік идеясы «Қайран елім», «Садаққақпай» күйлерінде көрініс береді.
Тарихи тұлғаларға арналған күйлердің де орны ерекше. Солардың қатарында Есім ханның жорықтарының бірін бейнелейтін, шайқаста жараланған тұлпар тағдырын суреттейтін «Сарып құла», Сырым Датұлының ерлік тұлғасын сомдайтын «Сырым сазы», Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске арналған Құрманғазының «Кішкентай» күйі, сондай-ақ жоңғар шапқыншылығы кезеңіндегі ел тағдырын иллюстрациялық сипатта баяндайтын «Жетім қыз Күнәйім» сияқты шығармалар қазақ тарихының музыкалық шежіресіне айналды.
Кейінгі кезеңдерде де тарихи оқиғалар күй өнерінде өз жалғасын тапты. Ресей империясының отарлау саясаты мен ұлт-азат­тық қозғалыстары Қазанғаптың «Жұрт­та қалған», Динаның және Сейтектің «Он алтыншы жыл», Мәменнің «Қайғылы қара» мен «Он жетінші жыл» күйлерінде көрініс тапса, кеңестік саяси қуғын-сүргін кезеңі Ахметжан Сармантайұлының «58-статья, 1927», Әбікен Хасеновтің «Қоңыр» күйлерінде бейнеленді. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы халықтың қайғысы мен жеңіске деген сенімі Динаның «Ана бұйрығы», Мұрат Өскінбаевтың «Жеңіс», Мағауия Хамзиннің «Белгісіз солдат» күйлері арқылы таңбаланған. Ал Желтоқсан оқиғасына арналған Ғ.Ібішевтің, Қ.Үбіғалиевтің «Желтоқсан», Секен Тұрысбековтің «Боздақ», В.Питерцевтің «86-жыл» күйлері тәуелсіздік жолындағы күрестің музыкалық айғағы ретінде бағаланады.
Қазақ күй өнеріндегі тарихи тақырып дәстүрі бүгінгі таңда да өзінің өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Қазіргі күйшілер ұлттық тарихты, рухани құндылықтарды, тәуелсіздік идеясын және түркілік дүниетанымды күй тілі арқылы жаңа мазмұнда бейнелеу дәстүрін жалғастырып келеді. Соның жарқын көріністерінің бірі – Шәміл Әбілтаевтың «Тұран», «Алтын Орда», «Қазағым» күйлерінен тұратын тарихи триптихы.
«Тұран» күйі түркі халықтарының ортақ тарихи жады мен рухани тұтастығын, көне Тұран кеңістігінің ұлылығын музыкалық бейнелер арқылы сомдайтын бағдарламалық күй болып саналады. Шығарманың идеялық негізіне Мағжан Жұмабаевтың «Тұран» өлеңінің шумақтары алынған:
«Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе?
Түрікке адамзатта ер жеткен бе?
Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял,
Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?!
Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,
Түріктен басқа от болып жан туып па?
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?»

Ақынның Тұранды түркі өркениетінің алтын бесігі, ал түркі жұртын кең ақыл, қайсар рух және биік мұрат иесі ретінде суреттеуі күйдің көркемдік концепциясымен толық үндеседі.
Эпикалық сипаттағы «Тұран» күйінің композициялық құрылымында біртіндеп даму қағидасы сақталып, музыкалық драматургиясы бас буын, орта буын (негізгі әуендік иірім желісінің дамуы), саға және қорытынды бөлімдер арқылы өрбиді.
Күйдің бас буыны төменгі регистрде басталып, салмақты қағыс пен тұрақты ырғақта құрылған әуендік қозғалыс арқылы Тұран даласының кеңдігін, байырғы түркі өркениетінің асқақ болмысын елестетеді. Әсіресе төмен қағыспен берілген әлді үлестегі екпін (акцент) мен бес жоғары қағыс (теріс қағыс) шығарманың қаһармандық сипатын айқындай отырып, атқа қонған Тұран ерлерінің ерлік рухын музыкалық тілде сомдайды. Соның нәтижесінде тыңдаушыны тарихи кеңістікке жетелейтін байыпты музыкалық өріс қалыптасады.
Негізгі орта буынның музыкалық қозғалысы біртіндеп жанданып, ырғақтық серпін күшейеді. Әуеннің жоғары регистрге көтерілуі, интонациялық өрлеулер мен екпінді қағыстар түркі жұртының қайсар мінезін, жауынгерлік рухын және ішкі қуа­тын бейнелейді. Музыкалық материалдың үздіксіз дамуы ре ішегінің «бурдондық» (қайталанатын) дыбыс арқылы жүзеге асуы шығармаға динамикалық тұтастық беріп, көне түркілердің тарихи кезеңін және тұтас халықтың рухани болмысын бейнелеуге қызмет етеді.
Шығарманың сағасында орындаушылық қарқынның артуы, дыбыстық ауқымның кеңеюі және негізгі әуен иірімінің желісінің транспозицияланып, шарықтау бөлімінде қайталануы күйдің эмоциялық әсерін күшейтеді. Бұл бөлімде Мағжан Жұмабаев жырлаған «кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял» идеялары музыкалық бейнеге айналып, түркі әлемінің қуаты мен ұлттық рухының асқақтығын сезіндіреді.
Күйдің қорытынды бөлімінде бастапқы интонациялық өзек репризалық қайталану негізінде қайта жаңғырып, музыкалық даму байыпты әрі жинақталған сипатқа ие болады. Соның нәтижесінде шығарманың көркемдік-драматургиялық желісі тұтастыққа ұласып, Тұран кеңістігінде шаңырақ көтерген қазақ мемлекетінің тәуелсіздік идеясы мен тарихи сабақтастығын терең философиялық пайым деңгейінде түйіндейді.
Шығарманың бас буыны Тұран кеңісті­г­інің айбынды келбетін көз алдыға әкелсе, орта буында дамитын жігерлі интонациялар мен екпінді қағыстар түркі жұртының қайсар мінезін, жауынгерлік болмысын және тарихи қуатын бейнелейді. Әуеннің біртіндеп өрлеп, шарықтау шегіне жетуі халықтың асқақ мұратын және ұлттық сананың жаңғыру идеясын айқын көрсетеді. Ал күйдің қорытынды бөлімінде бастапқы интонациялық өзектің қайта оралуы тарихи сабақтастықтың, ұлттық бірегейлік пен мәңгілік елдік мұраттың көркемдік-символдық көрінісі ретінде түйсіндіріледі.
«Тұран» күйі тарихи күй дәстүрінің қазіргі кезеңдегі жалғасы ретінде бағалануы тиіс. Егер дәстүрлі тарихи күйлер нақты тарихи оқиғалар мен тұлғаларды бейнелесе, «Тұран» күйі тұтас түркі әлемінің тарихи санасы мен мәдени бірегейлігін жинақтаған философиялық-патриоттық туынды ретінде ерекшеленеді.
«Алтын Орда» күйінің көркемдік шешімі «Тұран» күйімен идеялық тұрғыдан сабақтас болғанымен, музыкалық драматургиясында өзгеше сипат байқалады. Егер «Тұран» жалпы түркі әлемінің рухын бейнелесе, «Алтын Орда» белгілі бір тарихи мемлекеттің қуаты мен айбатын, кейінгі тағдырын музыкалық тілмен суреттеуге құрылған.
Тарихи тақырыптағы туындылардың бірі – «Алтын Орда» күйінің бағдарламалық мазмұны XIII-XV ғасырларда Ұлы Далада қалыптасқан Алтын Орда мемлекетінің кемелденген кезеңін, оның саяси қуаты мен өркениеттік маңызын музыкалық тіл арқылы ашуға негізделген. Күйде тарихи оқиғалар хронологиялық жүйеде баяндалмайды, керісінше Алтын Орданың мемлекеттік айбыны, елдік дәстүрі мен көшпелі өркениетке тән құндылықтары музыкалық драматургия арқылы жинақталып, тұтас көркемдік тұжырым ретінде ұсынылады.
Күйдің құрылымдық жіктелуі айқын шекаралармен бөлінбейді, өйткені әрбір буын алдыңғысынан табиғи түрде өрбіп, өзара үздіксіз сабақтасу арқылы біртұтас музыкалық дамуды қалыптастырады. Шығарма бойында тұрақты метрлік өлшем мен триольдік ырғақтың сақталуына қарамастан, дыбыс пен қағыс үйлесімінің синхронды өзгерістері, екпіннің қарқынды серпіні музыкалық драматургияға ерекше динамика дарытады. Бұл көркемдік-орындаушылық тәсілдер көне дәуірдің салтанатты келбетін, Алтын Орда мемлекетінің айбыны мен қуатын әсерлі бейнелейді.
Әуеннің кең тынысты өрбуінде полифониялық ойлау элементтері де айқын аңғарылады. Үстіңгі және астыңғы ішектерде қатар өрбитін әуендік желілер бір-бірін толықтыра отырып, салыстырмалы түрде дербес дамиды. Осындай көпдауысты өрім музыкалық қарама-қарсылық пен тұтастықтың табиғи үйлесуін қамтамасыз етеді. Нәтижесінде әрбір әуендік желі өзіндік интонациялық даму жолын сақтай отырып, тұтас көркемдік жүйеге бірігеді. Бұл тәсіл тарихи кеңістіктің ауқымын терең сезіндіріп, тыңдаушыны Алтын Орда дәуірінің көркемдік-музыкалық атмосферасына жетелейді.
Бас буын төменгі регистрдегі кварта аралығындағы тізбектелген дыбыстар эолийлік ладтық бояуда өрбиді. Орта буында қайталанып отыратын интонациялық оралымдар мен серпінді қағыстар мемлекеттің қуаты мен әскери күшін, халықтың бірлігі мен ерлік рухын бейнелейді. Әуеннің жоғары регистрге көтерілуі мен динамикалық өрлеуі шығарманың драматургиялық желісін күшейтіп, тарихи оқиғалардың ішкі серпінін аша түседі.
Күйдің шарықтау шегі тұсында орындаушылық қарқын барынша үдей түсіп, дыбыстық диапазон кіші сағадан үлкен сағаға дейін біртіндеп кеңейеді. Үлкен сағаға көтерілген сәтте терциялық арақатынаста құрылған секвенциялық құрылымдар, қос ішектегі унисондық арақашықтықтан (интервалдан) ре ішегінде өрбитін секундалық интонациялық желі және параллельді аппликатуралық қозғалыс музыкалық драматургияның ішкі серпінін күшейте отырып, мемлекеттің қарқынды саяси өмірін, тарихи үдерістердің шиеленісін және қоғамдық дамудың күрделі сипатын әсерлі түрде танытады.
Қорытынды бөлімге дейін төменгі және жоғарғы регистрдің алмасуынан құралған қосымша орта буын енгізілген. Тізбектеле өрілген жаңа әуеннен кейін бастапқы интонациялық өзекке қайта оралуы шығарманың композициялық тұтастығын қамтамасыз етіп, Алтын Орда мұрасының кейінгі қазақ мемлекеттілігімен рухани сабақтастығын меңзейді.
Тарихи-танымдық мазмұндағы туын­ды­лар­дың бірі – «Қазағым» күйі ұлттық болмыс пен елдік сананы музыкалық тіл арқылы терең пайымдайтын бағдарламалық шығарма. Күйдің идеялық-концептуалдық өзегін қазақ халқына тән дархандық, мәрттік, ақкөңілділік, туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілік және ұлттық бірегейлік құндылықтары құрайды.
Музыкалық тұрғыдан шығарма кең тынысты, жарқын мажорлық сипаттағы әуенмен басталады. Транспозициялық қағидаға негізделген тақырыптың даму жүйесі күйдің композициялық тұтастығын айқындап, авторлық стильдің жаңашылдығын танытады. Композитор транспозициялық күйлердің заңдылықтарына тән кварталық секірмеден саналы түрде бас тартып, квинталық секірме арқылы келесі бөлімге өтіп, негізгі интонациялық тірек ретінде қолдану арқылы шығарманың әуендік өрісін кеңейтеді. Әуеннің жоғары регистрге біртіндеп көтерілуі, ырғақтық серпіннің үдей түсуі және орындаушылық қарқынның артуы халықтың өміршеңдігін, елдік мұратын және тәуелсіздікке негізделген ұлттық идеяның асқақ болмысын көркемдік тұрғыдан айқындайды. Кең тынысты фразалардың серпінді қағыс түрлерімен табиғи сабақтасуы музыкалық драматургияның ішкі тұтастығын қамтамасыз етіп, шығарманың эмоциялық-экспрессивтік әсерін күшейтеді.
Күйдің саға бөлімінде дыбыстық қуат барынша артып, орындаушылық динамика шарықтау шегіне жетеді. Негізгі әуендік желінің жоғары регистрде жаңаша интонациялық реңкпен қайта өрістеуі музыкалық дамудың қорытынды кезеңін айқындап, қазақ елінің жарқын болашағын, мәңгілік ел мұратын және ұлттың өміршеңдік идея­сын көркемдік-философиялық деңгейде түйіндейді.
Жалпы алғанда, «Тұран», «Алтын Орда» және «Қазағым» күйлері мазмұндық, идеялық және музыкалық-драматургиялық сабақтастығы арқылы өзара тұтасқан тарихи триптихті құрайды. Бұл туындыларда тарихи уақыт бірізділігі көне түркі өркениетінен бастау алып, Алтын Орда мемлекеті арқылы жалғасып, қазіргі қазақ халқының ұлттық болмысы мен тәуелсіздік идеясына ұласады. Осы тұрғыдан алғанда, композитор тарихи дамудың үш маңызды кезеңін музыкалық тіл арқылы біртұтас көркемдік концепция деңгейінде пайымдайды.
Триптихтің алғашқы бөлігін құрайтын «Тұран» күйінде түркі әлемінің ортақ тарихи жады, өркениеттік бастауы мен рухани-мәдени тұтастығы эпикалық сипатта көрініс тапса, «Алтын Орда» күйінде түркі мемлекеттілігінің кемелденген кезеңі, саяси қуаты мен тарихи ықпалы музыкалық драматургияның даму желісі арқылы ашылады. Ал триптихтің қорытынды бөлігіндегі «Қазағым» күйі қазақ халқының ұлттық болмысын, елдік санасын, тәуелсіздік құндылықтарын және Мәңгілік Ел мұратын көркемдік-философиялық деңгейде түйіндейді.
Бүгінде Ұлттық домбыра күнінің аталып өтілуі, дәстүрлі күй өнерінің әлемдік деңгейде танылуы мен жаңа серпін алуы – өткен ғасырдағы күйші-композиторлардың ұлттық өнерді қандай жағдайда да тұншықтырмай, оның рухани өзегін сақтап қалған жанкешті еңбегінің заңды жалғасы. Шәміл Әбілтаев сол буынның көрнекті өкілі ретінде күйді халықтың тарихи жады мен ұлттық рухының үніне айналдырып, домбыра өнерінің өміршеңдігін қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосты.
Шәміл Әбілтаев шығармашылығының басты ерекшелігі – оның өмір бойы тынымсыз ізденіс үстінде болуы. Ол күйшілік дәстүрді тек сақтаушы ғана емес, оны заман талабына сай жаңғыртып, жаңа көркемдік мазмұнмен байытқан жаңашыл суреткер. Әрбір шығармасында орындау­шылық мүмкіндіктерді кеңейтуге, күйдің бейнелеу құралдарын жетілдіруге және ұлттық тарихты музыкалық тілмен сөйлетудің жаңа жолдарын іздеуге ұмтылды. Сондықтан оның шығармашылығы үздіксіз шығармашылық ізденістің жарқын көрінісі болып есептеледі.
Қорыта келгенде, Шәміл Әбілтаевты күймен сөйлеген суреткер деуге толық негіз бар. Оның күйлеріндегі әрбір әуен – тарихтың үні, әрбір қағысы – халық жадындағы шежіренің жаңғырығы, ал тұтас шығармашылық мұрасы – ұлы дала өркениеті мен қазақ халқының рухани болмысын күй тілі арқылы таңбалаған музыкалық шежіре.

Айнұр ҚАЗТУҒАНОВА,
М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының
«Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір