Халық үнін есту – мемлекет міндеті
28.04.2024
153
0

Азаматтық қоғамға мемлекет тарапынан қолдау көрсету, мемлекет өміріндегі аса маңызды мәселелерді шешу үшін талқылауға азаматтық қоғамның әлеуеті мен мүмкіндіктерін тиімді пайдалану үшін мемлекет басшысының ұсынысымен ротациялық тәртіппен жұмыс істейтін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғанын ел өміріндегі оң өзгеріс деп бағалау керек.
Қазақстанда азаматтық қоғамды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы мен «Тыңдайтын мемлекет» қағидасы аясында саяси реформалар топтамасы жария етілді. Қоғамдық-саяси жаңғырудың әлеуметтік платформасына айналған аталған кеңес жұмысының нәтижесінде қоғамды ашық демократиялық ұстанымдарға әкелетін, азаматтық қоғамды нығайтуға тың серпін беретін біраз жаңашыл бастамалар орындалды. Тұңғыш рет ауыл әкімдерін сайлау саяси жүйесі өмірге енді.
Халық пен билік арасын жақындататын реформаларды халық та жылы қабылдады. Қоғамдық кеңестердің жұмысын жетілдіру мақсатында «Қоғамдық кеңестер қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Аталған өзгерістер нәтижесінде Қоғамдық кеңестер мен олардың мүшелерінің өкілеттігі кеңейтіліп, бақылау функциялары күшейтілді. Сөйтіп, қоғам мен мемлекет арасында байланыс пен ашық диалогқа жарқын жол ашылды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет», – деп атап көрсетуінің өзі билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы геосаяси жағдайға бейімделген үйлесімді һәм мінсіз мемлекет құруды мақсат ететінін көрсетеді.
Президентіміздің елдің мұң-мұқтажын тыңдайтын мемлекет қалыптастыруға бағытталған іс-шараларын бүкіл қоғам болып қолдап отыр. Жаңа Әділетті Қазақстанды құру, ескінің сарқыншақтарынан арылу үшін қоғам пікірімен санасу, халық үніне құлақ асу, олардың заңды талаптарын дер кезінде, сөзбұйдалыққа салмай орындау керек. Құзырлылар «Халық үніне құлақ асатын мемлекетте» заман талабына сәйкес халық үнін, талабы мен қалауын дер кезінде тыңдап, дұрыс шешімдер қабылдайтын болса қоғамды демократияландыруға жол ашылады.

Бекмұхамет СЕРІКБАЕВ 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір