Қаламгерлерге Конституцияның арнайы басылымы табысталды
Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратында 1 шілде – жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай қаламгерлер бас қосқан жиын өтті. Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкеновтің төрағалығымен өткен жиында әдебиеттің қоғамға ықпалы, жаңа Конституцияның мазмұны мен маңызы, қоғам алдында тұрған саяси өзгерістер туралы сөз болды. Жиында әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдекеге, ақын Ерлан Жүніске, сыншы Бағашар Тұрсынбайұлына, жас ақындар Асылан Тілеген мен Еділбек Дүйсенге, жас жазушы Әлішер Рахатқа Конституцияның арнайы басылымы табысталды.

Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы:
– Конституция – мемлекеттің ғана емес, ұлттың да тағдырын айқындайтын ең қастерлі құжат. Ол қоғамның бүгінгімен қатар ертеңгі бағытын да белгілейді. Сондықтан жаңа Конституцияның күшіне енуі – Қазақстанның жаңа даму кезеңіне аяқ басқанын айқындайтын тарихи белес екені даусыз. Қазақ әдебиеті қай кезеңде де елдің мұратын, халықтың арманын, заманның үнін жеткізіп келеді. Ұлттық сөз өнерінің өкілдері үшін заң үстемдігі, әділет, адам құқығы, еркін ой мен шығармашылық бостандық – аса маңызды құндылықтар. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Ата заңның қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға бағытталғаны – құптарлық қадам.Мемлекет пен қоғамның рухани тірегі – мәдениет пен әдебиет. Ұлттық болмысты сақтап, ана тілімізді, тарихи жадымызды, мәдени мұрамызды келер ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет. Бұл жолда қаламгерлер қауымы әрдайым елдік мүдденің жанашыры болып қала береді.Бүгінгі өзгерістердің барлығы, ең алдымен, халықтың игілігіне, мемлекетіміздің тұрақты дамуына қызмет етеді деп сенеміз. Жаңа Конституция тәуелсіз Қазақстанның тұғырын бекемдеп, бірлігімізді нығайтып, әділетті әрі өркениетті қоғам құру жолындағы сенімді бағдарға айналсын!
Әмірхан Меңдеке, әдебиет сыншысы:
Кез келген Ата Заң ең алдымен ұлттың мүддесіне, елдің бірлігі мен мемлекеттің тұтастығына қызмет етуі тиіс. Сондықтан жаңа Конституцияның қабылдануы – қоғамның уақыт талабына сай жаңғыруының, мемлекет дамуының жаңа кезеңіне қадам басуының белгісі.Қазақ тарихына көз жүгіртсек, біздің халқымыз ежелден әділетті бәрінен жоғары қойған. Бүгінгі Конституция да сол тарихи сабақтастықтың заманауи жалғасы болуы керек. Заңның қадірі оның қағазға түскен мәтінінде емес, қоғам өмірінде салтанат құруында.
Әділет үстемдік етіп, адам құқығы қорғалып, әр азамат заң алдында тең болғанда ғана Конституция өзінің шынайы миссиясын орындайды.Әдебиет – қоғамның ар-ожданы. Қаламгерлер қай уақытта да елдің рухани ахуалына бейжай қарамаған. Сондықтан біз де мемлекетіміздің құқықтық тұрғыдан нығаюын, ұлттық құндылықтардың сақталуын, ана тіліміздің, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің өркендеуін қолдаймыз.
Ерлан Жүніс, ақын:
– Ата заңымыздың жаңа редакциясын қолымызға ұстап отырғанымыз ерекше бір толқынысты сәт. Өйткені бұрынғы редакция осында отырған жастардың көбі өмірге енді келген немесе әлі келмеген кезде жазылғандықтан, бір абстрактілі нәрсе сияқты көрінетін. Бұл жастар үшін Президент, парламент депутаттары қолын қойып, ант беретін дүние секілді. Ал мына жаңа Ата заңымыз биыл наурыздың 15-нен бастап жалпыхалықтық талқылауға түскен, әрбір азамат өзінің пікірін айтқан, ойын қосқан, осы келісім үстелінде Қазақстан Жазушылар одағының қаламгерлері талқылаған дүние еді. Сонда айтылған ұсыныстарды, міне, жаңа заңымыздың алғашқы әлқиссасынан бастап отырмыз. Мысалы, тарихымыздың тамырын тереңдету үшін «мыңжылдық» дегенді «мыңдаған жылдық» деп, ана тілімізге қатысты, мемлекеттік тілдің тең мен қатар ұғымдарына қатысты біршама ойлар айтылды. Қанша жерден бір ұғым деп айтсақ та, бұл екеуі екі бөлек ұғым. Сол секілді көптеген баптағы өзгерістердің көрініс табуында біздің, әр азаматтың үлесі бар екені сезіледі. Мысалы, шығармашылық еркіндікке байланысты жазылған жерлерін айтсақ болады. Сондықтан бұл жаңа Ата заңымыз жалпыхалықтық конституция болды деп санаймын.
Бағашар Тұрсынбайұлы, әдебиет сыншысы:
– Заң үстемдік құрмаған қоғамда әділет те әлсірейді. Көп жағдайда адамдарды алаңдататын заңсыздықтар, жемқорлық, жауапсыздық, азамат құқығының аяққа тапталуы немесе түрлі келеңсіз әрекеттер заңның әлсіздігінен емес, оның талаптарының толық орындалмауынан туындайды. Жаңа Конституцияның басты құндылығы – қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтуға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталғанында деп ойлаймын. Заң бәріне бірдей болғанда ғана әділдік орнайды. Ешкімнің лауазымы, байлығы немесе ықпалы заңнан жоғары тұрмауы тиіс. Бұл – өркениетті мемлекеттің басты қағидаты. Бүгінгі таңда қоғамда кездесетін түрлі құқықбұзушылықтар мен келеңсіздіктерге тосқауыл қоюдың ең тиімді жолы – заңның мүлтіксіз орындалуы. Жаңа Ата Заң осы бағыттағы құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, азамат пен мемлекеттің жауапкершілігін тең ұстауға қызмет етеді деп сенемін.
Асылан Тілеген, ақын:
– Біз кейде өз құқығымыздың қандай екенін толық білмегендіктен әділетсіздікке үнсіз көнеміз. Біреу еңбек құқығын қорғай алмайды, біреу сөзін айта алмайды, енді бірі өзінің заңды мүддесін талап етуге жүрексінеді. Құқықтық сауаттылық – кез келген мемлекеттің дамуының маңызды көрсеткіші. Жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұрынғыдан да айқынырақ белгілеп, олардың қорғалу тетіктерін күшейтуге бағытталған. Бұл – әр адамның өз құқығын заң аясында талап ете алуы үшін жасалған маңызды қадам. Заңды білу – тек заңгерлердің ғана емес, әр азаматтың міндеті. Өз құқығын білетін адам қоғам алдында да, мемлекет алдында да еркін әрі жауапты болады. Сондықтан жаңа Конституция құқықтық мәдениетті қалыптастырып, даулы мәселелердің күшпен емес, заңмен шешілуіне ықпал етеді деп сенемін. Құқық пен міндеттің ара-жігін айқын түсінген қоғам ғана әділетті, тұрақты әрі өркениетті мемлекет құра алады.
Әлішер Рахат, жазушы:
– Соңғы кезде мен еліміздің алып елге айналып бара жатқанын көріп отырмын. Президентіміз Қазақстанды Алтын Орданың заңды мұрагері деуі бекерден бекер емес. Шынымен де, бұл біздің алдағы жарқын болашағымыздың негізі деп санаймын. Бұл тұрғыда біздің әлеуетіміз зор. Соны әрқайсымыз абыроймен атқаруымыз керек және соған дайынбыз деп ойлаймын. Сол алып мемлекетіміздің, мынау Орталық Азиядағы орта державамыздың ең негізгі іргетасы – осы конституциямыз. Бұл конституцияны қабылдар алдында әдеби, қоғамдық ортада тіл мәселесіне қатысты көптеген сұрақ пен қарсылық болды. Бірақ мен соңғы кездері біршама саяси кітап оқығаннан
кейін, оның түпкі мәнін, тәуекелдерді жақсы түсіне бастадым. Біз Орталық Азия ғана емес, бүкіл ТМД кеңістігінде үлкен держава болуға қауқарымыз бар. Өйткені біз жан-жақты дамып келеміз. Еліміздің жарқын болашағының бастауы осы конституция деп есептеймін.