Ферид Хусейн: Ұлы әдебиет әрқашан өз дәуірінен озық жүреді
23.07.2026
121
0

Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» жас қаламгерлерге отандық әдебиет өкілдерімен ғана емес, шетелден келген сөз шеберлерімен де жүздесуге мүмкіндік берді. Солардың бірі – Әзербайжанның белгілі ақыны, эссеист, аудармашы, «Повелья Мораве» халықаралық әдеби сыйлығының иегері Ферид Хусейн (Ferid Huseyn). Әдебиет пен шығармашылық туралы дәріс оқыған қаламгермен сәті түсіп, аз-кем сұхбаттасқан едік.

— Сіз шығармаларыңызда Отанды көбіне географиялық ұғым ретінде емес, адамның жанында өмір сүретін рухани кеңістік ретінде бейнелейсіз. Адам туған жерінен алыстағанда қайсысын көбірек жоғалтады мекенін бе, әлде өзінің ішкі үнін бе?

— Бұл әр адамда әртүрлі болатын құбылыс. Кейбір адамдар өз-өзінен алыстаған сайын рухани Отанынан да ажырайды. Ал енді біреулер туған жерінен жырақ кетсе ғана Отанның қадірін терең сезінеді. Бірақ мен, ақын ретінде, Отаннан тек физикалық тұрғыда алыстауды жеткіліксіз деп санаймын. Өйткені әр адамның ең әуелі өз ішінде бір Отаны бар. Сондықтан адамның өзінен алыстауы, өз болмысын жоғалтуы ең үлкен ажыраудың бірі. Меніңше, адам ең алдымен өзі үшін Отан болуы керек. Сол себепті Отаннан ажыраудың екі түрі бар деп ойлаймын. Бірі туған жерден физикалық тұрғыда алыстау, екіншісі адамның өз болмысынан, өз рухынан ажырауы. Кейде бұл толықтай өзін жоғалтуға алып келсе, енді бірде тек басқа жерге қоныс аударумен шектеледі. Сондықтан осы екі ұғымның аражігін ажыратып қарауға тырысамын. Бір мықты ақын үшін туған жерінен, елінен жырақта жүру аса қиын болмауы мүмкін. Бірақ өзінің ұлттық болмысынан, ана тілінен, мәдениетінен, рухани тамырынан ажырау ең ауыр қасірет.

— Сіз Низами Гәнжауидің шығармашылығын терең зерттеп кітап жаздыңыз. Низамиден бүгінгі адам ең алдымен нені үйренуі керек деп ойлайсыз?

— Низами Ганжауи материалдық дүниенің өткіншілігін жиі сөз еткен ақын. Ол «Адам бұл дүниеден игілік көрген сайын өзін дүниенің серіктесі санайды. Бірақ соңында бай серіктестің дүниесі өзінде қалады. Сол сияқты біз де бұл өмірде жиған-тергеніміздің бәрін осы дүниеде қалдырып кетеміз» дейді. Яғни, бұл өмір бізге уақытша ғана серік. Ақырында дүниелік байлықтың ешқайсысын өзімізбен бірге алып кете алмаймыз. Сондықтан қазіргі материалдық құндылықтар алдыңғы орынға шыққан заманда адам өзінің рухани әлемінен ажырап қалмауы керек. Құдай берген жан сұлулығын, адамгершілігін және рухани байлығын сақтай білуі қажет. Өйткені қанша дүние-мүлік жинасақ та, бәрі осы өмірде қалады. Ал біз бұл дүниеден тек өз ісімізбен, рухани болмысымызбен ғана аттанамыз. Сол себепті материалдық байлықтан бұрын рухани байлықты көбейтуге ұмтылғанымыз жөн. Материалдық игіліктің бәрі өткінші, ал рухани құндылықтар адаммен бірге мәңгілік мәнге ие.

— Сіздің өлеңдеріңізде үнсіздік кейде сөзден де салмақты сезіледі. Ақын үшін айтылмаған сөздің құны айтылған сөзден жоғары болатын сәттер бола ма?

— Әдебиет – ең алдымен уақыт пен ұмытылуға төтеп беретін өнер. Адамдардың бүгін оқыған дүниесін ертең-ақ ұмытып кетуі мүмкін. Сондықтан шығарманың оқырман жадында сақталуы ең маңызды өлшемдердің бірі. Низами, Науаи, Абай сынды ұлы тұлғалардың шығармалары, әдеби мұрасының ғасырлар бойы өмір сүруінің сыры да осында. Олардың идеялары уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қайта тереңірек ашылып, жаңа қырынан таныла түсті. Егер олар жай ғана сөз тізбектегенде, әлдеқашан ұмытылар еді. Бірақ олар сөзді, дыбысты және мағынаны ерекше үйлестіріп, әр сөйлеміне терең ой мен рухани салмақ жүктеді. Сондықтан олардың шығармаларынан бүгінгі күні де жаңа мағына тауып, жаңа қырын ашып келеміз. Нағыз әдебиеттің құндылығы да осында жатыр. Мен де жазғанда осы ұстанымды басшылыққа алуға тырысамын. Себебі шығарма тек бүгінгі оқырман үшін емес, келер ұрпақ үшін де жазылады. Менен кейін оқитын адамдар да мәтіннен терең ой тауып, оның мәнін сезіне алса екен деймін.

— Түркі халықтарының әдебиеті ортақ тамырдан нәр алады. Бірақ бүгінгі жазушылар сол ортақ тамырды тереңдетіп жатыр ма, әлде әрқайсысы өз деңгейінде дамып жүр ме?

— Ұлы әдебиет әрқашан өз дәуірінен озық жүреді. Жоғарыда айтқанымдай, әдебиет заманынан алға шығып, адамзатқа бағыт-бағдар көрсетеді. Көп жағдайда адамдар әдебиеттің айтқан ойына бірден жете бермейді. Кейде оның шынайы мәні екі-үш ғасыр өткен соң ғана толық баяндалады. Меніңше, бүгінгі әдебиет те адамзат ойынан озып тұр. Алайда, қазір кітап оқитын адамдардың азаюы әдебиет пен оқырманның арасын алшақтатып жіберді. Сондықтан біз адамдарды әдебиетке жақындатуға, кітап оқуға ынталандыруға күш салуымыз керек. Себебі әдебиетке жақындаған сайын адам да рухани тұрғыдан өсіп, тереңірек ойлай бастайды.

– Қазақ ақын-жазушыларына көзқарасыңыз қалай? Кімдердің шығармашылығын білесіз?..

– Біз Әзербайжанда «Қазақ поэзиясының антологиясын» және «Түркі әлемі поэзиясының антологиясын» жарыққа шығардық. Соның арқасында көптеген қазақ қаламгерлерін жақсы танимыз. Бұдан бөлек, жыл сайын қазақ әдебиетіне арналған кітаптарды басып шығарамыз. Мысалы осы жылы Абайдың шығармаларын 7 тілде, нақтырақ әзербайжан, түрік, қырғыз, қазақ, венгр, түрікмен, ағылшын тілдерінде суретті кітап етіп шығарамыз. Олжас Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойына орай «Олжас Сүлейменов Әзербайжан көзімен» деген арнайы кітап дайындадық. Сауытбек Әбдірахмановтің Әбіш Кекілбаев туралы еңбегін баспаға әзірледік. Асқар Құмыранның ауқымды романын дайындап, жарыққа шығардық. Дархан Қыдырәлінің «Тасқа жазылған тарих» атты ғылыми-тарихи кітабы басып шығарылды. Поэзия бағытында бізде «Жас түркі жазушылары одағы» жұмыс істейді. Ұйым жетекшісі – Интигам Яшар. Ол Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Түркіменстан, Венгрия, Әзербайжан және тағы басқа елдің әрқайсысынан 10 жас ақын-жазушыдан таңдап алып, «Түркі әлемі жас поэзиясының антологиясын» дайындап жатыр. Жуық арада бұл жинақ та басылып шығады.

— Қазақстандық қаламгерлердің жазғандарын әзербайжан, түрік тілдеріне аудару үшін кімдерге жүгінуге болады?

— Бізде қазақ тілін жақсы білетін, поэзияны аудара алатын маман өте көп. Мысалы Ханым Айдын, Аида Эйвазлы және бұл істі өте жоғары деңгейде атқаратын Ибрагим Хаджиев сияқты аудармашыларды ұсынуға болады. Жалпы, Әзербайжанда қазақ бауырларымызға деген ықылас өте жоғары. Екі ел арасында тығыз әдеби-мәдени байланыс орнаған, бірге көптеген іс-шара өтіп жатыр. Қазақстанға және оның әдебиетіне арналған кітаптар мен жобалар алдағы уақытта да жалғасын таба береді.

— Сұхбатыңызға рахмет. Қаламгерлер байланысы арта берсін!

 Сұхбаттасқан Бейбіт НҰРМҰХАНОВ

 Сурет әлеуметтік желіден алынды

Алматы қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір