WRO 2026: Қазақстанның үздік робототехника командалары анықталды

Алматыда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі World Robot Olympiad 2026 робототехника олимпиадасының республикалық кезеңі қорытындыланып, үздік командалар анықталды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 286 оқушы робототехника, бағдарламалау және инженерлік жобалау бағыттары бойынша бақ сынап, халықаралық финалға жолдама үшін өз жобаларын таныстырды.

Республикалық кезең қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы жасақталады. Үздік командалар 2026 жылғы желтоқсанда Пуэрто-Рикода өтетін WRO халықаралық финалында еліміздің намысын қорғайды.

Биылғы маусымның тақырыбы – «Robots Meet Culture». Осы идея аясында қатысушылар мәдениет пен технологияның тоғысын көрсететін жобалар ұсынып, робототехника арқылы тың шешімдер әзірледі. Оқушылар RoboMission, Future Innovators, RoboSports және Future Engineers санаттары бойынша жарысты.

RoboMission бағытында командалар роботты құрастырып, оны арнайы алаңдағы тапсырмаларды өздігінен орындауға бағдарламалады. Future Innovators санатында қатысушылар мәдениет пен өнер саласына арналған инновациялық жобаларын таныстырды. RoboSports бағыты роботтардың спорттық форматтағы жарысына арналса, Future Engineers санатында оқушылар күрделі инженерлік тапсырмаларды шешуге арналған роботтық жүйелерін көрсетті.

Ашылу салтанатында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Садуақасов олимпиаданың еліміздегі білім беру робототехникасын дамытудағы маңызын атап өтті.
«NIS үшін бұл олимпиада тек жарыс емес, еліміздегі білім беру робототехникасын жүйелі дамытудың бір бағыты. Биылғы республикалық кезеңде жалпы білім беретін мектептерден, ауылдық және аудандық мектептерден келген оқушылардың белсенділігі ерекше байқалды. Бұл робототехникаға қызығушылықтың Қазақстан өңірлерінде кеңейіп келе жатқанын көрсетеді», – деді Сабыржан Садуақасов.
Айта кетейік, Назарбаев Зияткерлік мектептері 2014 жылдан бері WRO олимпиадасының Қазақстандағы ұлттық ұйымдастырушысы ретінде өңірлік және республикалық кезеңдерді өткізіп келеді. Биыл сәуір айында еліміздің барлық облысын қамтыған өңірлік кезеңге 1684 оқушы қатысып, олардың 1002-сі жалпы білім беретін мектептерден, 682-сі Назарбаев Зияткерлік мектептерінен бақ сынады.
Республикалық кезеңге халықаралық деңгейдегі сарапшылар мен төрешілер де қатысты. Олардың қатарында Малайзиядағы WRO ұлттық ұйымдастырушысы Тенгку Хазрул болды. Ол WRO қозғалысының балаларға инновациялық идеяларын көрсетуге мүмкіндік беретін жаһандық алаң екенін атап өтті.
«Қазақстандық қатысушылардың дайындығы жыл сайын жоғары деңгейде көрінеді. Биыл да олардың роботтары креативті дизайнымен, тың идеяларымен және нақты инновациялық шешімдерімен ерекшеленді. Бұл – балалардың технологияны терең түсініп қана қоймай, оны шығармашылық оймен ұштастыра алатынының айқын көрінісі», – дейді Тенгку Хазрул.
WRO Kazakhstan 2026 олимпиадасының республикалық кезеңінде RoboMission Elementary санатында 1-орынды «Skillset Avangard» командасы (Астана қаласы, Skillset School), RoboMission Junior санатында «Skillset» командасы (Астана қаласы, Skillset School), RoboMission Senior санатында «EVA 01» командасы (Өскемен қаласы, Р. Мәрсеков атындағы орта мектебі) иеленді. RoboSports санатында «RobotNIS» командасы (Астанадағы NIS IB), Future Innovators Elementary санатында «TechSpace Titans» командасы (Астана қаласы, TechSpace IT орталығы), Future Innovators Junior санатында «Archo AI» командасы (Оралдағы NIS), Future Innovators Senior санатында «XLNC» командасы (Астанадағы NIS), ал Future Engineers санатында «Qyzylorda Flame» командасы (Қызылордадағы NIS) жеңімпаз атанды.
Олимпиаданы өткізуге білім беру ұйымдары, жоғары оқу орындары және серіктес компаниялар ерекше қолдау көрсетті. Central Asia Educational Solution, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Алматы Менеджмент Университеті, Astana IT University, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің түлектері қауымдастығы және «Aero» дрондар зертханасы жеңімпаздар мен қатысушыларға гранттар, техника, робототехника жиынтықтары және арнайы сыйлықтар ұсынды.