САН ҚЫРЛЫ СУРЕТКЕР
03.06.2026
41
0

КІРІСПЕ
ЖЫР ДАРИЯ

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби және Қазақ ПЕН-клубы сыйлықтарының лауреаты, Тахауи Ахтанов атындағы драматургия саласындағы сыйлықтың иегері, Қызылорда облысы Шиелі ауданының Құрметті азаматы, көрнекті қаламгер-драматург Сұлтанәлі Базарбайұлы Балғабаев биыл 80 жасқа толды.
5 жасында Сарысу өзенінің бойында анасымен тігіліп жатқан киіз үйдің бақанын ұстасып жүрген баланың аузына Жаратқан Иеміз «Апа, мен өскенде ақын боламын» деген сөз салса керек. Содан бері әдемі арманы жетелеген әсершіл, ата-анасы мен ағайын-жұртының ортасында бақытты өскен бала Сұлтанәлі мектепке бармай тұрып болашағын болжауына анасы Балшайдың тамылжыта ән айтып, өлең шығаратын қасиетінен, ауыл арасында төгілтіп айтысқа да қатыса кететіні, нағашы жұртынан шыққан атақты ақындардың болуы себеп болған секілді. Әкесі Базарбай болса ұлының шығармашылық жолға ерте қамданған қадамын қолына түскен қағаз-кітапты шимайлауынан байқап, әлі мектепке бармастан бұрын әліппе әріптері мен жазуды үйретіп сауатын ашып жібереді.
– Еркімді билеп алған ерте менің,
Өлеңім – өмір бойғы еркем едің.
Шабыттың от жалыны ортасында,
Өзіңді іздеймін деп өртенемін, –
деп жыр жолдарын төккен мерейтой иесі, тумысынан талантты бала атанған Сұлтанәлі – ес біліп, етек жаба бастаған сәтінен шығармашылықты өмірінің арқауы ететінін анық көре білген және сол жолмен күні бүгінге дейін келе жатқан жан.

БІРІНШІ АКТ
ПОЭЗИЯ КЕҢІСТІГІНДЕ

Сұлтекең өзінің кіндік қаны тамған туған жері жайлы сұхбатында: «Менің туып-өскен жерім – Сыр бойы, Қызылорда қаласына жақын, Сұлутөбе теміржол бекетімен іргелес «Бірінші май» дейтін ауыл. Батысында – Сырдария өзені, шығысында – мыс тақырлар мен сексеуілді төбелер кезек алмасып, Сарысу өзеніне дейін созылып жатқан жапан дала. Әкем Базарбай мен шешем Балшай өмір бойы қой бағып, далада көшіп-қонып жүрді. Қыстауымыз Сырдария жағасына жақын Әулиетораңғыл деген жерде. Атақты Мұстафа Шоқайдың да туған жері – осы Әулиетораңғылға жақын Наршоқы деген жер. Сондықтан өзімді Мұстафа Шоқайдың ең жақын жерлесімін деп айта аламын», – дейді. 1953–1964 жылдары қазіргі А.Қыраубаева атындағы онбіржылдық мектепті аяқтап, екі жыл бойы туған ауылында жұмыс істейді. Туған жеріне деген ыстық махаббаты мен ерекше сезімін, осы топырақтан алған әсерін тілі құнарлы, оралымды ой-тіркестерге толы 3 томдық шығармалар жинағында барынша көркем тіл, шынайы сезім иірімдерімен баяндайды.
Мектеп бітіре салып қойшы таяғын ұстаған бозбала Сұлтанәлінің – бүгінгідей танымал жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевқа дейінгі өсу жолында аяққа тұру, қалыптасу, өзінің дара жолын табу кезінде өз шығармашылық лабораториясынан шығарып өзі ой түйген тұжырымы бар. Ол «шығармашылық адам алдымен, ақын болады, кейін жазушылыққа келеді, кейін драматург атанады» дейді. Ол осы тұжырымды іс жүзінде басынан өткізіп барып, қазақ поэзиясы мен прозасын игеру жолынан өтіп драматургияға табан тіреген суреткер, шығармашылық жолын ақын болып бастап республикалық жас ақындардың бәйгесінен жүлделі орын алып шығармашылыққа қадам басады.
Бүгінде өзінің жеткен биігінен «Ақын болу үшін талант керек, мінез керек» дейтін бала Сұлтанәлі әдебиет кеңістігіне поэзия­ны қанат етіп енеді. Сұлтекеңнің алғашқы өлеңдері «Көктем тынысы» атты жас ақындардың жинағына басылады. Жеке өлеңдер жинағы «Тұңғыш» деген атпен жарық көріп, болашағынан үлкен үміт күтірген болатын. Мектептің бесінші сыныбында оқи жүріп өлең жаза бастаған Сұлтанәлі пионерлердің Сырдария аудандық өнерпаздар слет-байқауына қатысып, талапты жас ақын ретінде танылып жүлдегер атанады. Өзінің келешекте ақын болуына сенімін әбден ұялатқан сәт жазған өлеңдері шығып, мектепте шығармашылық белсенділігі үшін 1962 жылы сол кездегі аудандық комсомол комитетінің хатшысы, кейін белгілі ақын Надежда Лушникованың қолынан мақтау қағазын алуы болатын. Ол өзінің гуманитарлық салаға баратынына, келешекте нақты қаламгер шығатынына кәміл сеніп, мектеп бағдарламасындағы физика, математика секілді нақтылы пәндерге босаң қарауы да осы кез болатын. Өзінің айтуынша 7-8 сыныпта мектептегі қабырға газетін шығаруды түгелдей өз қолына алып, өзі сызып, өзі барлық мәтінін жазып, «баспагерлік қызметін» де осы жерде бастап кетсе керек. Өзінің бір сұхбатында «Осылай жүріп он біржылдық мектепті қалай бітіргенімді білмей де қалыппын» дейді.
Расында да, мектепте оқыған жылдары ақын болуды мақсат еткен қаламынан шыққан жыр шумақтары әр алуан іс-шараларда оқылып, баспасөз бетінде жарияланып жатқан бозбаланың үлкен арманы студент атану болатын. Сол уақыттағы қалыптасқан түсінік бойынша, жазушылыққа ұмтылған жас талапкерлер үшін жоғары білімді, әсіресе журналистика саласын меңгеру маңызды саналды. Бірақ қанша асықса да сол кезде үкімет пен партияның қазақ жастары үшін жасаған белгілі бір кедергісінен өтіп барып жүзеге асарын жақсы білетін Сұлтекеңнің шығармашылық жолының қалыптасуы кеңестік кезеңдегі әлеуметтік-мәдени талаптармен тығыз байланысты болды. Журналистика факультетіне түсу үшін міндетті түрде екіжылдық еңбек өтілінің болуы талап етілгендіктен, Сұлтекең секілді ауыл жастары мектеп бітіргеннен кейін бірден жоғары оқу орнына түсуге алаңдамайтын. Осы талапты орындау мақсатында Сұлтанәлі еңбек демалысына шыққан әкесі Базарбайдың ала таяғын ұстап, бір отар қойын алдына салып кете барады.
Өзінің айтуынша, кейін қыстауға қоныс аударған соң, автор алғашқы әдеби қадамын жасау мақсатында Қызылорда қаласына барып, сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағы облыстық бөлімшесінің жетекшісі, белгілі ақын Асқар Тоқмағанбетовпен кездеседі. Ақын жас талапкерді жылы қабылдап, оның шығармаларымен танысып, оң бағасын береді. Сонымен қатар ол жас авторды қолдау мақсатында «Ленин жолы» газетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі, ақын Қомшабай Сүйенішовке ұсынып, шығармаларын жариялауға ықпал етеді. Нәтижесінде, көп ұзамай «Ленин жолы» газетінде «Балауса жырлар» айдарымен автордың бір топ өлеңдері, фотосуреті және қысқаша өмірбаяны жарық көреді. Топтамаға жазылған кіріспеде: «Сұлтанәлі әлі жас. Оның еңбек жолының басталғанына онша көп бола қойған жоқ… Ол еңбек ете жүріп, өз замандастары туралы өлең жазады. Бүгін біз төменде Сұлтанәлінің бір топ тырнақалды өлеңдерін оқушы қауымға таныстыру мақсатында жариялап отырмыз» деген екен. Сол топтамадағы «Өзім жайлы» өлеңінде:
Бақытымды мен қадірлей алмасам,
Басқа теуіп, тастап кетсін ол мейлі.
Өкінбеймін өрттей шалқып жанбасам,
Шала болып, бірақ сөнгім келмейді.

Бірде жығып, тағы бірде жығылып,
Талай белден аса алатын шығармын.
Тамырымды жерге терең сіңіріп,
Күнге дейін өсе берер шынармын –
дейді.
Бұл жарияланым жас ақынның әдеби ортада танылуына жол ашады. Кейіннен аудандық «Сырдария» газеті де оған қолдау білдіріп, жас ақын жайлы арнайы материал жариялайды. Сонымен қатар Қазақ радиосының Қызылорда облысындағы тілшісі Зұлқарнай Сахиев жас талантты «Шопан-ақын» ретінде республика көлемінде таныстырады. Осылайша, автордың шығармашылығы кең республиканың аудиториясына таралып, оның ақын ретінде қалыптасуына негіз қаланады.
Аталған кезеңдегі жігіт Сұлтанәлінің маңызды жетістіктердің бірі – жас ақындардың республикалық фестиваліне қатысуы болды. Бұл оқиға автордың кәсіби-әдеби ортаға енуіне және шығармашылық әлеуетінің мойындалуына елеулі ықпал етті. Аталған кезең болашақ қаламгер С.Балғабаевтың шығармашылық қалыптасуындағы маңызды белес ретінде сипат­талады. Бұл уақытта оның әдеби белсенділігі артып, алғашқы поэтикалық туындылары кеңінен тарала бастады. Атап айтқанда, «Күй атасы», «Шопан қызға», «Жолдар», «Өмір заңы», «Күз», «Таңғы жолаушы», «Белгісіз солдаттың анасы», «Қыздың үйінде», «Адам үні», «Дала» атты өлеңдері «Жас шопан жырлары» деген ортақ атаумен аудандық және облыстық баспасөз беттерінде жарияланып, жас ақынның шығармашылық қарымын айқындады. 1965 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарық көрген «Қамқорлық ауадай қажет» атты мақаласында автор шопандар өмірінің әлеу­меттік мәселелерін көтеріп, қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпал етті. Шаруаның мәселесін ішінен біліп, өзекті тақырып ретінде республика көлемінде көтерген публицист Сұлтанәлінің қайраткерлік қыры да осы кезде көрініс бере бастаған.
Сонымен қатар 1966 жылғы 16 сәуірде аудандық Сырдария газетінде «Сәт сапар, Сұлтанәлі!» атты материал жарияланып, онда автордың өмірбаяны, фотосуреті және бірқатар өлеңдері ұсынылды. Бұл жас талапкерге Қызылорда өңірінің белгілі әдебиет өкілдері шығармашылық қолдау көрсетіп, кәсіби бағыт-бағдар берген аяққа тұру кезі болатын.
Жоғарыда аталған жарияланымдар мен кәсіби қолдаулардың нәтижесінде С.Балғабаев республикалық деңгейде танылып, жас ақындардың фестивалінде жүлделі үшінші орынға ие болды. Қойын бағып жүріп өзінің атынан республикалық жас ақындар бәйгесіне қамқор ағалары жолдаған өлеңдер топтамасы жеңімпаз атандыруы, соңынан совхоз директоры машинамен іздеп келіп Алматыға бару керегін түсіндіріп, ағайын-тусытарынан жолға деп киетін киім іздеп киінуі де осы кез болатын. Осы жетістік аясында ол алғаш рет Алматы қаласына келіп, фестиваль төрағасы Мұзафар Әлімбаев және Төлеген Айбергеновпен бірге Қазақ телевидениесінің тікелей эфиріне қатысып, өз шығармаларын оқиды. Бұл оқиға «Бұлар Москваға барады» атты мақалада «Лениншіл жас» газетінде көрініс тауып, ақынның «Ойлар» өлеңі де жарияланды.
Көп ұзамай,үш-төрт айдан кейін ­С.Балғабаев Алматы қаласына қайта оралып, оқуға түсіп өмірінің жаңа бір кезеңі басталды. Осы кезден Сұлтанәлінің кәсіби шығармашылық жолы жүйеленіп, кәсіби әдеби ортадағы орнын айқындауға бағыт түзеді.

ЕКІНШІ АКТ
СЫРДАРИЯ. ПРОЗА ӘЛЕМІНДЕ

«Мен даланың баласы едім ұяңдау,
Қанға сіңген өскен жерін қия алмау.
Қанға сіңген туған халқы бәрінен,
Артық болып тұрса екен деп қиялдау.
Сол қиялым – арманым мен азабым,
Азабымды айтам, тынбай жазамын.
Дүниенің жинап барлық ғажабын,
Ең тамаша ел болса деп қазағым…» –
деген С.Балғабаевтың өлең шумақтарынан өмірлік жолы мен мұратын, арман-тілегін көргендей боламыз. Бұл алдымен, өзінің туып-өскен топырағы – ауылын, дархан дала, таулы-тасты, өзен-көлді жазира мекені – Қазақстанын, молынан пішіп бере салған алып кеңістікті мекен еткен батыр да аңғал, шешен де шаруақор, ісмер де іскер – қазақ атты халқының мерейінің үстем болуын көксеген азамат ақын Сұлтанәлінің сөзі болатын. Оның қазақ руханиятындағы шығармашылық жолы 1966 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсуімен басталды. Сұлтекең студенттік кезі ауылдың бірсарынды, қойшылық өмірін жарқыраған оттарымен қызықтырған қаланың қызылды-жасылды тыныс ырғағына ауыстыру ерекше әсер еткенін мойындайды. Бүгінде 2008 жылдан Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында болашақ кинотеледраматургтерге курс жетекшісі болып, ұстаздық ететін профессор С.Балғабаев өзінің жастық шағын мысалға келтіре отырып, «Менің бірінші сабағым, мен секілді оқымаңдар, студенттік өмірді бұлай өткізуге болмайды!» – деп шәкірттеріне алғашқы лекциясын бастайды. Профессор С.Балғабаев өнер жолын таңдаған, өмірін шығармашылыққа арнаған жастардың жастық шақтың қызығына беріліп, кейін «қолымды мезгілінен кеш сермедім» демес үшін алғашқы сәттен бастап оқу-іздену жолына түсу керегіне баса назар аударады.
Ол шығармашылық жолында ақын ретінде кәдімгідей таныла келе студенттік жылдар барысында бәсеңсиді. Осы жолдардың авторына берген сұхбатында Сұлтекең, мықты ақын болу үшін алдымен, өзгелерден ерекшелейтін тосын «өр мінез», тоқтаусыз еңбектену керегін алға тартады. Ал өзінің бойында тумысынан ақындық, шығармашылыққа деген жақсы бастау көзі болсадағы, табиғатынан отбасы мен мектеп тәрбиесінен қалыптасқан, жоғарыда өзі айт­қандай, «Мен даланың баласы едім ұяңдау» дегендей иі жұмсақтық оны қаламгерліктің өзге саласына икемдейді. Оқу барысында басқа да салалардың тамырын басып көрген ол бесінші курста мамандығы бойынша журналға жұмысқа орналасып, біржолата алматылық болып шыға келеді. Курстас досы Баққожа Мұқай «Білім және еңбек» журналының бас редакторы Қалдарбек Найманбаевқа досы жайлы жақсы мінездеме беріп, Сұлтекең 1971 жылы өзінің қаламгерлік алғашқы еңбек жолын бастайды. Талантты қаламгер, ақылшы абзал аға Қ.Найманбаев жайлы естелік айтқанда, Сұлтекенің өзі мен сөзінен өзіне жасаған ақыл-кеңесі мен қамқорлығына ризашылық сезімі төгіліп тұрады. Абзал ағаның бағыттауымен ол осы жылдары журналистика мен жазушылық қырын қатар өрбітіп, әдебиеттің проза саласының дамуына елеулі үлес қосты. Спорт тақырыбына арналған «Жұлдызың жансын!» атты деректі повестері мен әңгімелер жинағы кезінде оқырман қауымнан жоғары бағасын алды. Уақыт өте келе шығармашылық жолы таза проза жанрына ойысқан Сұлтекеңнің қаламгерлік болмысын тереңдете ашқан, туындылары ақындықтан прозаға түбегейлі бетін бұрғызады.
Сұлтекең – өзінің еңбек жолында қажетті қызмет, кресло іздеп, мансап қумаған жан. Керісінше, адал, жауапкершілікпен атқарған жұмысына, ниеті мен пейіліне қарай бұл қызмет, еңбегіне берілетін марапат С.Балғабаевты өзі тауып келеді. Еңбек жолындағы келесі баспалдағы осылай жалғасып, ол 1976 жылдан бастап «Жалын» баспасына ауысып, проза бөлімін басқарды. Ол жайлы Сұлтекең «Өмірім қаламгерлер мен қандастар ортасында өтіп жатыр» атауымен республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан сұхбатында: «Жетпісінші жылдардың ортасында Алматыда жастарға арналған «Жалын» атты баспа ашылды. Бастығы Қалдарбек Найманбаев тағы да мені шақырып, қызмет ұсынды. Шынымды айтсам, бұрынғы жұмысым өзіме ұнайтын, тыныш, табысы да жақсы. Бірақ Қалакеңнің көңілін қимадым. Сөйтіп, күтпеген жерден баспаға ауыстым. Осында істеген жылдарым мені жазушы ретінде қалыптастырды. Әуелі өлеңдерім «Көктем тынысы» атты жас ақындар жинағына кірді, одан кейін «Тұңғыш» дейтін жеке кітабым жарық көрді. Бұдан кейін біржола қара сөзге көштім», – дейді.
Әдеби-редакторлық жұмыс Сұлтекеңе үлкен жауапкершілік жүктеді. Замандас қаламгерлердің сиясы кеппеген туындыларына сараптама жасау, пікір беру, ескертпелер айту, мәтінді мазмұндық, тілдік және стильдік тұрғыдан жетілдіруге бағытталған шығармашылық әрі кәсіби үдеріс болғандықтан редактордың өзін де өсірген шығармашылық мектеп болады. Бұл жұмыс автордың ойын оқырманға түсінікті, сауатты және көркем түрде жеткізуді қамтамасыз етуден бөлек өз жазған дүниелеріне де сын көзбен қарауды, терең талдауды үйретті. Соның нәтижесінде, «Алтын сағым» (1979), «Құм мен қызғалдақ» (1982), «Шөл» (1984) және «Дала мен дария» (1988) атты кітаптары жарық көрді. Жазушының шоқтығы биік туындылары тек қазақ тілінде ғана емес, 1992 жылы орыс тілінде «Красная гармонь» деген атпен де басылды. Жылдар өте келе шығармалары қайта сараланып, толықтырылып «Сырдария кітапханасы» сериясы аясында «Сыр мен Сарысу» және «Ғажайып көктем» (2009) деген атаумен екі томдық таңдамалы шығармалар жинағы оқырманға ұсынылды. Ал кейін мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген «Сыр мен Сарысу» (повестер) Бірінші том (Алматы, «Ан Арыс» 2016), «Алтын сағым» (повестер мен әңгімелер) Екінші том (Алматы, «Ан Арыс» 2017), «Ауыл мен Алматы» (Әңгімелер, повестер, өлеңдер) Үшінші том (Алматы, «Ан Арыс» 2018) атты үш томдық таңдамалы шығармалары – автордың көп жылғы ізденісі мен толысқан шеберлігінің айқын айғағына айналды. Осылайша, жазушы-прозаик С.Балғабаевтың шығармашылық қоржыны түрлі жанр мен тақырыпты қамтып, уақытпен бірге толысып кемелдене түсті.

ҮШІНШІ АКТ
ДРАМАНЫҢ ТҰҒЫРЫНДА

Сұлтанәлі Балғабаев 80-жылдардың басында Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. Өзінің театрға келу жолын қызық әңгімелейді. Студенттік кезде театрға баруын барсадағы, пьеса жазу туралы ойлап бас қатырмаған жас жігіттің драматургияға қызығушылығы ойламаған жерден оянады. Ол өзіне ерекше әсер етіп, драматургия жанрына бағыт сілтеген жанның бірі, талантты қаламгер Төлен Әбдік деп біледі. Ол С.Балғабаевтың «Алтын сағым» атты прозалар жинағының қолжазбасын оқып, жақсы пікір білдірген, «Жалын» журналына жариялап жас авторды прозаик ретінде елге танытқан қолдаушысы болды. Сол кезде шығармашылыққа түбегейлі бет бұруды мақсат еткен Сұлтекең басқа жұмыстың бәрін жиып қойып, бір жылдай үйінде жазумен айналысады. Бірде Жастар және балалар театрының сахнасына Т.Әбдіктін «Біз үшеу едік» атты пьесасы сахналанатынын естіп, барып көруді жөн санайды. Сол спектакльді тамашалай отырып, Сұлтанәлі сахнадағы таңғажайып көріністен ерекше әсерленіп, таңданарлық кештен біразға дейін айыға алмай жүреді. Біздіңше, бұл таңданыс театрдағы үш-ақ кейіпкері бар ғажайып спектакль атмосферасы болатын. Оқиға үш жастың достығы, алғашқы махаббат, арман мен таңдаулар туралы жүрекке жақын, шынайы сипатталған оқиғада Т.Әбдік адам жанының тереңдігін дәл, нәзік суреттеп, кейіпкерлер арасындағы сезім мен байланыстарды өте әсерлі жеткізе білген. Автор тарапынан өмірлік шешімдердің салмақ-жүгін көркем әрі табиғи өрбітуі Сұлтанәлінің суреткерлік түйсігі мен түсінігіне, жазылатын шығармасына тақырып таңдауы мен кейіпкерлердің келбетін ашудағы, оқиға желісін тарқатып берудегі шығармашылық ұстанымына жақындығымен ерекшеленген. Негізгі идеясы қарапайым әрі көңілге қонымды, сан түрлі ойға жетелейтін сахналық туындыны талантты актерлер Р.Сейтметов, Р.Әшірбековалардың шебер орындауынан кейін бірнеше күн толғаныста жүрген Сұлтекеңнің өзіне қойған сұрағы «Мен неге осындай пьеса жазбаймын?» болатын. Осы бір әсердің ықпалымен әрі қарай драматургия жанрына назар аудару керек деген басты шешім қабылдайды.
Бұл жолдың қиындығын сезініп, өзін-өзі қамшылаумен кітапханаға барып ізденіп, драматургияның теориялық негіздерін, классик, заманауи авторлардың пьесаларын оқып-зерттеуге біраз уақытын арнайды. Осы жинақталған азын-аулақ білімнің нәтижесінде жас драматургтің «Қыз жиырмаға толғанда» атты тұңғыш пьесасы жазылады. Жібек есімді кейіпкердің 20 жасқа толған туған күн кешінде болған оқиғалар негізінде өрбитін туындыда ұлы сезім махаббат жайлы сөз болады. Қала мен ауылдағы сезім турасындағы қайшылықты ойлары, түсініспеушіліктер басты қақтығыс тудырады. Үлкен буын мен жастардың махаббатқа қатысты көзқарастары, отбасылық тұтастық терең зерделенеді. С.Балғабаев суреткер ретінде дала өмірін, ауыл адамдарының психологиясын жақсы біліп келіп қаланың жайына тереңдеуі, қазақтың дәстүрлі өмір салты мен урбанизация алып келген ұрпақтар арасындағы түсініспеушілікті суреттейді. Дайын пьесасын Мәдениет министрлігінің Редакциялық-репертуарлық коллегиясының қабылдауына өткізеді де, әрі қарай басқа жазу-сызуымен айналысып жүре береді. Арада біраз уақыт өткеннен кейін пьесасын Мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры қалап алып, театрдың бас режиссері, белгілі актер, режиссер Райымбек Сейтметовпен таныстық басталады. Жас автордың драматургиядағы тырнақалды жұмысына жылы лебіз білдірген театр басшысы пьесаны сахнаға дайындап қоятын режиссер Нұрғанат Жақыпбаев екенін хабарлайды.
Бұл қойылым актерлікте жолы болған, режиссурада бақ сынап жүрген, бойын­да жаңа идеялары толып-тасып жүрген жас режиссердің театр репертуарына сәтті енгізген спектаклінің бірі болды және С.Балғабаевтың драматург атануда сенімін бекіткен өте сәтті қадам болды. Тұңғыш шығармасы дәл осылай заманауи үлгіде қойылмаса, мүмкін, ол театрды жатсынып, драматургия жанрына осыншама іркілмес те еді. Себебі, автор қағаз бетіне түсірген өз мәтінінің әр кеш сайын залды толтыратын көремен көңілінен шығуы, ой кереғарлығын, қызу талқылаулар тудыруынан ерекше әсерленеді. Жас аудиторияға арналған пьеса режиссердің ойластыруында сахнаға спектакль-диспут үлгісінде қойылып, көрерменді көтерген өзекті мәселелерімен толғандырған қойылым болады. Режиссер спектакль барысында сахнадағы оқиға желісіне залдағы жастарды пікірталасқа тарту үшін әдейі кідірістер жасатып, олардың көзқарастарын сахнадағы оқиға желісімен астастыра беруі театрдың өміршең өнер екенін дәлелдейді. Сахна реформаторы Б.Брехтің «эпикалық
театр» әдісімен жасалған бұл қойылым көрермен санасына ой салып, белсенділігін арттырып, сана сілкінісіне жол ашатын қойылым болды. Театрдың бас режиссері Р.Сейтметов осы қойылым қарсаңында С.Балғабаевты театрға Әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметіне қабылдап, прозаиктен драматургтік жолға өтуге түбегейлі қадам жасатады.
Бұл пьеса республиканың біраз театрлары мен ұйғыр, қарақалпақ мемлекеттік театрларында зор табыспен жүрді. Арада тура 40 жыл өткенде 2023 жылдың наурыз айында Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы Ұлттық музыкалық-драма театры сахнасына режиссер Дәурен Серғазин қайтадан қойды. Астаналық театрдың «Қыз жиырмаға толғанда» екі бөлімді мелодрамасында риясыз сезім мен қызғаныш, шындық пен өтірік, адалдық пен арамдықтың тартысы бейнеленіп, ақырында шынайы махаббат пен әділдік жеңіске жетеді.
Драматургтің күнделікті театрда жүруі, оның ішкі-сыртқы мәселелерін тереңнен білуі Сұлтекеңнің қаламын ширатып драматургтік келбетін айқындай түседі. Балалар мен жасөспірімдер театрының репертуарына керекті шикізат – пьеса жазу, өзгелердің жазған пьесаларын оқып, қажет болса түзету, режиссердің талабы бойынша аударма пьесаларды редакциялау секілді жұмыстармен бірге актерлер мен режиссердің мәтінмен жұмыс жасау үдерісі тәжірибе жинақтауда ерекше сабақ болады. Театр осы кезде А.Чеховтың «Шағала» пьесасымен жұмыстанып, қоюшы-режиссер Виктор Мажурин спектакльге дайын­дық барысында күнде Сұлтанәліні жанына отырғызып қойып жұмыс істейді. Режиссердің пьесаның қазақ тіліндегі әрбір сөзі мен сөйлеміне, үтір-нүктесіне дейін түпнұсқадағы мәтінмен салыстыра отырып сүзгіден өткізу барысында актермен сахнадағы жұмысы Сұлтекеңе ерекше әсер етеді. Актерлердің ішкі жан дүниесі мен ым-ишаратын сахналық әрекетке, көркем образға айналдыруда жасаған есепсіз жұмысы актерлер мен Әдебиет бөлімінің меңгерушісі үшін де есте қаларлықтай шеберлік сыныбы болады. Драматургиядағы қадамын жаңадан бастаған С.Балғабаевтың А.Чеховтың драматургиясына тереңдей енуі, суреткердің пьесасын терең түсініп сан қатпарлы астарын ашуы, қойылымның көркемдік тұтастығын келтіріп қоюға қажетті кәсіби режиссермен жұмыс жасаудың жоғары деңгейдегі үлгісінен сабақ алуға мүмкіндік береді. С.Балғабаевтың ойынша бүгінгі жас драматургтерге жетпейтіні – шығармашылық лаборатория, жаңа идеялар тудыратын қайнаған шығармашылық орта – театрдың болмауы. Расында да, театр үшін жазатын авторлардың сол ортадан шетте жүріп жазуы көп жағдайда оң нәтиже бермейтінін күнделікті тәжірибе көрсетуде.
С.Балғабаевтың көрермендердің ерекше ықыласына бөленген «Ең әдемі келіншек» пьесасы – шынайы махаббат пен әйел тағдырын арқау еткен екі бөлімді лирикалық драма. Басты кейіпкер Гүлбаршынның өмір жолы арқылы сүйгеніне қосыла алмаған әйелдің жан дүниесіндегі қайшылықтар мен тағдыр тауқыметі көркем бейнеленеді. Пьесаның сюжеті бойынша Гүлбаршын бұрынғы курстастарымен кездесуге Алматы қаласына келеді, сонымен қатар ол жастық шағында ғашық болған, бірақ тағдыр қоспаған Алтайды көруге үміттенеді. Қонақүйдегі бөлмелерді шатастырып ер адамдар орналасқан бөлмеге кіріп кеткен Гүлбаршын сол жерде Абдолламен танысып, достарына өзінің «күйеуі» ретінде таныстырады. Осы кездесу кейіпкер өміріндегі ең әсерлі әрі жарқын сәттердің біріне айналады. Абдолла Гүлбаршынға рухани жылулық пен адамдық сыйластық сыйлап, оның жан дүние­сіне ерекше ықпал етеді.
Заңды жары Жиенбайдың ішімдікке салынуынан отбасындағы рухани дағдарысты аңғарта отырып драматург пьеса соңында Гүлбаршынды Жиенбайға қайта оралтады. Осы арқылы драматург әйелдің жеке бақыты мен отбасы алдындағы жауапкершілігі арасындағы күрделі тартысты көрсетеді. Шығарманың негізгі идеясы – адам өміріндегі шынайы махаббат пен рухани үйлесімнің маңызын дәріптеу. Автор махаббаттың сыртқы сезімге ғана емес, өзара адамгершілік қасиеттерді құрметтеу мен түсіністікке негізделуі қажет екенін алға тарта отырып, отбасы тәрбиесі, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық, отбасы бірлігінің сақталуы секілді өзекті әлеуметтік мәселелерді қозғайды. Гүлбаршынның өмір жолы арқылы жалпы әйел баласының тағдырын тарқатып көрерменге ой салатын, нәзік мұң мен лирикалық сезімге толы туынды жасаған.
Бұл – пьесаның көтерген тақырыбының күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпауы, еліміздің театрларының репертуарына оқтын-оқтын қайта оралуы. Осы мамыр айының басында Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының репертуарына 35 жылдан кейін «Ең әдемі келіншектің» қайтадан оралуы – осы сөзіміздің растығы. Қоғамдағы тұрмыстық-әлеу­меттік жағдайларды өмір шындығымен сабақтастыра отырып, қарапайым адамдар тағдырын нанымды бейнелеуі, күнделікті өмірде жиі кездесетін елеусіз жайттардың астарынан терең психологиялық әрі әлеуметтік мәселелерді көрсету арқылы көрерменге ой салып, қазіргі қоғамның шынайы келбетін барынша танытуы драматург
С.Балғабаев пьесасының көркемдік сапасына байланысты.
Театр өнері – ішіне бас сұққан жанның кері шығуы қиын, өзін магнитше тартып тұратын ғажайыптар әлемі, керемет тартылыс күшке ие құбылыс. Сол ортаға түскен біздің мерейтой иесінің жаңа тынысы ашылып әр жарты немесе бір жыл болмаса да араға жыл салып дүниеге алып келген пьесалары ыстық бауырсақты хан талапайға салатындай театрлар жан-жақтан сахналап жатуына негіз болады. Жиі қойылып жататын республикалық қазақ, ұйғыр, орыс театрларының репертуарынан бөлек, көрші өзбек, қырғыз, қарақалпақ тілдеріне аударылып, сол елдердегі ұлттық театрлардың сахнасына сан мәрте қойылды. Бұл сәттер драматург С.Балғабаевтың мерейін өсіріп, шабытына шабыт қосып құлшына жұмыс істеуге жетеледі. Әр жылдары драматург қаламынан шыққан: «Біз де ғашық болғанбыз» (екі бөлімді пьеса,
1986 ж.), «Қазақша күрес немесе Ғажайыптың қазынасы» (екі бөлімді сатиралық комедия,
1987 ж.), «Әйелдер әлемі немесе ең жақсы еркек» (екі бөлімді трагикомедия, 1992 ж.) «Ең әдемі келіншек» (екі бөлімді лирикалық мұң,
1990 ж.), «Ғашықсыз ғасыр» (екі бөлімді пьеса, 1995 ж.) КСРО халық артисі Фарида Шәріповаға арналып жазылып, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында (режиссеры Ә. Рахимов, 1996 ж.), «Тойдан қайтқан қазақтар» (екі бөлімді комедия, 1996 ж.), Қазақстанның халық артисі Ж.Медетбаевқа арналып жазылып, М.Әуезов атындағы театрда (режиссеры Ә.Рахимов) қойылды, «Сағыныш пен Елес» (екі бөлімді драма, 2007 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің мемлекеттік грантының жеңімпазы), «Енелер мен келіндер» (екі бөлімді пьеса). Қазақстанның халық артисі Роза Әшірбекованың 80 жылдық мерейтойына арнап жазылды
(2018 ж.), «Өтірік айтпайтын адам» (екі бөлімді трагикомедия), «Бағаналы батыр Тауасар» (тарихи драма, 2020 ж.), «Қызылорданың қыздары» (екі бөлімді музыкалы-лирикалық комедия), «Мәңгілік өмір – махаббат» (лирикалық комедия. 2021 ж.). Қазақстанның халық артисі Алмахан Кенжебековаға арнап жазылған. «Педучилищенің қызы» (музыкалық комедия.
2024 ж.). С.Балғабаевтың қаламынан шыққан бұл драмалық шығармалар табиғаты қарапайым адамдардың өмірін суреттеген. Оқиғалар үздіксіз даму үстіндегі қоғам өмірінде болып жатқан, жиі жастардың арасында көрініс беретін үдерістерді дөп басып, мәселенің мәнісін тереңнен аша отырып көрерменмен бірге отырып талқыға салатын екі жақты диалог үлгісіндегі пьесалар. Оқиғалары отбасылық, тұрмыстық жайттарға құрылған, өмірден алынған кейіпкерлер галереясы. Қарапайым кейіпкерлер, ұрпақтар сабақтастығы, тағдырлы жандардың арасында өтетін жеке кейіпкердің басындағы жағдайлар арқылы сол қоғамның басым бөлігін тербейтін лирикалық драмалар мен лирикалық комедия болып келеді. Сол себептен де театрға келген жұрт сахнадан өзін, өзінің айналасындағы жақын жандарын көргендей болып бір босап, шер тарқататын немесе замандастарының кейбір күлкі тудыратын түрлі мінез-құлықтарынан туындайтын әрекеттер мен қоғамдағы өзекті мәселелер С.Балғабаев пьесалары әлі де өз көрерменімен сан мәрте жолығады деген үміттеміз.
Сұлтекеңнің Қазақстан Жазушылар одағындағы драматургия секциясының жұмысына қатысты қызметі бір төбе. Бұл қоғамдық ұйымның жұмысында ол араласпаған сала жоқтай, 1980 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, драматургия кеңесінің төрағасы ретінде 2006 жылы Жазушылар одағынан атынан жаңа пьесаларға қаламақы төлеуді жетілдіру жөнінде Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігіне ұсыныс хат ұйымдастырды. Соның нәтижесінде, кезінде драматургтер үш жыл қатарынан мемлекеттік грант бойынша 10 мың АҚШ доллары көлемінде қаламақы алып тұрды.
Драматургия кеңесінің төрағасы ретінде 2010 жылы «Нұр Отан» партиясының басшыларына мәдениет пен өнерді дамыту жөнінде арнайы кеңес құру қажет деп жазбаша ұсыныс жасап, «Мирас» қоғамдық кеңесі дүниеге келді. Бұл кеңес ұзақ жылдар Парламент депутаттарының және мәдениет саласы мен шығармашылық одақтар басшыларының басын қосып, әдебиет пен өнерге байланысты өзекті мәселелерді талқылап, олардың шешілуіне қозғау салып отырды. 2012 жылы ҚР Парламенті Мәжілісіне Қазақстан театрларының жағдайына қатысты мәжіліс өткізуге ұсыныс жолдады. 2012 жылдың 19 маусымында Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Қазақстандағы театр қызметінің қазіргі жағдайы және оны жетілдірудің перспективалары» атты дөңгелек үстел өткізіліп, С.Балғабаев «Театр репертуарына пьеса қабылдау мен қаламақы төлеудің заңдылық негіздерін жетілдіру туралы» баяндама жасады. Бұдан басқа С.Балғабаев сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты
Н.Оразалинге «Әдебиетімізді дамыту және кітап шығару мен таратуды жетілдіру» туралы ресми тіркетіп, жазбаша ұсыныс берді (17.02.2016). Ұсыныста «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін шығару» бағдарламасын «сатып алу және тарату» мәселелерімен толықтырудың қажеттілігі атап көрсетілді.
Көп ұзамай бұл ұсыныс жүзеге асты. 2017 жылдан бастап «Мәдениет туралы» заңға да, Мәдениет министрлігінің кітап шығару жөніндегі бағдарламасына да әдебиетті сатып алу мен тарату жөнінде толықтырулар енгізілді. Соған орай жазушылар жаңадан жазылып, сатып алу бағдарламасы бойынша жарыққа шыққан кітабының әр баспатабағына 350 мың теңгеге дейін қаламақы алатын болды.
90-жылдардан бастап драматургтердің сахналанған пьесаларына төленетін қаламақыны қитұрқы жолдармен талан-таражға салу кең етек алды. Драматургтер кезінде бұл жөнінде әлденеше рет мәселе көтеріп, Алматыдағы Достық үйінде «Отандық драматургия және театр өнері» атты дөңгелек үстел отырысын өткізіп, Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев және Жазушылар одағы төрағасының сол кездегі бірінші орын­басары Нұржан Қуантайұлы қатысты. Басқосуда драматугтер, театр сыншылары мен режиссерлер театрға қатысты ой-пікрілерін ортаға салды. Жиын нәтижесінде, Дулат Исабеков бастаған драматургтер авторлық қүқықты, яғни зияткерлік меншікті қорғауды жетілдіру жөнінде Президентке өтініш хат жолдады. Хат нақты қолдау тауып, авторлық құқықты қорғауға дұрыс көңіл бөліне бастады. Әділет министрлігі жанынан Авторлық құқықты қорғаумен айналысатын басқарма құрылды. Кейін «Зияткерлік меншік туралы» заң да дүниеге келді.
Аға драматург С.Балғабаевтың бүгінгі таңда жас драматургтердің жағдайын, театрдағы репертуарда заманауи пьеса авторларының аты сирек көрінуіне байланысты ойлантарлық пікіріне құлақ түрсек: «… бұрын драматургтерді режиссерлердің өздері іздейтін. Мысалы, атақты режиссер Райымбек Сейтметов кезінде театрға Төлен Әбдіков, Баққожа Мұқай, Тынымбай Нұрмағамбетов, Әділбек Тауасаров бастаған көптеген жаңа драматургті әкелді. Шерхан Мұртазаның алғашқы жазған «Сталинге хат» дейтін өте күрделі пьесасын бірден сахнаға шығарды. Мен де Райымбек Ноғайбайұлының қолдауымен драматург болдым. Жалпы, ол кезде аты аңызға айналған режиссерлеріміз Әзірбайжан Мәмбетов бастаған Ерсайын Тәпенов, Бәйтен Омаров, Есмұқан Обаев, Жақып Омаров, Хұсейін Әмір-Темір, Нұрқанат Жақыпбаев сияқты бүкіл режиссеріміз драматургтердің көркемдік сапасы жоғары шығармаларын үнемі іздеп жүретін. Ал қазір мүлде басқаша. Көрермен көңілінен шығатын көркем туындыларды ешкім аса керек етпейтін сыңайлы» деген қауіп айтады.
Театр мен авторының арасында кезінде болған шығармашылық байланыстың суып кетуі бұл саланың табиғи дамуына кедергі келтіреді, дәстүр жалғастығын үзеді. Сондықтан театр мен драматургия төңірегінде болып жатқан кез келген мәселеге Сұлтекең барынша қызу араласатын, реті келсе оң шешіп тастауға күш салатын, жан-тәнімен шынайы жаны ашитын тұлға. Мұндай жандардың жанымызда жүріп, мәселеге бей-жай қарамауы осы саладағы оң өзгерістерге бастайтын негізгі қозғаушы күш екені анық.
С.Балғабаевтың театр және драматургия туралы мақалалары өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап республикалық БАҚ бетінде үздіксіз жарияланып келеді. Жарияланған мақалаларда көтерілген мәселер өзектілігі отандық театр саласынын барлық бағыттарын қамтиды. Ылғи да өзінің ісі мен халықтың руханиятына тиісті өзекті тақырыпқа сергек қарап, кем-кетіктеріне мазасыздық танытатын беймаза жанның арқасында еліміздің театр өнері, драматургия, репертуарлық саясатындағы талай-талай түйткілді мәселелер ҚР Президенті, Үкіметі мен министрлігі, Парламент депутаттары мен әкімдердің назарын аударып оң шешімін тапты.
Өмірдің қай саласында қызмет атқарып жүрсе де С.Балғабаевтың шығармашылық болмысын айқындайтын маңызды қыры – оның көсемсөз жанрындағы өнімді еңбегі. Қаламгердің республикалық баспасөз беттерінде тұрақты жарияланып тұрған мақалалары сан-саладағы қоғамдық-әлеуметтік өмірдің өзекті мәселелерін терең талдаумен ерекшеленеді. Мәселені өткір қоя біледі  және оның шешу жолдарын көрсететін нақтылы ұсыныстар жасайды. Әр жылдары жазылған оның таңдаулы публицистикалық мақалаларының «Қазақтың қызыл кітабы» жинағына енуі автор еңбегінің еліміздің демократиялық, унитарлы, зайырлы мемлекет құру жолындағы қоғамдық сананы оятуға, халқымыздың ұлттық ұстанымдарына керекті айқын бағдар екенін аңғартады. Бұл кітапта қазақ қоғамының кеңестік жүйенің күйреуі мен тәуелсіздікке бет алған өтпелі кездегі талай толғақты мәселелері қамтылған. Бұл – қазақ тілі, руханият, көші-қон, ауыл мен қала өмірі секілді т.б. өзекті мәселелер. «Қазақтың қара ғасыры, «Қазақша білмейтін қазақ қай ұлтқа жатады немесе ассимиляция апаты», «Ілгері баспаған интеллигенция», «Алматы қай халықтын астанасы?», «Рушылдык жыры», «Әулие қарттар қайдасың?!», «Қазақ әйелі қазақ болғысы келе ме?», «Барлық қазақ қазақша оқысын!», «Тіл мәселесімен кім айналысады?», «Жазушы болған обалың өзіңе!», Қазақ театры кімге керек?!, «Тамақ керек пе, арақ керек не?!», «Қазақтар Алматыдан кетіп жатыр» деген тақырыптарының өзі айтып тұрғандай бұл мақалалар аумалы-төкпелі жаһандану заманында жас мемлекетіміздің тәуелсіздігі, ұлттың бірегейлігі, рухани құндылықтарымыз бен қоғамдағы өзекті мәселелерді көтереді. Жазушы-драматург публицистикасында артық пафос пен даңғазалыққа жол берілмейді. Автор қоғамдағы мәселелерді үстірт баяндап қана қоймай, олардың түпкі себептерін саралап, нақты көзқарас білдіру арқылы мәселені шешудің жолдарын ұсынады. Әсіресе ана тілінің қоғамдық қолданыс аясының тарылуы, ұлттық құндылықтардың әлсіреуі, білім мен ғылым саласының замана талабына толық жауап бере алмауы секілді күрделі тақырыптар қаламгер назарынан тыс қалмаған.
С.Балғабаев мақалаларының ерекшелігі – көтерілген мәселелердің өмірлік тәжірибемен және автордың қоғамдық қызметімен тікелей байланыстылығында. Қаламгер белгілі бір тақырыпты сырттай бақылаушы ретінде емес, сол саланың ішкі жағдайын жетік меңгерген жанашыр азамат ретінде сөз етеді. Қаламгердің «Әуелі адамдардан бастайық», «Қазыналы көштің қадірін білейік», «Ағайынның ақысын жемейік!» секілді т.б. көптеген проблемалық мақалалары шетелдегі қазақ диаспорасы мен тарихи отанына оралған қандастар мәселесіне қатысты. Оның біраз жылдар бойы «Дүниежүзі қазақтарының Қауымдастығында» төрағаның орынбасары қызметінде болып төрт құбыламызға тарыдай шашыраған қандастарды жинақтау, туған топыраққа қайтып оралуы, азаматтық алуына байланысты, т.б. еңбегі мен қоғамдық қызметі ерекше назар аудартады. Ол Қауымдастық жұмысы аясындағы маңызды мемлекеттік жұмыстарға белсене араласып, көші-қон, ұлттық бірлік және мәдени байланыстар мәселелерін заңдастыруға, шешуге елеулі үлес қосты.
Қаламгердің ұйымдастырушылық қабілеті, мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселелерді көтерудегі бастамашылдығы оның қайраткерлік тұлғасын айқындай түседі. Жазушы ұсынған көптеген идеялар мен бастамалардың іс жүзінде жүзеге асуы оның публицистикалық мұрасының практикалық мәнін көрсетеді. Демек, Сұлтанәлі Балғабаевтың көсемсөзі қоғамдық сананы қалыптастыруға, ұлттық мүддені қорғауға және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған маңызды рухани құндылықтардың бастау көзінде тұр.

***
Адамның өмір жолы, тағдыры жоғары жақтан жазылып қоятынына бүгінде кәміл сенетін Сұлтекеңнің өмірі мен шығармашылық жолында жақсы жан, қамқор ағалары көп болды. Ол өзі бір арманы немесе мақсаты болсын деп әрекет етпегеннің өзінде сол межеге өздігінен барып, жетіп отыруын осындай бойындағы таланты мен еңбекқорлығы және соны байқаған жанындағы жақсы жандардың желеп-жебеп жүруінен көреді. Алдына салып берген отарын бағып дала мен тау-тасты кезіп қой соңында жүріп ақын боламын деп бұрқыратып өлең жазып, бірақ республикалық фестивальге қатысу, жеңімпаз атану ойында мүлде болмаған, оқу бітіргеннен кейін Алматыда тұрақтап қалу, қиын кезде жанындағы достарының ықпалымен астанада жұмысқа орналасып жазушылыққа бет бұруы, редакторлық, қызу қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүріп өнер академиясында шәкірт тәрбиелеу түсіне де кірмеген кезде ұстаз атануының бәрінде әу бастан адамның өмір жолының сызылып қойылуын және сол жолдың біздің басты қаһарманымыздың мысалынан сәтті жүзеге асуын көреміз. Өзінің ешқайда барып ешкімнен көмек сұрамағанын, тағдырдың жазуындай барлық өмір жолы жазылып қойған сценаридей орындалып отырғанын тәңірдің жазуындай заңдылық көреді.
Сөз соңында жазушы-драматургтің арманы болған:
Бір ауыз өлең жазар жұрттың бәрі,
Санаулы суырылып шыққандары.
Атымды қалдыра алсам, арманым не,
Дейтұғын Балғабаев Сұлтанәлі» –
дегеніндей, бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қызылорда облысындағы Шиелі ауданының Құрметті азаматы т.б. көптеген атақ-марапаттардың иегері болған мерейтой иесі Балғабаев Сұлтанәлі өз есімін бала күнінде айтқандай «ақындықта» емес, қазақ әдебиетінің прозасы мен драматургиясында, сахна өнерінің тарихында тасқа қашағандай жазып қалдыра алды.
Құрметті Сұлтанәлі Базарбайұлы,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясындағы ұстаздық қызметіңіз жемісті болып, талантты шәкірттеріңіз бірінен-бірі озып, өзіңіздің жолыңыздың жалғасы болсын. Жаңа заман әдебиетіндегі жас, жаңа: Айдана Аламан, Ілияс Қыдырбаев, Әлішер Рахат секілді т.б. отандық драматургияда оза шапқан ізбасарларыңыздың жеңістері көңіліңізді марқайтып, еліміздің театрлар жарнамасынан көптеп көріне берсін.

Аманкелді МҰҚАН,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі,өнертану кандидаты,
театртанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір