Перзентханада кітап таратылды
02.06.2026
56
0

23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай Орал қалалық кітапханалар жүйесінің балалар және жасөспірімдер кітапханасы көпбейінді қалалық ауруханасының перзентханасында «Өмір есігін кітаппен аш!» атты тағылымы мол іс-шара өткізді. Осы шара барысында кітапхана қызметкерлері перзентханада жарық дүниеге келген сәбилердің аналарына арнайы дайындалған кітаптарды табыстады. Сыйға берілген кітаптар баланың алғашқы дамуына қажетті ертегілер мен танымдық әдебиеттерден құралған. Сонымен қатар іс-шара аясында жас аналарға бала тәрбиесінде әдеби кітаптың, көркем әдебиеттің мән-маңызы туралы тағылымды әңгіме айтылды. Әсіресе кітаптың бала тілінің дамуына, ой-өрісінің кеңеюіне, таным-түсінігінің артуына тигізер игі әсері жөнінде жан-жақты айтылды.


Жас аналар тарапынан бұл бастамаға ерекше ризашылық білдіріліп, мұндай игі шаралардың қоғам үшін маңыздылығы атап өтілді. Аналар балаларының болашағы үшін кітаптың маңызы зор екенін айтып, кітапханашыларға алғыстарын жеткізді.
«Өмір есігін кітаппен аш!» акциясы – жас отбасылардың кітапқа деген оң көзқарасын қалыптастырып қана қоймай, балалардың ерте жастан көркем әдебиетпен сусындауына жол ашатын маңызды бастама. Осындай рухани құндылықтарды насихаттайтын іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табары анық.

Әсемгүл ТӨЛЕМІСОВА,
Орал қалалық кітапханалар жүйесінің балалар және жасөспірімдер кітапханасының
меңгерушісі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір