«Тілім қазақша шықты»
02.06.2026
58
0

Қай елдің топырағында дүниеге келсең, сол жердің тілі мен мәдениеті жаныңмен біте қайнасып, болмысыңның ажырамас бөлігіне айналады. Бұл – жазылмаған заңдылық. Қазақстандай көпэтносты елде бұл құбылыс тіпті айқын сезіледі. Соның бір жарқын мысалы – Денис Завьялов.

 

– 2004 жылдың 16 қыркүйегінде Орал қаласында жарық дүниеге келіппін. Бірақ менің өскен жерім – Шыңғырлау ауданының Шыңғырлау ауылы. Сол ауылдың ауасымен тыныстап, сол ортаның тәрбиесін көріп өскен соң, қайда жүрсем де өзімді шыңғырлаулықпын деп есептеймін. Аталмыш ауылдағы Лұқпан Қылышев атындағы мектепте білім алдым. Әкем Александр «ҚазақГаз» мекемесінде жерасты слесары болып еңбек етеді.
Ал анам Ольга – Шыңғырлау аудандық кітапханасында бөлім меңгерушісі. Кітапқа деген қызығушылығымның қалыптасуына анамның әсері ерекше болды деп ойлаймын. Сондай-ақ соңымнан ерген Артем деген інім бар. Қазір Қылышев атындағы мектептің 6-сыныбында оқиды, – дейді кейіпкеріміз ақтарыла.
Ұлты орыс болғанымен, ол қазақ тілінде еркін сөйлейді. Балабақшадағы қазақ тобына бару алғашында кездейсоқтық болса, кейін өмірлік артықшылыққа айналды. Қазақи орта оның тілін ғана емес, танымын да өзгертті.
– Ол кезде біздің ауылдағы балабақшада орыс топтары болмаған. Сондықтан ата-анам қазақ тобына апарған. Олардың сол қадамы мен үшін үлкен мүмкіндіктің есігін ашты. Қазақ балаларының ортасында жүріп қазақ тілін еркін меңгеріп шықтым. Анам да: «Сенің тілің алдымен қазақша шықты», – деп еске алады. Балабақшадан бері араласатын достарымның басым бөлігі қазақтар. Қазір де солай. Уақытымның көп бөлігінде, шамамен 80 пайызында қазақша сөйлеймін. Ал орыс тілін кей жағдайларда ғана қолданамын. Шынымды айтсам, қазақ тілін білудің бірде-бір кемшілігін көрген емеспін. Керісінше, бұл – мен үшін артықшылық. Ең бастысы, адамдардың ықыласы. Қазақша еркін сөйлегенімді көргенде, көпшілік ерекше құрметпен қарайды. Сол сәттерде мен тілдің адамдарды жақындастыратын күш екенін анық сезінемін. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе, – дейді ол.
Оның мамандығы да тілдермен байланысты. Алдымен, дәнекерлеуші мамандығын қызыл дипломмен тамамдап, еңбек адамы ретінде қалыптасса, кейін білімін тереңдету үшін университет қабырғасына қайта оралды. Қазір ол – М. Өтемісов атындағы БҚУ-да білім алып жүрген «Халықаралық қатынастар» мамандығының 3-курс студенті. Бір қарағанда, бұл таңдау кездейсоқ көрінуі мүмкін. Бірақ, шын мәнінде, бұл – оның ішкі болмысына дәл келетін бағыт. Себебі тіл білетін, түрлі мәдениетті түсінетін адам халықтар арасындағы көпір бола алады.
– Тіл үйренуге деген қызығушылығым ерекше. Әсіресе аударма саласына бет бұрып, болашақта осы бағытта жұмыс істегім келеді. Қазіргі мамандығым мені сол мақсатыма бір табан жақындататындай. Бұл бағытты таңдауыма ағылшын тілі пәнінің ұстазы үлкен әсер етті. Ол менің тілге деген бейімділігімді байқап: «Бұл сала – сен үшін үлкен мүмкіндік» деп нақты бағдар берді. Бүгінде таңдауыма еш өкінбеймін. Керісінше, осы салада кәсіби маман болу үшін бар күшімді салып келемін. Мен үшін тек теориямен шектелу жеткіліксіз. Сондықтан халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасуға ерекше мән беремін. Мысалы, итальяндық оқытушы Лоренцо жүргізген Еуропа мен Азия тарихы курстарын сәтті аяқтап, арнайы сертификат алдым. Бұл курстар маған әлемге кеңірек қарауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ Литва Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Эгидиюс Навикаспен өткен ресми кездесуге қатысу мен үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Осындай кездесулер болашақ дипломат ретінде ой-өрісімді кеңейтіп, жауапкершілікті тереңірек сезінуге ықпал етеді, – дейді Денис.
Оның қоғамдық белсенділігі – бөлек әңгіме. Волонтeрлік қозғалыстың бел ортасында жүрген жас қайырымдылық акцияларынан бастап, табиғатты қорғау, әлеуметтік қолдау, мәдени іс-шараларға дейін белсенді қатысады. Су тасқыны кезінде елмен бірге еңсесін тіктеп, қолынан келген көмегін аямағаны – құр сөз емес, нақты іс. Осындай сәттерде адамның адамдығы сыналады.
Жастар арасында ұйымдастырылған түрлі жобалардың ұйытқысы болып, көшбасшылық қабілетін де дәлелдеп келеді. «Үздік волонтер», «Үздік студент» сияқты марапаттар – оның еңбегінің сыртқы көрінісі ғана. Күні кеше өткен референдумда бақылаушы болғаны – оның ел тағдырына бейжай қарамайтынының айқын дәлелі.
Кейіпкерімізден «Өзге ұлттың, соның ішінде қазақ ұлтының бойжеткенімен отау құруға қалай қарайсың?» деп сұрап қалдық.
– Әрине, халқымызда «жүрекке әмір жүрмейді» деген ғажап тәмсіл бар. Шынайы сезімнің ұлтқа да, тілге де, шекараға да бағынбайтынын жақсы түсінемін. Сол себепті жақсы жар болар қыз кездессе, ұлтына қарамаймын. Мен үшін отбасын құру тек екі адамның бір-бірін жақсы көруімен шектелмейді. Менің түсінігімде, отбасы – бұл екі әулеттің, екі түрлі тәрбие мен ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлердің тоғысуы. Сондықтан бұл қадамға жеңіл қарауға болмайды деп ойлаймын. Мен қазақ тілді ортада өстім. Сол себепті екі халықтың да салт-дәстүрін, өмірлік ұстанымдарын, тұрмыс-тіршілігін жақсы түсінемін. Әр ұлттың өзіне ғана тән, сырт көзге байқала бермейтін нәзік дүниелері болады. Кейде дәл сол айырмашылықтар кейін тұрмыста түрлі түсінбеушілікке себеп болуы мүмкін. Сондықтан мен болашақта шаңырақ көтергенде, екі жақтың арасында артық қайшылықтар туындамағанын қалаймын. Отбасының іргесі берік, түсіністікке құрылғаны дұрыс деп есептеймін,– деп нық жауап берді.
Бұл – жастыққа тән жеңіл көзқарас емес, ойланып айтылған азаматтық позиция деп ойлаймыз.
Денис кітап оқудан да кенде емес. Қазақ тілінде сөздік қорын молайту үшін түрлі бағыттағы кітаптарды оқитынын жасырмайды.
– Кітап – менің ең жақын досым. Анам кітапхана саласында жұмыс істегендіктен шығар, мен бала кезден-ақ кітаптың ортасында өстім. Қазақ тілінде оқыған алғашқы үлкен шығармаларымның бірі – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы». Кейін Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи трилогиясы мен Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі де менің дүниетанымымды кеңейткен туындылардың қатарында. Қазіргі таңда университеттегі оқу, қоғамдық жұмыстар мен волонтерлік жобалар уақытымның едәуір бөлігін алады. Сондықтан бұрынғыдай кітапқа ұзақ уақыт бөлу мүмкіндігі аздау. Дегенмен қолым қалт еткен сәтте міндетті түрде кітапқа оралуға тырысамын. Себебі мен үшін кітап – демалыс қана емес, ойды реттейтін, жанды тыныштандыратын әлем. Әр оқылған шығарма адамға әр кезеңде әртүрлі әсер береді. Бір кітап ойды кеңейтсе, енді бірі мінезді қалыптастырады, ал келесісі өмірге деген көзқарасты өзгертеді, – дейді ол.
Алдағы уақытта өз мамандығы бойынша қызмет ету – Денистің басты мақсаты. Бұл бағытты ол ел мен елдің арасын жалғайтын, мемлекет мерейін өсіретін жауапты миссия ретінде қабылдайды.
– Университетті тамамдаған соң, алған білімім мен жинаған тәжірибемді ел игілігіне жұмсағым келеді. Бірақ болашағымды бір саламен шектеу ойымда жоқ. Волонтерлік менің күнделікті тіршілігімнің бір бөлігіне айналған. Сол себепті қай жерде жұмыс істесем де, қоғамдық белсенділіктен қол үзбеймін. Әсіресе жастар саясаты, қайырымдылық бастамалар мен әлеуметтік жобалар – маған жақын бағыттар. Сонымен қатар өзімді үнемі дамытуға тырысамын. Шет тілдерін терең меңгеру – мен үшін маңызды мақсаттардың бірі. Болашақта жинаған тәжірибемді жастармен бөлісіп, оларға бағыт-бағдар беретін коучинг немесе менторлық бағытта да өзімді сынап көргім келеді, – дейді кейіпкеріміз.
Болашағын біліммен, қоғаммен байланыстырған белсенді жасқа біз де ақ жол тілейміз. Мақсатыңа жете бер, Денис!

Жанерке МЕРЕКЕ,
Орал қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір