Төре РАХМАН. СЫЗДАМАҒАН КІМДІ ОЙЛАП, ҚАЙРАН ЖҮРЕК?!

1968-сөзбиі
Мамыр асып
ай болды* жеміріңіз!
Қамыры ашып қатын тұр, көнігіңіз!
Мәні – ғашық,
сәйгелді өміріңіз:
Жамырасып,
жай болды көңіліңіз!
Көңіліңіз
жай болды, жамырасып:
Өміріңіз сәйгелді, мәні – ғашық!
Көнігіңіз,
қатын тұр қамыры ашып!
Жеміріңіз
ай болды мамыр асып!
_____________________
*мамыр асып ай болды – шалқыған дәулетке, байлыққа кенелді
1969-сөзбиі
Өзің – бер жақ,
сөзіңнің түбі – ар жақта:
Бұра тартып барасың түгел жатқа!
Сезім – жарғақ
керілген сыңаржаққа,
Көзің – қалжақ*:
қойкөз бе, зүбәржат па?!
Зүбәржат па,
қойкөз бе: көзің – қалжақ,
Сыңаржаққа керілген сезім – жарғақ?!
Түгел жатқа
барасың бұра тартып:
Түбі – ар жақта
сөзіңнің, өзің – бер жақ!
__________________
*қалжақ – қылжақ, тәлкек; қушыкеш
1970-сөзбиі
Қош бол енді
қараша – қауыс* айым,
Төзімімді дедің бе тауысайын?!
Ескі өлеңді
жеді** тұр азынатып,
Өшкен – өлді:
тірімен қауышайын!
Қауышайын
тірімен: өшкен – өлді,
Азынатып жеді тұр ескі өлеңді!
Тауысайын
дедің бе төзімімді,
Қауыс айым –
қараша қош бол енді!
___________________
*қауыс – қараша айының арабша атауы
**жеді – желтоқсан айы (Батыстағы атауының бірі)
1971-сөзбиі
Жыршы жүрек,
уайымсыз жас, не білдің:
Жалықтың ба буынан мас көңілдің?
Ұршығы боп
әжемнің семірмедің,
Қырсығы көп,
қиюы қашты өмірдің!
Қашты өмірдің
қиюы, қырсығы көп,
Семірмедің әжемнің ұршығы боп!
Мас көңілдің
буынан жалықтың ба:
Жас, не білдің,
уайымсыз, жыршы жүрек?
1972-сөзбиі
Елес-күнге
ергеннің бірі – мына
Мөңіреген сиырдай тұлыбына!
Мен ешкімге
қиянат жасамадым,
Кеңестің де
түскем жоқ құрығына!
Құрығына
түскем жоқ кеңестің де,
Жасамадым қиянат мен ешкімге!
Тұлыбына
сиырдай мөңіреген
Бірі – мына
ергеннің елес-күнге!
1973-сөзбиі
Ызғын дуын
даланың қала көрген:
Ескі жұртта біз едік қала берген!
Біздің буын
маңдайға не жазса да
Түздің қуын
қалаға ала келген!
Ала келген
қалаға түздің қуын
Не жазса да маңдайға біздің буын!
Қала берген
біз едік ескі жұртта:
Қала көрген
даланың ызғын дуын!
1974-сөзбиі
Атағыңа,
арыңа қарамастан,
Ажал болса, әне тұр аран ашқан!
Шатағыңа
жүрегім шыжғырулы,
Жатағына
жетімдер ала қашқан!
Ала қашқан
жетімдер жатағына,
Шыжғырулы жүрегім шатағыңа!
Аран ашқан
әне тұр, ажал болса,
Қарамастан
арыңа, атағыңа!
1975-сөзбиі
Ұтылмасам,
несіне абайлайын,
Жалғыз қалған қолдағы жабайдайын*?!
Жұтылмасам
болғаны жұмырыққа,
Құтылмасам,
қайтпасты тағы ойлайын!
Тағы ойлайын
қайтпасты, құтылмасам,
Жұмырыққа болғаны жұтылмасам!
Жабайдайын
қолдағы жалғыз қалған,
Абайлайын
несіне, ұтылмасам?!
_______________
*жабай – қорғасын құйылмаған салмақты асық; кеней
1976-сөзбиі
Талшыбығың
қалайша шығар естен:
Қалемшелі шыбықтан шынар өскен?!
Жан-шыбының
кеудеңнен «Қош!» деп ұшып,
Қамшы-ғұмыр
қала ма мына көштен!?
Мына көштен
қала ма қамшы-ғұмыр,
«Қош!» деп ұшып кеудеңнен жан-шыбының?!
Шынар өскен
шыбықтан қалемшелі:
Шығар естен
қалайша талшыбығың!?
1977-сөзбиі
Аларыңнан
не пайда қосарыңнан:
Ой тиянақ таптырмас ошарылған?!
Табаныңнан
тозардай не көрінді,
Шабаныңнан
озардай жоса қылған?!
Жоса қылған
озардай шабаныңнан,
Не көрінді тозардай табаныңнан!?
Ошарылған
таптырмас ой тиянақ:
Қосарыңнан
не пайда аларыңнан!?
1978-сөзбиі
Кілең кедей
деймісің құлдай шыдар,
Ортасынан суырылып бір бай шығар?!
Кіреңкелей*
бергенің көрінбейді,
Тілеңкедей**
заманың сұмдай сынар!
Сұмдай сынар
заманың тілеңкедей,
Көрінбейді бергенің кіреңкелей!
Бір бай шығар
суырылып ортасынан,
Құлдай шыдар
деймісің кілең кедей!?
_______________________
*кіреңке – шайға сүт қату үшін жасалған, жіңішке мойын, сопақша ыдыс; қыш құмыра
**тілеңке – тіленшек, сұраншақ, қайыршы
1979-сөзбиі
(жұмбақ)
…….. …….. ,
білмеймін, тұспалдамақ,
Иттен де қап …….. …….. …….. …….. ?!
Жөн біледі
…….. бәрі де оңғақ:
Көндігеді,
…….. дұшпан қабақ!
…….. ……..
танытсаң, көндігеді:
Бәрі де оңғақ дегеннің …….. …….. !
Құстан да қап
…….. …….. …….. …….. ,
Тұспалдамақ,
білмеймін, енді нені!?
1980-сөзбиі
Қайран жүрек,
кімді ойлап сыздамаған,
Күйеу мұңлық демесең, қыз қараған?!
Сайранды кеп
салсаң да, құмар қанбас,
Тойдан жүдеп,
үмітін үзген адам!
Үзген адам
үмітін, тойдан жүдеп,
Құмар қанбас, салсаң да сайранды кеп!
Қыз қараған,
демесең күйеу мұңлық,
Сыздамаған
кімді ойлап, қайран жүрек!?
1981-сөзбиі
Күлтөбенің
басында күнде кеңес:
Ойнап-күле Күлмесхан білген емес!
Үркек елін
күн сайын үркіндірген,
Бүркеменің
астында жүрген елес!
Жүрген елес
астында бүркеменің,
Үркіндірген күн сайын үркек елін!
Білген емес
Күлмесхан ойнап-күле:
Күнде кеңес
басында күлтөбенің!
1982-сөзбиі
Ерке бала,
жолыңды жөндем еттің:
Бір кісідей жөн білер еңбек еттің!
Ерқараға
бір қара ел қатарлы
Жер қарада
жетіліп, сен де кеттің!
Сен де кеттің,
жетіліп жер қарада
Ел қатарлы бір қара ерқараға!
Еңбек еттің
жөн білер бір кісідей:
Жөндем еттің
жолыңды, ерке бала!
1983-сөзбиі
Барлығы да
«Адамның арымын!» дер,
Қызыл гүлдер, ақ гүлдер, сары гүлдер!
Жарлығына
пысқырмай Құдайдың да,
Жарлыны да,
байды да «Жарығым!» дер!
«Жарығым!» дер
байды да, жарлыны да,
Құдайдың да пысқырмай жарлығына!
Сары гүлдер,
ақ гүлдер, қызыл гүлдер,
«Арымын, дер,
адамның!» барлығы да!
1984-сөзбиі
Тіршілігі
тартылып бұлағынан,
Қалды біреу көз жазып мұрадынан!
Құр шыбыны
қалғандай қу жанының,
Қырсық үні
кетпейді құлағынан!
Құлағынан
кетпейді қырсық үні,
Қу жанының қалғандай құр шыбыны!
Мұрадынан
көз жазып қалды біреу,
Бұлағынан
тартылып тіршілігі!
1985-сөзбиі
Жамандықпен
жұртыңды әйгілерсің:
Мысық көмбе қылығың* қайбір оңсын?!
Заман біткен
запы ғып тұра бермес,
«Амандықпен
көрісу – қайғы!» дерсің!