Рахман АЛШАНҰЛЫ. Патша скифтері, Парадата әулеті, Парфян империясы
04.08.2026
28
0

Кезінде белгілі тарихшы Жанұзақ Қасымбаев соңғы жылдары отандық тарихқа қызығушылықтың күрт артқанын айтқан еді. Соның ішінде түрлі себептермен назардан тыс қалған, әлі толық зерттелмеген, ашылмаған беттер де аз емес. Бүгінде тек тарихшылар ғана емес, көптеген зерттеушілер және жалпы бүкіл халық та ел аузында аңызға айналған, ескерусіз қалған деректерді жинақтап, шетелдерде сақталған жәдігерлерді елге таныстыруға атсалысып келеді.

Жалпы, отандық тарихқа қатысты жан-жақтан жиналған мәліметтердің көп болғаны артықтық етпейді. Кәсіби тарихшылар солардың ішінен қажетті дүниені саралап, оны ғылыми айналымға енгізуі қажет. Тарих институтының директоры, профессор Зиябек Кабулдиновтың айтуынша, қазақ тарихының ғылым болып қалыптасуына зор үлес қосқан Санжар Асфендияров, Мұхамеджан Тынышпаев, Міржақып Дулатов сынды тұлғалар кәсіби тарихшылар болмаған. Бірақ олар қазақ халқының тарихын зерттеп, қол жеткізген мәліметтерді жүйеге келтіріп, халыққа жеткізу жолында қыруар еңбек атқарғанын мойындауымыз керек.
Жақында Алтын Орда тарихына арналған көптеген конференциялар мен түрлі ғылыми жиындар өтті. Онда әртүрлі көзқарастар айтылғанымен, бұл мемлекеттің біздің жерімізде төрт ғасырға жуық уақыт өмір сүргені дау тудырмайды. Шыңғыс ханның қол астында және оның әскери құрамында кейін қазақ халқының құрамына толық енген керей, уақ, найман, жалайыр секілді тайпалар болды. Жошы ханның анасы Бөрте де осы тайпалармен тығыз байланысты ортадан шыққан. Ол кезеңде бүгінгідей «моңғол» және «қазақ» деген этностық жіктеу болмағаны белгілі. Сондықтан бұл мемлекеттің тарихын жан-жақты зерттеу аса маңызды. Оның бізге тікелей қатысты тұстары өте көп.
Тарихта ізін қалдырған тұлғаларды бір ғана бояумен сипаттау мүмкін емес. Аттила, Шыңғыс хан, Әмір Темір, Бабыр, Напо­леон, І Петр секілді тарихи қайраткерлердің қызметінде де қайшылықтар аз болмаған, бәрінің қылыштарынан қан тамып тұр. Тіпті кешегі Сталиннің кезінде де талай қазақ атылып, ашаршылықтан қырылды. Соған қарамастан, бүгінгі күні де Сталинді, ол кезеңді ақтаушылар азайған жоқ.
Осы тұрғыдан алғанда, еліміздің тарихындағы әлі де толық ашылмаған беттерді тереңірек зерттеп, кеңінен зерделейтін уақыт келген сияқты.

* * *
Кезінде атақты Геродот, Цицерон оны тарихшылардың атасы ретінде аталып, өз еңбектерінде бірқатар маңызды жайттарды жазып қалдырған екен. Геродот көне грек саяхатшыларының мәліметтеріне сүйеніп, Қара және Каспий теңіздерінің солтүстігіндегі ұлан-ғайыр даланы жайлаған скиф тайпаларының ішінде бақуатты әрі мықты – «патша тайпалары» болғанын жазады. Оның мәліметтері бойынша, Тарғытайдан тараған ұлдары Іліппеқсай, Арпақсай, Қолақсай әулеттерінен бірнеше тайпалар қалыптасқан. Геродоттың дерегінде, үлкен ұлынан «аухатты», ортаншы ұлынан «қатияр мен траспии», кенже ұлынан «парадата» тайпалары тарағаны айтылады. Геродоттың еңбектеріне қанша сын айтылғанымен, оның жинаған мәліметтерінің басым бөлігі тарихта расталып шықты. Бұл жағдай Геродоттың естіген деректерді жазып алғанда өте зор жауапкершілік танытқанын аңғартады. Өзінің «Тарих» атты еңбегіне ол тексеруден өтпеген немесе сенім сынына жатпайтын мәліметтерді енгізбеуге тырысқан. Бұны айтып отырған себебіміз – соңғы жылдары Геродотқа қатысты сыншылардың көбеюі. Олардың басым бөлігі географиялық атауларға байланысты. Алайда мұнда бір жайтты ескерген жөн, Геродот өзіне жеткен хабарды, мәліметті сол қалпында жеткізуге тырысты.
Геродоттың айтуынша, әр тайпаның басшыларын «патша» деп атаған. Бұл сол кездегі қалыптасқан дәстүр болған сияқты. Тайпалардың көлемі мен санына қарамастан, олардың басшыларына «патша» атағы берілген. Ал бірнеше тайпа біріккен кезде, ортақ басшыға «патшалардың патшасы» деген атау беріп отырған. Бірлестік ыдыраған кезде әр тайпа өз патшасының билігінде қала берген.
Геродоттың мәліметі бойынша, Қолақсай «паралат» тайпасының патшасы болып, басшылықты өз қолына алған. Ал бұл деректер көне грек авторларының деректерінде жалғасын таппайды. Бірақ Геродот Тарғытайға байланысты бір маңызды мәлімет қалдырған. Геродоттың айтуынша, оның өмір сүрген кезеңі I Дарийдің Тарғытай жеріне жасаған жорығына дейін Тарғытай заманынан бері тура 1000 жыл уақыт өткен. Ал, Ахеменид патшасының осы скиф жеріне бұл сәтсіз әскери жорығы тарихта біздің заманымызға дейінгі (б.з.б.) 513 жылы болғаны белгілі. Геродоттың өзі б.з.б. 484–425 жылдар аралығында өмір сүрген. Сонда Тарғытай патшалығы 513+1000+484 (425)+2026=4023 (3964) жылдары Еділдің сол жағалауында болғаны ғой.
Содан кейін көне грек жазбаларында «паралаттар» туралы еш мәліметтер болмады. Алайда бірнеше ғасыр өткеннен кейін парфян тарихи аңыздарында «парадата» патшалар әулеті жөнінде мәліметтер шықты. Парфяндардың «Құдай-нама» шежіресінде 29 парадата патшаларының тарихы баяндалады. Бұл жерде маңызды назар аударатын жайт – «құдай» сөзінің тікелей патшаларға қатысты қолданылуы. Бұл ұғым қазіргі қазақ тілінің түсіндірме сөздігіндегі «құдай – басшы, билеуші, әмірші, ие» деген көне мағыналық сипатымен толық үндесіп тұр.
Кезінде парсы шахтары Әбілқасым Фирдоусиге өз тарихын жүйелеп жазуға тапсырыс бергенде, оның қолына парфян дәуірінен сақталып жеткен 60 патшаның тарихы баяндалатын «Құдай-нама» шежіресінің нұсқасын ұсынады. Сонымен қатар бұл ауқымды іске осы тақырыпты жырлауды бастап кеткен дарынды ақын Дакикидің де қолжазбалары қоса беріледі. Алайда кейін Фирдоуси осы еңбектерді пайдаланып, кейбір жерлерін өзгертіп, жаңа жұмысты «Шахнама» атауымен жарыққа шығарып, шахтардың қолына тапсырады. Сондықтан «Шахнама» бір жағынан, тарихқа жақын «Құдай-намаға» сүйенген еңбек, екінші жағынан, бұл ақынның қиялы мен авторлық пайымдауы кеңінен көрініс тапқан көркем шығарма ретінде қарастыру ғалымдар арасында қалыптасқан үрдіс. Шығыстанушы сарапшылардың пікірінше, парфян (пехлеви) сөздерін парсыша жазған кезде біраз өзгерістер пайда болған. Парфян тілі сол кездегі алтай, кейінірек оғыз тілдік тобымен байланысты болған деген болжамды алға тартады. Оған Санкт-Петербургтегі Ресей Ғылым академиясы «Шығыстану» бөлімінің бас қызметкері, профессор А.Амбарцумянның парфян тілінен аударған еңбектері, соның ішінде «Йошта туралы аңыздары» дәлел бола алады. Бастысы – «йошта» деген сөздің аудармасы. Профессор ол сөзді «ең жас», «15 жасар бала» деп аударған. Көне парфян тіліндегі «йошта» сөзінің түбірі алтай тілдік қауымдастығынан бастау алып, қазіргі оғыз және басқа да түркі тілдерінде (түрікмен, өзбек, татар, әзербайжан, түрік, ұйғыр), тіпті Америка құрлығындағы үндіс тайпаларының тілдерінде бүгінгі күнге дейін сақталған «жаш/жас/иош» (жастық шақ, жас) сөзімен ортақ екенін көрсетеді.
Помпей Трог (б.з.д. 1 ғ., 2-жартысы – б.з. д. 1 ғ. басы) өзінің қырық бірінші кітабында: «Парфтар .. скифтердің босқындары болды… Олардың тілі – скифтер мен мидиялықтардың арасындағы қосынды, ортасында аралас тіл болды», – деп жазған.
Осы тұста назар аударатын маңызды мәселе – соңғы уақытта «Авеста» жәдігерінің қазақ тіліне парсы тілінен бірнеше рет аударылуы. Кезінде бұл еңбек парфян тілінен парсы тіліне аударылып, сасанидтерге қажетті өзгеріспен жазылды ғой. Нәтижесінде, «Апастақ» деген парфян аты өзгертіліп парсыша «Авеста» болып қалыптасып қалды. Бұл жерде мәселе атау­дың жай ғана өзгеруінде емес, сол өзгеру салдарынан еңбектің байырғы мазмұндық мәні көмескіленіп қалуында болып отыр. «Апастақ» деген атында еңбектің ішіндегі ішкі мән-мағынасы көрініс тапқан. «Апас» деген сөздің астарында «апат» деген мағына жатқан жоқ па деген заңды сұрақ туындайды. Шынымен де осы еңбектің ішінде сол кезде болған апаттың тарихы жатыр. Тиштрия (Тиштір, Тыштыр, Сириус В, Сүмбіле) жұлдызындағы жарылыстың салдарынан жерге түскен апат, жойқын соққы «Апастақта» кең орын алған, сонымен қатар басқа да күрделі соққылар туралы кәдімгідей айтылған. Осыған байланысты «Авестаны» парсы тілінен қазақшаға тікелей аудармай, оны парфяндық нұсқасына келтіруге тырысуымыз керек. Қайта калпына келтіру (реконструкция) тәсілін пайдаланып, отандық лингвистер парсы тіліне аударғанда не өзгерді, қай жері бұрмаланды деген күрделі зерттеу жұмысымен айналасуы қажет.
Скиф тайпаларының атаулары көне грек тілінде осы уақытқа жеткенімен, олардың байырғы түпнұсқалық мағынасы әлі де толық ашылмай келеді. Солардың бірі – Тарғытайдың ұлдары басқарған тайпалардың атаулары. Іліппексайдың қол астындағы тайпалар «авхатты» деп аталған. Бұл атаудың мағынасын қазақ тіліндегі «ауқатты» ұғымымен байланыстыруға әбден негіз бар. Бұл тайпалар тамақтары мол, тұрмыс жағдайы сол кездегі көзқарастарға сай, бұлар ауқатты деп аталған болуы әбден ықтимал. Екінші ұлы Қолақсайдың қол астындағы тайпалар «катияр мен траспии» деп аталған. «Катияр» деген атау «қатырма» деген ұғымға жақын. Қатырма нан әзірлеу мәдениеті – Әзербайжанда, Иранда, Қазақстанда, Қырғызстанда және Түркияда кең таралған салт-дәстүр. Осы елдерде көне заманнан бері нанды дөңгелетіп, өте жұқа етіп жайып, қазанды баппен қыздырып, жайған нанды салып, одан соң екінші бетін аударып, пісірген. Бұл тайпаларда көбінесе, осындай нан пісіру, шелпек дайындау дәстүрі кең таралғандықтан, олардың атаулары «қатырмашы, қатырияшылар, қатиярлар» деп аталуы әбден мүмкін, ал көне гректер «катияр» деп атап кеткен сияқты.
«Траспии» деген атау екі түсінікке жақын. Біріншісі – «тіресу», екіншісі – «тері асу, тері пісіру». Екінші атау көшпенділердің көне дәстүрімен байланысты. Ата-бабамыз малдың терісін илеп, жұмсақ әрі қолданысқа жарамды ету (пісіру) үшін ежелден келе жатқан дәстүрді «малмаға салу» (ашыту) тәсілін қолданды. Пісірілген терінің қалыңдығы мен беріктігін ұлғайту үшін ыстық суға (80 градус) малып өңдеу тәсілдері пайдаланылған. Бұл әдіс мал терісін шірітпей, иленуге дайын күйге келтіреді. Қазақтар теріден ат әбзелдерін, аяқ киім, бас киім, кісе мен қалта, сыртқы киім, сым (шалбар), аяққап пен кесеқап, торсық, оқ қорамсақ пен садаққап, ұзын жүзді қару мен пышақ қындарын және тағы да басқа көптеген бұйым жасаған (уикипедия).
Осындай тәсілді молынан пайдаланатын, бәлкім, «тері асу, тері пісірумен» айналасатындарды көне гректер «траспии» деп атап кетулері әбден мүмкін.
Үшінші ұлы Қолақсайдың қол астындағы тайпалар Геродоттың деректерінде «паралата» деп аталған. Айта кететін жайт, сол кездегі тайпалардың түрлі сатыға бөлінуі олардың атауларынан да көрініс табуы мүмкін. Бір бөлігі ауқатты адамдардан, яғни байлардан тұрса, калғандары кәсіптеріне карай ерекшеленуі мүмкін. Мәселен, тамақ дайындаумен айналысқан топтарды «қатырмашылар», тері өңдеумен шұғылданған қауымдарды «тері өңдеушілер» деп атаса, ал «паралаттар» атауын паралап кесетіндер, балта, айбалтамен паралайтындар, жауға қарсы тұрған әскери адамдар, ел қорғаушылары болуы ықтимал. Алғашқыда тайпаның ішінде қажетті кәсіпке бөлінсе, кейінірек бөлек ауыл болып, Тарғытайдың ұлдары өзінше, кәсіптеріне сай, ерекше тайпа болып шығып кетуі мүмкін.
Зерттеушілер паралата мен парадатаның жақындығы туралы біраз дәлел келтіруге тырысады. Біріншіден, екі сөздің ұқсастығы, екіншіден, тарихи байланысы, паралаттар «патша скиф» болып аталса, парадата патшалар әулеті, үшіншісі, қоныстанған жері – Каспийдің солтүстігінде орналасқаны. Осыған байланысты, паралат пен парадат бір ұғымды түсіндіреді, оларды бөлмеу керек деген пікір айтуда.
«Парадат» деген сөздің мағынасы өзгеше. «Парадата» деген ұғымды алдында тұрған, бірінші деген мағынаға келтірсе, «паралат» дегенді кейбір зерттеушілер (Заур Гасанов) «паралау – бөлу, ажырату» дегенге келтіреді. Кейінгі аңыздарда «паралат» деген атау кездеспейді. Бұл мәселені әрі қарай талдайтын болсақ, онда тайпалардың басында тұрған адамдар ерекше қасиеттерімен, қабілеттерімен көзге түсуі керек еді. Қолынан іс келетін, тайпаны алға апаратын беделді басшы болуы тиіс қой. Ондай адамдарды халықтың арасында «парасатты» адам демейді ме? Қалыптасқан ұғым бойынша «парасатты адамға істейтін ісін, сөйлейтін сөзін, қабылдайтын шешімін, алдымен, ақыл таразысынан өткізіп алу, әдеп-инабат, адамгершілік жағынан кінәратсыздық, салиқалылық пен мейірімділік, ізгілік пен кең мінезділік тән. Парасат ұғымы жеке адамның толысқан кемелдігінің белгісі ретінде үлкен сана мен келісті әдет инабат­тылығының, кең, бай мінезінің жарасты тұтастығын білдіреді» (Уикипедия).

* * *
Содан кейін араға 424 жыл салып (3964-3540=424 жыл), Еділ мен Жайық­тың арасында парадат әулетінің билігі басталғаны жөнінде парфян аңыздарында айтылады. Ал Мысырдағы ерте патшалар әулетінің (фараондар) (I-II әулет) 3120-2778 б.з.д. жылдары қалыптасқанын ескерсек, олар парадата әулетінен төрт ғасырдан ке­йін құрылған болып шығады. «Патша скифтерінің» шығысқа қарай қоныс аударуының себебі, малдың қөбеюіне байланысты, өрісті де кеңейту қажеттілігінен туындаған болуы ықтимал.
Ғасырлар бойы Еділ өзенінен өту үшін тайпалар көптеген өткелдерді пайдаланған. Солардың ішінде «Қойлы», «Бұзаулы» деген өткелдер болған, кезінде бұл өткелдермен мал отарларын өткізіп, оларды сатуға немесе айырбастауға жеткізіп отырған. Екі арада қатынау үшін еш кедергі болмағандықтан, «патша скифтерінің» осы бағыттармен емін-еркін қоныс аударып тұруы әбден мүмкін.
Паралаттар төрт ғасыр ішінде күшейіп, беделі артып, өз алдына дербес билік жүргізетін әулет деңгейіне көтерілген сияқты. Паралаттар тек қорғаныс қызметімен ғана шектелмей, жауынгерлікпен қатар басқару ісін де меңгеруге мәжбүр болды. Бәлкім, осыған байланысты «паралат» атауы кейін «парадата» болып өзгерген болар. Сондай-ақ жаңадан қалыптасқан әулетті кейінгі ұрпақтардың басқа атаумен атап кеткен болуы да мүмкін.
Осындай талаптардың тайпа басшыларына қойылғаны парадата әулетінің тарихынан да байқалады. Аңыздық деректерге сүйенсек, бұл дәстүр екі мың жылға жуық уақыт бойы сақталған. Әулет­тен шыққан 29 патшаның әрқайсысына ру басшылары сын көзбен қарап, олардың қызметін бағалап отырған. Сонымен қатар жамағаттың да пікірі ескерілген. Егер билеуші өзіне артылған сенімді ақтай алмаса, онда басшылыққа парадата әулетінің өкілін емес, басқа тайпадан шыққан тұлғаны сайлауға мәжбүр болған. Аңыз бойынша, алғашқы «патшалардың патшасы» Хушанг (Қошан) парадаталарды шамамен қырық жыл басқарған. Оның жары өз қарындасы (кейбір нұсқаларда әпкесі) Ғұзақ болған делінеді. Одан кейін билік төрт ұлдың ішінен немересі Тақмұраға өтіп, ол отыз жылдай ел басқарған.
Осы кезеңде екі маңызды жаңалық енгізілгені айтылады. Біріншісі – билеуші халық сенімін ақтаған жағдайда, келесі патшаны қайта сайламай, билікті оның лайықты ұлына немесе немересіне беру дәстүрінің қалыптасуы. Мұндай сенімнің белгісі ретінде арнайы шоқпар тапсырылған.
Екінші жаңалық таққа байланысты дәстүрдің пайда болуымен байланысты­ры­лады. Аңыз бойынша, осы кезеңде арнайы тақ жасалып, билеушіні таққа отырғызу рәсімі енгізілген. Сондай-ақ тақтың келесі мұрагерге берілуі билік сабақтастығының белгісі ретінде қарастырылған. Кейбір жорамалдарда Тақмұра есімі де «тақ мұрасы» ұғымымен байланыстырылып түсіндіріледі.
Осы көзқарасты қолдаушылар массагеттердің билеушісі қайтыс болғаннан кейін оның орнына ел басқарған әйел тұлғаның есімін «Тахма Райыс» деп түсіндіріп, кейін бұл атау көне грек деректерінде «Томирис» түрінде берілген деген пікір айтады. Көне грек авторлары өз еңбектерінде сол дәуірдегі атауларды өз тілдерінің ерекшеліктеріне бейімдеп жазғаны белгілі.
Аңыз бойынша, Тақмұра Алборз (Эльбурс) тауларында сапарда жүрген кезінде басы айналып, аттан құлап қайтыс болған.
Үшінші ұйымдасқан тайпалардың патшасы Йима (Жийм, Жем, Жәміш, Джемшид) болған. Оның билеген заманы «алтын ғасыр» деп аталды. Малдың саны өсіп, өрісті бірнеше (үш) рет ұлғайтқан. Еділ мен Жайықтың арасында кең жазықты «Арья жайы» деп сол кезде аталған болуы керек. Аяғында өзін құдаймен теңестіріп, айланпас ауруы пайда болып, басы айналып, өз әйелін Йимак (Жиимак) диюға беріп, өзі диюға үйленіп, солай билігінен айырылған екен.
Аңыздарда диюлардың бір кезде адамдармен қатар өмір сүргені айтылады. Кейін екі топтың арасында жанжал туындап, соның салдарынан диюлар қоғамнан шеттетілген немесе жойылған деген әңгімелер кездеседі. Кейбір зерттеушілер аңыздардағы «дию» бейнесін қазіргі ғылымдағы неандертальдықтар туралы түсініктермен байланыстыруға тырысады. Уақыт өте келе бұл бейнелер халық жадында өзгеріп, «албасты», «жынды», «сорлы» секілді жағымсыз ұғымдармен астасып кеткен болуы мүмкін.

* * *
Ғарыштан келген жойқын соққы жердегі тіршілікті ойрандап, үлкен апатқа ұшыратқан. Кесапат 154 жылға созылып, осы уақыт ішінде парадата әулетінің жеті ұрпағы ауысқан. Әр ұрпақтың орташа ұзақтығы 22 жыл деп есептелсе, 7 × 22 = 154 жыл болады. Болжам бойынша, бұл апат Тиштрия (Сириус В, Сүмбіле) жұлдызымен байланысты ғарыштық жарылыстың салдары болуы мүмкін.
Бұл апат әлі күнге дейін толық зерттелген жоқ. Оған деректердің жеткіліксіздігі себеп пе, әлде мәселенің маңыздылығына лайықты деңгейде көңіл бөлінбей келе ме, оны нақты айту қиын. Дегенмен, осындай ауқымды әрі күрделі оқиға өз зерттеу­шілерін күтіп жатқан тарихи құбылыстардың бірі болып қала береді. Дәл осындай апаттар Жерде бірнеше рет болғаны белгілі. 3654 жыл бұрын Жерге метеориттердің ірі тасқындауы байқалды, 3700 жыл бұрын Крит апаты болды, 3700 жыл бұрын Үндістандағы Мохенджо-Даро қаласы отқа оранып, жоқ болды, 3900 жыл бұрын Иерихон қаласы апатқа ұшырап, күл-талқан болды, Содома мен Гоморра қалалары ғарыштың отымен жойылды. Осы оқиғалар ғарыштан келген жойқын соққының салдарынан болған еді. Осындай жағдай Парадата әулетінің үшінші патшалығы кезеңінде де қайталанып, жайбарақат дамып келе жатқан патшалықтың қалыпты өмір ырғағын бұзды.
Бұл апат Манушчихрдан 16 ұрпақ бұрын болған делінеді, ал Манушчихр Зердештің (Заратуштраның) он бесінші атасы болып саналады. Сонда Зердеш апаттан кейін 15 + 16 = 31 ұрпақ өткен соң өмір сүрген болып шықпайды ма? Ал деректер бойынша, Зердеш Александр Македонский (Қос мүйізді Зұлқарнайын) парсы империясын б.з.д. 331 жылы талқандаған кезден 258 жыл бұрын өмір сүрген дейді. Бұл мәліметке атақты Бируни сенуге болады деп айтқаны бар. Сонда 331+258= 589 жылдары Зердештің өмір сүрген кезеңі болса, онда ол мерзім 589+2026=2615 жыл бұрын деген әңгіме ғой. Келесі есебіміз 682+589+2026 =3297 жыл бұрын апаттың болған жылы шығып тұр ғой. Зердеш 77 жыл өмір сүргені белгілі. 331+258=589 жылдары өмір сүрген болса, бұл оның өмірінің соңғы жылдары деп алатын болсақ, онда туған жылы 589-77=512 б.з.д. жылға келетін сияқты.
Апатқа дейін Парадата әулетінің үш патшасы ауысқан. Олар – Қошан, Тақмұра және Йима (Жем). Біріншісі 40 жыл, екіншісі 30 жыл билік жүргізген. Үшіншісінің билік ету мерзімі аңыздарда әсіреленіп, 600 жыл деп көрсетілген. Орта есеппен 35 жыл деп алсақ, Парадата әулетінің алғашқы үш патшасы жалпы 105 жыл билік құрған болып шығады. Сонда 3297 + 105 = 3402 жылдан бастап Парадата әулетінің патшалығы басталды деуге болады.
Егер Тарғытайдың билігі 3964 жылдан басталды деп алып, оның басқару мерзімін 30 жыл деп есептесек, одан кейін ұлы Қолақсай тағы 30 жыл билік жүргізген жағдайда, жалпы 60 жыл шығады. Сонда 3964 – 60 = 3904 жыл болады. Ал 3904 жылдан 3402 жылға дейінгі аралық 502 жылды құрайды. Бұл – паралаттар мен парадаталар арасындағы өткен мерзім.
Аңыздарда Хаошянг (Хошан, Қошан) Сиямақтың немересі, Машийдің шөбересі ретінде көрсетіледі. Демек, Қошанның патшалыққа келуіне дейін кем дегенде 80–90 жыл өткен болуы мүмкін. Онда 3904 – 90 = 3814 немесе 3904 – 80 = 3824 жыл шығады. Осыдан 3814–3402 = 412 жыл немесе 3824–3402 = 422 жыл өткенін көреміз, яғни паралаттардың өз алдына дамып, кейін олардың орнын парадата әулеті басқанға дейін шамамен 412–422 жыл уақыт өткен болуы мүмкін. Ал, парадата әулетінің билігі үзілмей жалғасып отырды деп айтуға болмайды. Парадата әулетінде алтыншы патша болған, ал ол Терітонның он екінші ұрпағы, оның Гузак атты шөбересінен туған. Апаттан қашып, тауда он ұрпақ өмір сүрген. Сол Мануш таудың ішінде Манушчихр (Ману шақір, қойды шақыр) өмірге келген.
Наотар – соңғы парадаталардың патшасы. Жеті жыл елді мардымсыз басқарып, парақорлыққа бой алдырған, алтын жинаумен айналысып, парадаталықтар мен арьялықтардың наразылығын туғызған. Кейін ол тұтқынға түсіп, тұрандық Афрасияб оның өмірін қияды.
Енді оның ұлдарына келсек, арьялықтар оларды да жақтырмайды. Егер қолынан басқару ісі келмесе, ондай адам сайлан­бауы тиіс деген шешімді жамағат белсенді парадатаның игі жақсылары қабылдайды.
Осы кезде олар басқа тайпаның өкілдеріне ұсыныспен шығады. Көрші, аралас, жақын сақтардың ішіндегі басшыларын билікке шақырады. Сақтардың басшысы Самға «жүрегің таза, осы қиын-қыстау заманда басқару тізгінін өз қолыңа алсаң, өміріміз көгеріп кетер еді» дейді. Бірақ сақтардың патшасы Сам мұндай ұсыныстан бірден бас тартып, «Мен сендердің бос тұрған тақтарыңды ұрлағандай болғым келмейді», – деп жауап береді. Керісінше, өзі басқа ұсыныс жасайды. Осы арада Сам қайтыс болғаннан кейін, Наотар (Новзер, Наурыз) Афрасиябтың қолынан қаза тапканнан кейін Самның ұлы Заль (Зал, Зәл) уақытша арьяларды басқарып, жамағат құрылтайында сексен бірге толған Завты (Узан) сайлайды. Ол 5 жыл басқарып, кайтыс болады. Одан кейін билікке тағы сақтардың өкілі, Самның тұқымы Керісаспа парадаталардың билігін қолға алады. Бірақ ол көп ұзамай, тұрандық Нихараның жебе оғынан жарақат алып, қайтыс болып кетеді. Содан кейн Заль Самның шоқпарын басқарудың белгісі деп Ростем батырға тапсырады. Сөйтіп, сақтар бірнеше рет парадаталар тайпаларын тағына отырмай-ақ басқарады. Осы кезеңді көрші парстар, кейінгі ахеменидтер «сақ-парадарийя», «сақ- парадата» деп атап кетуі мүмкін.

* * *
Осы кезде парадата тайпаларын уақытша басқарып отырған сақ басшысы Заль тағы да парадаталардың алдына шығып: «Осындай қиын-қыстау заманында тағы да айтарым жөн, қолынан әскерді басқару келетін адам сайламасқа болмайды. Оңтүстікте тұратын, басқару тәжірибесі мол кавиді (кай, каянидтер) шақырайық», – деген екен. Келісімге келгеннен кейін Алборз тауы жағында тұратын кавилерге немересі жас Ростем батырды жібереді. Осыған байланысты оларды көндіріп, кавилердің өкілін Кей Кубад (Кави Кавата) екі елдің басын қосып басқаруға шақырады. «Құба» сөзі ақ шашты, сарылау келген адамды білдіреді (Қазақша-орысша сөздік). Батыс Қазақстанда кездесетін ер кісілердің есімдерінің арасында Каби Оқаев (белгілі экономист, ғалым) және Жеңіс Кабиев (заңгер) сияқты мысалдарды келтіруге болады.
Кавилер сол уақыттан бастап парадаталардың тағына шақырылып, билікке келіп отырған. Осылайша, Парадата мен Кави әулеттері бірігіп, біріккен мемлекетті басқарған жаңа қос әулет қалыптасқан. Кави Кавата (Кей Кавад, Кей Кубад) осы біріккен патшалықты шамамен 15 жыл басқарған деп айтылады. Кави Каватаның ұлы Кави Апивоха (Кей Апивох, Әпи бақ) болғаны жөнінде де деректер кездеседі. Кави Апивоханың төрт ұлы болды: Кави Аршан (Кей Арш), Кави Бияршан (Кей Биярш), Кави Пишина (Кей Пишин, Пішін) мен Кави Усан (Кей Ус, Кей Кавус).
Кави – Апивоханың анасы Фарханг, Ноктаргтың (Ноктар) қызы, ал ол өзі Манушчихр патшаның ұлы. Ноктарг пен үш ағасы Ворукаш (Арал теңіз) жағасында туып-өскен.
Аңыздарда айтылғандай, Ноктарг Парадата патшалығының тағын ұлдарының біріне, тікелей ұрпағына қайтару үшін әрекет жасаған. Алайда оның бұл қадамы нәтижесіз аяқталған. Кавилермен құда-жекжат болғанына қарамастан, парадатаның ұрпақтары тақты қайтару ниетінен бас тартпай, бұл бағытта түрлі әрекеттерге барған. Фарханг өз нағашыларын қолдап, әкесінің ісін қолдамағаны айтылады. Сондай-ақ бір кезеңде құдайға жалбарынып, апат кезінде Ворукаш теңізінің түбіне кеткен тағдыр мен құт-берекенің қайтып келуін сұраған. Осы деректерді ескерсек, Парадата әулетінің ұрпақтары тақты қайтару ниетін ешқашан ұмытпай, бұл мақсатта түрлі әрекеттер жасағаны байқалады.

Арьялар мен кавилердің хиониттермен (тұрандықтар) үздіксіз соғыстары

Хиониттерді кейін «тұрандықтар» деп атаған. Бұл тайпалар – Чин жерінен мал бағатын жер іздеп, батысқа қарай бет алған, қоныс аударған тайпалар. Белгілі хионит­тер деп аталған тайпаны Пешене патшасы басқарған. Оның ұлдары Афрасияб (Франграсиян, Алып Ер Тұңға), Қарсыбас, ал қызының аты Қаз болған. Махмуд Қашқари жазбаларында және аңыздарда Ференгиз (Ферен қыз, Қаз) есімі де кездеседі. Византиялық (рум) деректер бойынша пешенеліктер Сырдария өзені бойын мекендеген үлкен тайпа болған, олардың үштен бірі қаңғар (қаңлы) тайпаларынан тұрғаны айтылады.
Сол кездері арьялар мен тұрандықтар (хиониттер) бітпейтін шайқастарда болды. Негізгісі – жайылым шеңбері. Халық санының өсуіне байланысты мал басы көбейген сайын тұрмыс пен жайылымға, мал бағатын жерге деген қажеттілік те артты. Осындай жағдайда ел басшыларының алдында жаңа қоныс пен жайылым жерін іздеу талабы тұрды. Алайда бос жатқан, шаруашылыққа қолайлы жерлердің басым бөлігі көрші халықтардың иелігінде болған. Арьялар мен парадата патшалары өз жерлерін бірнеше рет кеңейтіп, бос жатқан аумақтардың шегіне де жеткен. Сол кезеңде шығыстан, Сырдария бойымен көшіп келген хиониттер арьялардың жайылым жерлеріне жақындаған. Осылайша, екі жақтың арасындағы шекараны анықтау мәселесі ұзақ уақыт бойы шешілмей, үлкен қиындықтарға себеп болған. Бір деректерде Мұғажар тауының сайында Манушчахир мен Афрасияб кездесіп, шекараны анықтауға талпынғаны айтылады. Кезінде Ерекше садақшыға жебе атқызып, оқ түскен жерді шекара ретінде белгілеу әдісі қолданылған. Басқа жағдайда салмақты бұқаны Тұра бос жіберіп, оның ізімен шекараны анықтауға тырысқан. Сондай-ақ кейде өзен жағалауы немесе тастар белгі ретінде пайдаланылған.
Осындай алғашқы арпалыстың кезінде Афрасияб парадата тағын басып алып, он екі жыл бойы арьяларды билеген.
Көп соғыстың ішінде Кай Виштаспа (Ұштаспа) мен хионит (тұрандық) Арджаспа (Ер жусіп) мен Марының маңайындағы, Кумиш таудың сайындағы шайқастар ерекше аталады. Арпалысқа дайындық ретінде Ұштаспыптың бұйрығы көңіл аударады, «Эран – шахр (барлығы), бақсылардан басқасынан, осы жарлық жеткізілсін, бірде-бір ер адам 10 жастан 80 жасқа дейін үйлерінде қалмасын, көнбегендер дарға асылсын».
Келесі Балх (Бахди) қаласының шабуылында Кохрем, Пешені патшаның шөбересі Виштаспаның ұлының Исфендиярдың әскерін талқандады. Бұл кави мен парадата одағының соңғы жылдары болды. Осыдан кейін кавилер мен парадата құрамындағы арьялар бөлініп жан-жаққа тарқады. Осы шабуылда Зердеш (Заратуштра) тұрандық бақсы Реш Тұрдың қолынан 77 жасында қаза тапты.
Осылайша Кавилер мен Парадата әулет­терінің қос патшалығы шамамен 335 жылға, б.з.д. 893 жылдан б.з.д. 558 жылға дейін созылып, аяқталған. Жалпы есеп бойынша, Парадата мен Кавилердің біріккен билігі 2415 жылды құрады деп айтуға болады.
Ал таза Парадата әулетінің билігі шамамен 2080 жылға созылған. Осы деректерге сүйене отырып, оларды Батыс Қазақстан аумағында қалыптасқан алғашқы әулеттердің бірі деп қарастыруға негіз бар.
Бізге жеткен мәліметтерге сүйенсек, «кейбір парадатың құрамындағы рулар оңтүстік батысқа қарай көше бастап, Мидия патшалығының негізін қалаушылары болды» дейді зерттеушілер (И.Дьяконов). Бұл патшалық шамамен 120 жыл өмір сүрген, б.з.д. 670–550 жылдар аралығында болған. Одан кейін келген Ахемен әулеті алғашында өздерін мидиялықтар деп атаған.
Ахеменид патшалығында парфяндар, ария­лар, хорезм мен согдиана бәрі 16 сатрапияға жатқызылып, бірге 300 талант күміс салық төлеген (бір вавилондық талант 33,655 кг күміске теңестірілген). Ахеменидтер әр тұрғыннан 5 грамм күмістен салық алуға талап қойса, онда барлығынан 300х33,655=10095 т. күміс жиналса, оны 10095 х1000:5=2019000 адам төрт тайпаға бөлгенде әрқайсысының орташа 500 мыңдай халқы болған.
Б.з.д. 329 жылы Александр Македонскийдің әскері Ахеменид мемлекетін талқандады. Одан кейін Селевкидтер әулеті б.з.д. 312 жылдан б.з.д. 64 жылға дейін бұл аумақты басқарды.

Парфян империясы

Осы арада Мидия мемлекеті, одан ахеменидтер империясы, Александр Македонский (қосмүйізді Зұлқарнайын) соңынан келген Селевиктер әлсіреген кезде Парфян империясының тарихы басталады. Каспий теңізінің оңтүстік жағалауында орналасқан, қазіргі Маңғыстау аймағының оңтүстігін мекендеген даха тайпаларының одағынан, грекше аталған апарн (парн), ксантиилер (ақ шаштылар) мен писсури (қара шаштылар, сия бастылар), ішінен апарн тайпасы бөлініп шыққан. Олар өзі Кави Аршанның тұқымдары болып саналған, белгісі ретінде апарн басшысы I Арсак (Аршак) деген атымен билікке отырған. Жанында, көрші мекендеген Апартік (Парфия) тайпалары өздерін «арьялар тұқымы» деп есептеген, ал өз атауларын «пахлаван» деп атаған. Кезінде Кави мен Парадата әулеттері Пешене патшасының Кохрем немересінен, Виштаспа ұлы Исфендиярдан жеңіліп, осыдан кейін қос әулеттің билігі аяқталғаны айтылады.
Сондағы екі әулеттің бөлігі Кави тайпалары бөлек, Парадата (әрілер) бөлек, екі жаққа кеткендей болып, өздері жеке патшалық құрған сияқты. Арья тайпаларының бір бөлігі (Арьян-шехр) Арейя болып кетті, екінші бөлігі (пахлаван) Апартік (грекше Парфиена) сатрапиясы болған. Страбон айтпақшы, «Ария мен Маргиана – Азияның осы жағында ең мықты ел, Ария Бактриямен шекаралас…. Арияның ұзындығы 2000 стадияға жуық (360 шақырым), ені 300 (54 км). Арияның қалалары – Артакена, Александрия, Ахея.
I Арсак апартиктерді өз құрамына қосып алып, кейін Арейяны, Сакастанды да бағындырды. Осылайша, ол жаңа мемлекетті құру ісін бастады. Алғашқыда грек билік жүйесіне ұқсатып, мемлекеттік істерді грекше жүргізді, ал соғылған ақшаны драхмаға ұқсас етіп шығарды. Мемлекеттің атауын да гректерге жақындатып, парсылардан алшақтау мақсатында оны «Парфия» деп атаған.
Парфия мемлекетінде шамамен 50-ге жуық патша билік еткен, ол ерте замандағы ең қуатты империялардың бірі саналған. Бұл билік кезеңі б.з.д. 247 жылдан б.з. 224 жылға дейін созылып, жалпы шамамен 471 жылды құраған деп көрсетіледі.
Ежелгі Рим тарихшысы II-III ғасырларда өмір сүрген Марк Юниан Юстиннің айтуынша, Парфия патшалығын скиф тайпалары құрған. Ф. Р. Грэм өзінің 1860 жылы жарық көрген скиф империяларына арналған зерт­теуінде былай деп жазады: «Скиф тайпалары Парфия патшалығын Христос туғанға дейін шамамен 250 жыл бұрын құрған, ол бес ғасырдай аса қуатты мемлекет ретінде өмір сүрген».
Карры (Харран) қаласының маңында б.з.д. 53 жылы Рим әскері парфяндармен шайқаста тарихта бұрын-соңды болмаған ауыр жеңіліске ұшырады, ал Рим қолбасшысы Красс сол шайқаста қаза тапты. Бұл соғыста қолданылған атақты «парфян оғы» (жебе тактикасы) – әскери айла-тәсілдердің бірі болып саналады, оның түп-тамыры ерте сақтардың Ахеменид патшасы І Дарийге қарсы қолданған ұрыс әдістерімен байланыстырылады.
Кейін мұндай тәсіл Сұлтан Бейбарыс пен моңғол қолбасшысы Кетбұға арасындағы шайқаста да қолданылғаны айтылады. Сондай-ақ 1941 жылы Мәскеу түбіндегі шайқастарда Бауыржан Момышұлы басқарған бөлімдер неміс әскеріне қарсы осындай ұрыс тәсілдерін пайдаланған деген деректер бар.
Парадата, Кавилер және кейінгі Парфия империясының тарихы әлі де өзіне лайықты әділ бағасын күтуде. Ғасырлар бойы көптеген мәліметтер жойылып, кейбірі әдейі бұрмаланғанымен, біздің міндетіміз – шынайы деректерді іздеп, халыққа жеткізу. Сонда олардың рухы да тыныш табар еді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір