Абайдың «Кісілік кодексі»
02.06.2026
46
0

Абайдың «Кісілік кодексі» ел игілігіне айналуда. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтында ғылыми жоба нәтижесінде дайындалған Абайдың «Кісілік кодексі» – заманауи тұрғыдан алғанда маңызды да өзекті зияткерлік өнім.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай – рухани реформатор» деп хакім сөздері замандармен бірге жасай беретінін алға тартқан болатын. Шындығында да, Абай ғақлиялары қазіргі Жаңа Қазақстан жағдайында да құнды болып тұрғаны даусыз. Әділетті Қазақстанның адал азаматын қалыптастырып, тәрбиелеу үшін Абайдың «Кісілік кодексінің» мәні зор. Абайдың «Кісілік кодексін» түсініп, өмірде қолдану Қазақстанның зияткерлік әлеуетінің артуына тікелей ықпал етеді. Көркем үлгіде айтқанда, Абайдың «Кісілік кодексі» – заманымыздың кісілік кодексі.
Осы орайда жыл басында Қазақ ұлттық университетінің кеңейтілген Ғылыми кеңесінде Абайдың туғанына 180 жыл толуына орай орындалған көпсалалы іс-шаралардың қорытындысы және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 5 қарашадағы Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» аясындағы міндеттерді іс жүзіне асыру мақсатынан туындайтын мәселелер талқыланды. Ғылыми кеңес қаулысы негізінде Абайдың «Кісілік кодексін» бүкіл Республика көлемінде цифрлық форматта көрнекі үлгіде білім, ғылым, мәдениет, әкімдік мекемелерінің алаңдарында, қалалық, қалааралық даңғыл жолдардың бойында орналастыру және көпшіліктің игілігіне айналдыру туралы ұсыныс жасалған еді.
Ұлттық университеттің осы ұсынысын Астана қаласы Полиция департаменті бірден қолдап, Республикадағы мемлекеттік мекемелер арасында алғашқылардың бірі болып ұлт кемеңгерінің «Кісілік кодексін» өз мекемесінің маңдайшасына орналастырды. Осылайша, Департамент бастығы Марат Сағынтайұлы бастаған құқық саласы қызметкерлері заманымыздың басты қағидаттарын Қазақстан Республикасында насихаттау, тарату бағытындағы игі іске атсалысуда.
Жақында Абай ғылыми-зерттеу институтына Астана қаласы Полиция департаментінен мынадай мазмұндағы хат келді: «Хакім Абайдың асыл сөздерінен, тағылымы мол өлең жолдарынан таңдап алынған, ізгілікке, парасаттылыққа жетудің, әдептен озбаудың нақты жолдарын нұсқайтын «Кісілік кодекс» оқыған адамның санасын тербейді, қайталап оқыған сайын ойландырады, өрге бастайтын жол сілтейді.
Абай мұрасын насихаттау ісіне барын салып, Абайдың «Кісілік кодексін» құрастырып, көпшілікке ұсынып отырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының ұжымына, институт директоры, ф.ғ.д., профессор Жанғара Дәдебайұлына және барлық ғалымдары мен ғылыми қызметкерлеріне Астана қаласы Полиция департаментінің басшылығы және жеке құрамы атынан шексіз алғысымызды білдіреміз. Ел игілігі үшін жасап жатқан еңбектеріңіз жемісті болсын!
Ізгі тілекпен, Астана қаласы Полиция департаментінің Жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасы».
Абай ғылыми-зерттеу институты «Кісілік кодексін» арнайы стенд түрінде дайындау, орнату жұмыстарын ұйым­дастырып, жүзеге асырған Астана қаласы Полиция департаменті Жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы Анна Жауғашеваға, басқарма бастығының орынбасары Бекжан Мүслімұлына және басқа да ұжым мүшелеріне алғыс айта отырып, «Кісілік кодексті» әрбір құқық қорғау­шы қызметкер оқып, біліп, мәнін түсінетініне, өмірлік ұстанымына айналдыратынына сенім білдіреді.

Ләйла МҰСАЛЫ,
Абай ҒЗИ-дың қауымдастырылған профессоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір