«АҚ ЖАЙЫҚТЫҢ КӨЗ ЖАСЫ»
19.05.2026
72
0

 

Биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылған, 37 шетелдік, 43 отандық баспаның басын қосқан, Орталық Азиядағы ең ауқымды мәдени-ағартушылық шаралардың біріне айналған «Astana Eurasian Book Fair – 2026» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде оқырман үшін жаңалық көп болды.

Соның бірі – жерлесіміз Нұрсұлтан Мықтыбайдың «Ақ Жайықтың көз жасы» атты кітабының таныстырылымына зиялы қауым көп жиналды. Өйткені бұл кітап Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың және «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері Ақұштап Бақтыгереева публицистикасына арналған тұңғыш әрі жан-жақты зерттеу еңбегі болып отыр. Кештің тізгінін танымал жазушы Жадыра Шамұратова ұстады.
«Фолиант» баспасынан әдемі дизайн­мен жарық көрген аталған кітаптың өзіндік үш ерекшелігі бар: біріншіден, қалың оқырманы сонау алпысыншы жылдардан бері қазақ әйелінің бейнесін асқақтатқан поэзиясы ерекше сыршылдықпен, сезімталдықпен өрілген ақын деп таныған адамның публицистикалық қыры көрінген еңбек. Екіншіден, атауы ерекше: әдетте біз көз жасы дегенде қуаныштың көз жасы деген тіркес еске түседі. Бұл жерде Ақ Жайық жағрапиялық атау ғана емес, ол – ел, халық, оның арғы жағында сол елдің мұңы мен мұраты, шері мен шамырқанысы жатқаны анық. Сонымен бірге кітаптың екі авторы бар деуге болады. Біріншісі – ұлт тағдыры туралы қалам тербеген ақынның өзі болса, екіншісі – қаламгердің әр жылдары түрлі басылымдарда жарық көрген мақалаларын негізге ала отырып, ақынның өткір пікірлері мен пайымдауларын сараптаған Нұрсұлтан Мықтыбай.
Руханият пен әлеуметтік мәселелер жайын тоғыстырған әдемі әдеби жиында алғаш болып сөз алған қоғам қайраткері Ақұштап Бақтыгереева айрықша тебіреністе отырғанын жеткізді:
– «Ақ Жайықтың көз жасы» деген менің мақалам еді. «Неге олай деп жаздыңыз?» деп сұрап жатыр жаңа жастар жағы. Ақ Жайық­тың қарапайым түсінікте көзі жоқ өзен екені рас. Бірақ Ақ Жайық және қазақтың басқа да жерлері жылайтыны рас. Оны неге жасырамыз? Қалай жыламайды Ақ Жайық? Ол жерде 40 жыл бойы полигон жасады, 40 жыл бойы ядролық жарылыстар болды. Жәңгір хан отырғызған сыңсыған орман бір күнде жоқ болды. Қырық жыл бойы баққан малы арам өлді, баласы ауру туды. Шын мәнінде, Ақ Жайықтың жыламаған кезі жоқ. Әлі де буырқанып, ішінен тынып, ебіл-себіл болып жатыр. Менің бір таңғалғаным, студент кезінен жанымда жүрген, әдебиетке құмар, сонау Сырдың бойында қазақтың аталы сөзіне сусындап өскен Нұрсұлтан балам менің барлық жазғандарымды, тіпті, өзімде жоқ мақалаларымды жинап, оны зерттеп, зерделеп, әбден саралапты. Аға ұрпақ туралы кейінгі буынның қалам тербеуі, жастардың көңіл бөлуі – мен үшін қуаныш. Әсіресе Нұрсұлтанның осындай үлкен еңбек жасағанына ана ретінде алғысым шексіз, – деді «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған ақын ағынан жарылып.
Автор Н.Мықтыбай бұл кітапты жазуды қолға алуына не түрткі болғанын ерекше естеліктермен жеткізді.
– Шынымды айтсам, бұл кітап осыдан 5-6 жыл бұрын жарық көруі тиіс болатын. 2017 жылы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Ақұштап Бақтыгереева публицистикасындағы ұлттық таным мәселелері» атты дипломдық жұмыс қорғадым. Ол ақын публицистикасының бір бөлігі ғана болатын. Содан бастап апамның көсемсөздеріне деген қызығушылығым басталды. Сонда балалығым ба, әлде Алла ауызыма сөз салды ма, апама көптің көзінше: «Сіздің публицистикаңызды тереңінен, мүлдем басқа арнада зерттеп кітап етіп шығарамын» деп уәде берген едім. Сол уәдемді 9 жылдан кейін енді орындап тұрмын. Осы тұста кітапты шығарып, көпшілікке ұсынған «Фолиант» баспасына зор ризашылығымды білдіремін, – деді ол.
Осыдан соң кеш қонағы Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, белгілі жазушы, кинодраматург, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы, «Айбоз» ұлттық сыйлығының лауреаты Айгүл Кемелбаева кітаптың тұсауын кесіп, ақ жол тіледі.
Жалпы, бұл тұсаукесерге Алматы, Орал қалаларынан арнайы келіп қатысқан жандардың қарасы қалың болды. Әнші, композитор Сәуле Жанпейісова А.Бақтыгерееваның сөзіне жазылған «Кіммін мен?»,
Н.Мықтыбайдың сөзіне жазылған «Ақұштап – ақ шағала» атты өзінің авторлық әндерін орындап, кештің ажарын аша түсті.

Ақнұр САҒЫНТАЙ,
Астана

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір