Жайықтың оғланы
Асау толқынды Ақ Жайықтың жағасында, Атырау деп аталатын қасиетті топырақта дүние есігін ашқан Зинол-Ғабден Бисенғалиев туралы не жазсам екен деп қолыма қалам алғанда, ұлан-байтақ елімнің мемлекеттер мен мемлекеттерді жалғап жатқан ұлы өзендері ойыма оралды…

Терең иірімді, тұнып ағатын адуынды Ертіс, тарихтың мыңдаған ғасырларының, жүздеген әйгілі қалаларының құпиясын ішіне бүккен киелі Сырдария, Еуропа-Азияны қақ жарып кәрі Каспийге дейін жетіп тоқтайтын әйгілі Жайық – барлығы да туған еліміздің қасиет дарыған ғажайыптары.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары дені осынау ғажайып, құдіретті өзендердің бойында туып-өскен жас өрендер арман қуып сол кездегі астанамыз Алматыға ағылатын. Байтақ еліміздің төрт бұрышынан келген, жүрегінде оты бар, ұлтыма қызмет етемін дейтін талапкерлердің шоғыры сол тұста мол болатын. Солардың бірі – Зинолды шілденің шіліңгірінде Жайықтан 1967 жылы Атырау – Алматы бағытындағы осы елдің өмір бойы асыға күтетін, көзге ыстық көрінетін пойызына мейірбан әкесі шығарып салып тұрып: «Алматыда жолың болып, бағың жансын, қазақтың үлкен ғалымы бол, құлыным!» – деп ақ батасын беріп, қолына бір жапырақ қағаз ұстатыпты. Армандаған Алматысына жетіп, қолындағы қағазды ашып қараса: «Жазушылар одағы, сол жерден жерлес ағаң, жазушы Зейнолла Қабдоловты іздеп табарсың, жолығарсың деген» жазу бар екен. Тағдырдың ғажабы, арман қуып, білім іздеп келген жас жігіттің алдынан анау-мынау емес, қырық бес жасты енді ғана алқымдаған, бірақ есімі күллі елге мәшһүр, әрі ғұлама ғалым, әрі әйгілі жазушы Зейнолла ағаның өзі жолығады…
Қандай сәттілік!
Жас баланың бағына Зейнолла Қабдолов жолығады. Жолын ашады… Зинол-Ғабденнің ең сәулелі, бақытты күндері, осылайша, ұстазы Зейнолла ағаның жанында өтеді. Кеше ғана ғазиз ұстазымыз Зейнолла Қабдолов дүниеден өткенге шейін шәкірт Зинол үміт артқан ағаның сенімін молынан ақтады. Жақсы ғалым, ұлағатты ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор атанып, ағаның жанындай жақсы көретін туған баласындай болды.
Зекең риза болғанда, көңілденгенде Зинол-Ғабденді жанына отырғызып, мейірлене қарап, арқасынан қағып: «Өзімді қайталамасаң да, өзіме ұқсадың, жарайсың!» – дейтін.
Алғыр, талантты жас жігіттің әу дегеннен аяқ алысын байқаған сұңғыла ұстаз Зинол-Ғабденді бірден әдебиеттану ғылымының ең бір құнарлы, ең бір құнды, өнімді саласына салды да жіберді. Ол 1970 жылдары әлі беймәлімдеу, зерттеудің терең арналары әлі бара қоймаған, өте күрделі де қиын тақырып жиырмасыншы ғасырдың бас кезіндегі қазақ романдары мен қазақ прозасы болатын.
«Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, Зинол-Ғабден де осынау тың жатқан тақырыпқа кілтін тауып, сәтті кірісіп кетті де, өндіріп жұмыс жасады. Себебі академик Қабдолов қазақ әдебиетінің қоржынының қай жерінде көмір, қай жерінде темір және қай жерінде алтын, күміс жатқанын алыстан болжайтын сұңғыла зерттеуші еді.
Осынау тақырып жас жігіттің бағын ашты. Бағытын анықтады. Қырық жыл бойында ғалым-зерттеуші осынау тақырыпқа адал болып, тыңғылықты жұмыс істеді, өз шәкірттерін тәрбиелеп, осынау бағытта ғылыми мектебін қалыптастырды. Осы тақырыптың, оқу курстарының оқу бағдарламаларын жасақтап, қорытындысында студенттерге арнап қаншама оқу құралдарын, оқулықтар жазды.
Көреген Зекең өз шәкіртін осынау ақтаңдақ тақырыпқа салып қана қоймай, ғылыми жетекші ретінде қазақ әдебиеттану ғылымының корифейі, қазақ әдебиетінің тарихын он сегіз ғасырға тереңдеткен, зерттелуіне жол ашқан әйгілі профессор Бейсенбай Кенжебаевты бекіттіріп берді. Бейсекеңнің екінші буын шәкірттері: Арап Еспенбетов, Уәлихан Қалижанов, Зинол-Ғабдендер болды. Бірінші буыны Мырзатай Жолдасбеков, Немат Келімбетов, Мұхтар Мағауин, Алма Қыраубаевалар еді. Ол тұста Зекең қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болатын. Бейсекеңнің ақыл-кеңесіне сүйене отырып, жаңа кафедра меңгерушісі профессор Зейнолла Қабдолов кафедраның зерттеу бағыттарын жаңаша құрып, тың тақырыптарды шәкірттерге зерттете бастады.
Тағы қайталап айтайын, жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті, оның тарихы, сол тұста ерекше еңбек еткен қаламгерлердің шығармашылығы әлі түрен түспеген тақырып еді. Осы орайда, профессор Зинол-Ғабденнің әсіресе өнімді еңбегі қазақ прозасына олжа салған қаламгерлерді түбегейлі, індете зерттегені болды.
Оның өзінің «Қазақ прозасы (ХХ ғасыр басы: жаңа роман жолында») атты монографиясында: «Қазақ романы тарихын жасауға күні кешеге дейін коммунистік идеологияны басшылыққа алған Совет өкіметі мүмкіндік бермеді. Көптеген ірі, көркем шығармалар әдеби айналымнан алынып тасталды. Мысалы, С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі» (1937 – 1956), М.Әуезовтің «Қилы заманы» (1929 – 1967), Ж.Аймауытовтың «Ақбілегі», «Қартқожасы» (1929 – 1988), М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы» (1929 – 1988), Ш.Құдайбердиевтің «Әділ мен Мәриясы» (1931 – 1988) т.б.
Түрлі оқулықтар мен әдебиет тарихына енген романдар тек қана коммунистік методология бағытында ғана сөз болды». (Зинол-Ғабден Бисенғали. «Қазақ прозасы (ХХ ғасыр басы: жаңа роман жолында». –Алматы, «Арыс», 2010, 6-бет), – деген тұжырым жасайды.
Зерттеуші өте дұрыс айтып отыр. Мәселеге түбегейлі қарап, осы кезең тарихын түп тамырынан алып зерттеу концепциясына табан тіреген. Шын мәнінде, 1988 жылға дейін, көп романдарымыз құлыптың астында жатты да, жалаңдатқан коммунистік насихат, шығарманы таптық тұрғыдан бағалау үстемдік құрғаны ащы шындық еді. Алпыс жыл бойы зынданда жатқан Ж.Аймауытовтың, М.Әуезовтің, Ш.Құдайбердиевтің романдары туған әдебиетіміздің шырағын қайта жақты.
М.Әуезовтің «Қилы заман», «Хан Кенесі» қайта жарық көріп өлгеніміз тірілді, қазақ әдебиеті өз кемеріне келді.
Осынау әдебиетімізде, оның тарихында орын алған олқылықтардың барлығын зерттеуші өз еңбегінде әдеби-теориялық, тарихи-типологиялық, тарихи-салыстырмалы жолмен, әрбір ұмыт болған Алаш арысының аса құнды, ұлтқа қызмет еткен еңбегін санамалап отырып, дәлел, дәйегімен шегелеп келтіріп, төгілген тілмен баяндайды.
Жанрдың ішкі даму динамикасына үңіледі ХХ ғасыр басында қазақ әдебиеті жанрлық тұрғыдан дамудың жаңа арнасына, көркемдік жинақтаудың жаңа белесіне түсті дейді. Ол: «Әдебиетіміз бейнелеу мүмкіндігі мол қуатты проза жанрындағы сан алуан шығармалармен толықты. Публицистика мен жолжазбалар, көркем очерк пен әңгіме, повесть пен роман, драмалық шығармалар көбейді.
Осылардың қайсысында да көркем прозаның қажетті компоненттері портрет пен пейзаж, кейіпкер әрекеті мен психологиясы, диалог пен баяндау арасындағы күрделі қатынас – көркем проза ұштала түсті», – деп нақты қорытынды жасайды. З.Бисенғалиев ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасы. -Алматы, 1983, 3–4-бб.).
Өзі тауып, зерттеп отырған романдар мен авторларға кең тоқталып, сол шығармалардың жазылу тарихына, тақырыбына арқау болған өмір деректерін де қатар баяндап отырады. Қай басылымдарда жарық көргенін де хронологиялық тәртіппен тәптіштеп түсіндіреді. Өзіне дейінгі жазылған ғылыми зерттеулерге де, олардың авторларына да құрмет көрсетіп, еңбектеріне тоқталып, бағасын береді. Өзім біріншімін демейді.
Тайыр Жомартбаевтың, Спандияр Көбеевтің, Мұхаметсәлім Кәшімовтің, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Көлбай Тоғысовтың т.б. қаламгерлердің туындыларын қазақ романының, тұтас қазақ прозасының алғашқы қарлығаштары, көш бастаған шығармалар дегенде солардың әдебиетке алып келген жаңалықтарына кеңінен талдау жасайды. Тақырып, сюжеті, композициялық құрылымы, тілі, стилі, көркемдік бояуы – барлығы қатар сөз болады. Бұлардың әдебиетіміздің жүріп өткен жолындағы тарихи-танымдық тұрғыдан құндылығын қатар, жарыстыра сөз етуі өте орынды болған.
Бір тұста зерттеуші: «Олардың шығармаларында қазақ халқының елдігі, тәуелсіздігі, болашағы туралы күрес жолына шыққан қаһармандар тағдырлары қозғалады. М.Дулатов пен С.Сейфуллин шығармаларына үңіле қараған адамның осы мақсатты жазбай таныры анық.
Қазақ романшылары арасында адам, қоғам, ұлт, бостандық, тәуелсіздік, елдік мәселелеріне терең бойлай алған ойшыл-философ, тума талант, ірі суреткерлер де кездеседі. Ш.Құдайбердиев, Ж.Аймауытов, М.Әуезовтердің қай-қайсысы да қазақ елінің ертеңі мен болашағы не болады деген түйінді шешуге талпынған», – деп тұжырымдайды. (Зинол-Ғабден Бисенғали «Қазақ прозасы (ХХ ғасыр: жаңа роман жолында)», –Алматы, «Арыс», 2010, 8-бет).
Орынды сөз бе? Орынды сөз. Автор бұл жерде жинақтап, сол тұстағы көрініс берген қазақ романдарындағы жалпы тенденцияны, қазақ қаламгерлерінің алдына қойған басты мақсаттары мен мұраттарын дәл аңғарған.
Түйіндей айтқанда, Зинол-Ғабден Бисенғали осынау сүбелі тақырыпқа арнайы өзінің зерттеушілік сапарында оннан астам кітап жазды. Студенттерге арналған оқулықтарды, оқу құралдарын қосқанда, бір ғалым үшін бұл аз еңбек емес. Ең бастысы, әдебиетіміздегі ақтаңдақтардың орнын толтырды. Туған әдебиетімізде өз орны бар, әдебиетімізді өркендетуге өз үлесін қосқан қаншама авторларды әдебиет тарихының төріне шығарды. Халқымен қауыштырды.
Кешегі Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Әділ мен Мәрия», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Кім жазықты?» «Қамар сұлу», Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік», Мұхамедсәлім Кәшімовтің «Мұңлы Мариям», Спандияр Көбеевтің «Қалың мал», Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа», «Ақбілек», тағы басқа сол сияқты бұрын қалың қазақ оқырманына беймәлім болып келген немесе тереңдеп қарастырылмаған, жалпы сипаттама тұрғысынан жазылған романдар мен прозалық туындыларымыз әдеби айналымға түсті. Жоғары оқу ордаларында осынау туындылар енді толыққанды оқылатын болды. Бұл шығармалар жайында қазіргі күні қаншама зерттеулер жүргізіліп жатыр.
Жайықтан басталған жас оғланның сапары сәтті болды. Қамқор әкенің сол жолғы пойызға шығарып салып тұрып берген ақ батасы қабыл болды. «Бағың ашылып, елге танымал, жақсы ғалым бол!» – деп еді…
Адамға өмір дәптері бір-ақ рет беріледі. Жаттығу дәптері берілмейтіні сияқты, өмір сапарын бір-ақ рет жүріп өтесің. Адал дос, өмірі өтірік айтпайтын Зинол-Ғабденге де жаттығу дәптері керек болған жоқ. Бірден өмір дәптерін таза бастап, аспай-саспай, сабырмен сенімді жазып келеді.
Жанында қазақтың ай маңдай, атақты ғалым қызы Ақ Жамал, екеуі қол ұстасып, жақында Ақ Жайыққа сапарға шыққалы отыр…
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,
профессор, Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының хатшысы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
ПІКІРЛЕР1