Шөмішбай САРИЕВ. Тірімін… Айтылған, айтылмаған бір өлеңмен…

Шөл даланың ұлымын!
Ұлы дала –
Шөл даланың ұлымын,
Өркеш-өркеш құмнан өрген бұрымын.
Шөліркеген шөл даланың көсемі
Құмдары аман болса, мен де тірімін.
Ару дала, арман дала, шөл дала,
Бұл жалғанда махаббатым сен ғана!
Жел ызыңдап қобызындай Қорқыттың,
Құмды кешіп жолға шықтым толғана.
Ұлы дала – шөл даланың ұлымын,
Құмдардың да көрдім мөлдір, тұнығын.
Сол бір құмда аунап өскен еркелеп,
Бала кезгі еркелердің бірімін.
Ару дала,
Арман дала,
Шөл дала
Ақ құм – сүттей бар қазаққа болды ана
Аңқам кеуіп, шөл басылмас жалғанда,
Ақшағыл құм – бар медетім сол ғана.
Ұлы дала –
Шөл даланың ұлымын,
Сол бір далам аман болса, тірімін.
Шөл даламды мәңгі сүйген бұл жүрек,
Сол далада алар мәңгі тынымын.
Ару дала,
Арман дала,
Шөл дала,
Құс қанатын талдыратын кең дала
Шөл даланың сұлулығын, сымбатын
Бір түсінсе, түсінетін мен ғана!
Шөл даламен бірге жасар жырымын,
Шөл далада қымбат бұлақ, тұнығым.
Ойға шомған терең дана құмдары
Ұлы дала – шөл даланың ұлымын.
Ақын монологы
(Мағжанға)
Сезінемін дүние қарбаласын,
Қазағымның сүйемін әр баласын.
Сүймесіңе бола ма, әрбір ұрпақ,
Туған халқың ғұмырын жалғағасын!
Тартып келем тағдырын түрлі азаптың,
Жүрегіне жетсем деп бір қазақтың.
Қайғыны, қасіретті арқаладым,
Тауқымет тарттым талай, мұңға баттым.
Тартынбай, тағдыр жүгін сал иыққа…
Айналсам деп Алатау ақиыққа –
Жазсам да жүз өлеңді, бәлкім, мен де
Бір өлеңмен қалармын тарихта!
Ол, бәлкім, өмір жайлы өлең болар,
Аққудай айдын көлге менен қонар.
Сарыарқа, сарыбелдің киігіндей
Дүр етіп жүрегімнен жөнелді олар!
Бір өлең, сені күтіп келем енді,
Құдірет сезім күші бөлеп елді,
Ананың ақ сүтіндей уыз дәмді
Мен жазып қалдырамын сол өлеңді!
Ол өлең – не жайында жұмбақ маған,
Дүние, Тәңірімдей тіл қат маған!
Мен үшін әр қазақтың бағасы артық,
Нарқы артып, әр күн сайын қымбаттаған.
Өлім – хақ, адам көкті тірегенмен,
Табысып, тоғысатын тілегі елмен.
Мен өлмеймін, өмірде, мен тірімін,
Айтылған, айтылмаған бір өлеңмен!
Білемін ғұмыр болмас алда мұнша,
Қағам қанат, қанатым талғанынша,
Мен өлмеймін, өмірде, мен тірімін,
Жер бетінде бір қазақ қалғанынша!
Туған жерім үшін де…
Атымды Шөмішбай деп қойған екен,
Есімім, өзің жайлы ойға кетем.
Ойыммен Аралымды он айналып,
Сырымдай дарияны бойлап өтем.
Туған жердің атын мен иемденгем,
Сол есімге мәңгілік сүйенгеннен,
Келемін жерді басып, аспан көріп,
Тамыр тартып, қазағым – киелі елден.
Атымды қойған екен, теріс демен,
Станция – ел-жұрт бар Шөміш деген.
Көл де бар Шөмішбай деп аталатын,
Ежелгі атажұртқа қоныс мекен.
Қалжыңның оты сөнген жоқ қой әлі,
Әзілдеп құрдастарым от қояды,
«Елді мекен бар екен өз атыңда,
Өле берсең болады», – деп қояды.
Кеудемде – кен-қазынам, қазып көрем,
Жаныма бітпес ойды азық көрем,
Өлеңнің қанатына сол есімді
Туған жерім үшін де жазып келем!
Қанат беріп көгімде қыран маған,
Қуат беріп Құдайым, ұлан далам…
Бала кезде сезінгем ұлы ақындай
Өз-өзімнен бүгінде күмәнданам.
Барады бойды билеп, күмән жайлап,
Күдікті көңілімнен шығам ба айдап?
Үзілмей не жеткізбей үміт деген,
Желбіреп көз алдымда тұрар байрақ.
Кеудеме бұлақ-тұма қайнары еттім,
Тұңғиық мұңым іште, жайнап өтті,
Оянсам, өңімде емес, түске айналып,
Баяғы, бала-арманым, қайда кеттің?!
Кейінгі алдыңғыдан аңсар мейірім,
Әзілдеп, білдіргендей кәусар пейілін…
Қояды ағаларым «Пушкинбай» деп,
Мен енді Шөмішбай боп қалсам деймін.
Ойдың кенін талайлар қазған шығар,
Өлең – жүрек әуені саздан шығар.
Басқа емес, басқа да емес, жазмыш маған
Шөмішбай боп қалуды жазған шығар…
***
Кімнен кейін жанбаған көз арайың,
Кімнен кейін қалмаған сөз, ағайын,
Әр ғасыр сөйлетпей ме Махамбетін,
Әр ғасыр сөйлетпей ме өз Абайын?
Жасыннан жасын түспес жасын ба екен?
Асылдан асыл тумас асыл ма екен?
Өзінің Махамбеті, өз Абайы
Болмаған ғасырың да ғасыр ма екен?!
Ақын көптік етпейді кең далама,
Бүгін де арт үмітті, сен балаңа!
Көтермес Махамбетін найзадайын,
Абайын Абай демес ел бола ма?!
Күмбірлетер көкірек сарайын да,
Туады жұлдыздарың, жаңа айың да,
Өз ортаңда жүр бүгін Махамбетің,
Өз ортаңда жүр бүгін Абайың да!
Сырдария
(Шешем Марияш Өтениязқызына)
Жеткенше дарияға жолым – жыңғыл,
Жыңғыл да – сұлулығы жерімнің бұл.
Армансыз ұлы анамның құшағында,
Мен бүгін Сырдарияда шомылдым бір!
Шалғайда жүрген біз де балаңбыз деп,
Туған жер тағдырына алаңбыз деп,
Алатау бауырынан баламды ертіп,
Келіп ем Ақмешітке анамды іздеп.
Анамыз – дария ғой кең арналы,
Анамыз – қария ғой, көп арманы.
Көбірек озғанынан кейін қалып,
Көбірек тапқанынан жоғалтқаны.
Жарқабақты бетке алып, сонау бетті,
Шомылып бұл дарияға Бодан да өтті.
Басынан әкеміздің қоныс тепкен,
Ағысты өмір көшіп одан да өтті!
Толғантты мені қолдап Тәңір тағы,
Жүрегім дарияма таңырқады.
Сыр бойымен ақты ғой талай толқын,
Сыр бойынан ақты ғой сан ұрпағы.
Дариям — шежірем ғой ғасыр атты,
Күмістей толқын ырыс шашып ақты.
Бір толқын бір толқыннан кейін қалып,
Бір толқын бір толқыннан асып ақты.
Дариям, жүрек қозғап өттің менен,
Ақындық, аласұрып жеттің, кемем.
Мен бүгін Сырда армансыз шомылдым бір,
Шомылып, ойға батып кеттім терең.
Керегіміз – дария-анам керегінде,
Мен енді қайта айналып көремін бе?!
Толқынды алақаны қандай жылы,
Осылай кім сипайды мені өмірде!?
Құсы көп, балапанды әр ұяңдай,
Уылдырық шашылған дариямды-ай!
Толқынымен тілдестім үнсіз тұрып,
Кім мені терең ұғар қариямдай?!
Үмітім — кеткен емес үзіп менен,
Ойларға шомылуды қызық көрем.
Ақын еткен дария – анам екен,
Анамның арқасында жүзіп келем!
Толқыны – Арал-Сырдың мен келемін,
Таралды алты Алашқа, елге өлеңім.
Екі бірдей анамның құшағында,
Ақыны боп қазақтың тербелемін.
Тілегі таусыла ма тірі адамның,
Тамшыдан теңіз-ойды құрағанмын.
Мен бүгін Сырда терең шомылдым бір,
Армансыз құшағында ұлы анамның!
Сыр
Таңымдай қуанышым бар осында,
Жанымдай жұбанышым бар осында,
Арымның шамшырағы бар осында,
Қанымның тамшылары бар осында,
Сезімнің дала шығы бар осында,
Көзімнің қарашығы бар осында,
Көңілдің көктемдері бар осында,
Өмірдің өткелдері бар осында,
Туған ел, шапағатың бар осында,
Өзіңе махаббатым бар осында,
Көңілдің күрсінгені бар осында,
Жүректің дүрсілдері бар осында,
Тоғысар өзіңменен туды таңым,
Қолыңда – тағдырымдай жыр кітабым.
Енді өзіңнің кеудеңде тамыр жайсын
Жүрегімнен үзілген бір бұтағым…
Дос керек
Өлеңін жазған:
Шөмішбай Сариев;
Музыкасын жазган:
Владимир Питерцев
Жалғаныңнан жалыққанда дос керек,
Сағыныштан зарыққанда дос керек,
Арман алыс үміт ұзап жеткізбей,
Жалғыз қалып қамыққанда дос керек.
Кіші үлкенмен келісуге дос керек,
Мауқың басып көрісуге дос керек,
Тірлігіңде қызық көріп, той тойлап,
Қуанышты бөлісуге дос керек.
Қайырмасы:
Дән риза менің нәзік гүл жаным,
Сыйлады ғұмыр бізге мырза күн,
Бұл дүниеде саған досым-ай,
Саған досым-ай,
Саған досым, ризамын!
Дұшпаныңмен егесуге дос керек,
Ақылдасып кеңесуге дос керек,
Қадіріңді білмей-тұғын тірлікте,
Ағайынмен теңесуге дос керек.
Зәбір көріп айбынғанда дос керек,
Табаныңнан тайдырғанда дос керек,
Қорлық көріп қаумалаған көп иттен,
Көкжалдайын қайғырғанда дос керек.
Қайырмасы:
Жапырақты жаярыңда дос керек,
Өміріңнің баянында дос керек,
Бақұлдасып қалу үшін армансыз,
Ғұмырыңның аяғында дос керек.
Дүниенің жалғанында дос керек,
Қанатыннын талғанында дос керек.
Қуанатын жүрегімен сен үшін,
Жұлдызыңның жанғанында дос керек.
Қайырмасы.
Қарағым-ай
Өлеңін жазган:
Шөмішбай Сариев;
Музыкасын жазған:
Кеңес Дүйсекеев.
Қарағым-ай,
Сұлулык осындай болады екен,
Бір басқа армансыз қонады екен.
Адамдар өмірге қонақ екен,
Шынымен-ай бұл дүние-ай шолақ екен.
Қайырмасы:
Қарағым-ай,
Қиылып, үзіліп қарадың-ай.
Қараған,қандай сұлу жанарың-ай.
Қарағым-ай,
Еліктер осылай жосады екен,
Жолыңнан сені кім тосады екен.
Бұл көңіл неліктен босады екен,
Бұл тағдыр, сені кімге-ай қосады екен.
Қайырмасы:
Қарағым-ай,
Бұл дүние осылай өтеді екен,
Сүймесең, бұл дүние бекер екен.
Парактап, жинасаң бар ғұмырың,
Бір сүйген күніңе-ай жетер ме екен?!
Қайырмасы: