АЙТЫЛҒАН және АЙТЫЛМАҒАН АҚИҚАТТАР
Биыл ұлы жазушы Мұхтар Әуезов тебірене жазған «Қилы заман» повесіне арқау болған 1916 жылғы Қарқара ұлт-азаттық көтерілісіне 110 жыл толады. Осы айтулы жылда Мұхтар Әуезовтің 1928 жылы жарық көргеннен кейін 45 жыл қапаста қалған аталмыш шығармасына жазған алғы сөзінде Шыңғыс Айтматов айтқан және айтылмаған ақиқаттар астарын іздеп көрген жөн.
Алғы сөзде Ш. Айтматов «царизмге, оның зорлықшыл аппаратына деген өшпенділікті жас Әуезов… соншалық суреткерлік нанымдылықпен көрсеткен …» дейді.
«Зорлықшыл аппараты» дегенде, Шыңғыс Айтматов мына шындықты айтып отыр. Патшаның зорлықшыл аппараты Орталық Азияны отарлауды Иван Грозныйдың 1552 жылғы қазан жорығынан бастады. Одан кейін Ермактың 1585 жылғы «Сібір жорығымен» жалғастырды. Сол жылдардан бастап Айтматов айтып отырған патшаның зорлықшыл аппараты әуелі әскери отарлауды, яғни қазақ пен қырғыз және өзге де Орталық Азия елдерінің атақоныстарына әскери бекіністер, қамалдар мен форттар салуды қолға алды. Бұдан кейін дипломатиялық жолмен отарлауды, басқаша айтсақ, жер-жерге елшілер мен тыңшылар жіберіп, хан, сұлтандармен келісімдер жасасып, сұрқия саясатын індете жүргізді. Бұдан кейін әскери-зерттеу экспедицияларын жіберу арқылы отарлай бастады. Одан соң жаппай қоныстандыру науқанын бастап кетті. Атамзаманнан өмір сүріп келе жатқан жергілікті халық өз жерінен айырыла бастады. Ең шұрайлы қоныстар келімсектерге тартып әперілді. Бұдан кейін көп ұзамай бұратана елдерді басқару жүйесін реформалау арқылы өз саясатын жүргізуді толықтай қолға алды.
Патшаның зорлықшыл аппаратының осы құйтұрқы саясатының нәтижесінде қазақ пен қырғыз секілді еркіндік сүйгіш халықтар өз бостандығынан айырылды.
Ш.Айтматов жас Мұхтар Әуезов «…патшаның отаршылық саясатының безбүйрек қаталдығы мен айуандығын соншалықты ашына әшкерелеген…» дейді.
Ш.Айтматовтың бұл сөзінің астарында мына ақиқат жатыр: патшаның зорлықшыл аппараты құрған «Қоныстандыру қорының» шабындығына кірген қазақтың он жылқысының біреуі казак-орыстарға берілді. Тіпті ең таңдаулы қоныс қана емес, «ең жақсы атқа тек патша әскерлері ғана мінуі керек» деген желеумен кез келген қазақ пен қырғыздың астындағы атын тартып алып, қарсылық танытса, атып тастап кете берді.
Осындай қаталдық, қатыгездік және айуандық әрекеттерге деген халық өшпенділігі өршіп тұрған сәтте 1916 жылы 25 июньде Германиямен соғысқа жарамды ер-азаматтарды соғыс майданына алу жарлығы шықты. Бұл жарлық шыға салысымен жаппай 19 бен 43 жастағы еркектерді ешбір алдын ала түсіндіру, үйрету, кепілдік берусіз тізім жасап, сол тізім бойынша майданға жөнелту асығыс, жабайы жүргізілді.
«Бала өлгенше, шал өлсін» деген ұранмен Жәмеңке, Ұзақ, Әубәкір, Тұрлықожа, Оразай секілді тағы басқа да ел басшылары анттасып, патшаға қарсы көтерілді. Бұндай оқиға қырғыздарда да басталды. 20-ғасырдың басында Қырғызстанның қазіргі Нарын, Шу, Ыстықкөл облыстары мен Қазақстанның Жамбыл және Алматы облыстарының үлкен бөліктері біріктіріліп, бір Жетісу облысына қаратылды. Орталығы Верный қаласы болды. «Қилы замандағы» ұлт-азаттық көтеріліс осы облыстың барлық жерінде жаппай өршіді.
Шыңғыс Айтматов тағы да (Мұхтар Әуезов) «…көтеріліске шығып, сонысы үшін қан жоса қырғынға ұшырап, туып-өскен жерінен қуылған қарапайым халықтың қасірет-қайғысын ет жүрегі езіле отырып айтып берген…» дейді.
Айтматов айтқан бұл ақиқатың астарына үңілсек, патшалық зорлықшыл аппарат қазақ-қырғыз ұлт-азаттық көтерілісін басып-жаншу үшін «Жетісуға 8750 найзалы мылтығы бар 95 рота, 3900 қылышы бар 24 жүздік, 16 зеңбірек, 47 пулемет жіберді» бұған және Жетісудың өзінде мобилизацияланған 14 190 казак-орыс пен мұжықты қосыңыз. Кей деректерде «Жетісудағы ұлт-азаттық көтерілісті басуға адам саны 30 мыңдай қарулы күш жұмылдырылды» деп те айтылады.
Ш. Айтматовтың «қан жоса қырғын» деген сөзіне бір-екі ғана айғақ келтірейік: Қарақол түрмесінің бастығы Хромыхтың бұйрығымен тұтқындарды ешбір үкімсіз есіктің терезесінен жатқан жерлерінде жаппай атқан. Сол атудан 80 тұтқын оққа ұшқан;
К.Эрискин деген командир бастаған 15 солдат жаяу айдап келе жатқан 13 адамды «Ақшоқы» деген төбенің жанында ешбір себепсіз түгел атып тастаған;
Жазалаушы отрядтың бастығы Фон Берг үш күннің ішінде Қарақолдан Текес өзеніне дейін саны 1110 адамды өлтіргенін мақтана жазады. Мұндай жазалаушы отряд көп еді. Жазалаушы отрядтар командирлері Волков, Иванов, Масловтар да жаппай қырып, жойғанын, тонағанын, тонағаннан қалғанын өртегенін өздері мақтана рапорттап, құжаттап қойған.
Ротмистр Кравченко «соғыс үстінде 2 мыңнан астам көтерілісшілерді қырып салдық» деп мақтана рапорт береді. Қырылғандарды кім түгендеп, санапты?
Осындай қырғыннан кейін Шыңғыс Айтматов айтқандай, «… жазалаушылардан қашып құтылу үшін бүкіл халық боп қар кешіп, асулардан асқан…»
Ресми мәліметтер бойынша Іле аймағына өткендер саны 300 мыңнан, Қашқар, Ақсу, Үштұрпан өңіріне барғандар саны 120 мыңнан асыпты. Сөйтіп, Жетісу облысының 420 мыңдай тұрғылықты халқы Қытайға ауып кетуге мәжбүр болыпты.
Осындай ақиқаттар көркем тілмен кестеленген «Қилы заманды» Шыңғыс Айтматов жоғары бағалап, «…мұндай шығарманы мен шығыс әдебиеттерінен сирек кездестірдім…» дейді.
Осылай айтқаннан кейін Шыңғыс Айтматов мынадай да пікірді ортаға салады: «Қилы заманды» оқи отырып, егер Октябрь революциясы болмаса, көшпелі қазақтар мен қырғыздардың одан арғы тағдыры не боларын мезгіл өткен соң ойлаудың өзі қорқынышты. айтуға аузым бармайды, мүмкін, тіпті біз болмас та едік…»
Бұл – ақиқат еді. Айтматов осы ақиқатты айтқаннан кейін медальдың екінші жағындағы, яғни Ұлы Қазан төңкерісін жүзеге асырған большевиктер партиясының кейінгі көшпенділерге жасаған қасіреттерін ауызға алмайды. Әйтпесе ол, әлбетте, 1928 жылы басталған байларды жаппай кәмпескелеу науқанының қандай зардаптар әкелгенін білетін;
осы науқаннан кейін 1931–1933 жылдары Қазақстанды голощекиндік аппарат қолдан ұйымдастырған аштық жайлағаны, аштықтан миллиондап адам қырылғаны да санасында болатын;
одан кейінгі сталиндік-голощекиндік репрессия жылдарында Алаш жұртының көсемдерінің, жер-жердегі ел басында жүрген зиялы тұлғалардың жаппай қуғын-сүргінге ұшырағаны да (олардың ішінде, Шыңғыстың өз әкесі Төреқұл да бар-тын) жадында жаңғырып тұрған еді;
1954 жылдан тың және тыңайған жерлерді игеру деген жоспармен Қазақстан жерін бірте-бірте иелену мақсатында сырттан өзге ұлт өкілдерін солтүстік облыстарға қоныстандырғанын да білетін;
ұлттық тілдің, салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың мансұқталып, жаңа совет адамын қалыптастыру науқанының көзсіз жүргізіліп жатқанын да көзі көрді.
Бірақ дәл осы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманына» жазған алғы сөзінде олар туралы ештеңе демейді.
Ақиқаты сол – егер олар туралы айтса, ұлт-азаттық көтеріліс туралы жазылған «Қилы заман» повесі жарыққа шықпайтын еді. Ұлы ұстазының алдындағы шәкірттік бір парызы орындалмай қалатын еді.
Ақиқаты сол – Шыңғыс Айтматов ұстаз алдындағы шәкірттік парызын ғана орындаған жоқ, ол азаттық үшін патшаның зеңбірегінің ұңғысына жалаңаш кеудесін тосқан, көтерілісте жазықсыз құрбан болған батыр аталардың аруағының алдындағы перзенттік парызын да өтеді; ол сондай-ақ кеңестік тоталитарлық жүйе ұлтсыздандырып бара жатқан қазақ пен қырғыз халқының ұрпақтарының алдындағы азаматтық міндетін де атқарды.
Кеңестік жүйе 45 жыл жарыққа шығармай келген ол кітап жарық көрсе, тарихи шындық ашылар еді;
егер ол кітап жарық көрген болса, онда қазақ пен қырғыз халқының азаттыққа деген ұмтылысы мен ұлттық рухы қайта оянар еді;
егер ол кітап жарық көрсе, кеңестік тоталитарлық жүйе кейде ашық, кейде астыртын жүргізіп келе жатқан ұлтсыздандыру саясатының және біртілді совет адамын қалыптастыру науқанының быт-шыты шығар еді!
Шындығында, солай болды да: 1972 жылы Шыңғыс Айтматов алғы сөз жазып шығарған «Қилы заманды» оқыған ұрпақтардың ұлттық рухы оянды.
Сол рух көтеріле келе 1986 жылы Алматыдағы желтоқсан көтерілісіне ұласты!
Міне, сол ұлы оқиғадан кейін-ақ Кеңестер Одағының құрамындағы туысқан республикалар өздерінің тәуелсіздігіне ұмтылды. Ұлы Мұхтар Әуезовтің Қарқарадағы ұлт-азаттық көтерілісті суреттеген «Қилы заман» повесіне жазған Шыңғыс Айтматов алғы сөзінің астарындағы ең басты ақиқат осы еді.
Биыл қазақ елі өз Тәуелсіздігінің 35 жылдығын атап өтеді. Ол Тәуелсіздіктің келуіне Мұхтар Әуезовтің ұлы арманынан туған рухты шығарманы қайта жарыққа шығару арқылы адамзаттың Шыңғыс Айтматовы да өз арманын орындағаны сөзсіз.
Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,
М.О. Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының
жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к.