Жастар мүддесін көздеген Ұлттық баяндама жобасы
27.04.2026
42
0

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығында жастар ортасындағы негізгі өзгерістер мен мемлекеттік жастар саясаты саласында талдау жүргізудің жаңа бағыттарына арналған «Қазақстан жастары – 2026» Ұлттық баяндамасының құрылымын зерделеу мақсатында сараптамалық жиын өтті.

Мемлекеттік органдар, сарапшылар қауымдастығы, зерттеу орталықтары, халықаралық ұйымдар, үкіметтік емес сектор мен жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысқан басқосуда бекітілгендей, құжатты әзірлеуде, ең алдымен, Мемлекет басшысы айқындаған Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары аясында белгіленген нарративтер ескеріледі. Мамандардың пікіріне сүйенсек, жастарға қазіргі заманның үрдістері ықпал етпей қоймайды. Жиында бұл ахуал да қозғалып, демографиялық жағдай мен жаһандық жаңашылдықтар да талқыға түсті.
«Жастар саясаты – 2026» Ұлттық баяндамасы – Мемлекет жастарының қажеттіліктері мен сұранысын, мүддесін айшықтауға бағытталған құжат. Осы жылғы баяндамада заман талабына орай креативті экономика, киберқауіпсіздік пен жастардың мәдени құндылықтары басты назарда болмақ. Сауалнамаға әр өңірден 2 мыңға жуық жас қатысады деп болжайды мамандар.
«Мұндағы ең басты мақсатымыз – мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, жастармен қалай жұмыс істеу керегін, өңірлер арасында жастарға қатысты қандай тенденциялар мен динамикалар барын анықтап, проблемаларды дұрыс шешудің жолдарын қарастыру, сол негізде ұсыныстарымызды жіберу», – дейді «Жастар» ғылыми зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Нахбаева.
Жалпы, «Қазақстан жастары» Ұлттық баяндамасы 2013 жылдан бері «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы тарапынан жыл сайын дайындалып келеді. Биыл бұл құжаттың 14-Ұлттық баяндамасы әзірленіп жатыр.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір