БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ
«Атамұра» баспасынан балаларға арналған ғажайып «Ертегілер» кітабы жарық көрді. Түрлі түсті суреттермен безендірілген «Ертегілер» кітабына жазба әдебиет өкілдері Ыбырай Алтынсарин, Өтебай Тұрманжанов, Тұрдақын Жексенбай сынды ақын-жазушылардың шығармалары, «Қазақ ертегілерінің» көптомдығынан жасөспірімдерге лайықтап іріктелген таңдаулы ертегілер енгізілді.

Балалардың қиял әлемін байытатын бұл кітап 22 – 26 сәуір аралығында Астана қаласында өтетін «Eurasian Book Fair 2026» халықаралық кітап көрмесінде таныстырылмақ.
Сондай-ақ 20 сәуір күні белгілі балалар ақыны Әнуарбек Дүйсенбиевтің «Ақ мамам» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Ақынның балдырғандарға арналған таңдаулы тақпақтарын жинақтап, құрастырып шығарған – Ziyat баспасы. Іс-шара ÓzgeEpic ұжымы мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Жас ғалымдар кеңесінің ұйымдастыруымен өтті.

ÓzgeÁdebiet жобасы аясында ұйымдастырылған кешке жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ділдәр Мамырбаева мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Орда арнайы қатысып, жылы лебіздерін білдірді. Әнуарбек Дүйсенбиевтің шығармашылығы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған Өзбекәлі Жәнібеков атындағы университеттің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Қарлығаш Сапарбаева zoom форматы арқылы онлайн қатысып, мазмұнды баяндама жасады.
Жиын барысында балалар әдебиетінің өзекті мәселелері кеңінен сөз болып, оның бүгінгі даму бағыттары талқыланды. Әдебиет және өнер институтының Тәуелсіздік және көркем публицистика бөлімінде соңғы жылдары жарық көрген балалар әдебиетіне қатысты ғылыми зерттеу еңбектері де таныстырылып, насихатталды.
Ұлттық к-ітап күні қарсаңында ұйымдастырылған бұл шараға №5 оқушылар үйінің балалары да қатысып, өз өнерлерін көрсетіп, кештің көркін қыздырды.