Кітапханада балаларға да жағдай жасалуда

15 наурыз Қайырымдылық күні аясында Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасына «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – Samruk-Kazyna Trust қоры қаржылай қолдау көрсетіп, «Кемелді қадам» қоғамдық қоры балаларға арналған заманауи кабинеттердің салтанатты түрде ашылуына мұрындық болды.
Салтанатты ашылуға Облыс әкімінің орынбасары Ә.Н.Мұсабаев қатысып, барша қатысушыны бүгінгі тамаша күнмен құттықтап, демеушілерге үлкен алғысын білдірді. Сондай-ақ «Кемелді қадам» ҚҚ төрайымы Г.Карменова сөз алып, аталмыш қоғамдық қордың әлі де талай жобаларды қолға алуға мүмкіндігі бар екенін жеткізсе, белгілі ақын Т.Әбдікәкімұлы бала жастан кітапты көп оқуға шақырып, демеушілерге өз алғысын айтты.
Балаларға арналған кабинеттер заманауи үстел, орындықтар, сурет салатын ыңғайлы мольберттер, кітап сөрелері мен жұмсақ жиһаздар, арнайы кітап сөрелері, ноутбуктер, проектормен жабдықталса, инновациялық робототехника зертханасы компьютерлермен, ноутбуктермен, проектор, сканер, 3D-принтер, робот, конструктор сынды робототехниканы үйренуге арналған жинақтар, интерактивті үстелдермен қамтамасыз етілді.
Іс-шараға қала мектептерінің оқушылары, ата-аналар қатысып, игі бастамаға мұрындық болған Samruk-Kazyna Trust қорына және «Кемелді қадам» қоғамдық қорына алғыстарын білдірді.